понедельник, 5 мая 2008 г.

Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің дөңгелек үстелі

ЕЛ ЫНТЫМАҒЫНА ІРІТКІ САЛАР
МИССИОНЕРЛЕРМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕМІЗ?[1]

Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің ұйымдастыруымен «Ел ынтымағына іріткі салар миссионерлермен қалай күресеміз?» атты дөңгелек үстел болып өтті. Бұл шараға белгілі дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлытай, ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінің жетекші маманы Ершат Оңғаров, желтоқсаншы, осы мәселе төңірегінде жиі қалам тартып жүрген журналист Ерлан Декелбаев, Алматы қалалық жас таланттар орталығының директоры Мұрат Айниддинұлы, Өзбекстан және Қазақстан журналистер одағының мүшесі Назым Ниязи, № 73 орта мектептің қазақ тілі мұғалімі Жаңылхан Зейныйқызы сынды азаматтар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Біз сол ойлардың біразын оқырмандарға жеткізуді жөн санадық.
Дөңгелек үстелді жүргізген газетіміздің бас редакторы Ертай Айғалиұлы сөз басын: «Адам имандылығымен шырайлы. Қазақстан мемлекеті мұсылман халқы болып есептеледі. Тәуелсіздігімізбен бірге төл дініміз оралды. Қазір республикамыздың әр ауылында қасиетті мешіттер бар. Құдайға шүкір! Алайда, жақсылықпен бірге көңілге кірбің түсірер әрқилы секталардың шабуылы да үдеп тұр. Пиғылы белгілі: ел ынтымағына іріткі салу. Арам ниеттерін жүзеге де асырып жатыр. Жарты миллион қазақ солардың бодауында дейді. Рас болса, бұдан өткен қасірет жоқ» — дей келе қонақтарға:
— Миссионерлермен қалай күресеміз? Уланған ұрпақты қалай қайтарамыз?
— 1992 жылы шыққан Дін туралы заңымызды қайта қарау қажет пе?
— Діни басқармада, оқу орындарында мектептерде бұл тарапта істелініп, жасалынып жатқан шараларға көңіліңіз тола ма? — деген үш сауал тастады.
Газетіміздің №11 (678) 13 наурыз 2008 жылы жарық көрген Рәзиға Әшееваның Амангелді Айталыдан алған «Қазақстан діндердің полигонына айналып барады» атты сұхбатын өзекке ала отырып, Ертай Айғалиұлы «ОБСЕ-ге төрағалық етсек, «Дін туралы» Заңға өзгерту енгізе алмаймыз-ау деген қаупін жеткізді.
«Миссионерлерді вирусқа ұқсатамын»
Мұртаза Бұлытай, дінтанушы:
— Қоғамымыздағы ең өзекті, ең күрделі мәселе елімізге сырттан келген және іштей қолдан ұйымдастырылған ел бірлігіне нұқсан келтіріп отырған діни ағымдардың, әсіресе миссионерлердің зиянды әрекеттері жөнінде айтылар әңгіме көп. Мен миссионерлікті вирусқа ұқсатамын. Бұл — денеге зиян келтіретін вирус. «Дене» деп отырғаным ұлттық тұтастығымыз. Ал, вируспен қалай күресуіміз керек? Онымен күресетін жол да белгілі. Біріншіден, вирус жұққан адамдар бар. Оларға көмек беретін жанның вирусқа қарсы иммунитеті болуы керек. Егер ол болмаса, вирус жұққан адамға көмек беремін деп отырып, өзіне осы індетті жұқтырып алуы мүмкін. Оларға «Миссионерлер жетегінде кетіп, сатқындық жасадың» деп қатты айтуға да болмайды. Біз бұл орайда біріншіден вирус жұққан адамдарға карантин жариялауымыз керек сынды. Екіншіден, вирус жұқпаған адамдарға вирусқа қарсы прививка егуді қолға алуымыз қажет. Прививка деп отырғаным — ілім. Ол өз дінін, құранның қандай кітап екенін, пайғамбарымыздың қандай пайғамбар екенін білетін болса бұл сырқатқа бой бермейтін еді. Сол себепті де, дінді догматика негізінде емес, бұрмаламай ғылыми негізде түсіндіру керек. Түсінген жанға бір емес мың