вторник, 31 июля 2007 г.

БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ТУРАЛЫ

Мұртаза БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты,



БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ


Қазақстан Республикасының 1995 жылы қабылданған Конституциясының 18-бабының 3-пункті бойынша азаматтар мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерден, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарынан еркін ақпарат алуға құқықты. Осы салаға қатысты басқа да қалыптық-құқықтық актілерде сөз бостандығы және ақпараттану құқықтары туралы айтылған. Азаматтар өздерінің ой-пікірлерін еркін баяндауға да құқықты. Бүгінгі демократиялық қоғамдардың негізгі шарттарының бірі еркін БАҚ-тың болуында. БАҚ-тың еркіндіктерімен қатар мемлекеттің әлеуметтік, саяси және экономикалық өмірін дамытудағы жауапкершіліктері де демократиялық елдерде алдынғы қатардағы маңызды мәселенің бірі болып табылады.
Бізде демократиялық мемлекеттерде «төртінші күш» деп аталатын бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) төңірегіндегі дау басылар емес. Әлемнің ең демократиялы, ең еркін саналатын елдерінің өзінде БАҚ сөз бостандығының жетіспейтіні және журналистердің проблемалары туралы ақпараттарды таратып жатады. Мұның негізінде жалаң кәсіби себептерден гөрі БАҚ-ты билейтін саяси, қаржы және экономикалық күштердің өз мақсаттарын толықтай орындай алмауы тұрса керек. Өйткені, қылмыскерлердің кесірінен тек журналистер ғана емес, көптеген қарапайым азаматтар да жапа шегуде. Ал, олардың қолында газет яки телевидение болмағандықтан, шулатып қоғамдық пікір тудыра алмайды. Сол себепті, БАҚ уәкілдеріне жасалған қылмыстық әрекеттерді, егер саяси астары немесе журналистің кәсіби функциясына қатысы болмаса, әдеттегі қылмыстармен бірдей қараған жөн. Сірә, мемлекет азаматтарын кәсіби ерекшеліктері бойынша емес, азамат болғандықтары үшін қорғайды.
Елімізде сөз бостандығы және БАҚ саласында кейбір өзекті проблемалардың бар екені рас. Бірақ, бұл заңдарымыздың шикілігінен яки еркіндікті шектеуінен емес, көбінесе журналистер уә атқарушы билік уәкілдерінің заң нормалары мен кәсіби ережелерді жөнді орындамауынан, өз құқықтары мен бостандықтарын жете білмеуінен туындауда. АҚШ, Германия (ГФР), Швеция, Швейцария, Түркия және Қазақстан елдерінің «БАҚ», «Бұқараны мәліметтендіру», «Ақпарат еркіндігі», «Баспасөз еркіндігі туралы Акт», «Баспасөз Заңы» сияқты заңдарын салыстырғанда 1999 жылы қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы ҚР Заңының» халықараық талаптарға сәйкес екені аңғарылады. Қайта, аталмыш елдердің заңдарында бізден өзгеше шектеулер мен жазалау шараларының (қаржылай санкциялар мен бас бостандығынан айыру) бар екенін байқауға болады...
Швеция Корольдігінің парламенті «Риксдаг» 1974 жылы қабылдаған «Баспасөз еркіндігі туралы Актінің» көптеген баптарында «қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатымен қабылданған заңдарға қайшы» ақпараттарды таратуға тыйым салынған. Аталмыш заң рухани мәдениет мүдделеріне қайшы және жеке тұлғалардың құқықтарын бұзатын ақпараттарды таратуға да тыйым салады. Бұл елде алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерін жарнамалауға шек қойылғаны сондықтан. Осы заңның 2-тарауы бойынша ресми құжаттарды пайдалануға мына себептер бойынша тыйым салынады:
1) Мемлекеттің қауіпсіздігін яки оның басқа мемлекетпен немесе халықаралық ұйыммен қарым-қатынастарының қауіпсіздігін сақтау.
2) Мемлекеттің орталықтандырылған қаржы, ақша немесе басқа валюталық саясатын қорғау.
3) Жалпы экономикалық мүдделерлі сақтау т.т.
