вторник, 31 июля 2007 г.

ИСЛАМ

Мұртаза БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты,
Дінтанушы, мәдениеттанушы


ИСЛАМ
[1]


Жаратушы ұлық тәңiр Аллаһ Тағалаға иманды және мойынсұнуды бiлдiретiн нағыз бiртәңiрлi (монотеист) тәухид нанымы негiзiнде пайғамбарымыз Мұхаммед Абдұллаһұлы (с.а.у., 569-632) тарапынан 609-632 жылдары аралығында адамзатқа түсiндiрiлген әлемдiк дiн. Ислам барлық болмыс пен фәни адам өмiрiндегi ең маңызды ұғымдардың бiрi. Ислами ұғымда бұл дiн абсолюттi құдiрет иесi Жаратушы тарапынан ең алғашқы адамнан ең соңғы адамға дейiнгi барлық адамзатқа және заманаға жiберiлген дiн. Ислам – ақыл иелерi мен күллi махлұқаттың (жаратылыстың) ұлық Жаратушының құдiретiне тәсiлiм болуының, мойынсұнуының және дүниедегi өмiрдi белгiлi бiр тәртiпке келтiретiн құдайы жүйенiң, яғни пенде мен Аллаһтың арасындағы байланыстың аты. Ислам сөзiнiң түбiрi арабшадағы «сәлиме», «силм» етiстiгi. Бұлар және осы түбiрден жасалған «сәлм», «сәлам», «әслеме» сөздерi сөздiкте бейбiтшiлiк, тыныштық, амандық, татулық, келiсiм, мойынсұну, тәсiлiм болу, берiлу, сәлеметтiлiк, сенiмдiлiк дегендi бiлдiредi. Қысқаша айтқанда, «сәлиме» етiстiгi бейбiтшiлiктi қалайтын бiр биiк күшке, билiкке бағынып, оны құрметпен қабылдай отырып, оған бас июдi, тыныштық һәм амандыққа берiлудi және осы мәртебенi жалғастыру үшiн қажеттi iстердi жүзеге асыруды бiлдiредi. Мұсылмандардың қасиеттi кiтабы Құран Кәрiмде жәннет туралы «дар әс-сәлам», яғни «тыныштық өлкесi» делiнген (Құран Кәрім 10/25). Себебi, мұсылман ұғымындағы жәннет әр түрлi қауiп-қатерден ада, толық бақыт пен қуаныштың мекенi. Құран Кәрiмдегi Аллаһ Тағаланың есiмдерiнiң бiрi «әл-Сәлам», яғни әр түрлi кемшiлiктерден ада, толық бейбiтшiлiктi ұсынушы һәм өзiне мойынсұнылатын дегендi бiлдiредi.
Исламның не екенiн толықтай түсiну үшiн осы сөзбен түбiрлес сөздердiң мағыналарын әбден бiлiп алған жөн. Сонда, исламның тек сенiм мен ахлақи (этикалық) құндылықтардан ғана құралмағаны, Батыс ұғымындағы «религия» сөзiнiң исламды түсiндiруде жеткіліксіз болатыны анық болмақ. Ислам сөзi сенiм мен ұжданды да қамти отырып, бұларға қоса бейбiтшiлiк пен татулықты, жүгiну мен тепе-теңдiктi, әсiлi, тұтастай өмiр сүру салтын бiлдiредi. Ислам Құран Кәрiмде есiмдерi аталған барлық пайғамбарларға жiберiлген иләһи (тәңiрлiк, құдайы) дiндердiң ортақ аты. Себебi, тәңiрлiк уахидың (Жаратушының сөздерінің елшіге жеткізілуі, откровение – М.Б.) бастаушысы һәм әлемдердiң жаратушысы бiр Аллаһ ғана. Сондықтан, Аллаһ Тағала тарапынан «ислам» деп аталған бұл дiн пайғамбарлар арқылы түрлi ғасырларда түрлi қауымдарға баян етiлген. Ең соңғы формасы Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) бiлдiрiлген. Құранның бiлдiруiнше, Аллаһ Тағаланың алдындағы бiрегей хақ дiн ислам ғана (3/19) және бұл дiнге сенушiлерге «мұслим» (мұсылман, бағынған – М.Б.) есiмiн Жаратушының өзi берген (22/78). Аяттарда өткен пайғамбарлар мен оларға иман еткендердiң барлығы да мұсылмандар едi делiнедi (2/128, 2/131-133, 2/135-136, 3/20 және 3/67). Ал, «мұмин» (иман еткен, қазақшада – момын, М.Б.) сөзi әр түрлi қорқыныштан және күмәннан амандықта болу дегендi бiлдiретiн «әмн» сөзiнен жасалған. Демек, мұмин өзiне аманат етiлген иман және құлшылық ету мiндетiн лайығынша атқарушы, Иесiне тәсiлiм болушы және қуанышқа жетушi адам. Ислам күллi ғаламдағы барлық махлұқтар мен заттар бағынатын өмiр сүру, тiршiлiк ету формасы. Сондықтан, барлық субстанциялар мен жәндiктердiң табиғи өмiрi ислам халiнде болады. Олардың iс-әрекеттерi мен тiршiлiгiнде бас көтерушiлiк, хаос, асылық байқалмайды. Барлығы да тәңiрлiк заң шеңберiнде өмiр сүредi. Ал, ақыл иесi адам баласы өз еркiмен исламды ұстанатын болса, онда оның өмiрiнде де табиғаттың өмiрiнде де ислам, яғни бейбiтшiлiк, тепе-теңдiк болады.
