воскресенье, 29 марта 2009 г.

РУХАНИ МАЙДАН

Мұртаза БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты,
Дінтанушы, мәдениеттанушы


РУХАНИ МАЙДАН: ПРОБЛЕМАЛАР МЕН
ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУ ЖОЛДАРЫ[1]


«Надандардан жүзіңді бұр!»
(Құран, 7/199)

«Ақыл сенбей, сенбеңіз!»
Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы


Дүниежүзіндегі экономикалық, саяси һәм әлеуметтік ахуалдың күрделілігі терең сараптауды қажет етпейтіндей дәрежеде баршаға аян. Оның ішінде Қазақстанымыздың дербес ел ретінде кемелденуі қаншалықты қиындықтарға толы екенін осы елдің азаматтары ретінде сіздер мен біздер көріп, біліп отырмыз. Әсіресе, дін мәселесіне келгенде де жағдайымыз шым-шытырық, мүшкіл һәм қолайсыздау. Тәуелсіздіктен бері өткен азғантай жылдың ішінде Қазақстан діни ағымдар мен діни-идеологиялық топтардың экспансия (жайылу) һәм эксперимент (сынақ) алаңына айналғандай. Ядролық сынақтарды тоқтата білген күшіміз бен даналығымыз, бірлігіміз бен жауапкершілігіміз зардабы ядролық апаттан төмен түспейтін діни сынақтарға келгенде қауқарсыз не бейқам болып қала берді. 1992 жылдың қаңтар айында қабылданған қолданыстағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң» Қазақстанды діни ықпал енгізу тұрғысынан «инвестиция» салуға өте қолайлы және шұрайлы елге айналдырды. Адам құқықтары мен демократиялылықтың басты көрсеткішін дін атаулыға есік ашып, төрлету деп қабылдаған жаңсақ сана салдарынан атам қазақ атын естіп, түсін түстеп көрмеген сан ағым қаптап, азаматтарымызды түрлі әдістермен бағындырып, ғасырлар бойы ел ішінде көрінбеген жік салды, ағайынды араздастырды. Ағайынды бірбіріне жау қылмаса да жат қылды, ал олар күндердің күні жау болмайды деп айта аламыз ба? Деструктивті діни ағымдар мен тоталитарлық секталардың антагонизмді насихаттап, басқа жолдағыларға теріс көзбен қарайтыны бесенеден белгілі. Кейбірі азаматтарымызды біріне-бірін айдап, азғырып ғана қойған жоқ, тіпті, оларды өз мемлекетіне қарсы күреске де салып қойды. Бұрын, тіпті, ойға келмейтін нәрселер қазір күнделікті әңгімеге айналып барады. Мәселен, сектаға өтіп кеткен кейбір жастарымыз әскери борышын өтеуден бас тартып жатыр екен, бұл көп емес, осыдан 15-20 жыл бұрын ғана ойға келуші ме еді? Жуырда араб елдерінен шабыт алатын «салафи» бағытын ұстанған 200-ден астам қазақ жастары ел аман, жұрт тынышта отанынан қашып, бірнеше жыл бойы Чехияда босып жүр дегенді баспасөзден оқып, жағамды ұстадым. Ол қашқан қазақ кімге керек өзі?! Олардың салафилердің отанына емес, зайырлы Еуропаны паналағаны өз алдына жеке әңгіме. Кейбір азаматтарымыздың (көбісі қандастарымыз) Кришна ағымын қолдап, шеру ұйымдастырғаны мәлім. Айта берсек осындай келеңсіздіктердің тізімін бүгін бітіре алмаспын ба деп қорқамын. Сонда бізге не болды?! Қайда бара жатырмыз, ағайындар-ау?! Жетіскеніміз осы ма?! Сан ағымның жетегінде кеткен он мыңдаған, тіпті, жүз мыңдаған бауырларымыздың душар болған осы халіне көңілдеріңіз тола ма?! Ұрпақтарымыз осындай талан-таражға салынады-ау деп ойлап па екен бұрынғылар?!
Бұл жерде мәселенің тек діни сенім бостандығы яки жекелеген адамдардың өздеріне ұнаған сенімге қосылуынан әлдеқайда тереңде жатқанын бәріміз аңғарып тұрсақ керек. Менің ойымша әңгіме халқымыздың дәстүрлі тұтастығына жасалған операцияда, отанымыздың ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне жасалған саботажда, ұрпақтар сабақтастығына, ұлттық бірлікке, халықтар достығына қағылған сынада. Өзінің дәстүрлі діні мен тіліне, қысқасын айтқанда, рухани мұрасына әлі қауышып үлгермеген, оны заманауи биіктен сараптау деңгейіне жетпеген, жазусыз ақ қағаздай жаны пәк азаматтарымызды түрлі авторлардың құзырына беріп, тастағандаймыз. Не жазса да сол автордың өз еркінде! Нәтижесінде кейбір азаматтарымыз не кришнашы, не иеговашы, не евангелист немесе Исламды далдалаған кертартпа да қанаушы топтардың бірінің ішінен шыға келуде. Бір таң қаларлығы, сырттан келген діни ағымдарға беріліп кеткен біздің азаматтар, жеті атасынан сол ағымда келе жатқан белсенділерден сол ағымды қорғаштау, насихаттау жағынан асып түспесе, төмен түспейтіні. Бүгінде иеговашылармен қандай бір дау-дамайға түссеңіз, америкалық иеговашы алдыңнан шықпайды, кришнашыларға бірдеңе айтып көрсеңіз, сөз таластырған үндіні көрмейсіз, фундаменталист протестант миссионерлермен пікір таласқа яки ғылыми айтысқа түсе қалсаңыз, олардан гөрі олардың ықпалында кеткен өзіміздің ағаларымыздың қаһары қаттырақ болатынын көресіз. Демек, діни ағымдардың «инвестициясы» өзін ақтады, олар Қазақстанға келіп, бекерге шығынданған жоқ, алда қырман күтіп тұр оларды. Дәл осы тұста мына сахна неліктен көрініс тапты және біздер неге әлсіз болып қала бердік деген сауал мазаласа керек. Әр ата-ана өз ұрпағын жаманаттан, кесапаттан сақтап қалуға тырысатыны секілді, мемлекет деген ірі ұғым, биік шаңырақ та өз азаматтарын зиянды ықпалдардан, ірітуші-шірітуші күштерден арашалап қалуы керек емес пе?
Айтпасқа амалым жоқ, Конституция Кеңесі жақында ғана «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңның ел мүддесіне басымдық берген жаңа нұсқасын кейбір техникалық кемшіліктерді желеуретіп «Конституцияға сәйкес емес» деп жариялағанда, қабырғамыз қайысып, түн ұйқымыз төрт бөлінді. Бұл осыменен екінші рет кері қайтқан дін заңымыз! 2001 жылы дәл осылай болған жоқ па? Ол кезде де миссионер ұйымдары, сырттан келген діни ағымдар мен адам құқығын «қорғаушылар» шуылдағанда, Мәжіліс пен Сенат бекіткен заңымыз Конституция Кеңесінен өте алмай, құрдымға кеткен-ді. 2008 жылдың ақпан-наурыз айларында Мәжіліс және Сенат депутаттарынан құралған бастамашы топ қолданыстағы заң мемлекетімізге көп зиян келтіруде, оны қазіргі заманның талабына сай өзгерту керек дегенде, «Тәуба! Дұғаларымыз қабыл болды!» деп, қуанып едік. Бірнеше дінтанушы, зиялы азаматтар Алматыдағы «Ұлттық баспасөз клубында» мәслихат өткізіп, депутаттардың бастамасын қолдайтынымызды жария еткенбіз. Соңыра, ҚР Парламенті ұйымдастырған дөңгелек үстел жиналыстарында пікір білдіріп, заң жобасы бойынша ұсыныстар жасап едім, мақалаларым бірнеше басылымдарда жарияланған-ды. Сонымен қатар заң жобасына қарсы топтың белсенділерімен полемикаға түскенім бар. Осы еңбектің бәрі зая кеткенін көріп, қатты қынжылып отырмын, ағайын. Ел тағдырын арқалаған депутаттарымыз бұл мәселені осымен қалдырмайтын шығар, түптің түбінде діни диверсияны ауыздықтайтын заң қабылданатын шығар деген үміттен күдер үзгім келмейді...

