вторник, 31 июля 2007 г.

ӘЛЕМДЕРДІҢ РАХМЕТ ЕЛШІСІ

Мұртаза БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты,
Дінтанушы, мәдениеттанушы


ӘЛЕМДЕРДІҢ РАХМЕТ ЕЛШІСІ
[1]


Нұрға толы өмірімен, нұрға толы істерімен адамзат тарихындағы ең ұлы тұлға саналған Пайғамбарымызды шексіз сағынышпен, үлкен қуанышпен, зор махаббатпен еске алып отырмыз.
Жасаған Иеміз рахмет Елшісін жарылқасын! Оның жанұясын жарылқасын! Барлық ислам үмметін Оның жолына бастасын!
Әсілі, адамзат тарихын «Пайғамбарымызға дейінгі» және «Пайғамбарымыздан кейінгі» тарих деп, екіге бөліп қарасақ болғандай. Мұхаммед Мұстафаға (с.а.у.) дейінгі адамзат тымырсық түнектерде, зұлматты қараңғылықтарда, азап пен рухани дағдарыста болса, рахмет елшісінің келуімен, Құран Кәрімнің нұрымен, жүректерге шифа, рухани һәм дүнияуи ауруларға дауа табылып, бұрын-соңды болмаған рахауатта өмір сүріп келе жатырмыз.
Әз Елші тарихта ойлау жүйесін өзгерту арқылы үлкен өзгеріс жасады, ойды азат етті, ақылға еркіндік берді, пікірге бостандық берді. Ең алдымен адам баласын құрметтеу, оның рухани тұлғасын сыйлау түсініктерін қалыптастарды. Абыройлы адам баласын тек Жаратушыға ғана құлшылық етуге шақырды. Аллаһ Тағаладан басқа жаратушының, билеушінің, құдірет иесінің, құлшылық нысанасының, тілек айтылушының жоқ екендігін білдірді. Аллаһ Тағала тарапынан өзіне жүктелген ауыр да машаққатты аманатты мүлтіксіз орындады.
Пайғамбарымыз күллі адамзатты Құранның жолына, ақыл мен ғылымның жолына шақырды. Ізгі істермен шұғылдануды, мұхтаждарға көмектесуді, адамзатқа пайдалы құндылықтарды өндіруді бұйырды. Өзі де өмір бойы өз насихаттарын орындап, артына өлместей мұра қалдырды.
Сахабалар Айша Әбу Бәкірқызы анамыздан Пайғамбардың ахлағы қандай еді деп сұрағанда, ол «Оның ахлағы – Құран еді» деп, айтқан екен. Сондықтан, Пайғамбарымыздың кім екенін білу, оның біздерге қалдырған мұрасын толық түсіну үшін Құранға жүгінуіміз және Құранды түсіне отырып оқуымыз шарт. Құранның мағынасын зерттей оқу ғана бізге Пайғамбарымыздың және оған дейінгі елшілердің ғибратты өмірін түсіну мүмкіндігін береді.
Рәсұлұллаһ адамзат тарихындағы ең үлкен өзгерістерді жасағанымен өте қарапайым және кішіпейіл адам бола білді. Ол Аллаһ Тағаланың ризалығын ешқандай атақпен айырбастамады. Алдына келіп алуан түрлі ұсыныстар жасаған мүшриктерді (пұтқақұлдарды) бос қайтарды. Оның «бір қолыма айды, бір қолыма күнді берсеңдер де Аллаһ жолынан тайман!» деген сөзі қандай ғаламат. Меккеден Мәдинеге көшу кезіндегі үңгірде көрсеткен сабырлылығы, Бәдір соғысындағы қаһармандығы, Ұхұдтағы мейірімділігі, сауатсыз қоғамда бола тұрып, сол дәуірдің алып мемлекеттеріне елшілер жіберуі, оларды исламға шақырудағы көрегенділігі және даналығы жеке жеке зерттеуге тұратын уақиғалар...
Біз мұсылман үмметі осындай Пайғамбардың иманын қабылдағанымызды қаншалықты мақтаныш етсек және Аллаһ Тағалаға мадақ айтсақ, әрине жеткілікті болмайды. Пайғамбарымыздың ең басты мұраты адамзатты «шірк» яғни Жаратушыға басқа тәңірлерді ортақ қосу қатерінен құтқару болатын. Сол үшін Әз Елші мұсылман үмметін «шіркке» апаруы ықтимал әр нәрседен бас тартты. Құранды мығым ұстауды және өзара бөлінбеуді қайта қайта насихаттап жүрді. Бүгінгі адамзатқа Оның осы сенім қағидалары ауадай қажет болып тұр.
Меніңше Пайғамбарымызды түсіну және оған лайықты үммет болу – Құранды түсіну және Құранның өмір салтын қабылдаумен ғана мүмкін болмақ. Өйткені, Құран хақ пен нахақты ажырататын, харам мен халалды парықтайтын, күллі адамзатты тура жолға бастайтын үгіттерді қамтиды. Құран бұ дүниедегі һәм ахиреттегі бақыттың кілтін ұсынады. Құран – «тәухид», яғни «бірлік» нанымын ұсынады. Бүгінгі адамзат қауымдастығы Құранның қағидаларына өте зәру жағдайда. Сүйікті отанымыз – Қазақстан да осы Құранның «бірлік» жолымен жүретін және дамитын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздер, яғни Қазақстан халқының басым көпшілігін құрайтын мұсылмандар Құран Кәрімнің «Бәрің түгелдей Аллаһтың жібін (дінін) ұстаныңдар уә ешқашанда бөлінбеңдер!» (Құран 3/103) бұйрығын әсте естен шығармауымыз керек. Құран төңірегінде топтасып, оның жолымен жүретін болсақ, Пайғамбарымыздың ең үлкен өсиеті орындалған болады.
Баршаңызға Аллаһ Тағаладан ізгіліктер тілеймін, елімізге береке, халқымызға бірлік тілеймін.
[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Ол адамзат тарихында ең үлкен өзгерістерді жасағанымен, өзі ең қарапайым және кішіпейіл адам бола білді. «Жас Алаш» газеті, 26.04.2005 ж.