понедельник, 29 сентября 2008 г.

ҚАЗАҚСТАН - ТҮРКИЯ ҚАТЫНАСТАРЫ 2001 ж.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ
ҚР Білім қайраткерлері одағының мүшесі


ҚАЗАҚСТАН – ТҮРКИЯ ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ 10 ЖЫЛЫ

Қазақстан Республикасының 16 желтоқсан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялауымен басталған Қазақстан-Түркия ресми қатынастарына биыл 10 жыл толып отыр. Бауырлас халықтардың ежелден келе жатқан мығым байланыстарының ресми сатыға көтерілуі маңызды тарихи уақиға болып саналады. Бастапқыда сезімталдық пен эмоция үстем болған қатынастарымызды бүгінгі күні салмақтылық пен рационалды түрде қолға алып, талқыға салғанымыз жөн. 90-шы жылдарда саяси және экономикалық құрылымдарда үлкен өзгерістерді бастан кештік, тіпті, дүниежүзінде жаңа одақтар, жаңа саяси-экономикалық жүйелер пайда болды, әлем картасында маңызды өзгерістер байқалды. Әсіресе, Орта және Шығыс Еуропа карталары өзгерді, Балқан түбегі мен Орталық Азияда жаңа мемлекеттер бой көтерді. Орта Шығыс елдері қайнаулы қазан күйінде қалды, Қиыр Шығыс пен Шын-Машын елдерінде әлемдік экономиканың тепе-теңдігіне әсер ететін қаржы дағдарыстары пайда болды, Түркия Еуропа Одағының қабылдау бөлмесіне кірді т.т.

Қазақстан-Түркия қатынастарына жалпы шолу жасамас бұрын Қазақстанның дербестік күресіне сәл тоқталғанымыз дұрыс болар еді. Қазақстанның дербестігін әншейін өздігінен келе қалған бір ғанимет деп қарау үлкен қаталық болады. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен азаттық жарияланған 1991 жылға дейін Қазақстанда Кеңес билігіне қарсы әрекеттер толассыз жалғаса берген. Сондықтан, қазақтар Кеңес халықтары ішіндегі ең көп қырылған халық ретінде аталады. Алаш Ордашылар 1916 жылдары бастаған қарсылық әрекеті 1950 жылға дейін белсенді түрде ұласқан. Қазақстанның көптеген қалалары мен аудандарында халық Кеңес түзіміне қарсы қарулы көтеріліске дейін барғанда зиялы қауым өкілдері оларды қаламдарымен қолдап отырған. Коммунист әкімшілік ең күшті қарсылықты Қазақ халқынан көргендіктен оларды аштықтың қойнауында қалдырады, миллиондаған қазақтар адам төзгісіз жағдайларда шәһид болады. Бұл жетпегендей миллиондаған қазақтар көршілес елдерге жан сауғалап босады. Он мыңдаған зиялы қауым өкілдері мен көкірек көзі ояу азаматтарымыз халық жауы деген жаламен шәһид етіледі. Адамзат тарихында теңі-теңдесі жоқ ассимилациялау және жаппай қыру шаралары жүзеге асырылады. Бұларға мәдени саладағы орыстандыру және құдайсыздандыру айлаларын қосқаныңызда зұлымның шырқау шегіне жеткенін аңғарасыз.
Алайда, қазақ халқы өзінің мыңдаған жылдық тарихи мұрасын сақтау және қорғау жолындағы күресін жалғастырды. 1986 жылғы Желтоқсан уақиғасы мұның ең айқын айғағы. Көптеген жылдар бойы Қазақстанды билеген Дінмұхаммед Ахмедұлы Қонаевты қызметінен босатқан Мәскеу оның орнына бұл елмен еш байланысы жоқ біреуді даладан әкелгенде, бұған қазақ жастары қарсылық білдіріп, алаңға шығады. 16-19 Желтоқсан 1986 жылы болған уақиғалар қырғи-қабақ соғыс жылдарындағы ең үлкен көтеріліс ретінде әлем халықтарына мәлім болды. Көптеген қазақ жастары шәһид болды, мыңдаған жастарымыз жауапқа тартылды, қудаланды, жұмыстан шығарылды. Бұл ұлттық-азаттық көтерілісі Кеңес империясының күйрейтінін көрсеткен аса маңызды уақиға саналады. Желтоқсан уақиғасына қатысқаны үшін ату жазасына кесілген қаһарман бауырымыз Қайрат Рысқұлбеков былай деген:

Қайрат деген атым бар
Қазақ деген затым бар
Еркек тоқты құрбандық
Атам десең атыңдар !

