понедельник, 5 мая 2008 г.

ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА!

БҰЛ ЖОЛЫ ҚАТЕЛЕСПЕЙІК![1]
(Діни заңнама жөніндегі ұсыныстар)

Құрметті Төраға!
Құрметті қатысушылар!

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау мақсатымен ұйымдастырылған дөңгелек үстел жұмысына табыс тілеймін. Мұндай шара аталмыш заңға қатысы бар тұлғалардың еркін пікір алмасуына және заң жобасының жан-жақты талқыға түсіп, кемелденуіне үлес қосары хақ.
Сөзімнің басында қолданыстағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының 15 қаңтар 1992 ж., яғни еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен небары бір-ақ айдан кейін қабылданған ең ескі заң мәтіні екенін тағы да бір рет ескерткім келеді. Аталмыш Заң қабылданған тұстағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және құқықтық ахуалымыз бен дәл бүгінгі жағдайдың арасы жер мен көктей екенін айта кетуіміз ләзім. Соңғы 16 жыл көлемінде аталмыш заңның өзгертілуі мәселесі сан мәрте күн тәртібіне енгізіліп, бұл көкейтесті мәселе жөнінде мыңдаған материалдар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы республика жұртшылығына жария етілген болатын. Сол себепті, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қажеттілігіне бүгінгі дөңгелек үстелде тоқталмай, бірден депутаттар ұсынған заң жобасы жөніндегі ескертпелерім мен өз ұсыныстарымды назарларыңызға салсам деймін.
Менің ойымша заң жобасының авторлары енгізген ең маңызды жаңалықтардың бірі – діни бірлестіктердің қызмет аумағына байланысты «жергілікті» және «орталық» болып бөлінуі (7-бап). Жергілікті діни бірлестіктерді кәмелетке толған кемінде он азамат құратыны өзгеріссіз қалдырылған екен. Менің ойымша бұл үлкен қателік. Қолданыстағы заңдағы дәл осы үкімді тиімді пайдаланған діни ағымдар елімізде легалды платформада ұйымдасып, емін-еркін үгіт-насихат жасап келе жатқаны бесенеден белгілі ғой. Сондықтан, меніңше, жергілікті діни бірлестіктердің құрылтайшыларының санын ең кемінде кәмелетке толған екі жүз елу (250) азамат деп белгілеген жөн. Жергілікті діни бірлестіктерді Орталық діни ұйымдарға байланыстыратын механизмдерді жетілдіруіміз шарт. Бұл діни саладағы ұйымдардың топтасуына қолайлы жағдай әзірлейді де қоғамдағы ынтымақтастықты нығайтушы рөл атқаратын болады.
Орталық діни бірлестіктер мәселесіне келер болсақ. Заң жобасы (7-бап) бойынша ҚР облыстарының жартысынан астам аумағында, Астана және Алматы қалаларында кемінде он жыл жұмыс істейтін жергілікті діни бірлестіктер бас қосып, «Орталық діни бірлестік» құра алады. Заңнама тілінің техникасын ескергенде осы баптағы талаптар нақты емес және республикамыздың демографиялық, тарихи, мәдени, әлеуметтік шындықтарына сәйкес келмейді. Менің ұсынысым – «Қазақстан Республикасындағы Орталық діни ұйымдар – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ) және Қазақстандағы Орыс православие шіркеуі (ҚОПШ) болып табылады» деп көрсету және бұл мәселеге түбегейлі нүктені қою. Өйткені, заң жобасындағы ұсыныс осы қалпында қабылданатын болса, еліміздегі Орталық діни ұйымдардың қатарына ҚМДБ және ҚОПШ-мен қатар протестанттар мен католиктердің, сайентология мен Иегова куәгерлері сияқты басқа да діни-идеологиялық ағымдардың кіріп кетуі әбден мүмкін. Олар бүгін болмаса да ертелі-кеш аталмыш талаптарға сай келіп, бірнеше жылдың көлемінде Қазақстан Республикасының Орталық діни ұйымдарының бірі ретінде ресми түрде танылуы да ғажап емес. Орталық діни ұйым ретінде құрылу үшін құрылтайшы діни бірлестіктердің саны, діни бірлестіктер тіркелген облыстар мен қалалардың саны және қызмет мерзімі негізгі көрсеткіштер болмауы керек. Ең басты көрсеткіштер Қазақстан халқының 72 пайызын құрайтын мұсылмандар мен 25 пайызын құрайтын православтар болуы керек. Мемлекеттің тіл саясатында қазақ және орыс тілдеріне, стратегиялық жоспарларында қазақ және орыс ұлтттарына айрықша мән берілуі осы ойымызды қуаттайтын фактілерден. Сонымен қатар, басқарушы мен бағыныштыны ажырату мақсатында «орталық діни бірлестік» дегеннен гөрі «орталық діни ұйым» деген дұрысырақ сияқты.