КІМНІҢ ҚҰЛЫМЫЗ?

Деструктивті діни ағымдардың, тоталитарлық секталардың, дін атын жамылған қанаушы топтардың қоғамға келтіретін апаты – өздеріне мойынсұнған адамдарды құлақ кесті құлға, дүмбілез мәңгүртке, еркін ойлау қабілетінен ажыратылған зомбиге айналдыруы. Олардың кейде криминалдық топтармен, наркобизнес барондарымен, лаңкес ұйымдармен қоян-қолтық араласып кететіні де біраз нәрсені аңғартса керек. Қатарларын анағұрлым көбейтіп, томаға-тұйық құлдар армиясын ұйымдастыратын қанаушы топтардың құрығына ілінген байғұс пенделерді материалдық һәм психологиялық қиындықтар мен қиналыстар күтіп тұрғаны аянышты. Алайда, имандылар кімнің құлы болуы керек, кімге құлдық борышын өтеп, кімге ғана тәуелді болуы керек? Жауапты Құраннан іздеп көрелік:
«Күдіксіз, Мен Аллаһпын! Менен өзге тәңір жоқ! Ендеше, Маған құлдық ет!» (Та-Ха сүресі, 20/14)
«Өзіңе құлдық етеміз және Өзіңнен жәрдем сұраймыз!» (Фатиха сүресі, 1/5)
«Шынында, менің жалбарынуым, құлшылықтарым, өмірім және өлімім әлемдердің Иесі – Аллаһ үшін!» (Әнғам сүресі, 6/162)
Құран аяттарында мұсылман пенденің тек Жаратушыға құлдық қылатыны, Аллаһтың көрсеткені және түсіргені бойынша өмір сүретіні айқындалған. Арабшадағы «абд» сөзі құлдықты, тәуелділікті, бағыныштылықты, қызмет/еңбек етуді, ұлықтауды білдіреді. Құран, біртұтас жүйе ретінде, басынан аяғына дейін имандыларды тек Аллаһқа ғана «абд» яғни «құл» болуға, басқаға құл болмауға үндейді. Демек, имандылар толыққанды еркіндікте болуы керек, ешбір күшке, ешбір адамға яки затқа басы байлаулы құл болмауы керек. Құлдық ұғымы барлық әлемін жаратқан шексіз құдірет Иесіне ғана қарата болуы мүмкін. Құранда имандылардың фәни адамдарға құлдық ұруы, қанаушы топтардың жетегінде кетуі дегендер жоқ. Күллі ғаламды бар еткен Аллаһқа тәуелді болмасқа амалымыз жоқ, өйткені, ауа жұтуымыздан бастап, барлық функцияларымыз Оның заңдары бойынша болады. Міне, Ислам дініндегі осы еркіндік, тәуелсіздік концепциясы ешбір дінде, ешбір философиялық идеяда жоқ. Өзгелері адамдарды фәни пенделерге, шіркеуге яки өткінші құрылымдарға, тіпті ақыл-еске еш сыймайтын нәрселерге, қысқасы, құлға құл етеді де тұрады. Құранда баяндалған қиссаларды оқыңыз, мәселен Мұса пайғамбардың Исраил ұрпақтарын құлдықтан тәуелсіздікке жетектеуі туралы айтылады. Сол сияқты Мұхаммед пайғамбар да мұсылмандарды Меккеден Мединеге көшіру арқылы құлдықтан құтқарды, саяси һәм экономикалық тәуелсіздікке жеткізді, мұсылман қоғамы сөйтіп нығайды...