11.09.2001 жылғы террор шабуылдарынан кейін АҚШ әкімшілігі бұқаралық ақпарат құралдарының көптеген мәліметтерді жариялауына тыйым салған еді. Осының барлығы да мемлекет пен қоғамның мүддесін қорғау және тергеу, іздестіру жұмыстарына нұқсан тидірмеу үшін жасалған заңды шаралар болып табылған. Ал, өз кезегінде бұл елдің БАҚ-тары халықты үрейлендіретін, мемлекетке деген сенімін шайқалтатын хабарларды таратудан, суреттерді көрсетуден бас тартқан-ды.
Соңғы кездері БАҚ-тың іс-әрекеттеріне байланысты барлық проблемаларды заң жүзінде атқарушы биліктің құзыретінен алып, арнайы қоғамдық ұйымға беру туралы ұсыныстар айтылуда. Бұл әлемдік озық тәжірибеде кездеспейтін және еліміздің ішкі тұрақтылығына нұқсан тигізуі мүмкін жаңалық. Атқарушы биліктің міндеті қабылданған заңдар шеңберінде мемлекет жұмыстарын орындау, заңды және жеке тұлғалардың арақатынасын реттеу, тиісті инфрақұрылымды дайындау болып табылады. БАҚ-ты атқарушы биліктің қарамағынан шығарып, «қоғамдық» ұйымға бағындыру практикада мүмкін емес. Ал, Қазақстан сияқты күрделі трансформациялық процестер қарқынды жүріп жатқан алуан этникалық топтар уә мәдениеттерді, тілдер уә діндерді қамтитын, әлемдік деңгейдегі қақтығыс аймақтарының кіндігінде орналасқан мемлекетте бұл қадамның қауіпті нәтижелер беруі әбден мүмкін. Осындай ахуалда БАҚ-тың қоғамдық пікірге әсерін ескеруге міндеттіміз.
Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарының басын біріктіретін, дәлірек айтқанда журналистерді бір рухани билікке бағындыратын қоғамдық ұйымның құрылуы пікірін қолдаймыз. Мұндай ұйымды құру журналистердің өз міндеті. Сот және прокуратура органдарымен қатар «омбудсман» институты азаматтардың құқықтарын қорғау және даулы мәселелерге шешім табу жағынан көптеген елдерде табысты жұмыстарды атқарып келеді. Сол сияқты, БАҚ-тың тиісті заңдар мен құқық актілері тарапынан белгіленген қағидалар бойынша істеуін бақылайтын, оның қоғам алдындағы абыройы мен сенімділігін арттыратын, журналистика кәсібінің беделін көтеретін бір ұйымның болғаны жөн. Журналистика саласында абыройлы есімге ие болған тұлғалардың ерікті бастамасымен «БАҚ Биік Кеңесін» ұйымдастыруға болады. Бұл БАҚ қызметкерлерінің журналистика этикасы ережелері шеңберінде «өзін-өзі бақылауы» (автоконтроль) үшін жасалатын нақты қадам болмақ.
«БАҚ Биік Кеңесі» қоғамдық ұйым ретінде іс жүзінде журналистикамен айналысып жүрген журналистер мен осы саланың ғалымдары тарапынан құрылуы мүмкін. «БАҚ Биік Кеңесінің» құрылтайшылар келісімшарты яки жарғысы бастамашы топ тарапынан сала қызметкерлері уә ғалымдардың талқысына ұсынылады. Қатысушылардың санының мүмкіндігінше көп болғаны және барлық БАҚ ұйымдарын қамтығаны абзал. Аталмыш Кеңеске БАҚ қожайындарының қатысып-қатыспайтыны мәселесі талқыланып, тиісті қарар қабылдануы керек. Бұл құрылымның «қоғамдық бірлестік» яки «қоғамдық қор» түрінде болуы мәселесі де ойластырылуы керек. Түркиядағы тәжірибе бойынша бұл Кеңес заңды тұлға ретінде құрылмаған. Өйткені, заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін, сонымен қатар жұмыс саласын «саяси билік» белгілейді. Ал, журналистер толықтай тәуелсіз болуды қалайтындықтан «Азаматтық Кодексте» көрсетілген «келісімшарт» бойынша жұмыс істегенді жөн деп тапқан.