Мәселеге бір сәт құқық теориясы және философиясы тұрғысынан қарайтын болсақ, заңның аталымында да түзету жасау керек сияқты. Заңды «Дін бостандығы және діни ұйымдар туралы ҚР Заңы» деп атау керек дер едім. Сенім бостандығы азаматтардың ар-ұждан бостандығына жатады (Заңның 1-1 бабы, 7-ұғым) және әрбір жеке тұлға пайдаланатын толық бостандықтардың құрамына кіреді, бұған шек қойылуы демократиялық қоғамға жат. Әрбір жеке тұлға дінге сенуге яки сенбеуге толық құқықты. Ал, белгілі бір дінге сеніп, байланған жеке тұлғаның өзі сияқты сенетін басқа азаматтармен ұйымдасуы, діни үгіт-насихат жасауы, діни білім беру орындарын ашуы, құлшылық жасау ғимараттарын салуы, діни әдебиеттерді таратуы т.с.с. іс-әрекеттері болса ар-ұждан бостандығынан асып, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке, өзгелердің құықтары мен бостандықтарына қатысы бар азаматтық құқықтық қатынасқа айналады. Міне, сол себепті де мемлекет сенім (ар-ұждан) бостандығынан асатын іс-әрекеттерді реттеу және бақылау тұрғысынан белгілі мөлшерде шектемелер мен тыйымдар қоюы мүмкін. Еуропа Одағының 4 қараша 1950 жылғы конвенциясының 9-бабының 2-тармағында мемлекеттің осы құқығы айқын көрсетілген. АҚШ сияқты елдерде азаматтардың діни бостандықтарына көптеген заңды шектеулер қойылған. Жалпы, діни бірлестіктер мен діни ағымдарды бақылауды күшейткен жөн. Бұл бір жағынан мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтса, екінші жақтан діни саладағы іс-әрекеттердің сапасын көтеру арқылы азаматтардың құқықтарының қорғалу деңгейін жоғарылатады.
Аталмыш заң жобасында діни салада іс-әрекет жасайтын заңды тұлғаларды бақылау тетіктері әлде де болса әлсіздеу екені бірден байқалады. Жалпы құқық және мемлекет теориясында тайға таңба салғандай анық бір қағида бар – ол, жауапкершілік және жаза қалыптарымен бекітілмеген үкімдердің құр сөз/заң ретінде қала беретіні. Жауапкершілік және жаза заң бұзушылықтарды еңсеретін ең мықты қаймықтырушы күш екенін естен шығармайық, ағайын. Мысалы, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР-ның кодексінің 375-бабындағы жаңа айыппұл мөлшерлеріне қарайықшы:
-діни бірлестікті тіркеуден жалтару, заңның шарттарын бұзу, мемлекеттік органдардың заңды қызметіне кедергі жасау – жеке тұлғаларға 7-10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК),
-Саяси партиялардың қызметіне қатысу және оларға қаржылай қолдау көрсету – діни бірлестіктің басшысына 15-20 АЕК,
-Жеке тұлғалардың діни сезімдерін қорлау – 3-8 АЕК
- Миссионерлікті есептік тіркеусіз жүргізу – азаматтарға 10-15 АЕК айыппұл салынады.
Заң жобасында ұсынылған айыппұл мөлшерлері 3-40 АЕК мөлшерінде болса бұдан ешбір оң нәтиже күтпеген абзал. Менің ойымша аталмыш баптағы құқық бұзушылықтарға салынатын айыппұлдың ең төменгі мөлшері 100 АЕК болуы және кейбір құқық бұзушылықтарды Қылмыстық кодекске енгізілетін жазалармен жауапқа тартқан жөн. Мәселен, заң жобасының 4-бабындағы діни бірлестіктердің мемлекетпен ара қатынастарындағы жауапкершіліктері мен міндеттері тізбектелгенімен, көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда қандай жаза қолданылатыны нақты көрсетілмеген.
