понедельник, 29 сентября 2008 г.

ҒҰРБАТТАН АТАМЕКЕНГЕ 2001 ж.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ


ҒҰРБАТТАН АТА МЕКЕНГЕ

Ғұрбат. Қазіргі қазақ тілінде сирек қолданылатын ежелгі сөзіміз. Туған халқымыздың тарихы ғұрбатқа кеткен бауырларымыздың ғибратты хикаяларына толы. Бүгінде әр үш қазақтың бірі ғұрбатта өмір сүруде. Ресми деректер бұл фактіні растайды. Ғұрбат деп отырғанымыз – диаспора. Бірақ, оның мағнасы диаспорадан кең, бай һәм диаспораңыздан гөрі жылы, ыстық естіледі. Ғұрбат – арабшадан енген сөз; ғарыпшылық, ғарыптық, елінен, туған жерінен, отанынан алыста, көңілі жаралы күн кешушілікті ғұрбат, ғұрбатшылық дейді. Халқымызда ғарып-жарлы, ғарып-кәсір деген сөз тіркестері әлде де кезігеді.
Ал, диаспора деген қазақпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын гректің сөзі, кешегі Кеңес империясының қалдығы. Ғылыми деректерде (Webster’s New Dictionary, 390-бет) диаспора сөзі тек Филистинді (Палестина) тастап, жер шарына сүргінделген йаһұди (еврей) халқы жөнінде ғана қолданылады. Ал, қазақ халқы еврей емес қой! Және де қазақ халқы өзінің отанын тұтастай тастап, айдалған халық емес қой! Сондықтан, йаһұдилер хақында қолданылатын «диаспора» сөзін мұсылман һәм түркі нәсілінен қазақ халқының Қазақстаннан тыс жерде тұратын бауырларымыз турасында неге қолданамыз? Екіншіден, шетелде тұрады делінетін бауырларымыздың көпшілігі өздерінің бұрынғы мекенінде, яғни қазақ халқының Қазақстаннан тысқары қалған мекендерінде өмір сүруде. Мәселен, Омбы, Томбы, Құланды, Түмен, Саратов, Астрахан, Алтай, Шығыс Түркістан, Қобда Беті қатарлы елдердегі ағайындарымыз ғарыштан ұшып келген жоқ қой! Бұл олардың ғасырлар бойы мекен еткен ата қоныстары. Сондықтан, біз осы ауылдарымыз туралы «диаспора» сөзін қолдана алмаймыз. Ал, ғұрбат сөзі дәл осы жерде біздің қажетімізге жарайды. Үйткені, ғұрбат – өзінің туған жерінде болғанымен бұл күнде басқа мемлекеттің билігіне қарайтын, өзінің қалың қара орман қазағынан бөлініп, ғарыпшылық көріп жатқан бауырларымыз хақында да айтылады.
Қазақ халқы ғұрбатшылықты көп көрген халық. Бұл оның ұлылығының бір белгісі іспетті. Бұл күнде тек мықты, өскен халықтардың өкілдері ғана жан-жаққа таралған. Мәселен, түрік бауырларымыз Грекия, Бұлғарыстан, Румения, Албания, Македония, Косово, Қаратау, Босна уә Һерсек, Молдова, Қапқазия, Алмания, АҚШ, Таяу Шығыс, Орта Азия т.т. елдерінде жиі шоғырланған. Ауыстралияның өзінде 400 мыңдай түрік тұрады. Әр елде тұратын түріктер Түркияның абыройын асырады, елін танытады, отанға табысын жібереді, салым салады, ғұрбатта өз елінің тілеуін тілеп отырады. Бұл Түркия дәулетінің өзіне қаншама үлкен күш-қуат әпереді. Сол сықылды, біздің халқымыздың 1/3 бөлігінің шетелдерде, яғни ғұрбатта тұруы осыған саяды. Бір кезде халқымыздың қаншама көбейіп, асып-тасып, құдіретінің ұланғайыр аймаққа жайылғанын аңғарамыз. Қазақтардың отыздан астам елдерде тұратының ескеру жеткілікті.