миссионер жіберсеңіз де ол ауруды жұқтырмайды. Бізге миссионерлер арқылы келген рухани ауруларды осылай емдеген жөн. Миссионерлер ішінде белсенді түрде қызмет етіп жатқан, әлемдік деңгейде қаржылай саяси қолдауы бар христиан шіркеулерінің миссионерлері бар. Олар 18 жыл бойы айтарлықтай табысқа жетті десек болады. Қазір Америкадан, Еуропадан, Оңтүстік Кореядан келген протестанттықтар мықты жұмыс жасап жатыр. Олардың саны Қазақстандағы жан санына шаққанда 1 пайызға да жетпейді. Сол жарты пайыздай протестанттықтардың 1800-ге жуық діни бірлестіктері, 3 діни жоғары оқу орны бар. Елімізде 70 пайыздық мұсылмандар мұндай жұмыс істеп жатқан жоқ. Бір мемлекетте 1 пайызға жетпейтін мұндай ағымның бұлай жұмыс істеуінде гәп бар. Оларды кім қорғап отыр? Бұлардың қаржылай көзі қайда? Біз бұл орайда вируспен күресте жан-жақты кешенді жұмыс жасауымыз керек. Халықтың рухани иммунитетін қалыптастыруды қолға алатын уақыт жетті. Мемлекеттің қарамағындағы ҰҚК, прокуратура, ІІМ сынды құзырлы орындар халықаралық міндеттемелерге, ішкі ауызбіршілікке нұқсан келтірмейтіндей етіп, өз позициямызды көрсете отырып шешу керек. Мемлекеттің қолында БАҚ, білім жүйесі, бүкіл мектептер, ЖОО, сонымен қатар, бағдарламалар бар. Осы бағдарламаларды ел тұтастығына, ұлттың діни тұтастығына, мәдени тұтастыққа қызмет еткізу керек. Әйтпесе Қарағандыдағы шіркеудегі психотропты дәрілердің табылуы, Алматыдағы бір шіркеу қызметкерінің шет елдің барлаушысы болып шыққандығы, Шымкенттегі Иеһова куәгерлерінің діннен шыққандарды соққаны сияқты басбұзарлық әрекеттер көбеймесе азаймайды. Олар біздің елімізге келіп іріткі салғанын былай қойып, зорлық-зомбылық жасауға, адам құқығын аяққа таптауға дейін барып жатыр. Жан-жақты тексертіп, олардың заңсыздықтарын дәлелдеу арқылы күресуіміз қажет. Біз тек миссионерлерді айтып отырмыз. Мұның сыртында исламның ішінде көптеген көзқарастар бар екені тағы бар. Бірімен-бірі сиыспайды. Бұл да дұрыс емес. Миссионерлерден құтылғанның өзінде олар бір-бірімен жаға жыртысса, жат пиғылдылардың көздеген мақсатын өздері-ақ тындырады.
Олар Отанды қорғамайтын қорқаулар
Ерлан Декелбаев, желтоқсаншы:
— Мұндай мәселе көтеріліп отырған кезде немқұрайлы қарап отыруға болмайды. Ертеңгі ұрпақтарымыздың жағдайына қатты алаңдаймын. Біз миссионерлер жайлы айтқан кезде бұл жайдың көп қыры айтылмай қалады. Миссионер кебінін киген барлау қызметкерлері мыңнан асады. Бұқаралық ақпарат құралдары елімізде 80 пайыз мұсылман тұратынын жазғанымен ол бекер. Олардың бірқатары жат дінге өтіп кетті. Медециналық орталықта қызмет жасаймын. Олар жеке дәрігерлердің бөлмелеріне кіріп уағыздарын жүргізеді екен. Біздің орталыққа уағыздарын жүргізбеуге өтініш жасап жазып қойдық. «Ислам және өркениет» газетін алып отырамыз. Әр жұма сайын жұма намазына барып уағыз тыңдаймыз. Діни басқарма тарапынан сол жұма намазының алдындағы уағыз кезінде неге миссионерлер жайлы, олардың арам-пиғылы жайлы айтылмайды. Батыл болуымыз керек қой. Әбсаттар ақсақал православие дін басылармен біріге отырып, түрлі миссионерлік ұйымдарының қайсысы дос, қайсысы дұшпан екенін ашып, пәтуа шығарса игі болар еді. Біз осы салада православие дін өкілдерімен бірігіп жұмыс жасауымыз керек. Себебі, біздің жауымыз ортақ. Бұл жөнінде бір кездері Президент атына хат жолдағанбыз. Ол жауапсыз қалды. Ашық хат қайта жазылу керек сынды.