Желтоқсан көтерілісін басу үшін 70 мың әскер жұмсалған, Мәскеуден 15 ұшақпен арнайы қарулы күштер әкелінген. Міне, осыған қарап бұл уақиғаның қаншалықты маңызды екенін айтуға болады. Сол жастардың көз жасы далада қалған жоқ, үйткені 15 одақтас республиканың басшылары Желтоқсан уақиғасынан бес жылдан кейін Алматы қаласында бас қосып, атақты Алматы декларациясын 1991 жылдың желтоқсан айында жариялап, Кеңестер одағының ыдырағанын әлемге хабарлаған. Желтоқсанда шәһид болған бауырларымыздан кешірім сұрағандай жазылған үндеу мәтіні Орталық Азиядағы мұсылман-түркі республикаларының тәуелсіздік жолын ашқан.

Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған мемлекет Түркия болды. Мұны қазақ және түрік мемлекет қайраткерлері орайы келген сайын айтуда. Әрине, бұл бауырластығымыздың мызғымас дәлелі, қатынастардың бастауы, бірақ мұны нақтылы қадамдармен қуаттап, үнемі бекітіп тұру керек. Қазақстан Республикасы өзінің тұңғыш елшілігін Түркия мемлекетінің көмегімен 29 қазан 1992 жылы Анкарада ашты. Қазақстанда ең алғашқы ашылған елшілік болса АҚШ елшілігі. Анкарадағы қазақ елшілігінің ашылу мұрасымында мен де болдым, тіпті Президент Н.Ә. Назарбаевтың БиБиСи және Канада теледидарларына берген сұхбаттарын қазақшадан ағылшыншаға тікелей аудардым. Сол күндері түркі мемлекеттерінің бірінші саммит жиналысына қатысқан мемлекет басшылары туысқан халықтардың бірлігінің ең айқын көрінісін көрсеткен-ді. Сондағы есімде қалғаны, бауырлас мемлекеттердің алғашқы байланыстары күшті қобалжуға, сағыныш пен үмітке толы еді. Тарихта тұңғыш реті Орталық Азиядағы түріктер мен Түркиялық бауырларымыз қауышқан еді.

Алғашқы нақты қадам ретінде мархұм Тұрғұт Өзалдың бастамасымен Қазақстаннан және өзге республикалардан Түркияға мыңдаған студенттердің жіберілгенін айтуға болады. Бұл күндері Түркияда оқып келген жүздеген жастарымыз әр түрлі мекемелерде жұмыс істеп, Қазақстан экономикасының дамуына және екі елдің байланыстарының нығаюына үлкен үлес қосуда. Бір өкініштісі Түркияның жоғары оқу орындарын бітіріп келген жастарымыз дипломдарын теңестіру және жұмыс табу жағынан кейбір қиындықтарға душар болуда. Осы себептерге байланысты соңғы жылдары Түркияның білім беретін ел ретіндегі имиджінің шайқалғаны байқалуда. Алайда, екі ел арасында жасалатын жаңа келісімшарттармен екі елдің оқу орындарының дипломдарын мақұлдау және басқа жақтарынан тиімді нәтижелерге қол жеткізуге болар еді. Бұл біздің халықтарымызды бір-біріне жақындастыратын игі шара болар еді.