ИСЛАМ ӘЛЕМІНІҢ АЯНЫШТЫ ХАЛІ

Жә, шын мәнінде Құранның жоғарыда қысқаша ғана келтірілген тәуелсіздік, еркіндік концепциясы қазіргі дәуірде мұсылман әлемінде қалай көрініс тапқан? Мұсылмандар шынымен де толық тәуелсіздікке қол жеткізе алған ба? Ислам үмметі кімге құлдық қылуда және кімнен жәрдем сұрауда? Мұсылмандар қалай күн көруде, кімге жалбарынуда? Сәл осы мәселелер төңірегінде ойланайық, ағайын. Алдымен сіздерге қазіргі Ислам әлемінің шынайы хал-ахуалы туралы Ислам Конференциясы ұйымының (ИКҰ) есептерінен бірнеше дерек келтірейін:
Дүниежүзінде 1,5-2 миллиард мұсылман бар деп болжануда. Демек, мұсылмандар әлемдегі жан санының 25 пайызын (1/4) құрайды. Бұл өте үлкен көрсеткіш, мұсылмандар христиандардан кейін екінші орында.
Әлемде 57 мұсылман мемлекеті бар, бұлар Ислам Конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер. Демек, әлемдегі барлық мемлекеттердің 30 пайызы (1/3) мұсылмандардікі. Бұл да үлкен көрсеткіш (http://www.oic-oci.org/member_states.asp). Дүниежүзіндегі минералды ресурстардың, энергия көздерінің айтарлықтай бөлігі мұсылман елдерінің еншісінде екенін назарға алайық.
Енді осы мәліметтер негізінде мына деректерге көңіл бөліңіз:
§ Надандық: Әлемдегі мұсылмандардың тең жартысы сауатсыз. Бұл 1,5-2 миллиард адамға шаққанда сұмдық үрейлі көрсеткіш, масқара. Кейбір елдердегі сауатсыздық деңгейі таңдай қақтырады: мәселен, 2008 жылғы деректер бойынша ересек әйелдердің Алжирде 34%, Бангладеште 52%, Мысырда 40%, Мароккода 58%, Пәкістан мен Йеменде 60%, Түркияда 20% сауатсыз (http://www.sesric.org/baseind_5.php). Шумерлердің осыдан 5300 жыл бұрын сауатты қоғам орнатқанын ескергенде, ХХІ-ғасырдағы мұсылмандардың мына аянышты халіне не дерсің?! Кітабының аты «Құран» яғни «оқулық» деп аталған, алғашқы аяты «оқы!» деп басталатын бұл діннің үмметіне лайық па осы надандық? Жуырда Израиль әскері Палестинаның Газа бөлігіне баса көктеп кірмекші болғанда, Хамас ұйымының басшылары «250 мың қарулы адамымыз бар!» деп сес көрсетіп еді. Израиль екі аптаға созылған шапқыншылықта 2 мыңнан астам адамды қырғанда (оның басым бөлігі сәбилер мен еш жазығы жоқ әйелдер, қарттар), жаңағы Хамасы болсын, араб елдері болсын, ешбірі қарсылық көрсете алмады. Хамастың білімсіз 250 мың қарулы адамы болғанынша 250 мың білімді адамы болса, Палестиналық мұсылмандар осы халге душар болар ма еді? Ішетін суынан, электр қуатына дейін, дәрі-дәрмектен жанар-жағар майға дейін түгелдей Израильден алатын Газалықтар, өздері толығымен тәуелді болып тұрған Израильмен қалай тайталасқа түспек? Жастардың қолына калашниковтың орнына қалам ұстатып, білім жолына салғанда, Палестина баяғыда мемлекет болар еді және де гүлденген, дамыған елге айналар еді ғой...
§ Ғылыми потенциал: Ғылым және техника салаларында жарияланған мақалалардың жалпы мөлшері елдердің даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштерден. 1996-2005 жылдары аралығында (10 жылда!) Сомалиде 16, ең дамыған мұсылман елі саналатын Түркияда 87,629 ғылыми-техникалық мақала жарияланған екен. Ал аталмыш кезеңде АҚШ-тағы екі-ақ жоғары оқу орнында – MIT (Massachussets Institute of Technology) және Станфорд университеттері, 99,643 мақала жарияланған екен! (Science & Technology in the OIC Countries, SESRTCIC, Ankara, 2005, 1-бет). Аталмыш кезеңде Қазақстан 2,242, Ауғаныстан 59, Грекия 65,107, Финляндия 86,608 мақала шығарған. Барлық әлем пайдаланатын Нокиа телефондарын өндіретін Финляндияның бар-жоғы 5-ақ миллион халқы бар.
§ Ғылыми белсенділік: 1996-2005 жылдары жарияланған ғылыми және техникалық журнал мақалалары бойынша: Ауғаныстанда 1 миллион адамға шаққанда 2,5 мақаладан келсе, Пәкістанда 53, Қазақстанда 150, Түркияда 1,240 мақаладан келеді екен. Ал Финляндияда бұл көрсеткіш 16,556 және Ирландияда 14,930 мақаладан! Ирландияның 4-ақ миллион халқы бар екенін ескеріңіз. Арадағы алшақтық жер мен көктей!
§ Ғылыми мақалалар: 2005 жылы Ислам Конференциясы ұйымына мүше 57 елде (1,5 миллиард адам!) барлығы 45,425 ғылыми мақала жарияланса, АҚШ-тың бір Нью-Йорк штатының (19 миллион адам!) өзінде 52,560 мақала жарияланған екен. Бір ғана Гарвард университетінде (6,650 студенті бар) 2005 жылы 15,455 ғылыми мақала жарияланғаны көп нәрсені байқатады. Осы уақытта Қытайда – 80,282, Ресейде – 28,073, Үндістанда – 29,047 мақала жарияланған.
§ Зерттеу және дамыту (R&D): 1996-2003 жылғы деректер бойынша мұсылман елдері жалпы ішкі өнімдерінің (ЖІӨ) тек 0,38 пайызын зерттеу және дамытуға жұмсаса, АҚШ 2,67%, Қытай 1,31%, Оңтүстік Корея 2,64% және Израиль 4,72 пайызын зерттеу және дамыту саласына жұмсайды (World Bank, World Development Indicators).
§ Жоғары технология (Hi-Tech): 2004 жылы барлық мұсылман елдерінің әлемдегі жоғары технологиялық өнімдер (ЖТӨ) экспортындағы үлесі небары 4,1% болған. Осы көрсеткіштің, яғни 4,1 пайыздың 97 пайызын мына үш мұсылман елі құрайды: Малайзия, Индонезия және Түркия. Қалған 54 мемлекет 3-ақ пайызға ие. Осы санаттан әлемдегі ЖТӨ экспортының АҚШ 15% және Қытай 11% өндіріп отыр. Жоғары технологиялық өнімдер былай тұрсын, мұсылмандар қарапайым өнімдердің өзін басқа діндегілерден алады. Басқаны айтпағанда, мәселен, Меккедегі Кәғбаның айналасындағы дүкендерде сатылатын жайнамаз, тақия, азан шақыратын сағат, тәсбіх, құбыла компасы т.т. сияқты тауарлар түгелдей Қытайдан әкелінеді! Мұсылмандардың бір Нокиа, Самсунг, Тойота т.т. сияқты әлем таныған брэнді де жоқ.