Өткенде бір сөзінде Әбсаттар қажы біздің елде 40-тан астам діни конфенция бар екенін айтты. Бұл дұрыс емес. Бізде екі-ақ жол бар. Миссионерлермен қоян қолтық араласып жұмыс істеуіміз керек немесе ақиқатты бетке айтып, оларды жөнге салуымыз қажет. Кейбір ағымдар Құдайдың қанын ішеміз деп, ішімдік ішеді. Оның құрамында не бар? Психотропты дәрі болуы әбден мүмкін. Елімізде 4-5 миллион Иеһова куәгері болса елдігімізге қауіп төнеді. Олар ел басына қасіретті күн туа қалған жағдайда қолына қару да алмайды. Аспан патшалығына бағынамыз деп бейғам отыра береді.
Бізге жеткізу тән, ал иманды жүректерге Алла құяды
ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінің жетекші маманы Ершат Оңғаров:
— Мен Діни басқарма түк істемей отыр дегенге келісе алмаймын. Біз мүмкіндігінше мектептегі балалардан бастап, еңкейген кәріге дейін ислам дінін насихаттауға барымызды саламыз. Мектепке мамандарды кіргізу үшін министрлік шешім шығарып, рұқсат ету керек. Мұндай істерге шара жасалып жатыр. Бізді кейбір оқу орындары өздері шақырып, түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Өкінішке орай, мұндай шақырушы мектептер әлі де болса аз. Діни басқарма халықтан түскен шағымдарды жоғарыдағы ағаларымызға жеткізуге тырысады. Діни басқарма мұндай бастамалардан ешқашан да шет қалған жоқ. Тілінен айырылған халық иманынан айырылады. Ал. иманды елді жау алмайды. Бұл үшін мемлекеттік тұрғыдан шара қолдану керек. Қазір көпшіліктің уәжі мұсылман бауырлар үгіт-насихатты миссионерлер секілді жүргізе алмай отыр дегенге саяды. Бұл орайда, пайғамбарымызға исламды жеткізу ғана бұйырғанын есте сақтауымыз керек. Ал, жүрекке иман құю Алла тарапынан болады. Біздің мұсылмандықта миссионерлердікіндей нәтиже маңызды емес. Адам өз ақылымен Алласын таппағы ләзім. Демек, салыстырмалы түрде олардың ісі нәтижелі көрінеді. Себебі, олардың көкейінде саяси, экономикалық мақсаттары бар. Біз әркім отбасында иман тәрбиесін күшейтіп, жауапкершілікті сезінсек міндетімізден орындаған болар едік.
Ислам дінін сыйламағандар Өзбекстанда тұрмайды
Назым Ниязи, Өзбекстан және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:
— Өзбекстандағы дін және ұлт мәселесінің Қазақстандағы жағдаймен салыстырғанда көп айырмашылығы бар. Кеңес үкіметі кезінен-ақ өзбектер дінге бізден бір табан жақын болды. Қызыл империяның кезінде және одан бұрында Бұхара мұсылмандарының дін орталығы, жоғары білім беретін медресе-мектептері болды. Оның хазіретті бас имамы менің атам Мәтек Ишан Жалаңтөстегі еді. Ол кісі Мәдинадағы Мұхаммед (ғ.а.с) пайғамбарымыздың мешіт-медресесінде терең білім алған болатын. Құранды өзбек тілінде де сөйлеткен сол кісі.
