среда, 22 августа 2007 г.

БАРЛЫБАЙ БАТЫР

Беженхан Қыдырбайұлы (1949-2006)
Журналист, әдебиеттанушы


БАРЛЫБАЙ БАТЫР (1736-1828)
[1]


Барлыбай Тайлақұлы (1736-1828) Керей ішіндегі Жәнтекейдің Шүйіншалы руынан. Оның ұлы атасы – Барақ батыр (1650-1740) Шүйіншалының кенжесі, Керей елінің Жәнібек Бердәулетұлынан (1714-1792) бұрынғы әйгілі билерінің бірі. Жәнтекейдің ұраны болған Сәменбет батырмен бірге өмір сүріп, Абақ-Керей елінің келелі істерін басқарған әйгілі би болған. Барақтан Ханкелді, Тайлақ деген екі ұл туып, олардың ұрпақтары кейін Шүйіншалы ішіндегі екі табы болып өсіп-өнген. Барлыбай Тайлақтың төртінші ұлы.
Абақ-Керей елінің таяу заманғы тарихында Барлыбай есімі «Барлыбай би», «Барлыбай батыр» - деген атпен әйгілі болған, осылай атап шежіре шертетін тарихи кітаптар бірталай. «Халықаралық Алтай ілімін зерттеу материалы», «Абақ-Керей» атты кітапта: «18-ғасырдың соңы мен 19-ғасырдың 30-жылдарына дейін Абақ-Керейде Жәнтекей руынан Барлыбай, Молқы руынан Сәмек, Шерушіден Шобаш, Қарақастан Байқан, Молқы Жанторы (Ештаған), Жәнтекей Тауасар, Жәдіктен Шегетай, Маман қатарлы билер ел ісіне араласқан» - деп көрсетіледі.
Аңыз деректерге негізделгенде, Барлыбай 1736-жылдар төңірегінде туған деп межелеуге болады. Сонан бергі 20 неше жыл қазақ халқының жоңғар шапқыншылығынан қуғын-сүргін көріп, Сыр бойынан шығысқа қарай көшіп, қазақ даласында босып жүрген тұсына тура келеді. Ол 18-ғасырдың алғашқы жартысына дейін 90 жастан аса ғұмыр кешкен, Жәнібек батыр жасағында жорық соғыстарда шоқтығы биік батыр, ел басқаруға араласқан би, Абақ-Керей елін ежелгі мекені Алтайға көшіріп келіп қоныстандыруға басшылық еткен көш басшы, Көгедай төрені Абақ еліне әкелуге және оны Пекинге ертіп апарып, Қытай патшасымен кезіктіріп, Абақ елінің Қытай патшалығына қарастылығын тұрақтандыруға есе қосқан әйгілі отаншыл, Алтай бетінен тұңғыш тоған қаздырып, егін шарушылығын жолға қойған ел басшы.
Аңыз деректерге және тарихи уақиғаларды тып-тиянақтап зерттей отырып жазылған Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романының әңгімелеріне қарағанда, 1700-жылдардың алғашқа жартысында, Жәнтекей елі онша өспеген тұста, Жәнтекейдің Сүйінбай, Сүйіндік, Шүйіншалы (Қуандық) ауылдары жұтта, жауда, үркін-босқында тобын жазбай бірге жүргені анық. Осы жүйеден, Жәнібек батырдан жиырма шақты жас кіші болса да, артынан еріп, тәлімін алып, жолын ұстаған аталас інісі Барлыбай ер Жәнібекпен бірге «бір мезет Сыр бойында, онан соң Ор-Ырғыз өзендері аңғарында, Едірей, Арқалық тауларында, Нұра өзені бойында, кейін Көксала-Бақанас қатарлы жерлерде» бақыр қазан дәмін бірге татып, жорық соғыста тізе қоса жүріп, жаулармен шайқасып өткен. Оның мекен еткен жерлері жөнінен «Ер Жәнібек» романының «сөз соңында» деген бөлімінде: «Шығармада шамамның жеткенінше тарихи адамдардың және тарихи жерлердің атының дұрыс болуына күш салдым», - дей отырып, «ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы туылған Жидебай Бердәулеттің інісі Кірдәулеттің баласы өгіз балуан Жидебайдың атындағы жер болса, оның маңындағы Барлыбай Керейдің Жәнтекей руының әйгілі батыры – Барақтың немересі кейін Керейге би болған Барлыбайдың аты екенін, Архат тауы Бектасұлы Архат батырдың Қарауыл шоқысы екенін қариялар әлі күнге дейін аңыз етеді» деп жазады.
