среда, 29 октября 2008 г.

АЛЫСТАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ АРМАНЫ КӨП

АЛЫСТАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ АРМАНЫ КӨП[1]«Қазақтың туған елден, ата-қонысынан ауа көшуінің тарихы біз ойлаған мерзімнен әріде жатыр» – дейді тарихшылар. Сонау, Абылай заманында қара басын емес, үрім-бұтағын аман сақтап қалуды ойлаған қазақтың аз ғана шоғыры Сарыарқаны тастап, Алтай тауына, Тарбағатай жеріне бет алыпты. Орыс боданына өтіп, шекара сызығы тартылған кезде арғы бетте, Тарбағатайдың етегінде қалып қойған қазақ көшпенділерінің бір шоғыры Қытайдың темір ноқтасына басы сыймай бір бұлқынып, Тибет, Гималай тауын асып, Пәкстанға ат басын тірегені тарихтан белгілі. 1941 жылы Қытай жерінен ауа көшкен 18 мың қазақтың 1 мыңы үнді жеріне аман-есен жетіпті. Сырт елдердегі қазақ көші жайлы Халифа Алтайдың ұлы – Әбдіраим Алтай: – Өткен ғасырдың екінші жар­­тысында Үнді елі Үнді жә­не Пәкстан болып, екіге жа­рылғанда қазақтар мұ­сыл­мандар жағында қалды. Сол жылдары қазақтар Пәк­станда Шығыс Түркістан қа­зақ көшпенділер қоғамын құр­ды. Менің әкем Халифа Ал­тай сол қоғамның басы-қа­сында жүрді, – дейді. Сонымен, 1950 жылдары Түрік елінен саяси баспана сұра­ған қазақтарды олар оң қа­бақпен, жылы құшақпен қар­сы алады. Бұл жайлы Түр­кия жерінде тек қазақ ұл­ты шоғырланған Алтай, Қа­зақкент ауылдарының тасын қа­лаған қазақ азаматтары­ның бірі Жүніс Бұлұтай (Мұр­таза Бұлұтайдың әкесі) «Ұр­паққа аманат» атты есте­лігінде: – 1951 жылы Пәкстанға Түр­кияның елшілігі келді. Түркияға кетсек деп өтініш берген едік, түрік үкіметі «1953 жылы аламыз», – деп қа­был етті. 1950 жылы Қы­тай­дан қашқан қазақтар легі Кәшмірге келді. Солтан тәй­жі, Құсайын тәйжі, Қа­либек, Хамза Шөмішбайұлы, Дә­лел­хан Жанымханұлы, Омар Байқонақұлы, Хасен батыр, Қарамолда. Бұл адамдар екіге бөлініп, Түркияға кетті. 1952 жылы жартысы, 1953 жы­лы жартысы кетті. Кейі­нірек біздер Түркияға кетуге ыңғайландық. Түрік үкіметі «Түрік шекарасына келгенше өз ақшаларыңмен келесің­дер. Одан кейін бүкіл шығын­ды түрік көтереді» депті. Үн­діс­тандағы Бомбей қаласы­нан келетін жолаушы таси­тын кеме Пәкстанның Ка­рачи­ қаласына 8 күнде бір ке­леді. Бомбейден телефон со­ғып сұрайды, кемеде қанша кісі­лік бос орын бар деп. Оған қа­рай адамдарды әзірлеп тұрады. 1953 жылы қараша айының басында 114 кісі кемеге мініп, жолға шықтық. 8 күн, 8 түнде Ирактың Басра деген қаласына келдік. Бұл жерден пойызға мініп, бір жарым тәулікте Ирақтың орталығы Бағдатқа жеттік. Бұл жерде 8 күн тұрып, пойыз­ға мініп, түрік шекара­сын­дағы Нұсайбин деген қа­ла­дан пойызбен Ыстамбұлға келдік. Ыстамбұлға келген­дерді екіге бөліп, мүсәпір­ха­наға (босқындар үйі) тұрғы­за­тын болды. Бірі Сіркежи, екіншісі Зәйтүнбұрны деген жерде болатын. Күнде 3 уақыт әзір тамақ, әзір төсек, ішіп-жеп, 2 жыл жайлы тұр­дық. Түрік үкіметі біздерді жақсы қарсы алды, асырап бақ­ты, азаматтық берді. Оқи­мын дегендерді оқытты, кәсіп үйренгісі келетіндерді жұ­мыс­қа алды. Бұдан кейін бө­ліп-бөліп, тізімін алып, қа­лауына қарай қазақтарды қа­лаға, ауылға орналастыра­тын болды.1955 жылы біз 160 үй Ни­да аймағы, Ұлұкышла ауда­ны, Алтай ауылына орна­лас­тық. Біз үшін көршілес түрік ауыл­дарының жерінен жер бө­ліп, тастан үй салып берді. Адам басына 30 дөнім (1 дө­нім 1,000 м2) егін салатын жер бер­ді. Үкімет балалар оқитын мектеп салып берді. Өзіміз намаз оқитын мешіт, биіктігі 30 метрлік мұнара салып алдық. Трактор алып, егін сал­дық. Арпа, бидай жауын жау­са шығады, жауын жау­ма­са жақсы шықпайды. Қой-еш­кі алдық. Мұнымен 18 жыл­ды ауылда өткіздік. Кейін­гі жастар ауылда тұр­май­мыз, қалаға барып, сауда жасаймыз, шетелге барып