Исламдағы «дiн» ұғымының мағынасын анықтап алғанымыз жөн болар. Араб тiлiндегi дiн сөзi «дәйн» түбiрiнен шыққан, үстемдiк, егемендiк, бас ию, қарыздану, тапсырылу, бiреудiң бұйрықтарын орындау, оның билiгiн мойындау, заң, жол, әдет, жауапқа тарту, жаза беру, сыйлыққа бөлеу, үкiм, мүлiк, дағды сияқты көптеген мағыналарды бiлдiредi. Осы түбiрден жасалған және Аллаһ Тағаланың есiмдерiнiң бiрi болып табылатын «әл-Дәййан» абсолюттi құдiрет иесi, әр iстiң бодауын беретiн, хикметпен басқаратын, егемен күш иесi дегендi бiлдiредi. Ал, осы түбiрден жасалған «мәдин» – құл; «мәдине» – қала; «тәмәддүн» – дiндi яки қалалық, «тәдаййұн» – қарыздану; «дийанат» – дiн және милләт; «мұтәдәййин» – дiндар һәм мойынсұнғыш дегендi бiлдiредi. Демек, дiн дегенiмiз аса биiк билiк иесiне мойынсұнып, оған бағыну және оның бұйрықтарын орындау дегендi бiлдiредi. Дiннiң тек Аллаһ Тағалаға тән болуының себебi билiк иесi Жаратушының бiрегей үкiм қоюшы және құлшылық етуге лайықты бiрегей тәңiр болуына байланысты. Ислам ұғымында дiннiң мазмұнында көрсетiлген мағыналарды лайығынша түсiнiп, орындағандарға әжiр-сыйлықтар, ал орындамағандарға тиісті жаза берiлмек.
Ислам дiнiнiң негiзгi қағидасы Жаратушының бiрлiгi сенiмi болып табылатын «тәухид» нанымында. Құран Кәрiмде бұл қағида көптеген аяттарда «лә илаһа илла Аллаһ», яғни «Аллаһтан басқа тәңiр жоқ, құлшылық етуге лайықты тек Аллаһ ғана» деп түсiндiрiлген. Жер мен көктердегi нәрселердiң барлығын Аллаһ жаратқан. Ол – барлық нығметтердi жаратушы, әр нәрсенiң мөлшерiн (әл-қадар) белгiлеушi, өмiр берушi, өмiрдi жоюшы, шексiз күш-құдiрет иесi, толық үкiм қоюшы, билеушi, теңдесi, ұқсасы яки сыңары жоқ, тумаған һәм туылмаған, кем сипаттардан ада, еш нәрсеге мұқтаж емес, шаршамайтын, ұйықтамайтын, бiрегей көмек берушi, жасаушы, шексiз ғылым иесi Жаратушыны бiлдiредi. Мiне, осындай қасиеттерi бар тәңiрдi Құран Кәрiм көптеген есiмдерi және сипаттарымен бiлдiредi. Жаратушының ең көп кезiгетiн есiмi Аллаһ. Құран Кәрiмде екі мыңнан астам жерде аталады. Ал, жоғарыда аталған және тек Аллаһқа тән сипаттардың бәрiн яки бiрнешеуiн басқа бiреуге артқан адам Аллаһ Тағалаға «шiрк» келтiрген, яғни ортақ қосқан болады. Бұл мұсылмандық иманды зақымдайды.