Жоғарыда аталған кейбір кемшіліктердің негізінде, біздіңше, Түркия мемлекетінің 1990 жылдан бұрын жаңа түркі елдерімен байланыстарға дайындықсыз болғаны жатыр. Қырғи-қабақ соғыс жылдарында Түркияның түркі халықтары жөніндегі мемлекеттік саясатының болмауы, сыртқы істер мекемелері мен өзге де мемлекеттік ұйымдарда сыртқы түріктердің мәселелерімен шұғылданатын бөлімдердің болмауы басты кемшіліктерден. АҚШ және батыс елдерінде түркі халықтарын зерттейтін кереметтей жабдықталған институттар жұмыс істеп жатқанда, Түркияда бұл мәселемен көбінесе жеке ұйымдар ғана белгілі мөлшерде шұғылданған. Соңғы 10 жылдық мерзімде Түркияның әлі де болса бұрынғы психологиядан арыла алмағандығы таң қалдырады. Мысалға нақты деректерді келтірелік; мәселен, Түркия мен басқа елдердің сауда экономикалық миссияларын салыстырып көрейік. Түркияның Алматыдағы елшілігінде бірнеше қызметкер жанпида еңбек еткенімен АҚШ, Алмания және Италия секілді елдердің сауда-экономика қызметтерінде ондаған, тіпті жүздеген қызметкерлер жұмыс істеуде. Бұған қоса аталмыш мемлекеттердің сауда-өндірістік палаталарының өзі Қазақстанда айтарлықтай деңгейде ұйымдасқан түрде қызмет етуде. Мәселен, алман фирмаларымен жұмыс істегісі келетін қазақ кәсіпкерлер бұл елдің елшілігіне емес, тікелей Федеративтік сауда-өндіріс палатасының Алматыдағы өкілдігіне барып, кез келген мәліметке қол жеткізуде. Италия сауда палатасы да Алматыдағы өкілдігі арқалы қызмет көрсетуде. Алайда, тарихи және гео-саяси жағынан Қазақстанға ең жақын мемлекет саналатын Түркияның осындай нақты қадамдарды іске асыруы дұрыс болар еді. Дүниежүзілік конюктурадғы өзгерістер Қазақстан-Түркия қатынастарына тікелей әсер етуде дей аламыз. Орта Шығыс, Қытай, Ресей, Иран, АҚШ және Еуропа Одағы шеңберінде өрбитін уақиғалар Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынастарына тікелей ықпал жасауда. Мұның нақты мысалы ретінде, былтыр Ресейде Путин басшылыққа келгенде оның әкімшілігінің Орталық Азия және Қапқаз саясатының түбегейлі өзгеруіне байланысты Түркияның сыртқы істер министрлігінің аталмыш елдердегі елшілерін Анкарага шақырып, жиналыс ұйымдастыруын айтуға болады.

Проблемалар ешқашанда өздігінен пайда болмайды. Бүгінгі проблемалардың негізінде бұрын жіберілген қателіктерді іздеген жөн. Мәселен, 1990-шы жылдардың алғашқы 5 жылында Түркиядан әкелінген төменгі сапалы тауарлар осы елдің өнімдерінің репутациясына кері әсер еткен. Орталық Азияға жіберілген тауарлардың белгілі сапа критериялары бойынша жеткілікті дәрежеде тексерілмеуі мемлекеттер арасындағы тауар айналымының көлемін өсірмейтін факторлардан. 11 жыл бойы Алматыда тұрғандықтан осы жағдайларға өзім тікелей куә болдым. Түркияның Алматыдағы елшілігінің ғимараты да өте сәтсіз таңдалды. Түркиядай мықты да туысқан елдің абыройына жарасатын тамаша елшілік ғимараты болғанын қалар едік. Түрік кәсіпкерлері аты шулы бес жұлдызды қонақ үйлерін ашып жатқанда, Алматы мен Астанада заманауи Түркия имиджін көрсете алатын бір ғимараттың болмағаны өкіндіреді. Елшілік қызметкерлері кішкентай бөлмелерде 4-5 адам жұмыс істеуде. Сондықтан, бұл мәселе Түркияның бюджеттік мәселесі емес, ұлттық мәселесі ретінде маңыздылығын сақтауда.