Ал, Кеңес үкіметі тарап, әрбір республика өзінше дербес мемлекет болған кезде Өзбекстан ашық ислам дініне кең түрде жол ашты. Үлкен-кіші мешітке барып намаз оқуға кірісті. «Бір ғана Құдайдың құлымыз, Мұхаммедтің үмбетіміз», — десті. Дегенмен кейбір дін ағымдары ислам дінінің өсіп-өркендеуіне қарсы әрекеттер жасады. Атап айтсақ, Хизбуттахр, уаһабистер жымысқы әрекеттерін жасады. 1999 жылы Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың көзін құрту үшін, үкімет үйінің астына жарылғыш заттарды қойып, Кәрімовтың 10 минут кешігіп келуіне байланысты жарылыстан аман қалды. Көптеген өкімет мүшелері, облыс әкімдері терактінің кесірінен көз жұмды. Бір Ташкенттің өзінде 15 жерде жарылыс болды. Мұны ұйымдастырған аты-шулы ланкес Жұма Намангани болды. Әндіжан оқиғасы кезінде басқа жат пиғылды дін ағымдары халықты көшеге шеру жасап, митинг жасауы үшін 200 АҚШ долларынан үлестіргені анықталды. Ислам Кәрімов Өзбекстанда тек қана ислам дінін құрметтеуге шақырды. «Кімде-кім ислам дінін, өзбек мәдениетін сыйламаса, төрт жағы құбыла, кете беруіне болады» — деді. Ал, Қазақстанда 3 мыңнан аса дін ағымы бар. Өзбектерде бірлі-жарым діни ағымдар ислам дінін құрмет тұтады. Қазақстанда да осы мәселе өз шешімін табу керек.
Жақындарым басқа діннің жетегінде кетті
Жаңылхан Зейныйқызы, ұстаз:
— Менің жақын таныстарымның бірі осы жат ағымдардың бірінің жетегінде кеткен еді. Тіпті, олар өз танымдарын бізге таңғысы келді. Бірақ, Құдай оңдап олар ислам дініне оралды. Ал, қазір тағы бір жақынымыз сол миссионерлердің сойылын соғып жүр. Оны қайтару қиын. Басымен кіріп кеткен. Оларға өз дінбасыларының ғана сөзі жүреді. Ешкімді тыңдағысы келмейді. Қазір осындай ағымдар алшаңдап жүр. Оларға «қой дейтін қожа, әй дейтін әже жоқ». Мен бала өсіріп отырған соң, қатты қорқамын. Оларды біреу-міреу азғыруы мүмкін ғой. Осы мәселені мемлекеттік деңгейде шешу керек. Мендегі қорқыныш әр ата-анада бар деп ойлаймын.
Әркімге әртүрлі әдіс қолданады
Мұрат Айниддинұлы, Алматы қалалық жас таланттар орталығының директоры:
— Біріншіден айтарым мен бұл жерге ұжымымның атынан келіп отырған жоқпын. Ұлттың мәселесі көтеріліп жатқан кезде азаматтық пікірімізді білдіру парызым секілді. Миссионерлер ісі аз айтылмады. Аз жазылған жоқ. Бірақ, шешімін әлі таппай келеді. Олардың қазір елімізде 3 мыңнан аса ұйымы бар екен. Жаппай қазақты улап жатқан кезде үнсіз отыруға тағы болмайды. Сол діннің жетегінде кеткендерді қайтаратын жол іздеуіміз керек. Оларды улау мақсатында миссионерлер диогнозын қойып, өздеріне баурап алған. Келіспеушілік жасасақ оларды қашырып аласыз. Тек ғылыми тұрғыдағы дәлелдер уланған қандастарымызды қайтара алады деп ойлаймын. Олар әр мемлекеттің осал тұсын іздейді. Бір жерлерде терроризм, енді бір жерлерге миссионерлер, енді бір жерге басқалай әрекет жасауы мүмкін. Бізді ел кезген диуаналар-ақ улап жатыр. Олардың алдын алу — сіз бен біздің міндетіміз.
