среда, 22 августа 2007 г.

БАРАҚ БАТЫР

Беженхан Қыдырбайұлы (1949-2006)
Журналист, әдебиеттанушы


ЕЛ ҚОРҒАНЫ – БАРАҚ БИ (1650-1740)
[1]

Арысы Орта Жүз, берісі Абақ-Керей кешкен кешулер тарихында Керейдің он екі атасының бірі Жәнтекейдің немересі «Шүйіншалы Барақ» ел ішінде «Барақ би», «Барақ батыр» деген атпен аталды.
«Қазақ батырларының деректемесі» (1-бөлім) деген кітапта: «Барақ есімді адамдардың сарғыш тартқан жылнамалар парағына із тастағандардың қазірге дейін анықталған саны оннан астам. Сондықтан да болар, олардың есімдерін бір-бірімен шатастыру, іс-іздерін бірінікін біріне ауыстырып таңу, телу жиі ұшырап отырады. Байыптап зерделеп қарамаса, оңай шатасады», - деп жазады.
Шәміс Құмарұлы тарихи деректерді тереңдей зерттеу арқылы жазған тарихи романы «Ер Жәнібек»-тің өн бойында Шүйіншалы Барақ батырдың өзі тіке қатысқан уақиғалары жөнінде 13 рет тілге алып, көлемді-көлемді орын беріп, әңгіменің арқауы ретінде баяндаған.
Барақ батыр атамыздың туған жылы жөнінен анық дерек жоқ, «Ер Жәнібек» романының 62-бетінде: «Керей Шүйіншалы Барақ батыр 1740-жылдарда Арқалық тауында қаза болған» деген ескерту бар. Ал «Ордағы уақиға» деген тарауында баяндалған әңгімеде «тоқсандағы Барақ қария»... «ғасырлар бойы қайда барса да қанды қырғыннан көз ашпаған момын көшпенді ауылдың қариялары «бұл жер түбінде бізге мекен болмайды» деп, өздерінің батыр қариясы Барақты жерлеген соң, 1740-жылы шығысқа ауып, Нұра, Есіл өзендерінің бойына келеді», - деп жазады. Бұл екі жердегі айтылуда қайтыс болған жері ұқсамайды, бірі «Арқалық тауы», бірі «Қара ағашты Ор өзенінің бойы». Қазіргі көзі тірі ақсақалымыз Іркітбайдың айтуынша Барақ Ор өзенінің бойында қайтыс болған. Осыларға негізделгенде Барақ батыр бабамыз 1650-жылдарда туылған, бұл тұста Орта Жүздің Сыр бойынан қозғалмаған кезі, сондықтан Сырдария бойында туылған деп межелейміз.
Барақ өз заманында Жәнтекейдің қара шаңырағында отырып, «жүйелі сөзбен дауды алған, ақылымен жауды алған» шешен әрі батыр адам, өзінен бұрынғы ел қорғаған батырлармен тізе қоса отырып, бүкіл Абақ-Керейдің тіпті Орта Жүздің келелі істерін шешкен, елдің елдігін қорғаған, өзінен кейінгі ел ұранына айналған Шақабай, Жәнібек (1714-1792) қатарлы батырларды баулып, тәрбиелеген әйгілі ел иесі болған кісі.
Барақ батыр қайтыс болғаннан кейін, аты әйгілі Қазыбек би Жәнібекке айтқан бір әңгімесінде: «Қазіргі батырлардан бұрын анау Қонтайжының қазаққа шапқан тұсында, Керей мен Уақ жау өтінде болған соң қаны да көп төгілді. Батырлары да көп шықты. Анау Ер Көкше, Ер Қосай, Сартоқай, Жанат, Сәменбеттер сол бір дәуірдің қылышынан қан тамған ел қорғаған ерлері ғой. Солардың ең соңғысы болып Керейден Барақ пен Жабай қалып еді. Олар да бұл дүниеден өтті», - деп, толғауынан сол тұстағы билердің Бараққа берген бағасы анық шығып тұрғанын анық көреміз.