Діни ағымдар арқылы елімізге саяси-идеологиялық ықпалдардың кіргізіліп жатқаны дәлелдеуді қажет етпейді. Бұл ықпал етудің ең арзан, ең аз көрінетін, ең тиімді, ең ұзақ мерзімді тәсілі. Осындай зиянды ықпалдардың алдын алу үшін осы салаға қатысы бар заңнамалық актілерімізде ешбір саңылау қалдырмау керек дер едім. Бұл үшін ислам және православие діни ұйымдарының мәртебесін айқындау қажет, дәстүрлі емес діни ағымдарды ауыздықтау шарт. Діни ұйымдар мен ағымдардың саясатпен шұғылдануына және олардың өз адамдарын мемлекеттік қызметке, әсіресе маңызды лауазымды орындарға орналастыруына заң арқылы тыйым салу керек. «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңына тиісті өзгертулерді енгізу шарт. «Зайырлылықты қорғау туралы» арнайы заң қабылдау керек. Миссионерлерді тіркеу және бақылау тетіктерін барынша қатайту шарт. Заң жобасында қолданылған «конфессия» сөзінен алшақ болған жөн. Оның орнына «Дін» яки «діни сенім» сөзінің қолданылғаны дұрыс. Конфессия мәртебесін алу үшін аталмыш діни бағыт бойынша тіркелген кемінде екі жүз елу (250) діни бірлестік болмағы керек. Діни ұйымдар мен ағымдардың интернеттегі үгіт-насихаттары ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да жіті қадағалануы шарт.
Діни ұйымдардың заңды тұлғасы «діни бірлестік» орнына коммерциялық емес «діни қайырымдылық қоры» болғаны дұрысырақ. Өйткені, халықаралық құқық жүйелері тәжірибесі көрсеткеніндей, «бірлестік» (ассоциация, қоғам) саяси ұйым болып табылады. Мысал үшін, зайырлы Түркия мемлекетінің «Қоғамдар туралы» заңының 9-бабында «дін, мәзһәб (конфессия) және тариқат негізінде қоғамдық бірлестіктер» ашуға болмайтыны жазылған. Ал, «діни қайырымдылық қорлары» саясатқа араласпайтын, басқару жүйесі жағынан әлдеқайда мөлдір, коммерциялық және саяси-идеологиялық мақсаттардан аулақ, қаржы-шаруашылық іс-әрекеттері жария ұйымдарға жатады. Бұл радикалды өзгеріс діни ұйымдардың іс-әрекеттерін бақылауды жетілдіреді, оларды теріс мақсатпен пайдалануға жол бермейді және аталмыш ұйымдардың демократиялық принциптерге сай басқарылуына қолайлы жағдай жасайды деп сенемін.
Сонымен қатар, басқа заңды тұлғалардың діни үгіт-насихат жүргізуіне, азаматтардың діни сенімдерін қанауына, оны деструктивті мақсатта пайдалануына жол бермеу керек. Діни ұйым сияқты көрініп, шетелдердің арнайы қызметтері үшін жұмыс істеп жатқандар болуы әбден мүмкін. БАҚ-та кейбір шіркеу қызметкерлерінің ұсталғаны жөнінде ақпараттар шығып тұрады. Діни ұйымдар мен ағымдардың адамның денсаулығы мен психологиялық саулығына зиян ететін іс-әрекеттер жасауына жол бермеу керек. Сонымен қатар, жанұяны сақтау, мал-мүлікті сақтау, қоғамды сақтау мақсатымен аталмыш ұйымдар мен ағымдарға құқықтық міндеттемелер мен жауапкершіліктер артылуы шарт. Азаматтардың діни сенімдерін алға тартып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін мойындамауға яки құрметтемеуге жол бермеу керек. Мәселен, мемлекеттік әнұранды орындаудан бас тарту, әскери қызметтен жалтару, Қазақстанның байрағын құрметтемеу, дауыс беруді мансұқтау, қан құюға келіспеу, Конституциялық түзімді құлатуға үгіттейтін іс-әрекеттерді жүзеге асыру қатаң түрде жазалануы шарт. Діни қызметкерлердің культтық киімдері тек ғибадатхананың ішінде және діни ритуал яки салтты жасау кезінде ғана киілуі керек. Демократиялық һәм зайырлы қоғамдарда діни каст болмайтыны және кәсіби форма болып табылатын киім үлгілерінің қызмет орнынан тыс жерлерде киілмейтіні айдан анық.
Қорыта айтқанда ҚР Парламенті депутаттары ұсынған заң жобасын қолдай отырып, енді бұл жолы қателеспейік, еліміздің амандығы, халқымыздың ауызбірлігі үшін кешенді шаралар қолдана отырып, дін саласында пайда болған келеңсіздіктерді жою үшін жан-жақты сараптамадан өткен, бақылау тетіктері жетілдірілген, қоғамымызды топтастырушы, сыртқы ықпалдардан қорғайтын заң қабылдау уақыты жетті деп айтқым келеді.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ

Философия ғылымдарының кандидаты,
Дінтанушы, мәдениеттанушы
[1] Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі 05.05.2008 ж. әл-Фараби ат. Қазақ Ұлттық Университеті, 201 кабинетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау бойынша ұйымдастырған дөңгелек үстел жиналысында жасалған баяндама.