жұмыс істеп, ақша табамыз деп кете бастады. Германия, Франция, Голландия, Англия, Америкаға кеткендер болды, – деп жазған болатын. Өткен жылы түрік жерін­де­гі Алтай ауылының ірге кө­тер­геніне жарты ғасыр бо­лып­ты. Айтпақшы, Алтай­дың жарты ғасырлық тойын атап өту жайлы ұсыныстың басы-қасында жүргендер де сол екі ауылдың азаматтары екен. Бұл жайлы Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев былай дейді: – Бірде Түркиядағы Ал­тай ауылының әкімі Хасан Алтай жұмыс кабинетіме келіп, «Түркиядағы Алтай қазақ ауылының ірге көтеріп, өз алдына қазақ шаңыра­ғы­ның пайда болғанына жарты ға­сыр болды. Соны атап өтіп, он­дағы қазақтардың рухын бір көтерсек қайтеді» деп жөн сұ­рай келіпті. Мен бұл жайт­ты сол жақтағы қазақ елі ел­шілігі арқылы шешуге бола­ты­н­ын айтып, шығарып сал­дым. Көп ұзамай, Түркияда­ғы бұрынғы елшіміз Бейбіт Исабаев қоңырау шалып, Ал­тай ауылының әкімінің қабыл­дауында болғанын, бас­таманы аяқсыз қалдыр­май­тынын хабарлады. – Бірақ асығыстыққа жол беріп алмайық. Алтай мен Қазақ­кент ауылдарының бүгінгі тұрмысымен танысып қайтайын, – деген еді ол. Түркия жеріндегі қазақ ел­шісінің бастамасын бір ауыз­дан мақұлдаған Нигда про­винциясының басшы­лары Алтай ауылын жалғай­тын ұзындығы 17 шақырым­дық жолды күрделі жөндеу­ден өткізіп, ауыл кейпін жаңартуға атсалысыпты. Оны естіп риза болып қал­дық. Мереке күндері Алтай ауы­лында болған Халифа Алтайдың бәйбішесі Бибатша Алтай:– Алтайда Еуропада жүр­ген қайындарымның, туған-туысқандардың төрт көзі түгел жиналды. Кәсіп іздеп, туып-өскен жерлерінен жы­рақта жүрген балалар туған топыраққа келіп, қарлығаш – қанаттарымен су себелеп, жырақта жүрсе де, айналып соғатын түпқазықтарының беріктігіне тағы да көздері жетіп кетті, – дейді толқып. Бір айта кетерлігі, Нигде про­винциясы губернатор­лы­ғы мен қала әкімдігі арнайы ше­­шім қабылдап, іс-шараны өт­­кізуге байланысты ұйым­дас­тыру комитетін құрған екен. Оның жоғары деңгейде өтуіне Түр­кия­ның Сыртқы істер, Мәдениет және туризм министрліктері, сон­дай-ақ осы елдің Премьер-ми­нистрі­не қарасты Түрік ынты­мақ­тастық және даму әкімшілігі төрағалығы қолдау көрсе­тіп­ті. Бұл жайлы Дүниежүзі қазақтары қауымдасты­ғы­ның төрағасы Талғат Ма­ма­шев мырза: – Мұның алдында Абай­ға, Қабанбайға ескерткіш қойған тү­рік ағайындар енді айбынды Анкараның дәл ортасынан Абы­лайымызды да асқақтатып берді. «Дәл осы қазақ ауылында осыдан 50 жыл бұрын көшіп келген 160 отбасының аттары қа­шал­ған ес­керт­кіш қойылды. Сол жерде киіз үй сәулетін­де­гі «Қазақ үй» мұра­жайы ашыл­ды. «Еруліге – қарулы» де­меуші ме еді халқымыз, ала­сапыран заманда тегі түрік бауырын жат көзге жәутеңдетпей, бауырына басқан түріктердің қазақ бауырларына деген ынта-ықыласының қарымтасы ретінде Ататүрікке де тө­рімізден орын берсек, артық болмас еді , – деген сөзінің жаны бар сияқты.Түйін:Күні кеше ғана сол Алтай ауылының әкімі Хасан Алтай қазақ жеріне келіп кетті. Туған жерден жырақта орналасқан қазақ ауылының көшін бастап жүрген Хасан бауырымыз ауыл-елдің дін аман екендігін, Алтай ауылының мерейтойы ондағы қазақтардың еңсесін көтеріп, абыройын асқақтатып кеткендігін айтып, көңілді бір демдеп қойды. Алаңдайтыны – қазақы ауылды мекендеп жатқан бауырларымыз жыл өткен сайын қазақтық болмысынан айырылып, еуропаланып –түркіленуге бет алғандығы. Бұл жайттар бір кездері атасының шалғайына жармасып, бірге еріп кеткен, бүгіндері жастары 70-80-ді алқымдап қалған көнекөз қариялардың қатары сиреп, жастарының арасында ата-жұрт деп елеңдейтін адам да қалмай қала ма деген қауіпке бой алдырады.Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ
[1] «Айқын» газеті, №185(1122), 02.10.2008, 30-бет.