Барлыбайдың ер Жәнібекпен жорықтарда, соғыстарда тізе қосып шайқасқаны жөніндегі сөзіміз дәлірек болу үшін, романнан үзінді алайық: «Керей-Уақ Сыр бойынан ауғанда, Найман ішінде қалып қойған оншақты ауыл Керейге жылжып келіп, Тоқырау өзенінің бойына аялдағанын естіп, Қалба өңіріне көшіріп алу үшін аттанған сапарында, Жәнібектің қасындағы он шақты атқосшысының бірі – құлагер атты Барлыбай болатын». Аттары қалғып келе жатқанда, иен жазық сары далада қара құйрық қуған бір арлан қасқыр кездеседі, Жәнекең: «Олжа осындай оралса игі еді. Әй, Барлыбай ұмтыл, атың тың екен», - дегенде ұмтылған Барлыбай қара құйрықтың ақбас текесін басып жатқан көк бөрінің үстінен түседі. Текені тастай қашқан бөрі аздан соң қайта келіп, Барлыбайға қарай атылады. Қапелімде қаһарына мінген батыр бала жігіт, садақпен кезеп тұрып, дәлдеп атып түсіреді. Бір белегір асқан арлан қысырдың тайындай болып, тұмсығы жер тіреп құлаған екен. Қасқыр алып, қара құйрықты олжалаған Жәнекең: «Аллаһ жолымызды оңғарады екен», - деп, ықылас білдіріпті. Осы сапарда Тауасар Қазыбекұлы да бірге болған-ды.
Жоңғар хандығының билігіне таласқан Амырсананы ойрандап қуып шыққан соң өзіне қауіп төндірер күш қалмады деп мөлшерлеген Даба Шы (кей кітаптарда Дабаци делініп жүр, моңғолдың әскер басы) 1754-жылы 9-айда 30 мың сұрыпталған қолмен қазақтарға қарсы жорық жасады. Аякөз өзенінің Нарын деген жерінде Әбілпейіз сұлтан қолымен Жәнібек қолына келіп тоғысып, жауға қарсы аттанды, Жәнібек жекпе-жекке өзі шықпақшы болып еді. Қасына ерген Шақабай, Машан, Қожаберген, Жантай, Жобалай қатарлы қарт батырлар көнбеді. «Күні бұрын дайындалған Барақ батырдың немересі, енді ғана 18 жасқа келген Барлыбай, Атантайдың немересі Қайдауыл, Сәменбеттің немересі Ақан, Машан батырдың немересі Жанторы Байтайлақ батырдың ұлы Шобаш, қарақас Байқан, ... қатарлы қыршындар сақадай сайланып» жауға шауып, үш күн кескіліскен соғыс салып, Дабашының 30 мың қолын жеңіп шықты. Ізін суытпай қуа соққылап, бірнеше жыл тазалау жорығын жасап, 1757-жылы жоңғар шапқыншыларын бас көтере алмастай етіп түбегейлі жеңіп тынды.
Барлыбай Жәнібек батырдаң ел тағдыры жөніндегі өрелі ойларын жүзеге асыруда өшпес еңбек сіңірді.
18-ғасырдың соңғы жартысында Керей елі Қалбадағы кезінде бір жылы жазы жаңбырсыз, күз сүркей тартып, Есағасы (Байымбет) мен Қатай екеуінің «Қоңыр аң ауып кетті, биыл қыс қатты, қар қалың болады, Керейдің жылқысын отарлатпаса қырылады» деген кеңесін құп көрген Жәнібек батыр «Керей жылқысының алдында аң аулап, құс қуалап, жер шалып жүріп отырыңдар, қарсыласатын жау, ерегесетін дау болса, Барлыбай бас болып сөйлесін», - деп, төрт қосқа бөлінген екі мыңнан аса жылқыны алдарына салып, Керейдің бес батырын аттандырады. Ол бес батыр – Барлыбай, Қуандық (Жәдік), Шобаш (Шеруші), Шаған (Молқы), Байқан (Қарақас), оларға қосшы, бақыршылармен қоса әр қайсысына оннан сайлауыт жігіт қосып аттандырады. Керей жылқы қостары Қаба, Буыршын өзені бойына әкеліп жылқы салғанда, өзен аңғары қалың жыныс орман, қара шірік қалың шөп сонысы басылмаған, аю, бұғы сықылды аңдары қалың тұңкелі, аз ғана бытырай қоныстанған моңғолдар, атқы құрып аң аулайтын жер екен, қалың жылқы келіп аңды үркітіп, атқыларын бұзып кеткеніне наразы болған моңғолдар жылқыны үркітіп–қуып тынышын кетірген соң, Барлыбай Есағасы мен Қатайға ақыл салыпты: «Біз моңғолдармен жауласпай елдесейік. Кепе ханға тарту-таралғы апарып жайылым сұрайық, маңдайға басар екі ат апарайық, тартуға апаратын аттарымыздың сырты сымбатты, қуса жететін, қашса құтылатын саңлақтардың өзі болсын. Екі атты жылқы танитын жасынан жылқы баққан, жақсы мен жаманын айыра білетін Қуандық таңдасын», - депті. Қуандық Керей жылқысын аралап жүріп, Ботақара елінің жылқысынан екі қара кер атты таңдап ұстап, аталған бес батыр бағалы аң терілерін артып, екі сәйгүлікті жетелей, «Құба Там» деп аталған Жағашының ақ шиінде отырған моңғолдың Кепе ханына барыпты. Бір деректе, бұл 1773-жылы шаған мерекесінің қарсаңы екен дейді. Сонда Кепе хан келген қонақтардың осал адамдар еместігін сезіп, оларды қошаметтеп күтіп, жақсы құрмет-сый көрсетіп, бұйымтайларын сұрағанда, Барлыбай: «Төсекте басымыз, төскейде малымыз қосылған моңғол-қазақ кигіз туырлықты ел едік, жеріміздің жазы қуаң, қысы жұтаң болатын бейнесін көріп, Ертіс пен Буыршын өзені бойына, Көксін мен Сауырдың иен жатқан жонына жылқы отарлатып келіп-ек. Сізге қарасты елдің адамдары малымызды қуып, үркітіп жайсыз қабақ танытып отыр, осы жөнін Сізге айтайық деп, амандаса келіп отырмыз. Біздің қазақ «орамал тон болмайды, жол болады» – деп мақалдайды. Сіз топқа мінетін, ханым көшке мінетін екі тай сауға әкелдік»,- деген екен.