§ Патент саны: 1997-2005 жылдары патент алу жөнінде әлем бойынша 986,606 арыз тіркелсе, мұның тек 5,146 данасы, яғни 0,5% (!) ғана мұсылмандардікі. Сонда, 1,5-2 миллиард мұсылманның жиынтық интеллектуалдық күші әлем бойынша 0,5 пайызға тең келіп тұр! Синтоизм мен буддизмді ұстанатын Жапония болса 130 миллион халқымен әлемдегі патенттердің 37,7 пайызына иелік етуде. Бір қуаныштысы Қазақстан 2000-2005 жылдары аралығында 4,063 патент тіркетіп, Түркиядан кейін мұсылман елдері бойынша екінші орында тұр (http://www.wipo.int/pct/en/).
§ Кедейшілік: Индонезия халқының 52,4% күніне 2 доллардан кем табыс табады екен. Бұл елде 200 миллион мұсылман барын ұмытпаңыз. Сол сияқты күніне 2 доллардан кем табатындардың мөлшері Мысырда 44%, Пәкістанда 74%, Нигерияда 92,4%, Бангладеште 82,8%, Түркияда 18,7% (БҰҰ, Адам дамуы есебі, 2006 ж., UNDP, Human Development Report 2006). Мұсылмандардың басым көпшілігі аштық және кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Бұл да намысыңды жаниды. Дамыған елдермен салыстыру үшін ащы да болса мына фактіні келтірейін: Еуропа Одағы мүше елдердің ауыл-шаруашылық салаларын қолдап-қорғау мақсатымен қомақты қаржы бөледі. Осы есептен Грекияда әрбір сыйырға күніне 2,5 доллардан ақша дотация ретінде бөлінетініне жылайсың ба күлесің бе...
§ Ауыз су тапшылығы: Ауыз суға қолы жетпейтін халықтың пайыздық мөлшері жағынан да мұсылман елдері әлемдік біріншілікті берер емес. Индонезия 23%, Сұдан 30%, Нигерия 52%, Чад 58% халқына таза су жеткізе алмай отыр.
§ Бәсекеге қабілеттілік: Дүниежүзілік экономикалық форумның 2006-2007 жылғы «Әлем бойынша бәсекеге қабілеттілік есебіне» қарағанда Швейцария бастаған мықтылар тізімінде мұсылман елдерін көре алмайсыз, олар тек артқы орындарда. Малайзия ғана 26-орында тұрса, Қазақстан 56-орынды иемденген. Тізімнің алғашқы сабында өңкей христиан, буддист, синтоист және йаһұди діндеріндегі мемлекеттерді көресің (http://www.weforum.org/en/initiatives/gcp/Global%20Competitiveness%20Report/index.htm).
§ Нобел сыйлықтары: 1901 жылдан басталған әйгілі Нобел сыйлығы туралы да бірер ауыз айта кетейік. Саяси ықпалдармен берілуі ықтимал бейбітшілік және әдебиет сыйлықтарын емес, нақты ғылыми өлшемдер бойынша берілетін физика, химия және медицина саласындағы Нобел сыйлықтарын қарастырдым. Мәселен, физика саласындағы Нобел сыйлығы 1901 жылдан бері қарай 183 адамға берілсе, 1,5-2 миллиардтық мұсылман әлемінен тек 1979 жылы Пәкістандық Абдус Салам (1929-1996) ғана осы атаққа лайық болған екен. 153 ғалымға берілген химия сыйлығын 1999 жылы алған жалғыз мұсылман ғалым – мысырлық Ахмед Зеуаил (1946- ). Медицина саласындағы Нобел сыйлығымен 1901 жылдан бүгінге дейін 192 ғалым марапатталыпты. Оның ішінен жалғыз мұсылманды таптым – 1936 жылы АҚШ-та дүниеге келген, тегі Албаниялық Ферид Мурад (http://nobelprize.org/nobel_prizes/). Бұл үшеуінің де ортақ қасиеті Еуропа немесе Америкада маманданып, ғылыми зерттеулер жасағаны. ІХ-ХІІІ ғасырларда адамзатқа әл-Фараби (870-950), Ибн Сина (980-1037), әл-Бируни (973-1048), әл-Хорезми (780-850?), Ибн Рушд (1126-1198), әл-Кинди (800?-873) сияқты мыңдаған ғалымды тарту еткен мұсылман әлемі бүгіндері ғафлат ұйқысынан ояна алмай келеді.
§ Спорттағы табыстар: Ақыл күшінен енді дене күшіне келейік. Олимпияда ойындарының бір ғасырлық тарихында жазғы және қысқы олимпияда ойындарында барлығы 5,282 алтын медаль берілген екен. Барлық мұсылман елдері (!) жеңіп алған алтын медаль 102 дана ғана, яғни 0,01%! Демек, мұсылман еместер алтын медальдердің 99,99% алған! Ең көп алтын медальі бар Түркия 37 алтынмен әлемдік тізімде 30-орында. Жетпіс миллионнан астам халқы бар Иран 11 алтын медальмен 46-орында болса, Қазақстан 10 алтын медальмен 48-орында келеді. Басқа мұсылман елдерін айтудың тіпті қажеті жоқ. АҚШ 1009 медальмен көшті бастаса, алғашқы 30 елдің басым көпшілігі Еуропаның христиан елдері мен Қытай, Жапония және Корея сияқты Азия елдері (http://www.olympic.it/english/medal/id_overall.htm). Бұл жағынан да жағдайымыз мәз емес.
Мысалдарды көбейтуге болады. Соңғы екі жыл бойы Ислам әлемінің даму деңгейін дүниежүзілік масштабта салыстырмалы деректер бойынша зерттеудемін. Мұсылмандардың артта қалу себептерін анықтау және тығырықтан шығудың амалдарын қарастыру мақсатымен қыруар дерек көзін тексерумен, талдаумен келе жатырмын. Мәселен, орташа өмір, бала өлімі, ана өлімі, қоректену деңгейі, жоғары білімділердің жалпы халыққа мөлшері, инновация, табыс үлесімі, әлеуметтік әділеттілік, өмір сүру сапасы, бақыттылық деңгейі, өміріне қанағаттанушылық, ұлттық брэндтер, жұмыссыздық, сөз бостандығы, әйел құқықтары, инфрақұрылым, мүліктік құқықтар, қорғаныс қабілеті, дәрі-дәрмек өндірісі т.т. сияқты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша Ислам әлемінің жағдайы басқа жұртпен салыстырғанда өте нашар, дамыған елдерден бірнеше ғасыр артта келеміз. Алайда еңбексіз ешнәрсе де өзгермейді, Құран 14 ғасыр бұрын барлық өзгерістің адамдардың өздеріне байланысты екенін ескерткен жоқ па?:
Шынында, Аллаһ ешбір қоғамды олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпес! (Рағд сүресі, 13/11)
Өйткені, шынымен де бір қоғам өз-өзін өзгертпейінше, Аллаһ оларға берген нығметін өзгертпес! (Әнфал сүресі, 8/53)
Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы бабамыз да бір өлеңінде:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
деп осы мәселеге байланысты ұстанымын айтып өткен.

