понедельник, 5 мая 2008 г.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты,
Дінтанушы, мәдениеттанушы


ҚАРЫН, МАЙ ЖӘНЕ ҚҰМАЛАҚТЫҢ ХИКАЯСЫ[1]
немесе
ФОКИНАМЕН ҚАЛАЙ ТАНЫСТЫМ?

Кеше (15.04.2008 ж.) бір қызық уақиға болды. «Айт-парк» пікір сайыс клубының жетекшісі Нұрлан Ерімбетов жар салып, Алматыдағы Тимирязев көшесі мен Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысындағы «BOOKMARK» кітап дүкенінде сағат 16-00 кезінде адам құқықтарын қорғаушы Халықаралық Хельсинки комитетінің Қазақстандағы өкілі Нинель Фокина ханыммен өткізілетін кездесуге қатысып, пікір білдіруімді өтінді. Мәселе дін жөнінде болғандықтан мен әдеттегіндей бірден келісім беріп, бара қойдым.
Нинель Фокина есімін өмір естімеппін, жазған дүниелерінің бар-жоғын да білмейді екем. Сөйтіп, бұл мен естіп көрмеген қай дінтанушы екен деп жиналысқа қызығып бардым. Залда шамамен жиырмашақты адам болды. Сөйтсем, бұл кісінің дінтануға да, дінге де еш қатысы жоқ адам екен. Жетпісті аралаған қарт құқыққорғаушы ханымның әңгімесін ә дегенінен тыңдап, таңдай қаққақ сәттерім көп болды. Бір сағаттан астам сөйлеп, сұрақтарға жауап берген Фокина ханымның сөздерінің негізгі тезистері мынадай болып шықты:
1. Мәдениет және ақпарат министрі Е. Ертісбаев өзінің орынтағына сәйкес адам емес. Оны қызметінен алып тастау керек.
2. Қазір Қазақстанда билік тарапынан ұйымдастырылған «истерияға» толы, қолдан ұйымдастырылған науқан жүріп жатыр. Қазақстан баспасөзінің 90 пайызын билік діни мәселеге жұмылдырып, заңға жасалатын өзгерістерді өткізудің амалын жасауда.
3. Қазақстанда бүгінге дейін діни негізде ешбір террорлық акт (лаңкестік шабуыл) болған емес. Билік үрей салғандай ешбір қауіп жоқ. Мұның бәрі қолдан жасалып отыр.
4. Халықтың діншілдігі тым күшейіп барады дегеннің бәрі жалған. Үш бөлек ұйымға әлеуметтік сауалнама жасатып, халықтың діншілдігі туралы зерттеу жұмысын жүргіздік. Мұның нәтижесінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 5 пайыз болған діншілдік деңгейі қазір 35 пайызға жеткен. Мұнда қорқатындай еш жағдай жоқ. Осы 35 пайыз халықтың тек 25 пайызы ғана өз дінінің канондарын біліп, діни ритуалдарын жүйелі түрде жасайды екен. Демек, Қазақстан халқының тек 8 пайызы ғана нағыз діншілдер.
5. Діни ғибадатханалардың саны күрт көбейіп кетті деген пікір де жаңсақ. Біздегі 15 миллион халыққа небары 2000 ғибадатхана келсе, бұл 5 миллион халқы бар Қырғызстанмен парапар. Ал, Голландиядағы 40 мың шіркеу адам келмейтіндіктен не жабылуда не сатылуда.
6. Қазақстанда экстремизммен күрес туралы заңдар қабылданған. Бірақ, осы заңдарда экстремизмнің не екені айтылмаған.
7. Желтоқсан уақиғалары кезінде бірде бір қазақ өлген жоқ. Мен сол кезде Мұхтар Шахановпен бірге комиссияның мүшесі болған едім. Бізге келген қазақтардың бірде бірі жақыным уақиғалар кезінде өлді деп айтқан емес. Мұның бәрі қазақтардың өздерінің шығарғаны, керек болса Шахановтан сұраңдар.
8. Шымкент қаласында тұтқындалып, ҰҚК-нің ғимаратын жармақшы болды деп айып тағылғандардың еш кінәсі жоқ. ҰҚК-нің жалғыз дәлелі тұтқындардан табылған карта мен ҰҚК ОҚО басқармасындағы кейбір қызметкерлердің тізімі ғана. Сот отырыстары жабық режимде өткендіктен және айыпталушылармен кездесу мүмкіндігі берілмегендіктен бұл сот үдерісін заңсыз деп санаймын. Сот үкімі қазақша болғандықтан қазір орысша аудармасының жасалуын күтіп отырмын.