Сонда Кепе хан: «Бесеуің бес қолдың саласындай, бір кісінің баласындай екенсіңдер. Екі шартым бар. Ертең біздің шаған мерекеміз. Ат бәйгесін жіберемін, балуан түсіремін, әкелген аттарың озса, балуаның менің балуанымды жықса – осы екі шартымды орындасаңдар, онда айтқандарыңның бәрін орындаймын» – дегенде Барлыбай батыр: «Айтқаның келсін!», - деп, бетін сипап жіберген екен. Сонда: «Әттеген-ай!», - деп қалған Кепе хан сазарып, демін ішіне алып отырып қалыпты.
Шаған күні бәйгеден қос қарагер құйрық тістесіп бірінен соң бірі алдымен келіпті, Қуандық батыр Кепе ханның Шаған балуанын алып ұрыпты. Сонда көпті көрген Кепе хан: «Керей бағың өрлеп тұр екен, айтқандарың болсын», - деп, бес батырға сый-сауға ұсынып отырып, Буыршын өзенінің бойында Долаты деген жерде аршалы оба бар, біз сол жерге жылына бір барып, бас қосып оба тоқимыз, сол қасиетті жерге мал тұяғын тигізбеңдер, басқа жерге малдарыңды апара беріңдер», - депті. Осы жолғы жер-жайылым алып мал отарлату Керей елінің Алтайға қайта келіп қоныс тебуінің бастамасы болып еді...
Керей көші Қалба, Маңырақ, Жайсаң көл атырабына, Сауыр-Сайқанына дейін, Алтайдың күн бетіне көсіле қоныстанған кезде төңірегіндегі торғауыттар, наймандар қарасты хан иесі жоқ қашқын ел деп түртектетіп, жер дауы жесір дауы, сияқты дау-жанжалдар туылғанда Керей билеріне: «Хан нәсілінен шығып ортақ танылып ел иесі болған төрелерің жоқ, төресіз елдің дауы ақпайды, билігі баянды болмайды», деп қыжырта береді. Абақ-Керейдің өз ішіндегі билері де үзеңгі соғыстырып, өз руларына тарта бастағанын, өзінің жасы ұлғайып қалғанын ескерген Жәнібек батыр Керей елінің ырықсыз күйге түспеуін көздеп. 1783-жылы (қоян жылы) шілдеде Көкпектіде Барлыбай бидің ауылында Керей елінің бар игі жақсы ел ағаларын шақырып, хан тұқымынан төре әкелуді ақылдасып кеңес құрады. Осы кеңестің шешімі бойынша, бір жыл жол қамын жасап дайындалып, 1784-жылы (ұлу жылы) Жәнтекейден Тауасар Қазыбекұлы, алыс-жуыққа аты шыққан би әрі батыр Барлыбай, Жәдік руынан Қамысбай, Қияқбай шешендер бастаған әр рудың дегдарларынан және олардың атшы-қосшысы, қазаншысы болып, жалпы елуге тарта кісі Жәнібектен бата алып, мөрін басқан хат алып, мол тарту-таралғымен Көкпектіден Әбілмәнбет ханның баласы - Уақ, Керей төресі Әбілпейіз ордасына барып, елге ес, сыртқа сес көрсетіп, ұлық болатын бір ұрпағын қалап-сұрап келуге аттандырады.