ҚАРАҢҒЫ ҒАСЫРЛАР

Еуропа ғалымдары Батыс Рим империясының м.к. 476-жылы варварлар (!) тарапынан құлатылуы мен Ренессанс (Қайта жаңғыру, XIV-XVI ғғ.) арасындағы мың жылдық дәуірді «Қараңғы ғасырлар» (Dark Ages) деп атаған. Осы мың жылдық уақытта Еуропа қоғамдарының өркениеті құлдырады, шіркеудің үстемдігі түбегейлі орнады, ғылымға тыйым салынды, ғалымдар мен еркін ойлаушылар жойылды, жазықсыз әйелдер тірідей отқа салынды. Дегенмен, Шармық (крест) жорықтары арқылы мұсылман әлемінің дамыған алтын дәуірін көрген еуропалықтар көздерін аша бастады. Жібек Жолын олай да бұлай шарлап өткен П. Карпини (1180-1252) У. Рубрук (1215?-1270), Марко Поло (1254-1324), сияқтылар қараңғы Еуропаға таңсық жаңалықтарды жеткізумен болды. Испанияны 8 ғасыр билеген Андолусия мұсылмандары жабайы еуропалықтарға бүгінгі біздерге Еуропа қалай көрінсе солай көрінетін. Мұсылман елдерінің сапалы тауарлары мен өнер туындыларына сұраныс зор еді. Мұсылмандар ғылым мен білімде, өнер мен әдебиетте жетекші орында еді. Бірте-бірте Еуропада «Шығыстану» (orientalistics, востоковедение) ғылымы пайда болды. Батыс зерттеушілері ғасырлар бойы Шығыс халықтарының тілі мен дінін, тарихы мен мәдениетін, Шығыс ғұламаларының еңбектерін зерттеумен болды. Бүгінгі күннің өзінде шығыстану ғылымы Батыс елдерінің жоғары оқу орындарында философия, тарих, филология сияқты ең негізгі гуманитарлық ғылым саласының бірі болып табылады. Өкінішке қарай, мұсылман әлемінде «Батыстану» (occidentalistics, западоведение) ғылымы ешқашан да ғылымның саласы, тіпті, зерттеу нысаны ретінде де пайда болған жоқ...
Қараңғы ғасырларды бастан кешіп жатқан Еуропада шындықты қорықпай айта білетін іждиһатты, жігерлі ғалымдар пайда болды. Олар неліктен мұсылмандар тамаша жасап жатқанда біздер жабайылықта өмір сүреміз деп ой жүгіртті. Батыстың артта қалуының басты себебінің бірі ретінде қоғамға және ғылымға өктемдік жүргізген шіркеу репрессиясы осы ілгерішіл ойшылдардың көзіне көріне бастады. Ойға бұғау салған, ғасырлар бойы бейкүнә адамдарды құлға айналдырып, жаншып қинаған, әртүрлі жаңалық пен дамуға қарсы белсенділікпен аяусыз қанды күрес жүргізген шіркеу барлық зорлық-зомбылығын қолданғанымен ақылды жеңе алмады, адам баласының азаттыққа, еркін ойлауға деген ынтызарын құрта алмады. 1215 жылы негізі қаланған инквизиция соты шіркеу догматтарына қарсы пікір білдірді немесе күмәнмен қарады деген айыптаумен ХІХ-ғасырға дейін Еуропа мен отарланған елдерде жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған жазықсыз адамды қойша қырды. Н. Коперник (1473-1543), Дж. Бруно (1548-1600), И. Кеплер (1571-1630), Г. Галилей (1564-1642) жазықсыз жазаға ұшыраған ғалымдардың бірнешеуі ғана. Еуропаны бүгінгі даму биігіне көтергендер осылар сияқты еркін ойлай білген, эмпиризм мен эпистемологияның негізін қалаған, позитивті ойлау және рационалды логиканы дамытқан батыл ойшылдар. Ислам әлемі болса XIII-ғасырдан бастап құлдырады, тоқырады, ғылым мен білімде, өнер мен технологияда бұрынғысындай біртуар тұлғалар мен туындыларды шығара алмады.
Мұсылман әлемінде Батыстағыдай «инквизиция» ресми институт ретінде қалыптаспағанымен, әл-Ғазалиден (1058-1111) кейін кең таралған аскетизмді әсіре дәріптеуші суфизм-мистицизм-оккультизм ағымдары, сонымен қатар догматизмді ту еткен һәм билеуші феодал таптың бақылауындағы (әсіресе, Әмәуилер/Омеядтар мен Аббасилер) схоластикалық мектептер ғылыми еркіндікке тосқауыл қойып, барлық «өзгеше» ой-пікірге мейлінше қысым көрсетіп, тұншықтырды. Бүгінде өзінің дегеніне көнбеген мұсылман бауырларын малша бауыздайтын Талибан және сол тектес экстремист ағымдар қараңғылық пен зұлымдық жағынан инквизициядан еш кем емес. Инквизиция залымдары бәрін «Иса Мәсіхтің» атымен және «дін» үшін жасаса, бұлар да барлық зорлық-зомбылықты Аллаһтың (!) атымен және дін (!) үшін жасауда. Бұл Құрандағы ізгілік дінінің адамның қолымен қаншалықты бұрмаланғанын дәлелдейтін трагедиялық ақиқат. Алайда, Құран дінде қысым жасауға түбегейлі қарсы және адамдарға толық сенім еркіндігін беретін аяттарға толы:
«Дінде зорлық жоқ!» (Бақара сүресі, 2/256)
«Айт: «Шындық Иелеріңнен! Ендеше, қалаған сенсін (иман етсін) және қалаған сенбесін» (Кәһіф сүресі, 18/29)
Жаратқан пенделері туралы үкімді Аллаһ өзі береді, ешбір діни тап өкілінен, секта көсемінен сұрамайды және мизан күні ешкімге әділетсіздік етілмейді. Инквизиция соттары және мағына һәм мазмұн жағынан оған ұқсас барлық құрылымдар Жаратушының билігіне қол сұғып, Оның атынан үкім шығарады, жазықсыз адамдарға қиянаттық жасайды, оларды азапқа салады, адамдарды діннен қашырады, суытады. Еуропадағы мұражайлардағы «азаптау» коллекцияларын көрудің өзі төбе шашыңды тік тұрғызады, ешбір қылмысы жоқ пенделерді ойлап көзіңе жас аласың...
Шынында, нағыз үкім Аллаһтікі ғана. (Йұсұф сүресі, 12/40)
Өзінің үкіміне ешкімді де ортақ етпейді! (Кәһф сүресі, 18/26,27)

ҚҰРАН НЕ ҮШІН ТҮСІРІЛДІ?
ПАЙҒАМБАР НЕ ҮШІН ЖІБЕРІЛДІ?

Енді, осы маңызды сұраққа жауап іздеп көрелік. Құранның түсірілу хикметі жөнінде көптеген аяттар сыр шертеді. Мына аяттарда жоғарыдағы екі сұраққа бірдей жауап берілген:
(Құран) Тірі жандарға ескерту және нанғысыз опасыздар (кәпірлер) жөніндегі сөз шындыққа айналсын деп (түсірілді) (Йа-син сүресі, 36/70)
Бұл сондай кітап, адамзатты қараңғылықтардан нұрға шығаруың үшін өзіңе түсірдік. (Ибраһим сүресі, 14/1)
Құранның Пайғамбарымызға жіберілуіндегі басты мақсаттың бірі – адамзатты қараңғылықтан жарыққа шығару. Ал бүгінгі мұсылман әлемі қараңғылықта өмір сүріп жатыр ма, жоқ жарықта өмір сүріп жатыр ма, оны бағалауды сіздердің ар-ұждандарыңызға қалдырамын. Әр иманды пенде ақылымен ойланып, ұждан таразысына салып, Ислам Конференциясы ұйымының жоғарыда келтірілген ресми деректерін ескере отырып қорытынды жасасын...
Құранның сөз байлығына, суреттеу қабілетіне таң қалмасқа шараң жоқ. Күнделікті өмірде жиі қолданылатын кейбір сөздердің Құрандағы мағыналарына бір сәт қарайық. Мәселен, жоғарыдағы аяттағы арабша «зұлым» сөзі сөздікте «қараңғылық» дегенді білдіреді және аяусыздық, қатыгездік мағынасын да қамтиды. Осы түбірден жасалған «зұлмат», «залым» сөздері шын мәнінде қараңғылықты, нұрсыздықты, жауыздықты білдіреді. Көптеген аяттарда Аллаһ «залымдарды» яғни қараңғы жауыздарды жақсы көрмейтінін білдіреді (Құран, 3/57, 3/140, 42/40). Расымен де зұлымдық қараңғылықтан өрбиді ғой. Келесі сөз «куфр», қазақшаға «күпір», «кәпір» түрінде кірген бұл сөздің төркіні «шындықты бүркемелеу», «бір нәрсенің бетін жабу, жасыру», опасыздық және қиянаттық жасау дегенді білдіреді. Кәпірлер шындықты бүркемелеп, жасырғандары үшін Құранда осы сөзбен бейнеленген. Осы екі сөзді анықтап талдағанда зұлымдық пен күпіршіліктің қараңғылық, надандық және қасақана бұрмалаушылық сияқты қылықтармен етене қатынасы бар екенін байқаймыз.


БАРЛЫҚ ҒАЛАМ АЛЛАҺТЫҢ АЯТТАРЫ

«Аят» сөзінің Құрандағы мағынасына да бір сәт үңілейік. Аят – дәлел, айғақ, белгі, ишарат мағыналарын береді. Құран аяттары – оқылатын айғақтар деген сөз. Құран Аллаһтың аяттарын екі топқа бөледі;
1.Құранда келтірілген жазбаша аяттар (айғақтар).
2.Жаратылыс әлеміндегі барлық нәрселер, космостық заңдылықтар, табиғат құбылыстары, қысқасы барлық ғалам Аллаһтың аяттары.
Барлық ғылым және материя әлемі Аллаһтың аяттары, Оның билеуіндегі физика, химия, биология, астрономия т.т. сияқты заңдармен дүниеге келеді, жүзеге асырылады. Кімде-кім осындай ғылым салаларын зерттеумен шұғылданса, Аллаһтың аяттарын зерттеумен шұғылданғаны. Кімде-кім ғылымды мойындамаса, Аллаһтың аяттарын мойындамағаны. Ислам дінін Аллаһтың жазбаша аяттарын жаратылыс аяттарымен қатар оқығанда толығырақ түсінеміз. Осы екі аят категориясының біріне жете мән бермеген адам Исламды түсінуде апатқа ұшырайды. Бүгінгі дамыған қоғамдар Аллаһтың жаратылыс аяттарын лайығынша зерттеп, ғылыми жетістіктерге сай өмір сүргендіктен, ақылды басшылыққа алғандықтан табысқа жеткен деп санаймын. Ислам әлемі дінді тек ритуал шеңберінде ғана түсініп, бос-негізсіз ырымдар бойынша өмірді анықтаудың орнына, Аллаһтың космостағы, табиғаттағы нағыз аяттарын оқып, ғылыми аяттарына сәйкестендірсе жөн болар еді. Үйіміздің, автокөлігіміздің кілтін бейтаныс адамдарға бермейтініміз сияқты, дүниеміз бен ақыретіміздің кілтін кім-көрінгеннің қолына тапсырмайық, ағайын.