Дін саясатқа араласпай тұрмайды
Мұртаза Бұлытай, дінтанушы:
— Бұл мәселені қалталы саясаттың астарынан іздеу керек. Қазаққа дін жағынан көмек берейін деген оларда ой жоқ. Миссионерлер жат дінді тықпаламас бұрын халықтың осал тұсын аңдиды. Түркиядағы жер сілкінісі болған кезде 50 мың адам дүниеден өтті. Осы бір тұста миссионерлер қиналған халыққа бірден көмекке келді. Тамақ әкеліп, шатырлар жасап беріп, қиналған сәтін оңтайлы пайдалана білді. Үндістанның бір елді мекенінде христиан дін өкілдері аспанда Мәриям ананың бейнесі шығады деп хабар таратыпты. Күнге тіке қараймын деп 27 адам жанарсыз қалды. Үндістанның атқарушы билігі осы мәселе жөнінде іс қозғап тергеу жүргізіп жатыр. Балаға айтсаң сенбейтін осындай нәрселерге ақылы толысқан адамдар шындықтай сенеді. Оның ішінде ғылым докторы да, жазушы да, зиялы адамдар да болуы мүмкін. Бұл орайда, миссионерлердің жетегінде кетудің салдары білімсіздікте емес, адам психологиясына әсер ете білуінде жатқан сынды. Бәлкім психотропты дәрілер пайдалану арқылы өз дегендеріне жететін шығар. Бірақ, бұлар қайткенде де азаматтарды өздеріне тәуелді етуге тырысады. Ақылы кеткен адам дені сау үкім қабылдау, дені сау билік ету, шешім қабылдау қабілетінен айырылады. Оларды қалай жұмсасаң да болады. Миссионерлер жамағатын малға теңейтіні осыдан. «Қойсыңдар» — дейді. «Мен бақташыларыңмын» — дейді. Исламда «Ей, имандылар, біз малмыз демеңдер» — деген аят бар. Заң негізінде құқықтық, экономикалық, мәдени, ғылыми шараларын жасауымыз керек. Біз онсыз да кешіктік. Миссионерлердің жетегінде кеткен үшінші ұрпақ тәрбиеленіп жатыр. Әжесі, шешесі, қызы болып үш ұрпақ бірдей дінін сатып ортамызда жүр. Бұл үлкен мәселе. Бір өндіруші екі түрлі су шығарады. Бірақ, артындағы қожайыны бір. Мынау жақсы деп басқасын ішесіз. Бірақ, берген ақшаңыз бір қожайынның қалтасына түседі. Бір протестантықтардың отызға жуық ағымы бар. Отызға бөліну себебі халық таңдау жасасын деген арам-пиғылдан туған. Бұлардың артында бір-ақ күш тұруы әбден мүмкін. Осылар арқылы біздің елімізде өзінің ықпалын, өзінің күшін, өзінің саясатын жүргізгісі келеді. Бағана 4-5 миллион адам соғыспай қалуы жайлы пікір айтылды. Мен басқа қырын айтайын. Бұлар көбейіп, күшейген кезде билікке ұмтылады. Мақсаттары — билік пен байлық қой. Саяси партия ашуы мүмкін. Оған қолы жетпесе, «біздің жамағат мына партияны қолдайды», — деп бір саяси партияның жақтаушысы болып шыға келеді. Президент сайлауы бола қалса, бір ағымның бар мүшесі «мына кандидатқа ғана дауыс береміз» — дейді. Шіркеудің әмірі өз дегенін істеуге көндіреді. Сайлау кезінде халықтан дауыс алу үшін дін мықты құрал. «Біз сіздің жамағатыңызға ерекше көңіл бөлеміз, батаңызды алсақ», — деп күш жинау үшін саяси партиялардың өзі дінбасыға баруы әбден мүмкін. Бұл жағдайда сол партия Парламенттен 30 орын алатын болса, 10 орынды