Керей елінің төре сұрап келуі Әбілпейіз уаңға ауыр салмақ болып түсті, Әбілпейіз екі әйел алған адам, үлкен ханымы Айкүміс, одан Ханқожа, Орыс, Пиды, Гада, Ақатай атты бес ұл, кіші ханымы – Тұмар – қырғыз төресінің қызы, одан Көгедай, Сәмен, Жабағы деген үш ұл болған. Әбілпейіз Керей елшілеріне: «Бәйбішеден туған бес баламның бәрінің де үкі тағып қойған жері бар еді, кіші әйелім Тұмар ханымнан туған Көгедайымды алыңдар. Көгедайымды жас болса да бас көруші едім. Тұмар ханымды алып қайтқан жолымда аспандағы ай қойныма кірген түс көріп едім, содан ырымдап көктегі ай деген мағынамен «Көкай» деп ат қойғам, еркелете жүріп Көгедай аталып кетті», - дейді. Барлыбай қатарлылар Әбілпейіздің емеуріні бойынша Тұмар ханымға бұл жайды білдіргенде, ол кісі: «Хан көтеріп, қадыр тұтып, ел басқартамын десе, рулы елдің меселін қайтарғанымыз жөн болмас, беріңіз, Сәменім мен Жабағы екеуі Көгедайыма серік болсын, мен де көгершіндерімнен қалмасам, бірге барамын»,- деген екен.
Бұлар бір ай уақыт байқап сынап жатып, он екі жастағы Көгедайды төрелікке алып, Тұмар ханымның ордасын балаларымен бірге Керейге көшіреді. Ханымның ордасымен бірге онбір үйлі малшы, қосшы екі үйлі молда-қожасымен бір ауыл болып көшіп келеді. Керей елі Көкпектіде 1788-жылы Абылай хан, Әбілмәнбет ханның ұрпақтарынан, Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Уақ балаларынан біліктілерін және қанаттаса отырған ұлттар мен үлкен рулардан бір талай ел басыларын шақырып, көк қасқа тай, ақ сарбас қой сойып, ат шаптырып, дүбірі жер жарған ұлы той өткізіп, Көгедайды хан көтереді, он екі Керейден он екі мықты жігіт Көгедайды ақ кигізге отырғызып, Қалба тауының биігіне көтеріп шығарады. Он екі Керейден он екі білікті би шығып: «Төбемізге көтерген төреміз Көгедайға қарсы келмейміз! Әміріне көніп, айтқанына мойынсынып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлік құрамыз! Айтқанымызда тұрамыз!» - деп ант беріп, ақ сарбас қойдың қанына қолдарын матырыпты. Ұлы дүбірлі осы қимылдардың бәрінде Барлыбай би білікті рөл атқарған.
Қазақ ханы Абылай 1757-жылы Қобдадағы Анбалмен кезігіп, Пекинге елші жіберген. Әбілмәнбет хан Іледегі Қытай патшасының елшісімен қатынас жасап, сырт жақтан бағыныштылық беріп, қатынасын үзбей, ішкі жағын өзі басқарып келген. Әбілпейіздің ұлы Жолшы мен Бопы жеке-жеке Гұң атағын алған. Керей төресі болып сайланған жас Көгедай іргелі елді басқарып тұрғанда, ықпал күші зор болған шонжарлар мен адуынды сотқарлар тағы да Керей еліне соқтығып, көз алайта берген соң, Жәнібек батыр толғана келіп, көпті көрген ел даналарын шақырып кеңес құрып: «Іргелі ел болсақ та, елге үлкен сүйеніш керек. Үлкен тау боранына, үлкен ұлық орамына кезіктіреді. Біз де бір үлкен тауға арқа сүйеуіміз керек»,- деп ақыл салады. Кеңеске қатынасқан Барлыбай, Байқан, Шобаш, Шаған сықылды ел ағалары; «Хан тұқымы Әбілпейіз Қытай патшалығына қол артып, арқа сүйеген екен. Біз де Қытай патшалығын сүйеніш етіп, сырттай иелік беріп, іштей өзімізді өзіміз басқарып, шен-шекпеніне ие болсақ, біз де бөтен жұрттан ықпайтын боламыз»,- деген ақыл бірлігіне келіп, бұл бекімді Көгедайға жеткізеді. Сонда Көгедай төре: «Жерсіз ел - соққан жел, аққан салмен бірдей екен. Іргеміздің берік болуы үшін ата-жөнімді, он екі Абақ елімді Ежен ханға (Қытай патшасына) мәлімдеп, таңбалы қағаз әкелсем деген менің де ойым бар еді. Батыр сіздің сұңғыла ойыңыз менің ар жағымнан шықты. Елдің игі жақсылары бас қосып, кеңес құрыпсыздар, елдің елдігін көрсетіп, сапарға бірге аттанатын ұлықтарды сіздер белгілеңіздер», - деген. Сонымен, осы жолғы ақ батаға жиналған топ Көгедайға еретін жолдастарын белгілеп шықты. Билерден өзі жас, ақыл қайраты мол, тілге шешен делініп Барлыбай би, Молқы Жанторы би, Қарақас Байқан би, батырдан өзі жас ақылына қайраты сай келген Шобаш батыр таңдалды.