Ғұрбаттағы бауырларымыз Қазақстан тәуелсіздік алғалы тұр дегенді ести сала, сонау 1989-1990 жылдардан бастап, көшіп келді. Алғашқы кезекте жақын ғұрбаттағы бауырларымыз, кейінірек алыстағылар елге қарай көшті. Аллаһ Тағалам көшкен бауырларымызға жеңілдік нәсіп етсін, жаңа мекендері жайлы болсын демекшімін. Ләкин, кейбір маңызды мәселелерді ашық айтатын тұс та жеткен секілді. Ол – ғұрбаттағы қазақтарға деген Кеңестік көзқарастың әлде де сеңі бұзылмай келе жатқаны. Кеңес билігі өзінен бұрынғы Ресей патшалығының «бөлшектеп, биле!» саясатын шебер ұстанды. Сондықтан, оларға мұсылман халықтарды, сонсоң түркі халықтарын, ахырында әрбір түркі халқын өзінің ішінде бөліп, араға жік салып, біріне-бірін дұшпан етіп қою саясаты қолданылды. Үшбұ себепті, шетелдегі қазақтар «сатқындар, қашқындар, байдың ұрқы, молданың ұрқы, тыңшы» деп айыпталды, жала жабылды. Әсіресе, Түркия, Иран, Еуропа, ҚХР елдеріндегі қазақтарды, олардың отаншыл азаматтарын қатты сынға алды. Олардың мұндағы ұрпақтарын, туыстарын азапқа салды. Міне, осындай кері үгітпен өскен һәм бұрынғы тоталитарлық жүйенің шашбауын көтеріп, соның арқасында «адам» болып, «күн» көріп жүрген кертартпашылардың әлде де болса осы кесапаттан айыға алмай отырғаны.
Жуықта, бір үлкен ағамыздың дастарханында отырғанымда, үй иесі мені меймандарға «Түркиядан көшіп келген бауырымыз» деп таныстырған-ды. Сонда отырған зейнеткер жастағы бір кісі «Иә, сатқындардың ұрқы екенсің ғой!» деп, маған тесірейе қарағаны есімде. Әлгі зейнеткерге маған айтқанының дұрыс емес екенін, дін жолымен һәм заң жағымен қарағанда нахош, күнә екенін айтып, бақтым. Бірақ, әбден санасына сіңген нәрсені шығарып тастау мүмкін болмады. Қарасам, қазіргі экономикалық дағдарыс кезінде ғұрбаттан келген қазақтарды кінәлі санайтын көрінеді. Елінің мүддесінен гөрі өзінің қара басының пайдасын жоғары ұстайтын сол кісіге айтқан пікірлерім босқа кетті. Ол, қаталық ұрық қуалайтындай, отызыншы жылдары босып кеткен қазақтардың өздерін ғана емес, олардың ұрпақтарын да жек көретінін көрсетті.
Жә, осы ащы хақиқатты айтқан соң бірнеше ойымды қысқаша қайырайын:
Біріншіден, шетелдерге кеткен қазақтарды қашқын, сатқын дей алмаймыз. Үйткені, жоғарыда айтқанымыздай, олардың айтарлықтай бөлігі өздерінің ежелгі мекенінде тұрады. Ал, Иран, Ауғаныстан, Түркия жеріне кеткен қазақтар кешегі ашаршылық, жаппай қудалау, тәркілеу зобалаңдары кезінде «босуға» мәжбүр болған жандар. Босу деген сөздің өзі олардың қандай себептермен кеткенін түсіндіреді. Ал, қашқын деп бүгінгі тәуелсіздік пен тоқшылықтың қадірін түсінбей, халықтың ақшасын жеп Швейцарияға, Америкаға, Израилға, Белгияға қашқан қазақтарды айтуға болады. Оларды «қазақ» деп атауға аузың бармайды-ау. Соғыс, қақтығыс, репрессия атаулы зұлматтардың бірде-бірі жоқ кезде, өздігінен қашқан адамдар, міне, тап солар. Ал, қысыл-таяң кездегі аталарымыздың неге жер аударғанын тарихшы ғалымдарымыз соңғы он жылда айтып һәм жөнді түсіндіріп келе жатыр.