Мұсылмандар Аллаһ Тағаланың мәлектерiне, барлық хақ кiтаптарға (сахифалар мен Тәурат, Забұр, Iнжiл және Құран), Құранда есiмдерi аталған пайғамбарлардың барлығына (Нұх, Идрис, Ибраһим, Мұса, Дәуiт, Иса, Мұхаммед т.б.), ахирет күнiне, өлгеннен соң тiрiлуге иман етедi. Құран Кәрiм өзiнен бұрынғы хақ кiтаптардың растаушысы және Жаратушының ең соңғы үкiмi болып табылады. Құран Кәрiм араб тiлiнде 114 сүре және алты мыңнан астам аят болып түсiрiлген. Мұнда Жаратушының сипаттары, әлем мен адамның жаратылуы, құқық қалыптары, бұрынғы қауымдардың ғибратты қиссалары, ғибадаттар сияқты көптеген мәселелер туралы айтылады. Әлемдегi барлық мұсылмандар Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға түсiрiлген Құран Кәрiмдi өзгерiссiз күйiнде оқиды. Ал, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар да өзiнен бұрынғы елшілерді растаушы ең соңғы елші. Ислам дiнi өзiнен бұрынғы хақ дiндердi мойындау жағынан бiрегей мысал ретiнде әлемдiк универсалды дiн сипатына ие.
Ислам пайғамбары Әз Мұхаммед (с.а.у.) 569 жылы шамасында Мекке қаласында дүниеге келген. Әкесi – Абдұллаһ Абдұлмұтталибұлы (уаф. 569?), шешесi - Әмина Уәһбқызы (уаф. 575/577?). Әкесi туар алдында, ал шешесi кiшкентай кезiнде қайтыс болғандықтан, немере ағасы Әбу Тәлiб Абдұлмұтталибұлының (уаф. 619) үйiнде өскен. Мұхаммед (с.а.у.) және Меккенi мекендейтiн құрайыш руының басым көпшiлiгi «ұмми», яғни сауатсыз немесе кітап оқи алатын дәрежеде сауаты жоқ адамдар болатын. Басқа мәдениеттермен етене қатынаста болмаған Хижаз өлкесі арабтарының көпшiлiгi көшпелi өмiр сүрiп, өз қолдарымен жасаған пұттарға табынушы едi. Дәстүрлі ислами деректер бойынша Мұхаммед (с.а.у.) өзi өскен қоғамдағы жаман әдеттерге ұрынбаған, пұттарға табынбаған. Оның адал және тура сөздi болғаны соншалық, Меккелiктер оны «Мұхаммед әл-Әмин», яғни «Сенiмдi Мұхаммед» деп шақыратын. Қырық жасқа келгенде Аллаһ Тағаладан Құранның алғашқы аяттары уахи етiлiп, нәбилік (елшілік) мiндетi тапсырылады. Әйелi Хадижа Хуайлидқызы (уаф. 619), досы Әбу Бәкiр Әбу Кұхафаұлы (571?-634), немере iнiсi
Әли Әбу Тәлiбұлы (уаф. 661) сиқяты адамдар оған бірден иман етiп, исламды қабылдайды. Күн өткен сайын иман етушілердің саны көбейедi. Олар Мекке қаласын билеушi топ уә дәулеттi рубасыларының аяусыз қарсылығына тап болады. Мұсылмандар мен Рәсұлұллаһ 622 жылы Меккенiң солтүстiгiндегi Йесриб қаласына көшуге мәжбүр болады. «Һижрат» деп аталатын осы елеулі уақиға Омар әл-Хаттабұлының билігі тұсында (634-644) мұсылмандардың жыл санауының басталуы болып бекітіледі. Хазіретi Мұхаммед (с.а.у.) Мәдинеде (Йесриб кейінтін Медине аталған – М.Б.) ислам дiнiн насихаттап, қала-мемлекеттi орнатады, мұсылмандардың саны күрт көбейедi. Сөйтiп, 630 жылы Мекке азат етiледi. Пайғамбарымыз қасиеттi Кәғбаның iшiндегi пұттардың барлығын жояды. Хақ елші 632 жылы қайтыс болғанда Арабыстан жерiнiң басым көпшiлiгi ислам дiнiн қабылдаған едi.