«БАҚ Биік Кеңесі» журналистиканың ұзақ жылдар бойы қалыптасқан кәсіби қағидалары уә ережелерін жазбаша түрде анықтап, журналистердің назарына ұсынады. Журналистер өз кезегінде осы беделді де бейтарап ұйымның ережелерін басшылыққа алып, орындауға міндеттенеді. «БАҚ туралы Заң» және өзге де қалыптық-құқықтық актілермен бекітілген қағидаларды заңның императивті күшімен орындауға онсыз да міндетті болған журналистер үшін «БАҚ Биік Кеңесінің» ережелері кәсіби тұрғыдан алғанда моральдық және этикалық характерге ие болады. Бұл кез келген журналистің журналистика саласындағы абыройы мен атағына әсер етеді.
«БАҚ Биік Кеңесі» бұқаралық ақпарат құралдары немесе қызметкерлерінің (журналистердің) шығармалары мен аудио-видео өнімдерін кәсіби ережелер тұрғысынан талдап, нәтижелерін жұртшылыққа білдіреді. Мемлекеттің билік органдары мен соттардың БАҚ жөніндегі іс-әрекеттері уә шешімдері және «БАҚ Биік Кеңесінің» шешімдері екі жақтан осы маңызды саланың функцияларын реттейді һәм проблемаларын шешеді. Бұл, әрине жеткілікті емес. Журналистердің білім деңгейі, жалақы мөлшері және еңбек шарттары сияқты көптеген мәселелер де қатарынан шешімін таппайынша БАҚ саласында қой үстінде боз торғай жұмыртқалайтын уақыттың келмейтіні анық. Ал, журналистердің саналы түрде бас қосып, баспасөздің тек еркіндігі үшін ғана емес, сонымен қатар мемлекет және қоғам мүддесіне жұмыс істеуі үшін белсенділікпен бас біріктіруі өз кезегінде маңызды шара болмақ. «БАҚ Биік Кеңесіне» мүше болу міндетті емес. Журналистер мен БАҚ және кәсіподақтар мен қоғамдар бұл ұйымға өз еріктерімен мүше бола алады.
«БАҚ Биік Кеңесі» журналистерді жазалай алмайды, ондай санкция билігі жоқ. Бұл ұйым БАҚ немесе журналистер туралы келіп түскен шағымдар мен арыздарды тексеріп, оларды «негізді» яки «негізсіз» деп табады. Негізді деп табылған жағдайда тиісті БАҚ органына немесе журналистке «ескерту» яки «сөгіс» жариялайды. «БАҚ Биік Кеңесінің» шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында көпшіліктің назарына ұсынылады. Азаматтар Кеңеспен қатар сотқа да шағымдана алады. Кеңеске түскен арызда аты аталған бұқаралық ақпарат құралының уәкілі яки журналист өзі туралы шешімге дауыс бере алмайды. «БАҚ Биік Кеңесі» 1992 жылы негізі қаланған «Дүниежүзілік БАҚ Кеңестері Одағының» мүшесі бола алады. Бұл Кеңестің халықаралық деңгейде тәжірибе алмастыруына және журналистердің әлемдік деңгейге көтерілуіне көмектеседі.

БАҚ-тың кәсіби қағидалары

БАҚ-тың кәсіби қағидалары жөнінде жоба ретінде мынандай қағидаларды ұсынуға болады (Түркия тәжірибесі бойынша):
«Ақпарат еркіндігін елімізде өмір сүріп жатқан адамдардың жариялылыққа негізделген мемлекеттік басқару жүйесіне қол жеткізуінің және демократиялық түзімнің басты қажеттілігі санайтын журналистер ретінде халықтың ақиқатты білу құқығын басшылыққа ала отырып, журналистиканың негізгі міндеті – шындықтарды ешқандай бұрмалаусыз, қоспасыз қоғамға білдіру парызы екенін ескере отырып, төмендегі «Баспасөздің кәсіби қағидаларын» мүлтіксіз орындайтынымызды бұқара жұртшылыққа білдіреміз:
1. БАҚ-та Қазақстан Республикасының мемлекеттілігіне, ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне нұқсан тигізетін, елімізді халықаралық қоғамдастық алдында ұятқа қалдыратын ақпараттарды таратуға болмайды.