Екіншіден, кетудің де кетуі бар ғой. Күш жинап, отанын қайта азат етуге басқа жаққа кеткен адамдар да бар. Мәселен, Мұстафа Шоқайды кім сатқын деп айта алады? Мұстафа Шоқайдай туған елін сүйген, халқының азаттығы үшін күрескен көсемдер некен-саяқ. Ол ширек ғасыр бойы шетелдерде туған халқының мерейін үстем ету үшін күрескен ардақты тұлға. Ислам тарихынан айтар болсақ, Пайғамбарымыз да 622 жылы өзінің туған елінен ауып Мәдинеге барған жоқ па? Ол, Мәдинеде мемлекет орнатып, бар жоғы сегіз жылдан кейін 630 ж. Меккені бұтқақұлдардан азат еткен жоқ па? Аллаһ Тағала қасиетті кітабымыз Құран Кәрімінде хақ жолда һижрат (көш) еткендерді мадақтаған. Мәселен, Әл-и Имран сүресінің 195-аятында Аллаһ жолында көшкендер былайша мадақталады:
«Олар көшті, жұртынан шығарылды, Аллаһ жолында қиыншылықтарға ұшырады, соғысыты һәм өлді. Ант болсын! Мен де олардың жамандықтарын жасырамын және оларды астынан өзендер ағатын жәннеттерге қоямын. Бұл сыйлық – Аллаһ тарапынан-дүр. Сауаптарыңа әдемі әжірді Аллаһ береді».
Ниса сүресіндегі 100-аятта былай делінген:
«Аллаһ жолында көшкен адам жер бетінде барарлық көптеген әдемі қоныстар һәм молшылық табады. Кім Аллаһ және Оның Пайғамбарының жолында көшу мақсатымен үйінен шықса, сонсоң жолшылықта ажал оны тапса (өлсе), ендеше оның сыйлығын беру Аллаһ Тағалаға тән! Аллаһ аса мейірімді, көп есіркеуші-дүр!»
Тәубе сүресі, 20-аятта былай делінген:
«Иман етіп һәм Аллаһ жолында көшкендер, мал-мүлкімен, жан-тәнімен күрескендер дәреже жағынан Аллаһ Тағаланың хұзырында өзгелерден үстем-дүр. Абыройға, ізгілікке жеткендер, міне, солар!»
Пайғамбарымыз Мәдинеге көшіп келген мұсылмандарды «Мұһажирұн» деп атаған. Сондықтан, біздің шетелдерге қилы себептерге байланысты діні, тілін сақтау үшін кеткен бауырларымыз бүгінде Қазақстанның өсуіне, өркендеуіне атсалысып, үлес қосуда. Ғұрбаттағы бауырларымыздың түрлі-түрлі салалардағы жетік тәжрибелері, өздеріне тән қасиеттері Қазақстан қоғамының мәдени, экономикалық потециалын күшейтуде.