Ислам дiнiндегi ең маңызды ғибадаттардың бағзылары мыналар: Құран Кәрiмдi оқу және түсiну, ғылыммен шұғылдану, жиһад ету, намаз оқу, дұға ету, Рамазан айында ораза ұстау, зекет беру, Меккеге қажылыққа бару, iзгi амалдар iстеу, ізгілікті уағыздау, адал жолмен ризық табу т.т.. Ислам дiнiнде «бәййине», яғни дәйектi дәлел болмайынша бiреудi кiналауға, айып тағуға болмайды. Иман ету нақты дәлелдерге сүйене отырып сенудi, ал имансыздық, «шiрк» (Жаратушыға ортақ қосу – М.Б.) және керi қағу – дәлелсiздiк пен бiлiмсiздiктi бiлдiредi. Олай болатын себебi Жаратушының барлығы мен бiрлiгiн дәлелдейтiн он мыңдаған айғақтарды көрмеу яки мойындамау тек дәлелсiздiктiң, махрұмияттың белгiсi ғана бола алады.
Құран Кәрiм аяттары бойынша мұсылмандар Аллаһ Тағалаға, Оның елшiсi Мұхаммедке (с.а.у.) және мұсылман әміршілерге бағынуға мiндеттi (4/59). Тек, Жаратушыға асылыққа болысуға болмайды. Мұсылмандардың iстерiн реттеушi басшы еркiн сайлау арқылы қызметке келедi. Ислам құқығында «биғат» деп аталатын дауыс беру азаматтардың ерiктi түрде ризашылық бiлдiруiмен болады. Қоқан-лоққымен яки күшпен жасалған биғат жарамсыз болып табылады. Басышының мiндетi аяттарда көрсетiлген қағидалар негiзiнде және кеңесе отырып елдi басқару. Кеңесе отырып басқару (шура – М.Б.) исламдағы мемлекет басқару жүйесінің басым сипаты болып табылады (42/38). Бұл басқару жүйесiнде өктемдiк бiр адамның яки бiр таптың немесе бiр рудың ғана қолында болуы мүмкiн емес. Шура деп отырғанымыз мемлекет басшысы мен әміршілердің, әкiмдердiң сала мамандары мен халықтың кеңес-ұсыныстарын ескеруi, санасуы, көпшіліктің бақылауында болуы.
Ислам қоғамының мүшелерi ағайындар болып табылады. Адамдардың нәсiл, тiл, әлеуметтiк мәртебе, шыққан тегi жағынан үстемдiгi болмайды, барлық адамдар тең дәрежелi, үстемдiк тек имандылықта, рухани қасиеттерде, тақуада (2/198), яғни Аллаһтың бұйрықтарын орындап, тыйғандарынан аулақ болып, кәмiл мұмин болуда. Ислам дiнi қоғамдық өмірді – жамағатты, яғни адамдардың ұйымдасып, бiрлiкте болуын уағыздайды. Бұл бiрлiктелiк құр масса болып бiрiгу емес, саналы һәм үйлесiмдi бiрлiктi бiлдiредi. Ислам дiнiнiң қағидалары тек дұрыс ұйымдасқан жамағат болғанда ғана толыққанды жүзеге асырылады. Жамағат болып ұйымдасқан мұсылмандар бiрiн-бiрi әбден танып, бiрiн-бiрi жақсы көрiп, бiрiне-бiрi көмек берiп ынтымақтастықта болады. Олар бiр-бiрiнiң кем-кетiгiн түгендеп тұрады. Намаз, қажылық, зекет сияқты көптеген ғибадаттар ылғи да көпшiлiктi, жамағатты талап етедi.
Ислам нанымы бойынша жәннет расұлдардың (пайғамбарлардың) дағуатына мойынсұнып, Аллаһтан келген хақ дiндi ұстанып, iзгi iс iстеп, жақсылық жасаған адамдарға сыйлықтары берiлетiн құтты мекен. Адам баласы Аллаһ Тағалаға құлшылық ету және қайырлы амалдар iстеу үшiн жаратылған. Бұл оның бұ дүниеге келу себебi. Жаратылыс заңдары да осыны дәлелдейдi. Әлемдегi нәрселердiң барлығы да Аллаһтiкi және адамдардың пайдалануына берiлген. Бұған шүкiршiлiк етiп, өзiне берiлген сансыз нығметтер мен iзгiлiктер үшiн Жаратушыға мойынсұну, бағыну адамның парызы болып табылады.