2. БАҚ-та ешкімді нәсілі, ұлты, жынысы, жасы, денсаулығы, денедегі ақаулығы (кемтарлығы), әлеуметтік деңгейі және діни сенімдері бойынша төмендетуге, қорлауға, сөгуге болмайды.
3. Ойлау, ар-ұждан және ойын білдіру еркіндігін шектеуші, жалпы халықтың этикалық құндылықтарын аяқасты етуші, діни сенімдер мен жанұя институтының негіздерін құлатушы ақпараттарды таратуға болмайды.
4. Бұқара жұртшылыққа адал қызмет етуге тиісті журналистер этикалық құндылықтарға қарсы іс істемейді және белгілі бір топтардың мүдделерін орындайтын қолшоқпар болмайды.
5. Заңды яки жеке тұлғаларды сынау шегінен асатын қорлаушы немесе олардың абыройына тіл тигізуші, балағаттаушы, жала жабушы ақпараттарды таратуға болмайды.
6. Адамдардың жеке өмірі тек қоғамның мүддесі тұрғысынан алғанда ғана тақырып бола алады. Бұдан тыс жағдайларда адамдардың жеке өмірі туралы мәлімет таратуға болмайды.
7. Журналистік тексеру шеңберінде шындығына жетуге болатын ақпараттар мен фактілерді растығы анықталмайынша ақпарат ретінде көпшіліктің талқысына ұсынуға болмайды.
8. Оқырмандар мен басқа да жекелеген адамдар құпия қалу (конфиденциалды) мақсатымен тапсырған мәліметтерді бұқараның мүддесіне айтарлықтай дәрежеде зиян тиюі ықтималынан тыс жағдайларда әшкерелеуге болмайды.
9. Бір бұқаралық ақпарат құралының өз еңбегімен тапқан ақпаратын (хабарын, өнімін, шығармасын) сол органның таратылу процесі аяқталмайынша екінші бұқаралық ақпарат құралы өзінің өніміндей қолдана алмайды. Ақпарат агенттіктерінен келіп түскен ақпараттарды пайдаланғанда агенттіктің аты аталуы тиіс.
10. Сот үкімімен «қылмысты», «айыпты» яки «кінәлі» саналмайынша ешкімді қылмысты, айыпты, кінәлі деп жариялауға болмайды.
11. Журналист ақпарат көзін жасырын (аноним) сақтауға құқықты. Бірақ, қоғамдастықтың пікіріне экономикалық, саяси немесе жеке басының мүддесі тұрғысынан қысым жасау мақсатымен таратылған ақпараттардың көзін айтуға міндетті.
12. Журналист өзінің кәсіби міндеттерін журналистиканың абырой-беделіне дақ түсірмейтін әдістермен жүзеге асыруға міндетті.
13. Журналист қатыгездік пен зорлық-зомбылықты уағыздайтын, сонымен қатар адами құндылықтарды рәсуа қылатын ақпараттарды таратпайды.
14. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын жарнамалар да жоғарыда аталған қағидаларға сәйкес болуы керек.
15. БАҚ қате таратылған мәліметтерді түзету міндетін орындайды»

Конституция мен заңдарымызда кепілдік берілген құқықтарды жүзеге асыру және мемлекет пен қоғамның мүдделерін сақтау үшін мына жәйттерді ескерген жөн:
1. Мүмкіндік болса, жоғарыда аталған кәсіби қағидаларды құқықтық актімен (адвокаттық, нотариустық қызметтегіндей) бекіткен дұрыс болар еді. Немістер 1516 жылы «Reinheitsgebot» (сыраның тазалығы туралы) заңды қабылдаған. Біз болсақ, ХХІ-ғасырда баспасөздің құқықтары туралы айта береміз де оның міндеттері мен жауапкершіліктері туралы мардымды іс істемейміз.
2. Заңдарымызда бұқаралық ақпарат құралдарының жауапты редакторы (бас редактор), қызметкерлері уә меншік иесінің жауапкершіліктері толықтай айқындау қажет.