СЫРТТАН КЕЛГЕН АҒЫМДАР

Қазақстанда жанталаса миссионерлік жасап жатқан діни ағымдардың бастысы протестант бағытындағы шіркеулер. Бұлардың көбісінің орталықтары Америка, Оңтүстік Корея және кейбір Еуропа елдерінде. Ғасырлар бойы миссионерлік тәжірибесін жинақтаған протестант шіркеулері Америкадағы саяси құрылымдармен біте қайнасып кеткен. АҚШ-тағы протестант христиандардың 70 пайызы фундаменталист евангелист секталардың ықпалында деген пікір бар. Технология дамыған бүгінгі күні діни ағымдар мен секталар тек діни үгіт-насихат тасымалдаумен ғана шектелмейді, олар саяси-идеологиялық ықпалдарды да қоса енгізеді. Дәлел ретінде, протестант шіркеулерінің христиандықтың католик тармағындағы Оңтүстік Америка елдері, Орта және Шығыс Еуропа және Ресейде ерекше белсенділікпен жұмыс атқаруын айтуға болады. Бұл өздері онсыз да ежелден христиан дініндегі халықтарды протестант жағына шығару – прозелитизм. Демек, басты мақсат христиандандыру емес, менталитетті ауыстыру арқылы католиктер мен православтарды саяси-экономикалық ортақ лагерге кіргізу, ықпал шеңберіне енгізу. Осы елдердегі протестанттардың санын арттыру арқылы оларға іштен ықпал ету.
Сонымен қатар христиан емес халықтарды, әсіресе, стратегиялық маңызы бар елдерді шоқындыру амалдары бар күшімен, 24 сағат, 365 күн бойы жүзеге асырылуда. Протестант шіркеулері соңғы жылдары Қытай, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан сияқты елдерде қарқынды жұмыс істеп келеді. Оңтүстік Корея соңғы жарты ғасырда шоқындырылды. Қытайдағы шоқынғандардың саны 25-55 миллион арасында деп болжануда, алайда «Иса Мәсіх Пекинде – Христиандық Қытайды қалай құбылтуда және әлемдегі күш тепе-теңдігін қалай өзгертуде?» атты кітаптың авторы, атақты «Тайм» журналының тілшісі Дейвид Аикман (David Aikman) «Қытайда 70 миллион протестант және 12 миллион католик христиан бар» деп жазады. Автордың пікірінше бұл сан жағынан 70 миллион мүшесі бар Қытай коммунистік партиясынан да ірі жамағат (http://www.eni.ch/articles/display.shtml?05-0691). Өзіңіз ойлаңызшы ағайын, болашақта дүниежүзіндегі ең мықты державаның бірі болатыны әзірден көрініп тұрған Қытайдың шоқындырылуы кімнің мүддесіне тиімді болмақ? Экономикасы қарқынды даму үстіндегі Үндістанда христиандықты қабылдаған үнділердің саны 25-30 миллион шамасында және бұл сан күн сайын өсіп келеді. Үндістанда көп таралған тілдерде діни үгіт-насихат тарататын 20-шақты телеарнаның болуын немен түсіндіреміз. Енді миссионерлер елімізге не үшін ағылып келетінін түсіну қиынға соқпаса керек. Миссионерлік саласына жұмсалып жатқан миллиардтаған долларлар қайдан келіп жатыр және христиан секталарын кімдер қолдайды? Олардың барлығының аталмыш елдерде, оның ішінде өзіміздің елде де жанашырлары, қолдаушылары бар. Әңгіме қолына Библия ұстап келген бірнеше монах жөнінде емес ағайын, одан да әріректе, одан да тереңде жатыр миссионерліктің мақсаты және жоспарлары. Дін – құрал ғана. Дін адамдарды инандыру және ұйымдастыру үшін таптырмас құрал, орны толмас ресурс. Бір рет сендіріп, бағындырып алған соң не істетуге болмайды көр-соқыр берілген пақырға? Сондықтан, еліміздегі және әлемдегі діни үрдістерге жалаң діни сенім бостандығы тұрғысынан қарау менің ойымша бұл сергелдеңі мол көкейкесті мәселені шала бағалаушылық болар. Дін ауыстыру түгелдей дүниетанымыңыз бен менталитетіңізді, саяси көзқарастарыңыз бен өмірдегі мақсаттарыңызды тұтастай ауыстыру деген сөз. Христиан секталары шексіз қаржы және кадр ресурстарына және халықаралық саяси қолдауға ие болғандықтан үлкен табыстарға қол жеткізіп отыр. Біздің олармен бәсекелестікке түсетін еш мүмкіндігіміз жоқ, себебі не қаржылай не басқаша қолдаушымыз жоқ. Біздер күн көрудің қамымен жүргенде олар барлық жағынан қамсыздандырылған он мыңдаған миссионерден құралған үгіткерлер армиясымен, әлемдегі ең ірі баспаханалар және телеарналар жүйесімен жұмыс істеуде. Менің дін жөніндегі заңымыздың өтпей қалуына қапалануым да осыдан....