Чянлұңның 55-жылы (қазіргі жыл санаудың 1790-жылы) ит жылы 18 жастағы Көгедай аталған жолдастарымен қазан айында жолға шығуға келісіп бір ай дайындалып, атшы, бақыршы, молдасы, малшысы болып, 17 адам қазан айының онында Көкпектіден Ежен ханға аттанды. Олар түйелі керуен мен тарту-таралғыларын артып, Қобда арқылы Пекинге бет алып, ұзақ сапар шегіп, Жылыөзен жағасында (Хыби өлкесінің Чиңды қаласы) демалып жатқан Чиң Гау Зуңға амандасып барып, сый құрметіне бөленіп, патшаның қабылдауында болады. Көгедайдың Алтайдың күн бетінен Зайсан (қазақша Жайсаң) көлінің жағасына дейінгі кең сахара жері бар, өрісі толы мыңғырған малы бар, толықсыған он екі ұтық елі бар, хан тұқымынан сайланған төре екенін мәлімдейді, Чиң Гау Зуң хан Көгедайға гауһардан кос көз орнатқан жылғалы, таңбалы «Гүң» деген шен беріп: «Тарбағатай мен Қобданың шекарасы, Ертіс өзені, Алтай тауының күнгейін, Сауыр тауының теріскейін мекендейтіндіктерің үшін әр жылы Тарбағатайға 40 ат, Қобдаға 41 ат «түтін алман» беріп тұрасыңдар», - деп, жарлық шығарыпты, Көгедайға ерген билер мен батырларға оқалы қамқа тон кигізіпті.
Көгедайдың Ежен ханға жолығып «Гүң» шенін алып келуі моңғол тайпаларының алдында Абақ-Керейдің терезесін теңестіріп қана қоймай, мәртебесін өсіріп, елдігін бекемдей түсті, бұл Абақ-Керей тарихында ел есінен кетпейтін дәуір бөлгіш уақиға болды. Осы ірі уақиғаны Көнсадақ руынан шыққан Ахмет ақын:
Барлыбай, Шобаш ерген Көгедайға,
Жанторы, Байқан да бар осы жайда.
Ежен хан үшеуіне мәнсәп беріп,
Ұқсады Керей елі туған айға
деп, өшпес жыр шығарды.
Деректерге қарағанда, Абақ-Керейдің Шүйіншалы әулеттерінің Алтайға көшіп келіп қоныстануы 1783 жылдан кейін болған көрінеді. Барлыбай өз билігіндегі Шүйіншалы елі қандай жерге мекен тебуі керек деген бір келелі түйінді көптен көңілінде сақтап жүрсе керек. Сол жүйеден, жоғарыда баяндалған жылқы өрісін сұрап Қобдадағы Кепе ханға барып, тарту-таралғы ұсынған сапарынан бастап, онымен қарым-қатынасын үзбей, тамыр болып жақсы өткен. Кепе хан деп отырғанымыз Ертістің солтүстік жағалауын шекара еткен Алтайдың күнгейі мен теріскей аймақтарын билейтін Чиң патшалығының өкілетті елшісі - Хебей амбы («Арман тау» романы – авт. Сұлтан Тәукейұлы). Барлыбай басқа ел ағаларымен бірге мал отарлау, елдің алдын Алтайға көшіру жұмыстарымен Қалбадан Алтайға, Буыршын, Қаба өзендерінің жағалауындағы кең алқап, шұрайлы далаға әлденеше рет келіп, жер көріп қоныс шалған. Көгедайды Пекинге апарып келгеннен кейінгі тұста би әрі батыр Барлыбай Шүйіншалы еліне жаз-жайлау, қыс-қыстау болатын тұрақты мекен қоныс алуға мықтап кіріседі. Бұл кезде оның аты әйгілі болып, Алтайдың күнгейі мен теріскейіндегі моңғол, қазақ халқы арасында абыройлы ел ағасы болған кезі еді.