Мәдени салада тоқырау жылдарынан кейін соңғы жылдары жыбырлау байқалуда. Түркияның Алматыдағы мәдениет департаментінің қызметтері айтарлықтай сатыға көтерілген тәрізді. Анкара қаласының Астанадағы күндері мен Астананың Анкарадағы күндерін атауға болады. Жуырда қол қойылған келісімшарт бойынша Астана мен Анкара бауырлас қала болды. Осындай мәдени байланыстардың одан әрі дамуын қалаймыз. 1998-99 кезеңінде 110 қазақ суреткердің сурет көрмелері ұйымдастырылған, бұларды 3000-нан астам адам көріп шыққан. Аталмыш мерзімде Қашғарлық Махмұдтың түрікше сөздігі, Жас түркістан журналы, түрік халықтарының тарихы, Ататүріктің өмірбаяны қатарлы құнды кітаптар жарыққа шықты. Абдұлқадыр Ақгүл мырзаның жетекшілігіндегі білім департаментінің кітапханасынан жүздеген студенттер мен аспиранттар, зерттеушілер мен докторанттар пайдалануда. Аталмыш бөлімдердің тікелей атсалысуымен 67 ғылыми конференция ұйымдастырылып, мұнда Қазақстандық және түркиялық ғалымдар баяндамалар жасаған. Радио және теледидар хабарларында екі елдің туыстығын, жақындығын нығайтатын хабарлар көрсетілген. Бірақ, мұның бәрін көңіл көншітер деңгейде деп айтуға әлде де болса тілің бармайды. Келешекте бұдан да дәйекті бұдан да әсерлі ортақ жобаларды іске асыруымыз ләзім. Екі елдің де ұлттық һәм мемлекеттік мүдделері мұны талап етуде.

Туризм мәдени байланыстарды күшейтетін үлкен мүмкіндіктің бірі. Жыл сайын Қазақстаннан Түркияға 70-120 мың мөлшерінде туристтер барады екен. Алайда, Түркиядан Қазақстанға туристік сапармен келушілердің саны тым аз. Сондықтан, түркиялық бауырларымыз қазақстан туралы көп біле бермейді. Түркияға барып келген Қазақстандықтар болса Түркия туралы жағымды әңгімелер айтуда, олар түрік халқының меймандостығына ризашылықтарын білдіруде. Мемлекеттеріміздің арасындағы 1 айға дейін виза талап етпеу туралы шарттың бұл арада игі рөл атқарғанын атап айтқымыз келеді. Ендігі мәселе, Түркиядан көбірек туристерді Қазақстанға тарту мәселесі болмақ. Ахмед Йесеуи, Ахмед Йүгнеки, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Қорқыт Ата секілді ойшылдар мен ғалымдар туып, өскен Қазақстан, әсілі оғыздардың ата-мекені болып саналады. Міне, осындай тарихи ақиқаттарды лайықты деңгейде таныстыра алсақ, Түркиядан да мыңдаған адамдар Қазақстанға саяхаттап келер еді демекшіміз. Бұл ел экономикасына әжептәуір табыс қосар еді. Мәселен, Түркияның туризмнен жылдық табысы 15-20 миллиард долар мөлшерінде. Қазақстанның кең өлкесі, табиғат туризміне де аса қолайлы. Алатау, Алтай тауы сықылды керемет табиғи байлықтарға ие елімізге осы мешеу қалған саланы жандандыру арқылы үлкен табыс көздерін аша аламыз.

Сауда-экономикалық байланыстарға сәл тоқталайық. Түркияда соңғы жылдары пайда болған экономикалық дағдарыс елдеріміз арасындағы тауар айналымының төмендеуіне апарып соқтыруда. Ал, Түркия болса өзін батыс елдерінің Орталық Азия мен Қапқаз елдеріне шығаратын көпір деп көруде. Біздіңше бұл өте теріс пікір. Түркия ешкімнің көпірі, мердігері болмауы керек. Қайта, Түркияның бауырлас елдерде өзіндік жоспарлары мен мүдделері болуы керек, Түркия басқа мемлекеттердің мүдделерін қорғаушы, орындаушы күш болмауы керек. Түркия өзінің жобаларын туысқан елдермен бірге жүзеге асыруы керек. Сонда ғана мардымды нәтижелерге, тұрақты байланыстарға қол жеткізілмек. Алайда, жоғарыда аталған теріс саясаттың кесірінен Түркия өзін екінші планда қалдырып, басқа елдердің жобаларына атсалысуда. Түркияның Қазақстандағы тікелей шетелдік салымдардағы үлесі % 3,4 мөлшерінде. Ал, Қазақстанның сыртқы саудасындағы Түркияның үлесі болса % 7 мөлшерінде. Аталмыш көрсеткіштер ең болмағанда % 15-20-ке жеткенде ғана Түркия маңызды әріптестердің қатарына кіре алады.