Ол заманның батырлары ақыл-қайраттың күшімен, ақ найзаның ұшымен елді жұттан, жаудан қорғаумен шығады. Ел басына күн туған шақтарда Барақ батыр ағасы Сәменбетпен тізе қоса отырып, өмір бойы күресіп өткен. Ел істерін Сәменбет батыр, Барақ би ретінде қолға алып шешім жасап отырған. Нақтырақ айтқанда, Жәнібек, Шақабайлардан бұрын бүкіл Абақ-Керей елінің, тіпті кейде Орта Жүздің тағдырын белгілейтін келелі істер Сәменбет батыр мен Барақ би екеуінің алдында бітіп отырған. «1730-жылдарда Керей-Уақ Сырдың бойын мекендеп, Арғындармен қанаттас отырған екен», - деп жазады «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар – Ер Жәнібек» деген кітапта. Тойдағы ат бәйгесінің дауы асқынып, соңы ұрысқа айналып, Арғын жақтан Ақмырза деген кісі сойылдан өледі. Керей құнға жығылады, 30 үй тігіп, 200 жылқы беріп ердің құнын төлейді. Бірақ құныкер жақ кетерінде түселге тігілген үйлердің сағанағын қиып, шаңырағын ортасына түсіріп аттанады. «Бұл құн дауы әлі біткен жоқ, тағы құн аламыз» дегенді білдіреді екен. Бұған Керейдің атқа мінер ақсақалдары ренжіп, қысқа қарсы Торғай, Ор өзендері жаққа көшіп, бұрын көшіп кеткен Ашамайлыға, бір бөлімі Керейдің Жәдік руына қарай ауа көшпек болады...
Керей елі Сырдарияны сағалап, Арал арқылы Торғай, Ор өзендерін бетке алып ауа көшеді... Бұл кезде Абылай Орта Жүздің сұлтаны еді. Ел іргесінің сөгіліп, ынтымақтың кетуі жауға пайдалы деп ойлаған Абылай сұлтан Керей елін тоқтатып, қайта Сыр бойына әкелуге Бұқар жырау мен Өтеген батырды аттандырады... Бұл кезде Жәнібек атқа мінгенімен ел басы Шүйіншалы баласы Барақ екен, Бұқар жырау Өтегенді ертіп Барақ қарияның ауылына келіп түседі. Абылай сұлтанның сәлемін көтеріп келгенге булы болса керек, сөзін көбінде күш көрсете сөйлейді. Бұқардың өрлігі Барақтың іштей шамына тиеді. Сөздің басын Өтеген ашады:
«Батыр, өзіңізге сәлем бергелі келдік, Керейдің ғана емес, ошарылған Орта Жүздің басы едіңіз, Абылай сұлтанның сәлемін әкелдік. Қара басты адам беріп адам алып отырған сүйек тамырларыңыз - Арғындар араздыққа қиғанымен, айырылысуға қимайды екен. Ініңіз Бұқар келіп отыр», - дейді. Сонда Барақ қария былай дейді:
«Е, Өтеген, Арғынның тізесі батты деп көшкен Керей емес. Халықтың қорланғаны қасиетінің кеткені, ердің қорланғаны еңбегінің өшкені, үзілгенді жалғайтын, ақ-қараны айыратын, араға түсер ағайынға өкпеліміз, сұлтанымыз Абылайға айтыңыз, Керей ұрыстың өтіне кетті...»
Бұл елдің оңайшылыққа тоқтамайтынын байқаған Бұқар жырау көкірегіндегі ызғарын жырмен шығарғысы келіп, екпінді зор дауыспен жырлай жөнеледі:
Керей қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп.
Артыңнан қуып мен жеттім,
Тұлпарымды жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Қар-жаңбырдай себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төпелеп.
Уа, сен танымай кетіп барамысың?
Мен Арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын,
Сен бұзау терісі шөншіксің,
Мен өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең,
Құдандалы таныспын.
Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын.
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір қаққа.
Көш соңынан жете алмай,
Есің шығар сол шақта.
Бұл барғаннан барарсың,
Жар басына қонарсың.
Жарты лашық тігерсің,
Аузыңнан ас кетер.
Қара көзден жас кетер,
Бұл қылығыңды қоймасаң,
Сонау кеудедегі дулығалы бас кетер!