Сондай күндерде Кепе хан Барлыбайдан елге атағы шыққан «ерке торы» деген ой–қыры бірдей тұлпар атты қалайтынын айтыпты. Мұны жақсы орай деп біліп, Кепе ханға: «Ұлық тақсыр, Ертісті өрлей көшкен Керей елінің шоғырын көріп отырсыз, бәрі де мал өсірудің қамы үшін болып жатыр. Моңғол-қазақ аралас қоныстансақ деген ойымыз бар. Аюты мен Аралды жайлауына, үш Күнгейтіні - Қаракүнгейтіні, Ақкүнгейтіні, Қалукүнгейтіні (қазіргі Қалтон) бие бауыма, Ши-Шұңқырдың екі жағын күзеуіме, Қызылтастан Сауырға дейін қыстауыма жол берсеңіз», деп, тілек айтып, «ерке торыны» жетелеп, жүзден аса жамбы және басқа тарту таралғысымен барған екен. Ол кезде Шұңқыр бойының екі жағы ши арасынан түйе көрінбейтін жыныс орманды ну дала екен, содан Шұңқырды «Ши Шұңқыр» деп атаған. Кепе хан бұған сол кездегі ел жағдайының ауқымына қарай қынжыла мақұл болыпты. Сонымен аталған жерлерде қоныстанып мал оттатуына қосылып, жарлық жазып беріп қайтыпты. Бұл кезде Шүйіншалы елі аталған өңірлерге ендіркелеп таяу көшіп келіп үлгірген екен. Іле-шала осы өңірлерге жабыла қоныстаныпты. Екі жылдан кейін Кепе хан Барлыбайды қонаққа шақырып оған: «Біз екі елдің араласы тым тез болды, екеуіміз тамыр болып-ек, бірақ мұнымыз болмай қалды. Біздің елден жерді Керейге беріп қойдың деп араздық туды, тағы бірі «ерке торыны» мен топқа міне алмадым, ханым көшке міне алмады, тым тентек ат екен. Тамырлықтан қайтсақ?», – депті. Сонда Барлыбай: «Мақұл қайтсақ қайтайық, бірақ мұнымыз екеу арамызда ғана болмасын, сен де еліңді жи, мен де елімді жияйын, ел алдында келісейік. Атты міне алмадық дегеніңіз – бізді жаратпағаныңыздан, араздыққа беттеген пәтуәңіз шығар», - деген екен. Барлекеңнің бұлай деуін «Көшіп келіп қоныс тепкен елінің молдығына арқаланып отыр» деп білген ханымы: «Әй, бұларыңыз келіспейді. Ерке торыны міне алмасақ, көшкенде кежімдеп жетелеп алсақ көштің көркі, еруде мың жылқының еркесі емес пе, моңғол, қазақта «жақсы ат - ер қанаты» дейді, мұны қайтарсақ жылқының құты қайтады, елден ұят болар, ел арасына жік түсер, тамырлықтарыңыздан қайтпаңыздар», - деген екен. Кепе хан да сөз жүйесіне жығылып, тамырлықтарын сақтай беріпті.
Содан былай, төрт Шүйіншалы ауылдарын ұтық-ұтығымен осы құтты мекенге қоныстандырып, ойында жүрген арманын орындап, халқын бейбіт тіршілікке кенелдіреді. Ботақара, Ханкелді ауылдары Аралды жайлап Торғайты, Жеті көл жайлауларын қоныс еткен, Ботақара Шәкубай Торғайтыдағы «Шәку сазы» деген жер атымен әлі де ел есінен көтерілген жоқ. Буыршынның шығыс тауындағы Мүсіркен, Көшербай, Жұман тас қорасы, Бәке қорасы, Жәке қорасы қатарлы жерлер Ханкелді ұрпақтарының мекендеген адам аттарымен әлі күнге дейін аталып келе жатқан қыстаулық жұрттар. Ботақара әулетінен шыққан әйгілі ақын Төлебай Өжекұлының зираты Жетікөлге асатын ирек тастың жолында жатыр. Қазіргі Қостық ауылы ертеде Ботақара Қостық деген кісі мекен қылғандықтан соның атымен аталған. Сайырдан бері мекендейтін Шәкубайдың зираты қазіргі Алақақ суының шығыс қабағында. Секел әулеттері Еламан, Болат, Көкбай, құмды қыстаулық еткен. Мұндағы жер аттары да күні бүгінге шейін кезінде мекендеген Секел атамыздың ұрпақтарының атымен аталып келеді, Тайлақтың алты баласы - Қызылтас бөктерінің оңтүстікке қараған алты сайын мекендеп қыстаулық еткен. Жуан Теректе Тайлақ елі шоғырлы қоныстанып, кейін келе мешіт салдырып, бертін келе мектеп ашып бала оқытқан. Секел, Тайлақтар Аюты мен Иректіні жайлап, Ақкүнгейті, Қаракүнгейтінің бойын көктеу, күзеулік етті. Ақкүнгейті мен Қаракүнгейтінің арасында Секел сазы, Тайлақ сазы деген құтты қоныстар бар. Қазіргі Қаба мен Буыршын шекарасындағы Бозтал, Киікбай деген жер – Тайлақтың бір баласы Киікбайдың мекен қылған жері, Киікбайдың зираты сонда. Бұл мекендерде Шүйіншалының ұрпақтары қазірге дейін өсіп өркендеуде.
Бұл өңірге алғаш келгенде Шүйіншалы ауылдары Барлыбайдың ұйымдастыруымен жайлаулық жерлер ашып, өзендерден өткел жасап, көш жолдарын салды. 1900-жылдардың алғашқы жартысында жасаған Еңсет ақынның ата-тек, жер-суды жырлаған толғауынан мынадай үзінді ел қарияларының есінде қалыпты:

Арғы атам Шүйіншалы батыр Барақ,
Келеді төрт Шүйіншалы содан тарап.