Ислам дiнi барлық қатынастар мен iс-әрекеттерде орта жолды уағыздайтын дiн. Әсiре сiлтеушiлiктi, әдден асуды, ысырапшылықты, шектен шыққан азғындықты хоштамайды, дүниелiктi жексұрын санамайды. Құран Кәрiмдегi көптеген аяттарда мұсылмандардың тек ахиретте ғана емес, сонымен қатар дүниеде де iзгi нығметтерге бөленетiнi бiлдiрiлген (2/201, 7/156, 16/122, 10/64). Сол себептi, ахиреттегi бақытқа ие болу үшiн дүниедегi бақытты тәрк ету талап етiлмейдi. Мұның айқын нәтижесi ретiнде ислам дінінде қоғамнан тыс өмiр сүретiн дiни тап, оқшау сынып қалыптаспаған. Алайда, мұсылман халықтардың тарихында Құранның осы қағидасына қайшы келетін және әсіре аскетизмді уағыздайтын діни-философиялық ағымдардың (мысалы, суфизм – М.Б.) болғанын айта кеткен жөн...
Өмiр мен өлiмдi жаратқан Аллаһ Тағала адамдарды сынау үшiн дүниедегi мал-мүлiк пен қызықты нәрселерге бейiм етiп жаратқан. Жаратылған нәрселердiң барлығы да осы дүниедегi өмiрдiң көркi, әшекейi iспеттi. Оларға халал жолмен ие болуға тырысу және оларды пайдалану кiнә емес. Адамдағы жеп-iшуге, киюнуге және өмiр сүруге деген қажеттiлiк бiтпейiнше дүниелiк нығметтер мен қызықтарға деген бейiмдiлiк те таусылмақ емес. Ислам дiнi адамның дүнияуи өмiрiне де тәртiптi, тепе-теңдiктi әкеледi. Аллаһ Тағала дүниедегi, ғаламдағы нәрселердiң барлығын да адамдар үшiн жаратқан (2/29). Сондықтан, бұларды шектеуге яки харам етуге Аллаһтан басқа ешкiмнiң де құқығы жоқ. Адамның мiндетi бұларды харам жолмен емес, халал жолмен тауып, тағы да халал мақсаттарға пайдалануы, дандайсып кетпеуi, дүниелiкке көңiлi ауып, ахирет пен өзге де маңыздылықтарды ұмытпауы, Жаратушысына шүкiр етiп, құлшылық қарызын өтеуi.
Ислам құқығына «фиқһ», басқаша айтқанда «шариғат» делiнедi. Шариғат сөздiкте жүрiлетiн жол дегендi бiлдiредi. Шариғат ғибадаттар, сауда-саттық қатынастары, мирас құқығы, қылмыс құқығы, экономикалық мәмiлелер, адам құқықтары, азаматтық қатынастар, мемлекет құқығы сияқты көптеген ғибадат және мұғамалат мәселелерiн, яғни дiннiң көбiнесе амали уә дүнияуи жағын қамтиды. Ислам ең биiк құдiрет иесi және барлық болмыс пен заттар әлемiн жаратушы Аллаһ Тағаланың дiнi болғандықтан, адамдардың өмiрiнде де белгiлi бiр тәртiптiң, низамның болғанын қалайды. Сол себептi, ислам өмiрдiң барлық қырын қоршайды. Адамның барлық заттық және рухани проблемаларына шешiмдер келтiредi, сұрақтарына жауаптар бередi. Дiннiң Құран Кәрiм аяттары арқылы белгiленген негiзгi қағидалары өзгермейдi. Алайда, ислам дiнi «iжтиһад» деп аталатын, дiннiң негiзгi бұлағы Құранға сәйкестiктi сақтай отырып, басқару, құқық, үкiмдердiң жүзеге асырылуы, экономика саласы сияқты мәселелер бойынша пайда болған проблемалардың шешiмiн табу үшiн ой жүгiртудi шектемейдi. Бұл жағынан алғанда да ислам дiнi қатып қалған кертартпа догматтар мен табулардың жыйынтығы емес, қайта өзiнiң өмiрлiк динамикаларын жаңартып, дамытып тұрады.