9. Қазақстандағы осындай тұтқындаулардың, заңға жасалатын өзгерістердің, қысым көрсетудің артындағы күш Шаңхай Ынтымақтастық ұйымының террорға қарсы күрес орталығы. Барлық тапсырмалар сол жерден шығуда. Бұл тек Қазақстан көлемінде ғана емес ТМД көлемінде жасалып жатқан шара. Тәжікстанда, Қырғызстанда да өзгерістер жасалды. Ал Ресейдің заңы болса бұлардан гөрі жұмсағырақ.
10. Мен өзім ешбір дінге сенбеймін, ешбір конфессияда жоқпын.
11. Діни бірлестіктер мен ұйымдардың қаржылай түсімдерін мемлекет тарапынан бақылауға аламыз деген ойлары – «просто – маразм!». Діни ұйымға келіп түскен қаржыны санау дін мемлекеттен бөлінген деген қағидаға қайшы.
12. Қазіргі заң жобасында медициналық термин ретінде ғана қолданылатын «гипноздың» құқықтық терминге айналдырылуы күлкілі жағдай.
13. Секта деген сөзден сескенбеу керек. Секта – «ответвление» дегенді білдіреді. Бұл құдды бір ағаштың бұтақтарының тармақталуы сияқты. Мәселен, христиандық алғашқыда секта ретінде иудаизмнен шыққан.
14. Сақалды мұсылман жігіттердің сақалдарын жақтыртпаймын, ал бастарына орамал тағып жүрген мұсылман қыздар болса – «просто дурочки!».
15. Белгілі дінтанушы ғалым, ф.ғ.д., Артур Артемьев досым айтқандай, біз атеистер имандыларды «ненормальные люди» деп санаймыз.
16. Бас прокурордың бір орынбасары өзін «дінтанушы» етіп жариялаған. Ол Қазақстанда оккультизммен шұғылданатын діни ағымдар бар деп негізсіз мәлімет таратуда. Сіз ол кісіден сондай ұйымдардың тізімін сұрап көріңізші, сізге ешбір тізім бере алмайды.
17. Жапонияда «Аум синрике» буддалық ағымына тыйым салынған емес, бізде неге тыйым салынуы керек екен?
18. Иегова куәгерлеріне секта деп айтуға болмайды. Олар өздерін «Иеговист» деп шақырғандарға ренжиді. Оларды «Иегова куәгерлері» деп шақыру керек. Әлемде 4 миллионнан астам мүшесі бар бұл ағымды қалай секта дейсіз?
19. Қазақстандағы құқық қорғау органдары оқтын оқтын Баптистерді қудалайды. Олардың үйіне барып тексереді, тіркеуге тұрып тұрмағанын сұрақтайды. Тіркеуге тұрмағандарға әкімшілік жаза қолданады. Бұның барлығы да адам құқықтарын бұзушылық.
20. Ал, ҚМДБ мен Орыс Православие Шіркеуі Қазақстанда өздерін «қожайын» сияқты сезінеді. Олар басқа ағымдармен демократиялық негізде күресе алмаған соң ҰҚК-не жүгіреді, билікке жүгіріп көмек сұрайды. Олар өз нандарынан айырылып қалғысы келмейді.
21. Қазіргі Бас Муфти бұрынғы коммунист, дипломат. Оның дінге ешбір қатысы жоқ. Оны билік әкеп қойған. Оның сол орында отыратын еш қақысы жоқ.
22. Қазақстандағы Орыс Православие шіркеуі шетелдік ұйым. Оның Қазақстанға қатысы жоқ. Басшылары шетелден тағайындалады.
23. «Дәстүрлі дін» деген түсінік атымен жоқ. Бұл сырттан келген діндерді қысымға алу үшін ойдан шығарылған сөз.

Нинель Фокина әжейдің бар күш жігерін сарқа жұмсап айтқан сөздерін мүмкіндігінше қысқаша және жұмсартып жеткізуге тырыстым. Залда отырғандардың кейбірі Фокинаның екпіні күшейген үстіне күшейген улы да уытты сөздерін естіп, мәз болғаны мені таң қалдырды. Құдды бір басқа елде яки шетелдіктердің ортасында тұрғандай сезіндім.