сол белді дін ұйымының адамдары алып алады. Билікке келеді. Дінбасы министр емес, байлығы да жоқ. Бірақ мемлекетке өз дегенін істеткізе алады. Осылайша сіздің құрған мемлекет зайырлы мемлекет емес, діни мемлекетке айналып шыға келеді. Бір адамды өз танымына қалыптастырады да, сол арқылы миллиондаған адамға ықпал жүргізеді. Ал, жамағаты әу бастан мал, тобыр, табын. Айтқан адамына дауыс береді. Біз тәжірибе пайдалануға шеберміз ғой. Әлем тәжірибесіндегі осы жайды ескеріп, шешім шығаруымыз керек. Менің кейбір пікіріммен келіспеулеріңіз де мүмкін. Десек те, ұлттың мәселесінде, тәуелсіздік мәселесінде бізде келіспеушілік деген болмайды. Менің айтып отырғаным діннің саясатқа араласуы емес пе? Мемлекеттің саясатына араласпау емес пе? Мұны ішкі істермен араласпау деп те айта алмайсыз. Ендеше, қарап отыруға болмайды.
Қолдарында інжілі бар бизнесмендер
Ерлан Декелбаев, желтоқсаншы:
— Мұртаза жақсы ой айтып отыр. Бір жерде бомбалар жарылып жатса, ол жерге тамақтарын апарып, інжілдерін оқып жүрген — миссионерлер. Олар мұсылмандарды қорқытатын дінінен жерітетін видеокамералар таратады. Ислам дініне күйе жағуға тырысады. Ұлыбритания мен Америкада арнайы институттар бар. Олар інжілді үйретеді. Құранды да оқытады. Ұлттың экономикасын, мәдениетін түсіндіреді. Өз кемшіліктерін де біледі. Мұның астарында дін емес, маркетингтік бизнес жатыр. Бізге миссионерлер емес, ауадан ақша жасайтын нағыз бизнесмендер келіп жатыр. Қолдарында інжілдері бар. Ертең оның бала-шағалары біздің байлық арқылы билікке жетеді. Ресми емес деректерге сүйенсек, кейбір компаниялар өзімізге қарсы жұмыс жасап жатыр екен. Оның өндірген тауарын аламыз. Ал, одан түскен қаржы діни мақсаттарда жұмсалады. Мекеме басшысы болып отырған соң, жұмысқа дінін сұрап қабылдайтын болдым. Африканың бір ғұламасы: «Миссионерлер келгенде қолдарында інжіл бар еді. Бізге дін үйретті. Інжіл оқытты. Ғибадатымызды жасап болып, айналамызға қарасақ, інжіл біздің қолымызда, ал бар байлық олардың қолына өтіп кетіпті» — деген екен. Бұл қауіпті мәселе дәл бүгін Қазақстан аумағында жүзеге асырылып жатыр.
P/S Бізге Ерлан Декелбаев айтқан Африкадағы зеңгілердің тағдырын қайталаудың қаупі төніп тұр. Біздің халықтың санасы уланса, мемлекеттігімізге, тәуелсіздігімізге сын. Сенімінен айрылған халық, салт-санасынан, дәстүрінен айрылады. Онан кейін егемендігіңіз көк тиын болып қалмасына кім кепіл. Ендеше бізге Әндіжан оқиғасын қайталаудың қажеті бар ма? Бірақ, бүгін сондай қантөгіске апаратын ағым бостандығын жүйеге салу күн тәртібінде тұр. Сіз не дейсіз? Ел ынтымағына іріткі салар миссионерлермен қалай күресеміз?
Қанат ӘБІЛҚАЙЫР
[1] Ұл-қызға анасын тәрк еткізген, Отанын сатқызған, отбасынан айырған, сөйтіп ел іргесіне сына қаққан миссионерлер зобалаңына кім тосқауыл болады? Қазақстан-Заман газеті, №13(680), 27.03.2008 ж., 5-бет.