ИСЛАМДЫ ДАЛДАЛАҒАН АҒЫМДАР

Бүгінде елімізде мұсылмандарды жіктерге бөліп, біріне бірі қарсы уағыз тарататын көптеген діни ағымдар, топтар бар. Бұлар өздеріне жақпаған адамдарды (үкімін Құдайға қалдырмай-ақ!), тамұққа лақтыруда алдарына жан салмайды. Басым көпшілігі сырттан келген яки шетелдерде оқып, бізге жат ағымдардың ықпалына душар болған өзіміздің балаларымыз тасымалдаған ағымдар. Бұларға қарсы яки балама ретінде іштен шығарылған теріс ағымдар да бар. Әрине, бұл жерде ауруды аурумен жоюға болмайтынын атап айту шарт. Ауруды тек ем арқылы, ащы да болса дәрі-дәрмен арқылы жеңуге болатынын естен шығармаған жөн.
Аталмыш ағымдарды негізінен екі топқа бөлсек болғаны:
1.Эзотерикалық, мистикалық ағымдар: Бұлар негізінен «нақылға» иек артады, құпия-сырларға жетудің жолын өздері ғана біледі, аскетизмді дәріптейді, рационалды ойлауға қарсы, ғылымды мансұқтайды, өз қатарларына қосылғандардың еркіндігіне мейлінше шектеу қояды, ақылды желіден шығарып адамды құр мойынсұнғыш қуыршаққа айналдырады. Діни әдебиеттері аңыз-әфсаналар мен таңғажайып құбылыстарға толы. Пирамиданың астында қалың көпшілік тұрса, төбесінде барлығын билеп отырған тариқат көсемі тұрады.
2.Схоластикалық догматизм ағымдары. Бұлар негізінен көр-соқыр сенімге және мойынсұнуға үгіттейтін, бұрынғылардың жолын айна-қатесіз қууды уағыздайтын, көнені аңсайтын, артқа тартатын ескішіл, кертартпа топтар. Діни ритуализм мен формализмді басты орынға қоятын осындай ағымдар өздеріне қосылған азаматтарды бірден догматтарға бағындырып, фатализмді санаға құюмен болады.
Осы екі қарсылас бағыт елімізде қарқынды түрде үгіт-насихат жасап келеді. Менің ойымша бұлардың бірі арбаны оңға құлатса, ендігісі солға аунатады, ал бізге орта жол керек. Бұл екеуіне де қосылмаған ортадағы мұсылман қауым болса қандай бағытты ұстанарын білмей, кімге барып, кімнен сұрарын ажырата алмай, әбігерге түсіп, басы қатып отырған жайы бар. Аталмыш қарсылас бағыттардың ортақ қасиеттері де бар. Олар:
- Бұл ағымдардың басым көпшілігі сырттан келген. Демек, бұлар сырттан биленеді.
- Екеуінде де Құранда орны жоқ «рұһбандық» яғни «діни тап» пайда болған. Екеуінде де «киелі адамдар» мен «ұлықтар» пантеоны барлық мәселені шешіп тастаған, біздерге тек мүлтіксіз құлдық ұру, еліктеу ғана қалдырылған.
- Қатыгездік культі, басқа сенімдегілерге төзімсіздік, жаңалықтарға томаға-тұйықтық басым.
- Қосылғандардың материалдық және моральдық еркіндігіне барынша шектеу қою.
- Адамзаттың заманауи ізгі жетістіктеріне (мағрұф), ғылымның көптеген табыстарына, мәдениет пен өнердің құндылықтарына көп жағдайларда тыйым салу яки мансұқтау.
- Тоталитарлық иерархиялық жүйелері арқылы елдегі саясатқа ықпал ету, тіпті, түбінде билікті өздерінің идеологияларына сәйкестендіру, теократиялық мемлекет орнату.
- Діни синкретизм, әсіресе йаһұдилік пен христиандықтан қабылданған элементтер (исраилият және мәсіхият).
Бүл ағымдар өздерінің нағыз тура жолда жүргендерін дәлелдеу үшін жамағаттарының сан жағынан көптігін алға тартады. Алайда, адам санының көптігі ғылым және Құран тарапынан дәлел ретінде қабылданбайды:
Жербетіндегілердің көпшілігіне бағынатын болсаң, олар сені Аллаһтың жолынан тайдырады. Шынында, олар тек болжалға (күмәнді ойға) еруде һәм сол болжалмен топшылауда! (Әнғам сүресі, 6/116)

ҚҰРАН МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ БӨЛІНУІНЕ
ҮЗІЛДІ-КЕСІЛДІ ҚАРСЫ

Ислам діні – бірлік діні. Ислам – ізгілік діні, ол ешқашан да имандылардың қырғи-қабақ болуын, жанжалдасуын қаламайды, жалпы ешкімге де жамандық тілемейді. Дініміз бейбітшілік діні және барлық мұсылмандарды туысқан бауырлас деп санайды. Деструктивті және кертартпа діни ағымдардың мұсылман үмметін қырық пышақ етіп бөлуі ең біріншіден дінімізге жасалған ең үлкен қиянат емес пе?! Тағы да Құранға жүгінейік:
Діндерін жік-жікке бөліп, топ-топ болғандарға сенің еш қатысың жоқ! Олардың ісі/бұйрығы Аллаһқа тиесілі! Аллаһ оларға істегендерін хабарламақ! (Әнғам сүресі, 6/159)
Өздеріне айқын айғақтар келгеннен кейін жіктерге бөлінгендер және келіспеушілікке ұрынғандар сияқты болмаңдар! Оларға орасан зор азап бар! (Әли Имран сүресі, 3/105)
Бәрің түгелдей Аллаһтың желісінен мықтап ұстаңдар және ешқашан да жіктерге бөлінбеңдер! (Әли Имран сүресі, 3/103)

БЕТІМІЗДІ БОЛАШАҚҚА БҰРАЙЫҚ

Аз уақытта біраз нәрсені баяндауға тырыстым, қаншалықты әсерлі болғанын сіздер бағалайсыздар. Осыншама мәліметтен соң бірер сөз өзімнің болашақ жөніндегі ой-пікірлерім турасында болмақ. Ислам әлемін тығырықтан шығару үшін не істеуіміз керек? Менің ойымша біз мұсылмандар кітабымыз Құранда айқындалған жолмен, ақыл жолымен, ғылым-білім жолымен, зайырлы қоғамды сақтай отырып, демократиялық еркіндіктер мен құқықтарды мүлтіксіз орындай отырып, гуманизм мен бейбітшілікті дәріптеп, еңбекшілдік және ізденімпаздық негізінде даму және ілгерілеу жолында жүруіміз керек. Құран осының барлығына да келісім береді, тіпті, талап етеді:
- Құран ішкі үйлесімінде керемет біртұтас жүйе,
- Өмірдің барлық саласына қатысты үлгілі тұжырымдар жасайды,
- Барлық заманаға және барлық адамзатқа үндеу жолдайды,
- Ақылды жоққа шығармайды, қайта ақылды негіз етуге шақырады,
- Өмірмен, ғаламдағы жаратылыс заңдарымен қайшылыққа түспейді,
- Тыйымдары аз, еркіндігі мол, адамның абыройы мен қадір-қасиетін қорғайды,
- Адамның ішкі әлеміне де жол табады,
- Әр түрлі қанаушылыққа қарсы, әділетті өмірді ұсынады,
- Бірлік пен берекеге шақырады,
- Білім мен парасатқа шақырады, қараңғылық пен озбырлықты жақтырмайды.
Менің ойымша мұсылмандар осы керемет кітапты жөнді түсініп жатқан жоқ, оның жолын зерттеп жатқан жоқ. Дінді тек ритуал деп санайтын еліктегіш сана Құранды жабық сандықтардың, шкафтардың ішінде тұтқын еткен, шаң бастырып қойған. Мына аяттар осы трагедиялық сахнаны көз алдыңа әкеледі:
Пайғамбар (Мұхаммед): «Уа, Ием! Шынында, менің қоғамым мына Құранды тастандыға айналдырды!» деді. (Фұрқан сүресі, 25/30)
Олар мына Құранды сараптап, ойланбай ма?! Немесе, олардың сана-сезімдері құлыптаулы ма? (Мұхаммед сүресі, 47/24)
Шынында Құранды ескерулерің үшін жеңіл еттік. Ескерушілер жоқ па?! (Қамар сүресі, 54/17,22,32,40)