Исламда әркiм өзiнiң күнәсы мен қылмысына жауап бередi. Бiреудiң күнәсiн басқа бiреу көтермейдi (6/164, 17/15, 35/18, 39/7, 53/38). Христиандықтағы «тұңғыш күнә» нанымы мұсылмандықта жоқ. Адамдар туғаннан таза, күнәсыз һәм мұсылман (Аллаһтың заңдарына берілген – М.Б.) болып туады. Ол, алған тәрбиесi мен өскен ортасына байланысты я басқа дiн бойынша қалыптасады, яки жақсы ғамалдар iстейдi, немесе күнәкарлыққа барып, адасады. Күнә iстеу фәни адамның жаратылысында бар нәрсе. Бұл емтихан үшiн жаратылудың хикметi һәм кей жағдайларда адамның иманын күшейтетiн нәрсе. Өйткенi, иманды адам жасаған қателiгiне өкiнiп, Аллаһтан ғафу сұрайды. Сондықтан, күнә мұмин үшiн бiр ескерту және сананы оятатын құрал тәрізді. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың мына сөзi исламның күнә мәселесiне деген көзқарасын айқындайды: «Егер сендер еш күнә iстемегендерiңде, Аллаһ сендердi түгелдей жоқ қылып, орындарыңа күнә iстеп, соңыра тәубе ететiн (кешiрiм сұрайтын – М.Б.) бiр топты жаратып, олар ғафу сұрағанда, оларды ғафу етер едi» (әл-Тирмизи, жәннет/2, хадис – 2526, 5/672). Демек, күнә iстеуден гөрi күнәдан аулақ болу және тәубе ету маңыздырақ ұғымдар. Исламда Аллаһ Тағалаға ортақ қосудан басқа кешiрiлмейтiн күнә жоқ (4/48, 39/53). Жаратушының рахметi, мәрхаматы шексiз. Сондықтан, күнә істеуден аулақ болу үшін барлық мүмкіндікті жұмсау және тек Жаратушыдан ғана тәубе сұрау керек. Адамның күнәсін фәни адам кешіре алмайды, бір Аллаһ ғана кешіреді.
Ислам құқығында 3 түрлi хақы (ақы, хақ) бар:
1-Аллаһ хақысы (Құдай ақысы, хұқұқұллаһ): адамдардың құлшылық мiндеттердi, Аллаһ Тағаланың үкiмдерi, бұйрықтары мен шектеулерi.
2-Адам хақысы: адамдардың құқықтарын қорғайтын хақылардың барлығы.
3-Аллаһ және адам хақысы: адамның мүддесiне Аллаһ тарапынан белгiленген құқықтар бұзылғанда бұл һәм адам хақысына һәм Құдай хақысына қарсы келгендік болады. Мәселен, әр адамның дiни сенiм, жеке меншiк, өмiр сүру, ұрпағын жалғастыру сияқты құқықтары бар. Осы құқықтар тапталған жағдайда, тиесiлi адамның хақысына қол сұғылады және аталмыш құқықтарды орнатқан Аллаһ Тағаланың әмiрiне қарсы келгендiк болады. Сөйтіп, екі жақты құқық бұзушылық орнайды.
Тыйым салынған нәрселер «харам», ал рұқсат етiлгендер «халал» болып табылады. Исламда негiзiнен халалдық үстем тұрады, ал харамдар аяттар мен Құранға сәйкес хадистерде бiлдiрiлген. Халал нәрселер адамзатқа пайдалы, зиянсыз және толық бостандық берiлген iс-әрекеттер мен заттарды бiлдiредi. Ал, харамдар, яғни тыйым салынған нәрселер, негiзiнен адамзатқа зиянды, жиiркенiштi қылықтар мен басқалардың құқықтарына нұқсан келтiретiн амалдарды қамтиды. Харамдар қатарынан шiрк келтiру, жала жабу, ғайбатшылық, өсекшілік, фитнәшілік, жемтiктiң және доңыздың етiн жеу, зинақорлық, ұрлық жасау, естен тандыратын нәрселердi пайдалану, өтiрiк айту, адам хақысын жеу, бүлiк шығару, бұзақылық жасау сияқтыларды мисал етуге болады.