Мемлекетіміз мықты болуы үшін қазақ халқының басы бірігіп, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда бұрынғы бүлікшілердің жауыз насихаттарын қоқысқа лақтырып, тәуелсіз мемлекеттің азаматтары ретінде егемендігімізді мәңгі сақтап, Қазақстанымызды мың жасату үшін еңбек етуіміз керек. Бұл өзін қазақ дейтін әр азаматтың өмірлік міндеті болуы керек те ұрпақтан ұрпаққа ол міндет қатаң сақталып, мінсіз атқарылуы шарт. Алыстан келген бауырларымыз туралы барлық хүкімділікті (предубеждение) жойып, оларды бауырға басып, олардың мұң-мұхтажын ықыласпен тыңдап, қаталықтары болса кешіріммен қарап, кемшіліктерін ортақтасып түзеуіміз-ақ керек. Мисалға, басқа ұлттардың өздерінің ғұрбаттағы бауырларына деген көзқарасын фактілермен келтірелік:
Еврей халқы дүние жүзіне таралған, сауда-саттықта, экономикалық іс-әрекеттерде шешуші рөл атқарып жатқан халық. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыға Израилдың сауда және экономика министрі Натан Шаранский келді. Ол ресми сапар барысында Орта Азия елдерін түгел аралап шықты. Қазақ теледидары Натан Шараскидің осыдан он шақты жыл бұрын Ресейден көшіп барған еврей екенін айтқанда таң қалдым. Ол өзінің «екі мың жыл» бұрынғы ата мекеніне барғанда бауырлары «Бұл Ресейден келген, сатқынның ұрқы, тыңшы» деп айтпаған, керісінше біліміне, қабілетіне қарап сауда және экономика министрі етіп қойған. Ал, Израилдың сауда-экономикасын басқарған адамның әлемде қаншалықты күшінің бар екенін өзіңіз-ақ ойлаңыз.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Литва мемлекетінде президент сайлауы болды. Бұл сайлауға АҚШ азаматы Адамкус деген диаспораның өкілі қатысып, президенттік сайлауды жеңіп алды. Ол президент болған соң жарты жылдан кейін ғана Литва азаматтығын қабылдады, зайыбы сол кезде әлде де АҚШ азаматы болып қалған-ды. Литва секілді өркениеті дамыған мемлекетте ешкім Адамкусқа қарсы шығып, «қашқын, тыңшы, сатқындардың ұрқы» демеді. Шаранский секілді өзінің туған тілін шала сөйлейтін бұл перзентін Литвалықтар бауырға басып, мемлекет басшысы етіп, сый көрсетті. Ол да өзінің еліне қолынан келгенінше қызмет етуде.
Бұларға қоса Солженицынды орыстардың қалай көтергенін айтсақ та жеткілікті. Армения мемлекетінің сыртқы істер министрі АҚШ азаматы армиян диаспорасының өкілі Вартан Осканян. Жуықта түрік теледидарына берген сұхбатында Түрікменістан президенті Сапармұрат Түркменбашы төрт вице-министрдің Түркия азаматтары екенін айтты. Олардың Түрікменістанның дамуына айтарлықтай үлес қосып жатқанын хабарлады. Бұған қоса жапон халқы тұрмайтын Перу мемлекетін он бір жыл бойы Алберто Фуджиморидің басқарғанын, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болған М. Олбрайттың екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Чехиядан қашқанын айтуға болады. Тіпті, Чехия президенті В. Хавел қызмет мерзімі аяқтап келе жатқан Олбрайт ханымға телефондап, Чехияға көшіп келуін, президенттікті қуана қуана оған тапсыратынын айтқан. Алманиядағы Г. Коль басқарған христиан демократиялық одақтың басшылығына жуырда шығыс Алманиядан келген ханым сайланды.
Иә, мысалдар жеткілікті. Ұлт болған халықтар, дамыған мемлекеттер өз отандастарын пәлен жердікі, түлен жердікі деп бөлмей, объективті жағынан ғана қарап, елдің, мемлекеттің мүддесін жоғары ұстап қарауда. Жоғарыдағы айтылған кертартпа пікір иелерінің саны тым аз. Алайда, бір қарын майды бір құмалақ шірітеді дегендей, рухани ауруға шалдыққан осы бауырларымыздың бетін бері қаратып, халықтың бірлігіне ұйытқы етуіміз керек. Егемендігіміздің он жылдығында жарыққа шыққан «Көш» атты осы газет қазақ халқының ынтымағын нығайтуда маңызды қызмет атқарады деп сенемін. Көзі ашық, көкірегі ояу бауырларымызға Аллаһ Тағалам жар болғай! Хайырлы қызмет тілеймін.