Әрине, «адам құқықтары» деген құлаққа әдемі естілетін, мейірім шапағатыңды қозғайтын қасиетті сөздер. Дегенмен, бүгінге дейінгі тәжірибе дәлелдегеніндей, осы «адам құқықтарының» ішінде біздің қазекеңе, мұсылман атаулыға көп енші бұйырмаса керек. Алдыңда көзін бақырайтып тұрып, атағы жер жаратын «құқық қорғаушы» сөйлеп жатса не дейсің, не айтасың?! Оның сөздеріне құлақ салсаң Қазақстан құдды бір гестапо мемлекетіне айналған сияқты. Ешбір адам құқығы жоқ, билік өз азаматтарын қудалап, қамағанын қамап, ұстағанын ұстап, мемлекеттік террор жасап жатқандай.
Осының бәрін көре тұрып, ести тұрып, куә бола отырып, дәтім шыдамады. Ғылыми шындықтың бұрмалануы мені, тіпті, ашуландырды. Фокина ханымның құдды бір шетелден келген инспектор сияқты көсіле сөйлеуіне, көсіле сөйлегенде шымшып шымшып, адамның жанына азап беруіне не жорық?! Жиналыстың аяғында баяндамашының сөздері жөнінде пікір білдіргім келетінін айтып, сөз алдым. Фокинаның жоғарыдағы сөздерін жазып алғандықтан, хронологиялық кезегімен барлығына жауап бердім.
Ең алдымен Фокина ханымға барлық шындықты бұрмалағанын, арандатушылық пиғылмен бір жақты пікір туғызғанын, Қазақстан қоғамының емес, басқа жақтың мүддесін жақтағанын жұрт алдында ашық білдірдім. Сондай-ақ, мыналарды жеткіздім:
1. Халықаралық ұйымның уәкілі ретінде сіздің Мәдениет жане ақпарат министріміз Е. Ертісбаевты орнынан алып тастау керек деген мәлімдемеңізді еліміздің ішкі істеріне қол сұғушы саяси мәлімдеме деп бағалаймын. Бір қызығы сіз бүгінгі әңгімеңізде тек дабыры мол саяси мәлімдемелер ғана жасадыңыз. Айтқан сөздеріңіздің дінге, сенім бостандығына, адам құқықтарын қорғауға қатысын таба алмай қиналып отырмын. Есесіне барлық сөздеріңіз саналы түрде саяси бағыт-бағдарға арналған.
2. Қазақстан билігі «истерия» жасап жатыр деген сөзіңізге мүлде келіспеймін. Сіз басқа елдің адамы сияқты сөйлеп тұрсыз. Баспасөздің 90 пайызы дін мәселесімен шұғылданып жатыр деген сөзіңіз де негізсіз. Қайда сол 90 пайыз, көрсетіңізші?!
3. Діни ағымдардың Қазақстан жерінде лаңкестік әрекет жасамаған болуы олардың ешқашан да сондай әрекетке бармайтынына дәлел бола алмайды. Бүгін жасамаса, ертең жасауы әбден мүмкін. Қазір Қазақстанда өте күрделі діни ахуал қалыптасқан. Сіз мұны неге көрмейсіз, әлде көргіңіз келмей ме? Өзіңіз де келісетін шығарсыз, қазақ халқы кешегі Кеңес билігі тұсында да, оның алдындағы Ресей патшалығы тұсында да, дінге бөлініп көрген емес. Ал бүгін басқаны айтпағанның өзінде қазақтардың өздері қаншама діндерге, секталарға бөлініп кетті. Сізді қазақ халқының, жалпы Қазақстанның тағдыры алаңдата ма?