3. Бұқаралық ақпарат құралдары мен қызметкерлерінің еңбек және құқық қатынастарын реттейтін арнайы заңды қабылдаған жөн. Мұндай заң көптеген елдерде қолданылуда. Мәселен, Түркияда 1952 жылы қабылданған «Журналистика кәсібі қызметкерлері мен оларды жұмсаушылар (жұмыс берушілер) арасындағы қатынастарды реттеу туралы Заң» бар. Бұл заң бойынша кімдер журналист бола алады (негізгі талаптар), жалақы және еңбек стажы бойынша оның арту ставкалары, жұмыс көлеміне қосымша жасалған еңбекке (шығармаға, мақалаға т.т.) қосымша ақы төлеу, жұмыс кезінде ауыр науқасқа шалдығу немесе мерт болуға байланысты жұмыс беруші төлеуге міндетті төлемақылар, жалақы уақытында төленбеген жағдайда қолданылатын айыппұл санкциялары, кәсіподақ құқықтары сияқты көптеген мәселелер қарастырылған. Осы заң бойынша егер журналист редакцияның тапсырмасы (келісімі) бойынша жазған мақаласы (теле-радио бағдарламасы) үшін бас бостандығынан айырылса, жұмыс беруші сол мерзім бойынша журналистің жалақысын төлеуге міндетті.
4. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілінің қолданылу дәрежесін тағы да талқылау керек. Заңда көрсетілген 50 пайызды бүгінгі күні телеарналар мен радиолар орындайтын сияқты. Бірақ, қазақ тілі түнгі тілге айналды. Бір кезде «әже тіліне» айналған қазақ тілін енді «үкінің тіліне» айналдырғысы келетіндей. Сол себепті, аталмыш заңға өзгеріс енгізіп, қазақша бағдарламаларды халық көретін уақытқа қойғызуымыз керек.
5. Журналистерге қойылатын талаптарды (арнайы жоғары білім, құқықтық сауаттылық, белгілі қылмыстар бойынша сотталмағандық, тіл т.т.) күшейту керек. Журналистікке қабылданған азаматтардың «ант» бергені жөн.
6. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының еліміздегі іс-әрекеттері мен басылымдарын, теле-радио хабарларын заң талаптарына сәйкестік тұрғысынан тексеру керек. Кейбір елдердің заңдарында жауапты редактор яки құрылтайшы болу үшін сол елдің азаматы болу шарты келтірілген. Шетелдік БАҚ Сыртық істер министрлігі және Ішкі істер министрлігінен арнайы рұқсат алуы мәселесі айқындалуға тиісті.
7. Интернет, Х-25, Х-45, э-почта сияқты электрондық ортаны пайдалану арқылы таратылатын ақпараттар мен мәліметтердің заңдағы мәртебесін (статус) белгілеген жөн. Әсіресе, осындай қызметті берушілер (сервис провайдер) уә пайдаланушылардың құқықтық жауапкершілігі нақтылануға тиісті. Мұндай заң Батыс елдерінде (мәселен, Германиядағы мультимедия туралы заң) мемлекет (э-мемлекет, e-state) және мемлекеттік емес құрылымдардың ресми құжаттарына қойылатын талаптарды белгілейді.
8. Мемлекет органдарының бұқаралық ақпарат құралдарымен қатынастары, атап айтқанда журналистердің ресми жыйындарға қатысуы (аккредитациялау) және мемлекет органдарынан мәлімет алуы тағы да нақтылануы керек. Швейцария мемлекетінің парламенті 1994 жылы қабылдаған «Жұртшылықты мәліметтендіру туралы Заңында» бұл мәселе егжей-тегжейлі шешілген.
9. Мемлекетіміздің унитарлық сипатына, ұлттық егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке, қоғамдық мүддеге, денсаулық пен моральдық құндылықтарға қарсы басылымдардың елімізде шығарылуы немесе шетелдерден елімізге кіргізілуі мәселесі БАҚ туралы заң актілерінде қарастырылуы және Үкіметтің қажетті шараларды қолдануы нақтылануы тиіс.