Барақ батыр баласы Ханкелді, Тайлақ,
Мекенді бұл Алтайдан алған таңдап.
Жайлауы біздің елдің Арал екен,
Шүйіншалы бұл өңірді қылған мекен.
Таусылмас жол жасаған қалың елім,
Алдымда Торғайты тұр сары белім,
Қарасаң жан-жағыңа тамашалап,
Айнадай жарқырайда Жеті көлім.
Өмірдің кім біледі көбін-азын,
Қызғалдақ жүргізбейді қылып тәжім.
Секілді қолмен қойған бейне бақша,
Жатады мың түрленіп Шәку сазым.
Қыстауы Құм, Қызылтас, Сайыр екен,
Шұңқырды Шүйіншалы қылған мекен...

Осындағы таусылмастан жол салып, Сұмдайрықтан Кәріөткел делінетін өткелді бастап өткен, мал өткізіп Аралға жайлай бастаған Шүйіншалы ауылдары дейді қариялар.
Шүйіншалы ұрпақтары Барлыбай батырдың басшылығымен тоған қазып, су бастап егіншілікті жолға қояды. Алыстан азып-тозып көшіп ежелгі ата-мекенге келген елдің бас-аяғы бірдей малды, ауқатты болмаса керек. Шұңқырға келген елдің кедей-кепшіктеріне алғашында байларынан мыңдап қой жинап алып, соғымға таратып беріп тұрыпты. Мұның жыл сайын осылай жалғаса беруі оңайға соқпаған. Енді бір жағынан ұрпақтары үшін «атадан қалған енші қайсы?» деп, артына қарап үңілгенде көзіне оттай ыстық көрінетін мәңгілік мұра болсын деп, жер емшегін иітіп, халқы тоқшылыққа кенеліп, бір кенішті шаруашылықпен шұғылдансын деп, Шұңқырдан тоған алудай – қазақ халқының шаруашылығында жаңа істі қолға алып, бүтін Алтай бетін жалт қаратты. Бұл туралы әйгілі ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлы қартайған шағында жазған тарихи әңгімелерінің бірі «Арманшылдардың алақан табы» деген құнды еңбегі Барлыбайға арнап, мәрмәр тастан орнатылған ескерткіш іспетті болып, ел көкейінен орын алды. Мақаң Шұңқырдан тоған алу туралы сол кездегі ел кеңесінде Кеншенің сөзі ретінде, мынадай келелі тұжырым айтады: «Бұл тоған алған өңірге алтын өнеді, берекелеріңді қашырып, Құдай берген ырыстарыңды шайқап алмаңдар, жетеді нәсілдің нәсіліне». Расында жетті ғой! Шүйіншалы ұрпақтары екі ғасырдан артық уақыт, 7-8 ұрпақ жалғап, осы Шұңқырды құтты мекен етіп, соның аясында өсіп-өркендеп келе жатқан жоқ па? Мағаз ағаның аталған шығармасынан бір-екі цитата келтірейік: «Жас кезі ғой, Әз Тәукенің нәсілі Әбілпейіз уаңнан төре сұрай барған Керей билерінің біреуі осы Барлыбай болатын»... «сол жолы ғой Түркістан уалаятының көп жерлерін аралап, талай миуалы бақша, көк майсалы дақылдар атызына көзі түскені; Сол жолы ғой «қара жердің қаны су екен ғой», - деп танығаны; сол жолы ғой үлкен бір арманның ішіне кіріп, орын теуіп жатып алғаны»... «Барлыбайдың көз алдынан енді шығысқа шеккен сапары өтті... Ханзада Көгедайды Чянлұңға апарып, мемлекеттің ел басқару жүйесіне енгізіп, хан қасынан қара көк тас қадату үшін... ұлы моңғол үстіртін басып өтіп, ұлы қорғанның ішіне кіргені... сол жолы ғой, Сарыөзен бойының құп-құла топырағы көмей алуға келмейтін шығырмен болса да су ішіп, жасыл манатқа оранып алғанын көргені; сол жасыл масатының тұп-тура Пекинге барып тіреліп, одан да ары теңізге қарай тартып жатқанын көргені; сол жолы ғой, тіршіліктің қолқа тамыры топырақ пен су екен деп екінші рет танығаны. Барлыбайдың батысқа барғандағы арманы бұл жолы өз ішінде бұрынғысынан бетер балалап қайтты»... «содан бері «әттең, өз жерімде бір бидай болса да жамбасы топырақ искейтін заман болса» деген қиял оның ойынан екі елі ажырамай қойды»...