4. Сіздің жасатқан әлеуметтік сауалнамаларыңызға сенбеймін. Бұлар белгілі бір мақсатпен жасалған, тапсырыспен жасалған шаралар. Оларды кім жасады? Қай қалаларда жасалды? Қоғамның қандай бөліктері қатыстырылды? Қай жылдары жасалды? Социология ғылымында бұларға «социографиялық әдіс» дейміз. Социографиялық әдіс нәтижесінде жинақталған деректер ғылыми тұжырым жасауға негіз бола алмайды. Олар тіпті бір қаланың ішінде түрлі түрлі нәтиже беруі мүмкін. Сауалнаманы жүргізушілер жауап берушінің аузына сөз салуы да, оған ықпал етуі де, өте оңай нәрселер. Сондықтан, сіз мұндай деректерді бізге дәлел ретінде ұсынбай-ақ қойыңыз. Ал, сіздің 5 пайыздан 35 пайызға шықты дегеніңіздің өзі халықтың діншілдігінің 7 есе өскенін көрсетпей ме?! Бұдан артық не керек сізге. Ал, халқымыздың тек 8 пайызын ғана шынайы діндар етіп көрсетуіңіз таза иудео-христиандық сананың жемісі. Ислам дінінде адамның мұсылмандығы оның канондарды білуіне яки ритуалдарды орындауына байланысты анықталмайды. Исламға кірудің бір ғана шарты бар – Аллаһтың барлығына және бірлігіне иман ету, иманның шарттарына сену. Осы шартты орындағандар мұсылман болып саналады. Адамдарды шіркеуге барып, бармауына байланысты жіктеу біздің дінімізде жоқ нәрсе.
5. Қазақстандағы ғибадатханалардың санын да дұрыс бермей отырсыз. Еліміздегі тек мешіттердің саны 2200 шамасында. Басқа діндердің ғибадатханаларын қосқанда 4000-нан астам культтық ғимараттардың бар екені анықталады. Ал, он бес-ақ миллион халқы бар Голландияда 40 мың шіркеу бар дегеніңізге күмәнім бар. Бұл әр 400 адамға шаққанда бір шіркеу деген сөз және мүмкін емес. Бірақ, өзіңіз айтқандай бұл елдегі шіркеулер адам келмегендіктен шынымен де не жабылуда не сатылуда. Онда сіз жанашырлық танытып отырған Иегова куәгерлері мен баптистер, басқа да секталар неліктен осы елге барып, діндерін таратпайды?!
6. Экстремизмнің не екені айтылмаған дегеніңіз де орынсыз кеміту. Қай елдің заңында көрсетілген? Сіз күні бүгінге дейін «террор» сөзіне халықаралық қауымдастық бір ауыздан келіскен анықтама бере алмай жатқанын білмейсіз бе? Ешбір халықаралық құжатта «террор» терминінің толыққанды анықтамасы жоқ, мемлекеттер тоқтамға келген түсінігі жоқ. Біреудің терроршы дегенін біреу азаттық күрескері деп бағалап жатқан жағдай бар. Бұл сыңаржақ ұстанымды тастап, мемлекеттер осы терминдерге нақты анықтама беруі шарт. Онсыз терроризм және экстремизммен күрес толық жүзеге аспайды. Бұл бір ғана Қазақстанның құзырындағы шаруа емес.
7. Желтоқсан уақиғалары кезінде бірде бір қазақ өлген жоқ деген сөзіңізге не жорық? Сонда, Мәскеуден жіберілген арнайы бөлімнің қызметкерлері алаңда жиналған қыздарымыз бен жігіттерімізге гүл шоғын беріп, құшақ жайып қарсы алғаны ма? Сіздің мына өрескел сөздеріңіз қазақ халқының тағдыры мен тарихына берген бағаңызды көрсеткендей. Желтоқсан шәһидтерінің аруағымен алыспаңыз!
8. Мен ҰҚК-нің адвокаты емеспін. Бірақ, сіздің мына әңгімеңізде де бір гәп бар сияқты. Қай мемлекет терроршылардың, экстремистердің сот үдерістерін тікелей эфирден беруші еді? АҚШ па? Олардың Гуантанамодағы қамақта 6 жыл бойы ешбір заңсыз ұстап келе жатқан тұтқындарының құқықтарын неге қорғамайсыз? Гуантанамода ұсталған жүздеген мұсылмандарға ресми айып әлі тағылған жоқ, ешбір сот отырысы болмаған, тұтқындар ең қарапайым құқықтарынан да мақұрым, туыстарымен де байланыстары жоқ, тіпті АҚШ билігі олардың нақты тізімін де бермей отыр. Сондай құқық қорғағыш болсаңыз, неге солардың құқықтарын қорғамайсыз? Неге сонда қамақта болған Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау үшін ешнәрсе де жасамадыңыз? Неге Иракта еш жазықсыз қырғынға ұшырап жатқан мұсылмандардың, сәби балалардың құқықтарын қорғамайсыздар? Неге Палестинадағы бейкүнә жандардың құқықтарын қорғамайсыздар? Неге Ресейдегі скинхедтар өлтірген жазықсыз қыздарымыздың құқықтарын қорғамайсыздар? Ал, ұлттық тұтастығымызға көпе-көрінеу зиян келтіріп отырған миссионерлер мен мысықтілеу сектанттарды болса жаныңыз шыға жаздап қорғаштайсыз. Мұны қалай түсінуге болады?