Спорт саласында айтарлықтай нәтижеге жеттік дей алмаймыз. Түрік спортшылары көбінесе Еуропада, ал Қазақстандық спортшылар болса Азия біріншіліктерінде орын алуда. Екі елдің яки түркі елдерінің ортақ спорт шараларын ұйымдастыратын шақ келген секілді. Мәселен, Қазақстанның Қайраты мен Түркияның Галатасарайы неге Алматыда, Ыстамбұлда қарсыласпасқа? Күрес, оқшылық, ат жарыстары секілді жалпы түркі жұртына ортақ спорт салаларында неге чемпионаттар ұйымдастырылмайды деген заңды сұрақ мазалайды. Спорт шаралары халықтарымызды жақындататын маңызды дәнекердің бірі екені даусыз.

Қазақстан НАТО ұйымының іс-әрекеттеріне белсенді түрде атсалысуда. Центразбат жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан шараларда НАТО және Орталық Азия республикаларының қарулы күштері бірге жаттығулар жасауда. Түркиядағы әскери оқу орындарында оқыған Қазақстандық офицерлер әскери күштеріміздің кәсіби деңгейін көтерері сөзсіз. Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан Түркияның пайдаланбауы, ең болмағанда бір түрік ғарышкердің қазақ жерінен ғарышқа аттанбауы түсініксіз жағдай. Аталмыш айлақтан алман, австриялық, фырансыз, америкалық, үнді және жапон ғарышкерлер космосқа сапар шеккен.


Иә, өткен 10 жылдық мерзімде қыруар шаруаның жасалғанын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қарым-қатынастардың дамуындағы зор үлесін атап көрсетуіміз керек. Түркия жұртшылығы Елбасымызды түркі елдері басшыларының ең ыждиһаттысы, саяси қабілеті күштісі деп санайды. Қазақстанның Түркияда танылуы тікелей Елбасының жыл сайынғы іс сапарлары мен екі ел арасында қол қойылған келісімшарттардың жан-жақтылығында. Бірақ, бүгінгі жетістіктерді місе тұтпауымыз керек. Екі ел де бір-бірінің жақындығына, қолдауына мұхтаж. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың тиянақты түрде дамуы аса маңызды. Қазақстанның халықаралық саясаттағы маңыздылығы да күнбе күн өсіп келе жатыр. Түркияның Еуропа Одағына қосылуы оның маңыздылығын тағы да арттырмақ. Мақаламның аяғында Аллаһ Тағаладан туысқан елдерімізге амандық, есендік, үлкен табыстар нәсіп етуін тілеймін.


Әдебиеттер:

1. Eurasian Studies, TICA, №3, 1995
2. Evraziya Etyudi, TİKA, №2, 1995
3. Маданов Х., Қазақ халқының арғы-бергі тарихы, Алматы, 1995
4. SARAY, Mehmet., Kazak Türkleri Tarihi, Kazakların Uyanışı, Istanbul, 1993
5. Қазақстан Траихы, очерктер, Алматы, 1994
6. Отан, Қоғамдық-отаншылдық журнал, №1, 1999
7. Артықбаев Ж.О., Прикосновение к истории равносильно осознанию вечности, Астана, 1999
8. Жигалов К.Ж., Султанов В.К., Первый Президент Республики Казахстан, хроника деятельности, Алматы, 1993
9. Қазақстан: Мемлекеттілік кезеңдері, 1917-1995, Алматы, 1997
10. Саясат-Политика , №1, 1995