Бабекең (кейін ел ішінде ол кісінің құрмет аты осылай аталған), осы ұлы арманын Шүйіншалы ұрпақтарын ұйымдастырып, қызыл қолмен қажымай еңбектену арқасында, Кеншенің жобалау, жетекшілік етуімен Шұңқырдың батысындағы Қалтон суының алқымынан екі көмей алып, екі тоған алу арқылы орындады. Алтай аймағының «ірі оқиғалар естелігінде» «18-ғасырдың 80-жылдарының алды-артында Тайлақ руының басшысы Барлыбай батыр Кеншенің жобалауымен Шұңқырдың қарабұлақ жерінен бірінші рет тоған қаздырып, су бастап, жер суарған» деп жазылған. Мұндағы «бірінші рет» дегені Алтай бетіндегі тұңғыш тоған алып, жер суарып, егін шаруашылығымен шұғылданған дегенді меңзейді. «Қарабұлақ жерінен» қаздырған алғашқы тоған, Қарабұлақ аузынан құлдап, Қалтон суының шығысына қарай 10 шақырымдай ұзындықта тартылған. Енді бірі Қалтон суының батысына тартылған тау бөктерлеп Бұлантайдың аузынан өтіп құлдайтын тоған. Алғашқы тоғанды бітіргенде ел-жұрт бұл тоғанды «Бабекең тоғаны» деп атаймыз дегенде, ол кісі бұған көнбей, «Кеншен тоғаны» атандырған. Соңғысын «Секел-Тайлақ тоғаны» деп ататтырған. Оның ұзындығы 13-14 шақырым. Бұл екі тоған жөндеп аршып тұрғаннан сырт әлі күнге дейін жер суаруға пайдаланылып келеді.
Батыстағы тоған біткеннен кейін, тармақ тоған тартып, жағасына ағаш ектіріп, өз ауылын сонда қоныстандырған, сондағы егілген ағашқа қаратып «Екпе терек» атанған жер бар. Бұл жерге мешіт салдырып, немересі Тоғызбай молда ұстаған. Тоғызбайдың кейінгі ұрпағы Кәмәли молда сол замандағы ата мекенінен қозғалмай, 1960-жылдардың соңында сол мекенде қайтыс болды. Бұл жерді ел қазір де «Кәмәли қорасы» деп атайды.
Екі тоған алынып болғаннан кейін, Барлыбай ел атынан Кеншенге рахмет айтып: «Еңбегіңе ақы ал, не алам десең де тартынбайық, Шүйіншалы баласының игілікті істен аяйтын малы жоқ, қанша десең де тартынбай ал», - деген екен. Кеншен еңбегінен артық ештеңе алмапты. «Тек бір сыбаға жер беріңіз», - деген. Барлыбай батыр өз ауылынан төмен Бұлантай өзенінің аяғынан шұрайлы жазық жерінен бір сыбаға жер беріпті. Кеншен бұған разы болып, «Халықты жетелеп, үлгі көрсететін адам келтірем», - деп, Тұрсынбақы деген тараншы ұйғырды әкеліп, сол жерге мекендеткен. Бұл адам бір жағынан егін салды, бір жағынан сауда істеп, аз жылда қатты байып кеткен дейді. Қазіргі Буыршыннан Қанасқа тартылған үлкен тас жол Шұңқырға еңкейетін сай «Тараншы» деп, сол Тараншының мекендеуіне байланысты айтылған. Ол Тараншының егін егудің қыр-сырын танытуда, сауда жайын білгізуде өз тұсында елге игі ықпалы болды.
Барлыбай батыр атамыз 1828-жылдың төңірегінде, тоқсанның екісінен асып қайтыс болған. Қаза болар алдында елге айтқан өсиетінде: «Шүйіншалы баласы ата-бабаң күл төккен байырғы құтты мекенге қайта оралып, ірге көміп көңілдерің орнықты. Бұл жер талай ұрпағыңа шейін мекен болады. Менің сүйегімді Қалтонның батысындағы Қабаға өтетін Құжыртының кезеңіне жерлеңдер, мол тас жиып төбесіне үлкен ақ тас қойыңдар, менің ұрпаққа алып берген жерімнің шекарасы ғой, мен сонда белгі болып жатайын», - депті. Өсиеті бойынша сол жерге қойылған зираты сонда.
Аңыздарға қарағанда Барлыбайдың жылдығы Қалтонда өткізіліп, арғы-бергі беттегі Алтай елін тұтас шақырып, қанаттас рулар мен ұлыстарға сауын айтып, ұлы дүбірлі үлкен ас берген екен. Бұл Керейдің Алтайдағы «алғашқы асы» атаныпты. «Барлыбайдың асында шаппағанда, әкеңнің басына шабасыңба?!» деген мәтел содан қалған деседі.

[1] Беженхан Қыдырбайұлы, Абақ-Керей Тайлақ шежіресі, 2006 ж., Буыршын қаласы, ҚХР, 41-58 беттер.