9. Мына мәлімдемеңізді де біздің билігімізді кемсіту, мұқату деп түсінемін, еліміздің тәуелсіздігін жете бағаламағандық деп түсінемін. Сіздің бағанадан бері Иегова куәгерлері мен баптистерді, кришнаиттер мен хизбутшыларды қорғаштап, жан айқайыңызды сала отырып қорғауыңызға қарап, керісінше мемлекеттік билігіміз бен еліміздегі негізгі дәстүрлі діндерді алалап пікір білдіруіңізге қарап, жағамды ұстап отырмын. Сіздің шетелдік достарыңыз сізбен қалай байланыста болса, Қазақстанның да өзі мүшесі болған халықаралық ұйымдардың ортақ шараларына атсалысуының несі айып, несі дұрыс емес?
10. Сіз ешбір дінге сенбеймін дейсіз, онда дін туралы қалай пікір білдіресіз? Ешбір дінге сенбейтін адам ретінде неліктен діни мәселелермен шұғылданасыз? Менің ойымша сіздің дін туралы, оның ішінде біздің дініміз туралы үзілді-кесілді пікір білдіруге моральдық құқығыңыз жоқ. Сіздің дінге сенбейтін адам болғаныңыз рас болса, онда сіз барлық діндерге бірдей қашықтықта болуыңыз керек қой! Ал, сіз неге Қазақстан халқының 70 пайызын құрайтын мұсылмандар мен 27 пайызын құрайтын православтардың сөзін емес, 1 пайызға жетер жетпес секталар мен миссионерлердің ғана сөзін сөйлеп, жыртысын жыртасыз?
11. Мемлекеттің діни ұйымдардың қаржылай түсімдерін бақылауды күшейтуіне неге қарсысыз? Мұны неге «маразм» деп мазақтайсыз? Әлемнің барлық өркениетті елдерінде мемлекет қаржы-шаруашылық іс-әрекеттерді мұқият тексереді емес пе? Бұл кімнің қытығына тиіп кетті, түсінбедім. Егер бұл ұйымдар таза ұйымдар болса, мақсаттары таза болса, онда олар неден сескенбек? Қазіргі терроризм шарықтаған шақта мемлекеттің діни ұйымдардың қаржыландырылуын тексеруіне осы елдің азаматы ретінде қуанбайсыз ба? Менің Түркиядан білетінім, егер сіз кез келген бір мешітке қаржылай көмек берсеңіз, сол мешіттің қызметкерлері сізге міндетті түрде квитанция береді. Сөйтіп, сіз берген ақшаңыздың тікелей мақсатыңызға сай кеткенін анық білесіз де көңіліңіз тыныш болады. Мұның несі жаман?
12. Депутаттар ұсынған заң жобасында «гипноз» сөзінің пайдаланылуы өте орынды һәм шынайы қажеттіліктен туындаған жағдай. Егер кейбір діни ағымдардың мүшелері біздің азаматтарымызды өз қатарларына қосу үшін гипнозды пайдаланып жатса, неге осы мәселе заңға кірмеуі керек?! Біздің заңнамаларымызда көптеген медициналық терминдер пайдаланылады. Мәселен, көпшілікке белгілі «интоксикация» сөзін айтсақ та жеткілікті. Медициналық терминдер заңнамаларда қолданылмайды деген қағиданы қайдан шығарып отырсыз?
13. Секта – «ответвление» деген сөзіңіз дінтану ғылымы тұрғысынан алғанда жаңылыс анықтама, дезинформация. Себебі, «ответвление» деп ағаштан берген мысалыңыз бұған келмейді. Біріншіден, бұтақсыз ағаш болмайды, екіншіден ағаштың бұтақтары сол ағаштың ажырамас бөлігі болып қала береді. Ал секта ше? Секта белгілі бір діни сенімнен бөлініп шығуды білдіреді. Алдымен секта болып, соңыра мүлдем басқа дінге айналғандар бар. Мұны өзіңіз де мойындап отырсыз.