Бұқардың жон көрсетіп, айбар шеккеніне Барақ та, Керейдің басқа атқа мінерлері де ыға қоймайды, Барақ батыр: «Дулығалы бас, кіреукелі дене ежелден ақберен мен зұлфықардың жүзіне тігулі келеді ғой. Құдайдың басқа салғанын көрерміз», - дейді. Бұқар жырау мен Өтеген батыр мұның ең соңғы жауап екенін ұғынып, дау-дамайсыз аттанып қайтып кетеді.
Осы баяндаудан тарихтың нақты айғағы болған Абақ-Керей елінің бір ұлы бұрлысындағы Барақ батырдың Керейдегі орны мен рөлы анық көрініп тұр.
Барақ батыр өзінен кейін шыққан, Жәнтекей руының ұраны болған жоңғарға қарсы соғыстағы елеулі батыр Шақабайды және Керей ер Жәнібек Бердәулетұлын жебеп баулып, жетелдіріп, орнын тіктеп, айбынын асырып, есімдерін елге де, жауға да әйгілеп елдің елдігін қорғаған еңбектерінің де көптеген деректері бар. Сол деректерден бір-екеуін алайық: Сәменбеттің немересі Шақабай Есентайұлы (1688-1778) жоңғар соғысында елеулі батыр болған кісі, оның қасиетті есімі Жәнтекей руының ұраны болған, оның ұран болуы мынадай уақиғадан басталады.
1722-жылы қыс, Сыр бойына қар қалың жауып, жазғытұрым оның үстіне жаңбыр жауып, елге ауыр апат әкеледі, ауыл айналасы, мұқым мал өрісі, қақпан, сырғанақ мұз болып қалады, мал ақсүйек болып қырылады. Сыр бойындағы елге (Абақ ауылы да сонда) үлкен жұт жүреді. Жазғытұрым жұтпен қабаттасып, жер қайысқан қалың қолмен елге жоңғар шапқыншылыры сұрапыл тиісті. Керей ауылдарының жұтта да, жауда да ақыл салар басшысы да жасы үлкен беделді, тілді, ауызды іскері де Барақ батыр еді. Жәнтекей ауылдарына жау беттеп келе жатқанда Барақ батыр ауылдардың кигіз үйінің сыртқы қаңқасын қалдырып, үш жүзге жуық сайланған азаматтарды алып қалып, бала-шағамен кәрілерді бастаушыларға ертіп, түгел қамыс арасына жасырынуға жіберген. Барақ қария: «Жау ауылға лап қойғанда мен ұран саламын, сонда түгел садақ тартып жаудың бетін қайтарасыңдар», - деп ескерткен. Жау таяп келгенде: «Шақабай! Шақабай!» – деген Барақтың дауысы шығысымен қамыс арасындағы қазақ қолы тегіс шақабайлап ұрандап жауға қарсы атой салады. Ең алдымен жауға ақ көк атты Шақабай араласты. Жау көп қарсылық көрсете алмай, еріксіз шегіне қашты. Қазақ қолы қуа соғысып жауды құмның екі-үш қабат ішіне қуып салды. Шақабай бұдан бұрын жауға қарсы жекпе-жекке дара шығып көрмеген-ді. Сөйтіп, тұңғыш рет Шақабайдың есімі жау құлағында үрейлі ұран болып орнап қалған. Содан бастап Барақ бастаған ел басы батырлар: «Жаудың құлағында Шақабайдың аты қалды. Бұдан былай исі Жәнтекей баласы жауға Шақабайлап шапқанымыз жақсы» - деп түйіп, содан бастап сол Ақтабан-Шұбырындыда қаза болған Сәменбеттің аты жауға шабарда ұран болудан қалып, Жәнтекей ұрпағы Шақабайлап ұран салатын болған екен.
Бұл деректен 1722-жылы басталған «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» дейтін сұрқай заманда, жетпістен асқан батыр Барақ қарияның өзінің немерелес інісі 32 жасқа келген, артынан ерген жас батырдың орнын елге де жауға да әйгілеп, атын ұранға айналдырып баулып жетілдіргенін байқаймыз, сол жорықтан кейін де Шақабай елеулі батыр болып өмірінің соңына дейін елін қорғаумен өтті.