Ислам тарихында Пайғамбарымыздан кейiнгi дәуiрлерде мұсылмандар арасындағы саяси, фиқһи (құқықтық), иғтиқади (ақидаға, иманның шарттарына қатысты – М.Б.) мәселелерге байланысты пайда болған ағымдар мен мектептерге «мәзһәб» делiнген. Әсiресе, үшiншi әмірші Осман Ғаффанұлы (573-656) және одан кейiн билiкке келген Әли Әбу Тәлiбұлы (уаф. 661) тұсында кейбiр мәселелер бойынша өзгеше ұстанымдар мен көзқарастар пайда бола бастаған. Кiмнiң әмірші (басшы) болатыны, Осман Ғаффанұлын өлтiргендердiң ұсталуы және жазаға тартылуы, биғат ету және оның шарттарын бұзудың мәнi, Әли Әбу Тәлiбұлы мен Мұғауия Әбу Сұфйанұлы (уаф. 680) арасындағы қақтығыстар және төрелiк айтушылардың үкiмдерi сияқты мәселелер бойынша түрлi пiкiр бiлдiрушiлер пайда болған. Бастапқыда саяси айырмашылықтармен басталған мәзһәбтерге (жолдарға) кейiнгi дәуiрлерде фиқһ және ақида мәзһәбтерi де қосылған. Саяси мақсаттарға ие топтар өздерiнiң жақтаушыларын көбейту үшiн фиқһ және ақида салаларында да жаңа пiкiрлер бiлдiрiп, белгiлi топтарды өздерiне қаратқан. Мәзһәбтер негізінен дiннiң өзегi болып табылатын маңызды мәселелер бойынша емес, діннің төңірегіндегі, яғни екiншi дәрежедегi мәселер бойынша қалыптасқан. Яғни, Аллаһтың барлығы, бiрлiгi, пайғамбарларға иман, ахирет күнiне иман, жиһад, намаз, ораза, зекет, қажылық қатарлы ғибадаттардың фарыз болуы сияқты көптеген басты мәселелер бойынша дау-дамай жоқ. Кейбiр ғұламалар дiннiң шарттарының орындалуы және аяттар мен хадистердегi үкiмдердi түсiндiруде өзiнiң қолындағы дәлелдерге сүйене отырып пiкiр бiлдiрген, фәтуа жасаған. Мәзһәб имамдары мен ғалымдардың қорытындыларын ең ақырғы және мәңгілік өзгермейтін қағидаларға айналдыру Құранның рухына сәйкес келмейді. Бұған кейбір мәзһәб имамдарының өзгерген жағдайларға байланысты түрліше қорытынды жасауы және олардың шәкірттерінің басқаша пікір баяндауы дәлел бола алады. Дегенмен, мұсылмандар шынайы ғылымнан және Құранның рухынан алшақтаған тұстарда, бидғатшыл суфизм тариқаттары кең таралған дәуірлерде, мәзһәбтердің қорытындылары құдды Құран аяты сияқты өзгермейтін кертартпа көзқарас пайда болған. Бұны «мәзһәб тағассұбы» дейді.
Саяси айырмашылықтардың пайда болуының басты себебi – ислам дiнiнiң рушылдық пен нәсiлшiлдiктi шектегенiне қарамастан, саяси билiктен дәмелi кейбiр топтардың рушылдыққа, ұлтшылдыққа, қиқарлыққа уә қиянаттыққа баруы. Ислам дiнi 634-750 жылдары аралығындағы қысқа мерзiмде батыстағы Испаниядан шығыстағы Қытайға дейiнгi ұлан-ғайыр аймақта таралған. Аталған мерзiмде мұсылман билiгiне қосылған елдердiң тұрғындарынан көптеген адамдар исламды қабылдаған. Бұлардың iшiнде исламды iштен бүлу яки өзiнiң лауазымын, дәулетiн сақтап қалу мақсатымен қабылдағандар да кезiгедi. Мiне, көпшiлiгi йаһұди, христиан және мәжусилiктi (отқақұлдық, зороастризм – М.Б.) ұстанған осындай адамдар мұсылмандар арасында өз нанымдары мен аңыздарын таратып, көптеген зиянды ағымдардың пайда болуына себеп болған. Мұндай «бөтен» пыйғылдылардың жасырынуына ең қолайлы орта көбінше «суфи тариқаттары» болған. Өйткені, эзотерикалық суфизм жолы, яғни құпиялар мен сырларға толы тариқат жолы, дінбұзарлардың жасырынуына өте қолайлы еді. Көпшілік суфи тариқаттардың Мекке мен Мединеде емес, Иран және Ауғаныстан өлкелерінде қалыптасуы және Құранда аталмаған жаңалықтардың суфилер тарапынан дінге енгізілуі (мәселен, ашық және жасырын шірк, фәни адамдарға табыну, дүниені талақ ету, пірдің шапағатын медет ету, жартылай тәңір әулиелер пантеоны, ақыл мен ғылымды мансұқтау, дінге аңыз-ертегілерді қосу, исраилиййат т.т. – М.Б.) осы пікірімізді растайды. VIII-IX ғасырларда заһидтік уә мүттақилық формасында басталып, әуелде Құрандағы «зұһд», «тақуа», «ихсан» сияқты ұғымдарға негізделген діни-философиялық ағымдар бара бара «бөтен» элементтерді сіңіре отырып, христиандық, йаһұдилік, отқақұлдық (зороастризм), маздакизм, бұддашылдық және Орталық Азияның көптәңірлі сенімдерінің элементтерін қабылдай отырып, Х-ХІІ ғасырларда өзіндік жүйесі бар суфизмге айналған. Осыған қарап суфизмді ішінде ислами элементтері бар, бірақ болмыс жағынан христиандық пен бұддашылдыққа жақынырақ жеке дін ретінде қарастыру қате болмайтын шығар.