14. Сіздің басына орамал таққан қыздарымызды «дурочки» деп, балағаттауыңыз шынайы бет-пердеңізді ашып көрсетіп отыр. Адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымның уәкілі ретінде қалайша үстіп сөйлейсіз?! Ешбір дінге сенбейтін адаммын дей отырып, дінге сенетін адамдарды қалай балағаттайсыз? Сіздің бұл жасағаныңыз адам құқықтарын таптау емегенде немене? Сонда мына кездесуге келіп отырған басында орамалы бар мына екі қызымыздың «дурочка» болғаны ма? Секталарға шаң жолатпай отырған сіздің еліміздің 70 пайызын құрайтын мұсылмандар турасында осы дөрекі сөзді қолдануыңыз, кешірім сұрауыңызды қажет етеді.
15. Атеист болсаңыз, бола беріңіз. Бірақ, имандыларға «ненормальные люди» деп айтуға сіздің тағы да қақыңыз жоқ. Профессор А.И. Артемьевтің бұл пікіріне қосылмаймын. Ол кісі де сіз сияқты сырттан келген күмәнді ағымдарды жан сала уағыздайды. Мәселен, А.И. Артемьев, неге екені белгісіз, Иегова куәгерлері және Ахмадияшылар жөнінде қомақты кітаптар жазып, сала құлаш мақалалар жазып жүрген кісі. Неге дәл маргиналды топтар туралы? Неге халқымыздың тарихында болмаған діндер туралы? Егер сізге дін керек болса, неге 70 пайыз мұсылманның діні Ислам туралы немесе 27 пайыз Православтың діні туралы кітап жазбасқа?
16. Сіз біздегі биліктің барлығын жамандап болдыңыз. Бағанадан бері министрден бастап, жаңадан ашылған Діни істер комитетін, ҰҚК-ін сынадыңыз, енді Прокуратураға көштіңіз. Сонда біздегі билік органдары еш нәрсе жасамастан қарап отыруы керек болғаны ма? Олардың барлық іс-әрекетін теріске шығарып отырсыз. Есесіне сырттан келген ағымдарға шаң жолатпай жатырсыз. Сіз жаңа ғана исламның ішінде 400 ағым бар екенін, бірақ Қазақстан билігінің суннит исламды ұстанатын ҚМДБ-ын ғана қолдайтынын айтып, жазғырдыңыз. Елге Бас прокурордың орынбасарынан тізім сұраңдар деп үгіттейсіз. Олай болса сіз де маған жаңа өзіңіз айтқан исламның ішіндегі 400 ағымның тізімін беріңіз! Егер бар болса...
17. Токиодағы метро станциясында улы газы бар бомба жарып, мыңдаған адамның жарақат алуына, ондаған адамның көз жұмуына себеп болған «Аум синрике» таза жолдағы ұйым болса, онда неге Жапония соттары оның басшысы мен мүшелерін соттап, көп жылға түрмеге қамады?!
18. Сіздің мақсатыңыз Иегова куәгерлерін секта ретінде емес, конфессия, тіпті дін ретінде мойындату. Бір діни ағымның секта емес екенін дәлелдеу үшін сол ағым мүшелерінің санын дәлел ретінде келтірілуін бірінші рет көріп отырмын. Мына менің қолымда АҚШ-тағы діни сенім бостандығына қойылған шектеулер жөніндегі 90 беттен тұратын қорытынды есеп бар. Осы құжаттың өзі АҚШ заңдарында көрсетілген жағдайларда діни сенім бостандығына шектеулер қою мүмкіндігі бар екенін дәлелдейді. Еуропа Одағына мүше мемлекеттер 4 қараша 1950 ж. бекіткен «Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау жөніндегі Еуропа конвенциясының» 9-бабының, 2-тармағында былай делінген: «Діни сенім бостандығына кез келген демократиялық мемлекеттің заңдары тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қоғамдық тәртіпті сақтау, денсаулық пен моральды сақтау және өзгелердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатымен шектеулер қойылуы мүмкін». Бұл екі одақ та өзіңіз үлгі тұтатын Батыс жұртшылығын құрайды. Міне, олардың ең негізгі заңдары мен конвенциялары өздерін қорғау мақсатында кейбір тыйымдардың салынуына жол ашып отыр. Аталмыш елдерде, тіпті АҚШ-тың өзінде Иегова куәгерлеріне көптеген қолайсыз жағдайлар туғызған. Ал, сіз болсаңыз «Иегова куәгерлері иеговист дегенге ренжиді, оларды Иегова куәгерлері деп атау ләзім» деп шыр-пырыңыз шығуда.