Енді бірі, Барақ батырдың жасы 80-ге таяған мөлшерде 15 жасқа келген Жәнібек нағашысында 5 жыл жүріп қайтып келеді. Оның нағашысы Үйсін Досымбек батыр еді. Жасы 15-ке келгенімен, бұл тұста Жәнібек нағашысынан 3 жыл ұдайы найзагерлікті үйреніп, енді қазақ қолына қосылып ата-жауынан ата-бабасының, әсіресе әкесі Бердәулеттің қанды кегін алуды армандап жүрген кезі еді. «Алыстан алты жастағы бала жолаушы келсе, алпыстағы шал келіп амандасады» деген аталы сөз бар. «Жәнібек балам алыстан келіп аман-есен оралып, тегіс көзайым болып қуанып жатыр екенсіңдер, қуаныштарыңа ортақпын» деп келіп, төрден орын алған Барақ батыр әңгіме арасында Жәнібекті шақыртып алып: «Нағашы атаң Досымбек жаугер батыр, даугер шешен деп еді. Екі көзінің бірісің ғой, саған не мұра қалдырды?» - деп, Жәнібекті әңгімеге тартты.
«Нағашымнан үш енші әкелдім. Бірінші, езуінен жырып ақыл берді. Екінші, үш жыл жалықпай найзагерлік үйретті. Үшінші, қуса жетіп, қашса құтылатын ат мінгізді», - деп жауап қайырды. Сөзді жүйелеп, орнықты сөйлеген Жәнібекке көңілі толған Барақ батыр:
«Енді қылышкерлікті Шақабайдан үйрен, Шақабайдың қылышында кие бар. Тынысың кең екен, оның өнері де киесі де саған жұғар», - деп ықыласты тәлім береді. Барақ қария осы ойлар мен көлденең тартқан ақсарбасқа бата жасап, Жәнібекке былай деп ықылас береді:
Арғы атаң Алтының айбатын берсін,
Ұлы әкең Сарының қайратын берсін.
Бабаң Жәнтекейдің ырысын берсін,
Ақбөкендей малыңа қасқыр шапса жетпесін!
Алты қабат көбеңнен жаудың оғы өтпесін!
Қыдыр дарып, қонған құт тепкілісе кетпесін!
Аллаһу акбар!
Осы бас қосу үстінде «Төрдің ең басында арысы Керейдің, берісі Жәнтекейдің ақсақалдарынан бірнешеуі... Ең ортасында Барақ, оның оң жағында Есентай, сол жағында Құлманбет отырған. Бұл күндегі Керей ішіндегі Жәнтекейдің жасы үлкендері осылар болатын».
Барақ батырдың жас күніндегі батырлық іс іздерінен дерек беретін материалдарды қазірше кезіктіре алмадық. Қартайған тұстағы елге ұйытқы, батырларға тәрбиеші болған істерінен Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек » романын оқысаңыз тамаша әңгімелер айтылады.
1722-жылы басталған қыс жұт, жазы жау болып ел басына қиын күндер туғанда сол тұстағы Абақ-Керейдің батырлары Барақ ордасына жиналып, ақыл алып аттанады. Елді жаудан жұттан құтқару үшін қоныс аударуда елге Барақ батыр бағдар сілтеп отырған. Арғын құн төлеу уақиғасы тұсында Арғынның жауласуынан тайсап, Сырдан Орға көшу жөнінде ел басшылыры мен батырларынан 100-ге тарта адам Барақ ордасына жиналып Барақ қарияға ақыл салып, Барақ батырдың шешімі елге бекім болған, Ордағы орыс бекінісіндегі орыс әскерлерінің қырғыншылығына ұшыраған Шүйіншалы ауылдары 60 азаматынан айырылып, азаматтардың кегін алу үшін Барақ қарияның ұйымдастыруымен 500 жасақ пен Ордағы орыс бекінісін талқандап, 1000 қаралы әскерін жеңіп, 300 адамы әрең қашып құтылған зор жеңістерді қолға келтірген.
Өз тұсында Барақ ордасы аруақты үлкен шаңырақ ретінде, жау-жорыққа аттанатын батырлар, қолбасылар келіп дәм татып, бата алып, ақыл сұрап аттанатын киелі орда болған.
[1] Беженхан Қыдырбайұлы, Абақ-Керей Тайлақ шежіресі, 2006 ж., Буыршын қаласы, ҚХР, 25-34 беттер.