Суфизмнің шарықтауымен ислам әлемінде тоқырау және артта қалу кезеңі басталады. Батыстан лек лек болып келген шармықшылар (крестшілер – М.Б.) мен шығыстан баса көктеп кірген мұңғұлдардың шабуылдарынан соң ислам әлемі VIII-XII ғасырлардағы құдіретінен айырылады, некен-саяқ болмаса, бұрынғы зиялы да прогрессивті ғалымдар енді шықпайтын болады. Бір кезде жарқыраған өркениет орталығы болған мұсылман елдерінде халықты аскетизм мен ішкі тұйықтыққа баулитын, тіпті есіріткі мен жыныси азғындыққа (апиынкештік, бозбала ұстаушылық) салатын суфи тариқаттары кең таралады. Осының салдарынан мұсылман мемлекеттері әлсіреп, бірте-бірте күшейген Батыс патшалықтарының боданына айналады. ХІХ-ғасырдың аяғы мен ХХ-ғасырдың бас шенінде кейбір мұсылман ғалымдары мен ойшылдары мұсылмандардың артта қалу себептері туралы ой жүгірте бастайды, еңбектер жазады. Бұл ағартушылық науқаны отарға айналған мұсылман елдерінде қатты қолдау табады, мұсылмандар қайтадан ғылым-білім жолына түседі, суфизм тариқаттарының көпшілігі жойылады немесе бұрынғы күшінен айырылады. Дінге енгізілген теріс сенімдер, бидғаттар мен хұрафалар анықталады. Көзі ашылған мұсылмандар ұлт-азаттық жиһадтарын жасап, егеменді елдерге айналады. Еуропалықтар құртуға сәл-ақ қалған Түркияны азат ету жолында басшылық жасаған Мұстафа Кемал Ататүрік (1881-1938) 1923 жылы Түркия Республикасын жариялаған соң, алғашқы реформалардың бірі ретінде арнайы заң шығартқызып, 1924 жылы Түркиядағы барлық суфи тариқаттарын жапқызады. Ататүрік бір сөзінде суфи ордендерін жабу себептері туралы олардың халықты надандық пен көр-соқырлыққа апаратын көптеген зиянды жақтарын айта келіп, Түркияның зайырлы унитарлық мемлекет екенін, ал суфи тариқаттарының болса халықты жіктерге, бірі мен бірі қақтығыстағы топтарға бөлетінін айтады. Қазақстандағы бүгінгі діни ахуал да Ататүріктің осы пайымын растағандай. Ал, Ататүріктің біздегі кейбір суфилер жиі ауызға алатын және мұсылмандарды қаралау мақсатымен ғана пайдаланатын «уаһһабилермен» еш қатысы жоқ екені айтпаса да белгілі. Өйткені, ол зайырлы мемлекет орнатқан дана тұлға.
Фиқһ саласында қалыптасқан Ханафи, Шафиғи, Мәлiки және Ханбали мектептерi ең көп таралғандар. Дәстүрлi әдебиеттерде бұлар «әһли сүннет уә-л жамағат», яғни Пайғамбардың сүннетi мен көпшiлiктiң ымырасын басшылыққа алушылар деп аталады. Бұлардың негiзiн қалаған адамдарды «мәзһәб имамы» (жол бастаушы) яки «мүжтәһид» (iжтиһад жасаушы ғалым) дейдi.
Бүгiнгi күнi ислам дiнi жершарының барлық құрлықтарында азды-көптi таралған. Мұсылмандардың саны 2 миллиард адам мөлшерiнде есептелуде. Әсiресе, Батыс халықтарынан исламды қабылдаушылардың саны тұрақты түрде өсуде. ХХ-ғасырда мұсылмандардың саны 7 есе көбейген. Халқының басым көпшiлiгi мұсылмандардан құралатын мемлекеттердiң саны 60 шамасында. Қазақстан халқының да 70 пайызы мұсылмандар. Елiмiз «Ислам конференциясы ұйымының» толық мүшесi.


[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Ислам. «Ақиқат» – Ұлттық қоғамдық-саяси журнал. Алматы, №7, 2003 ж., 79-83 беттер және Ислам. «Қазақстан» Ұлттық Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2002 ж., 321-322 беттер.