19. Қазақстанда ешбір қудалаушылық жоқ. Егер басқа діндерді қудалаушылық болса, онда неге елімізде діни ағымдар көбейіп кетті? Өзіңіз жақтасып жүрген Иеговалар мен Баптистердің интернеттегі сайттарына кіріп көріңізші. Олар өз миссионерлеріне дін тарату үшін ең қолайлы елдердің бірі ретінде неліктен Қазақстанды көрсетіп, оларды Қазақстанға шақыруда?!
20. ҚМДБ мен ОПШ өздерін «қожайын» ретінде емес, кім есебінде сезінулері керек екен?! Әрине, олар осы елдің халқының 97 пайызын құрайтын діндердің орталық діни ұйымдары. Бұған неге шамырқанасыз өзі?!
21. Сізге ерік берілсе сіз өзіңіз жамандаған біздің биліктен де асып түсіп, радикалды қадамдар жасайды екенсіз. Жаңа министрді кетіру керек деп едіңіз, енді Бас Муфтиге жармастыңыз. Бағанадан бері біздің еліміз бен біздер үшін аса қымбат құндылықтарға тіл тигізіп келесіз. Мынауыңыз да солай деп санаймын. Бас Муфтидің бұрынғы қызметтерін тізбектегендегі мақсатыңыз не? Әлде, осы кісі муфти болғалы бері жасалып жатқан қызметтерге өршеленіп тұрсыз ба?
22. Орыс православие шіркеуін шетелдік діни ұйым дедіңіз. Бұл айтқаныңыз рас болса, онда Иегова куәгерлері қай елдікі? Олардың штаб-пәтерлері қайда екенін білесіз бе? Баптистер біздің ұлттық шіркеуіміз болғаны ма? Хизбұт-тахрирдің орталығы қайда? Ахмадияшылар мен кришнаиттер шетелдікі емес пе? Сіз неге шындықты бұрмалай бересіз? Орыс православие шіркеуі біздің елімізде екі ғасырдан астам уақыт мұсылмандармен бірге өмір сүріп келеді. Біздің олармен ешбір дауымыз жоқ.
23. Әрине, сізге және сіз сияқты ойлатындарға «дәстүрлі дін» деген ұғым жақпайды. Өйткені, заң арқылы дәстүрлі діндер анықталса, сырттан келген келімсек ағымдардың беті бірден ашылмақ, өзіңіз қолдап жүрген дәстүрлі емес ағымдардың салтанаты шайқалмақ. Дінтану ғылымында да құқықта да мұндай түсініктер бар. Тіпті, Еуропаның көптеген елдерінде «ресми діндер» деген түсінік бар. Бұл елдер мәселені ресми діндердің тізімін жариялау арқылы түбегейлі шешкен.
Иә, мен осылайша бірінен соң бірін жалғап, бар орысшамды сарқа пайдаланып, Фокина әжейдің сөздеріне жауап беріп отырғанда, залдағы атмосфера да қызып кетті. Бағанадан ұшқан шыбыны жоқ залда Фокинаны іштей қолдап жүрген біреулер шуылдасып, сөзімді тоқтатуымды сұрады. Нинель Фокина ханым кейбір қателіктерін мойындай келе менің уәждерімнің бірде біріне де нақты жауап бере алмады. Нұрлан Ерімбетов кездесудің аяғы дау-дамай болып кетер ме екен деп абыржып, қайта қайта мені сабырлыққа шақырып тұра берді.
Сөйтіп, Фокина әжеймен де таныстым. Қарап тұрсам егде тартқан Фокина ханымның тындырып жүрген шаруасы аз емес сияқты. Ол сөзіңін аяғында ҚР Президенті жанындағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі екенін жариялап, тегін адам емес екенін көрсеткендей болды...
Фокина әжейдің сиқы осы. Ал, біздің кейбір қазақ әжелеріміз болса жоғарыда Фокина айтқан Иегова мен баптистердің жиналыстарына немерелерін апарумен әлек...


[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Байбаламның астарында не жатыр? «Президент және халық» газеті, №17(139), 25.04.2008 ж., 6-бет және Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Қарын, май және құмалақтың хикаясы, «Қазақстан-Заман» газеті, №17(684), 24.04.2008 ж., 1 және 7-беттер.