НАДАНДЫҚПЕН КҮРЕС

Қараңғылықты жарық жояды, надандықты білім. Сондықтан, қараңғылықтың жауы – жарық, надандықтың жауы – білім. Діни сенім адамдардың дүниеге, жаратылысқа, өмірге, қоғамға және өзіне деген көзқарасын айқындайды. Қазіргі тоталитарлық діни секталарды бір сәт шолып көрсеңіз, бұлардың өз жамағаттарының өміріне толығымен иелік етіп, толығымен өз уысында ұстап, билеп-төстейтінін байқайсыз. Олар адамдардың қалай киінетінінен бастап, қалай жүріп-тұратынына, сыртқы пішіндерінен ішкі әлемдеріне дейінгі барлық кеңістікті жаулап алған, пендеге ырық бермейді, көз аштырмайды. Ал өз бағыттарына қосылмаған жандарды олар жақтырмайды, тіпті, өз идеологияларына қарсы пікір білдірушілерді алуан түрлі айла-шарғымен бопсалауға, қоқан-лоққы жасауға, үркітіп-қорқытуға дейін барады. Өз орталарында сондай адамдар туралы түрлі «бұйрықтар» мен «үкімдер» шығарып, инквизицияға салады. Шайтанның өзін таң қалдыратын жала жабу, ғайбаттау, қаралау, күйе жағу амалдарын жүзеге асырудан еш тайынбайды олар ауыздарына Аллаһтың я басқа Құдайдың атын ала отырып, ант-су іше отырып. Әсіресе, халықты жарыққа, білімге, даму мен өркениет жолына, зайырлы мәдениетке шақыратын отаншыл һәм бірде бір сектаға өтпеген тұлғалар «көзге шыққан сүйелдей» көрінеді осындай тоталитарлық кертартпа қанаушы топтарға. Қазіргі интернет жүйесі осындай ынсапсыздар, ұяттан жұрдайлар үшін таптырмас құрал, онда әр түрлі өсек-аян мен ғайбат, жала таратылады және ешбір жауапкершілікке тартылмайды. Менің ойымша мемлекетіміз деструктивті ағымдардың қолындағы осы улы қаруды залалсыздандыру жағынан жедел шара қолдануы ләзім.
Шіріткіш һәм ыдыратқыш ағымдармен күресудің ең басты жолы ғылым-білім арқылы күресу. Оқыған, білімді, әлемде болып жатқан жаңалықтардан жан-жақты хабары бар, еркін ойлау қабілетінен айырылмаған, санасы уланбаған, көзі ашық, гуманизм принциптеріне берік, елінің болашағын ойлайтын, ілгерішіл, бірбеткей, талапты да талантты, бір Аллаһқа ғана құлдық ұратын, еңбекшіл һәм ізденімпаз адал жандардан тұратын қоғам құра алсақ, онда Қазақстан әлемдегі ең ауқатты һәм дамыған елдердің қатарынан көрінері сөзсіз. Барлық мұсылмандар осы жолмен жүрсе қандай тамаша болар еді. Сонда қазіргі Швеция, Германия, Жапония деңгейіндегі мұсылман қоғамдары пайда болар еді, әттең! Ал қанаушы топтарға, тоталитарлық секталарға надандық ғана керек, өйткені надан тобырды басқару, қанау, алдап-арбау қиынға соқпайды. Қанаушылықтың барлық түріне қарсы болуымыз керек, оның ішінде діни қанаушылыққа да тұтастай қоғам болып қарсы туруымыз шарт.
Мына Құран аяттарын оқып, түсінген мұсылман қалайша надан болсын?! Ислам дінінің білімге, ғылымға қаншалықты мән бергенін мына аяттардан-ақ байқауға болады:
Шынында, пенделері ішінде Аллаһтан білімділер қорқады! (Фатыр сүресі, 35/28)
Айт: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» (Зұмар сүресі, 39/9)
Айт: «Ием! Білімімді көбейт!» (Та-Ха сүресі, 20/114)
Кешірімді негіз ет! Ізгілікті бұйыр! Надандардан теріс бұрыл/аулақ бол! (Ағраф сүресі, 7/199)
Еркін санадан, еркін ойлай алатын адамнан шексіз ой-пікір, жаңалық шығады, ғылыми тапқыштық осындай ортада гүлденеді, дамиды. Ал, санасына бұғау салынған, еркін ойлау қабілетінен айырылған, шектеулі ойлайтын адамнан да шектеулі дүниелер ғана шығады, қыңыр-қисық, мардымсыз туындылар, өнімдер ғана дүниеге келеді. Алысқа кетпей-ақ, кешегі Кеңес заманын мысал етсек те болғаны. Онда атеист-коммунист идеология еркін ойлауға шек қойған еді, нәтижесінде қоғам мен экономика тоқырауға ұшырады. Атақты социолог, политэкономист Макс Уэбер (1864-1920) еңбектерінде экономикалық даму мен қоғамның өркендеуінің діни сенімге де байланысты екенін жан-жақты зерттеген. Догматизм мен схоластиканы қатты ұстанатын ритуалист католик қоғамдарының экономикалық әл-ауқат жағынан христиандықты реформаға салған протестанттардан артта қалуын осы себепке байланысты деп түсіндірген ғалым. Шын мәнінде мұсылмандардың эконмика және ғылым-білім мен технологияда артта қалуының бір себебі надандық пен жалқаулыққа апарып соқтыратын фатализм мен аскетизм десек қате болмас. Әйтпесе, Исламда дүниелік дамуға қарсы ешбір бұйрық жоқ, қайта дүние мен ақыреттің үйлесімді арақатынасы бар:
«Уа, Иеміз! Бізге дүниеде де ізгілік бер және ақыретте де ізгілік бер!» (Бақара сүресі, 2/201)
Дүниедегі нәсібіңді де ұмытпа! (Қасас сүресі, 28/77)
Өкінішке қарай мұсылман елдерінің басым көпшілігіндегі қанаушы діни топтар мұсылман үмметінің еркін ойлауына, еркін өмір сүруіне жойқын зиян келтіруде, оларды қараңғы ғасырларға кері қайтаруға әрекет жасауда.
Осы шағын мақаламда біраз дүниенің басын ашып айтуға тырыстым. Артық кеткен жерім болса, кешірім сұраймын. Бірақ, мұсылман халқымның телім-телім болып, қырықшақты дінге бөлінгенін, бір мұсылманның өзінде бірбіріне аманы жоқ ондаған бағытқа жіктелгенін көріп, әбден қиналған соң, елдің, мемлекеттің болашағына уайымдаған соң осының бәрін ашық айтып отырмын. Менің ұжданымның алдында бір парызым өтелген сияқты болды, қалғанын өзің біл ағайын!
Мен экономикалық дағдарыстардан қорықпаймын, экономика бірде дамиды, бірде құлдырайды. Мұнайымыз таусылып қалады дегеннен де қорықпаймын, себебі мұнайсыз елдер де дамып жатыр, тіпті, Германия, Жапония сияқты елдердің еш мұнайы да жоқ. Ал мен рухани құлдыраушылықтан, надандықтан, ұлтымыздың дінге бөлініп берекесінің кетуінен қорқамын, тіпті, үрейленемін. Материалдық дүниелерді орнына қоюға болады, бірақ ғасырлар қойнауында қалыптасқан рухани мұраға жасалған зиян оңайлықпен оңғарылмайды. Сондықтан, ойланайық, ағайын, ойланайық!

[1] «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы» және «Қазақстан қажылар қауымдастығы» 28 наурыз 2009 күні Астана қаласындағы «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығында» ұйымдастырған «Отанды сүю иманнан» атты рухани-патриоттық кеште жасалған негізгі баяндама. Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Тығырықтан шығу жолдары, «Президент және халық» газеті, №13(186), 03.04.2009 ж., 5-6 беттер.