среда, 22 августа 2007 г.

ЖӘНІБЕК БАТЫР

Беженхан Қыдырбайұлы (1949-2006)
Журналист, әдебиеттанушы

ЖӘНІБЕК БАТЫР(1714-1792)
[1]

Ер Жәнібек деген атпен қалың қазаққа белгілі болған Керей Жәнібек батыр кейбір шежірелік материалдар бойынша Бердәулеттің жалғыз ұлы екен. Негізінде Жәнібек Бердәулетұлы ағайынды бесеу болып, Жәнтекейдің алтыншы буын ұрпағы болады. Қадыс Жәнәбілұлы қатарлылар құрастырған халықаралық Алтай ілімін зерттеу қоғамы жағынан шығарылған шежірелік кітап «Абақ-Керей»-де Жәнібектің орны жөніндегі жинақта толымды материалдар беріледі.
Онда былай делінген: Абақ-Керей ұлысының ел иесі болғандардың ішінде, әсіресе Жәнібек батыр Бердәулетұлының аты ерекше аталады. Ол үш жүздің хандары Әбілмәнбет және Абылай (Әбілмәнсүр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының ең батыр сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, «Құба Қалмақ» аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда ерекше көзге түскен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ-Керейдің ел иесі болған.
«Қылышбай шежіресінде» айтылуынша, жоңғарлардың бір реткі шапқыншылығына қарсы жорықта Абақ-Керей жасақтарын бастап жүрген Жәнібек батыр Абылай ханның атының болдырып шабандағанын, қазақ қолының әлсіреп бара жатқанын байқап, астындағы көк тұлпарын Абылай ханға көлденең тартады. Сәл кідіріп қалған ханға Жәнекең: «Тақсыр, мен сіз бола алмаймын, сіз мен болмайсыз. Қалайша десеңіз, мына жаудан қойша ығып, үдіре үріккен жұрт менің тіліме тоқтамайды. Сізді жау ұстап мерт қылса, орныңыз толмайды. Ал, маған жау жетіп қапыда мерт болсам, онда менің жаным жұрт үшін шәһит болған болады. Мен өз қолыңызға өз еркіммен қосылған бір сарбазың емес пе, менің орнымды кім жоқтай қояр дейсіз?» депті. Бұл лебізді құп көрген хан көк дөненді мініп, жау қуғынына шыдай алмай, абыржып қашқан қалың қолдың алдын орап шығып, жұртты тоқтатыпты. Хан жарлығымен шоғырлана жұмылған жұрт әудемде есін жинап, күш-қайратын топтап, қуғыншы қалмақ жорығының алдын тосады. Бұл жолғы айлалы сайыста қазақ қосыны қалмақты жеңіп, елге көп олжамен оралады. Кейін ел ішінен әлгі қысылшаңда өзі мінген көк дөненнің иесін іздеп көргісі келеді. Жәнібек екі рет іздеп келген шабарманға: «Ол кезде менің астымдағы жүйрік ат түгіл, қараған ханымыздың амандығы үшін менің өз басым да құрбандық емес пе?» - деп, бармай қойыпты, Абылай хан: «Ақымақ достан ақылды жау артық» дегендей, сен жас албырт болсаң да қуғыншы жау таяғанда маған төнген қауіпті басқалардан бұрын аңғардың, сол жолы мені ажалдан құтқардың. Олай болмағанда мен жазым болар едім, өз ханын көрнеу ажалдан арашалаған ерім алдыма келіп көрінсін, дидарлассын», - деп сәлем айтып, Жәнібекті салтанатты түрде қабылдауға шақыртады. Бұл сәлемге келген Жәнібекті қабылдап, әңгімелесіп, келбеті мен тұлға-тұрпатына, лебізіне разы болып, одан зор үміт күтіп, өзінің басты сарбазының бірі болу атағын береді және Абақ тайпасының ішіндегі уәзірі етіп белгілейді, Абылай ханға осылайша танылған Ер Жәнібектің есімі бүкіл Керей руларының жаумен айқасарда шақыратын ұранына айналыпты. Солтан Сағатжанұлы жазған «Қазақ батырларының деректемесі» деген кітапта «Ер Жәнібек» деген тақырыппен арнайы таныстырған. Онда да жоғарыдағы оқиға айтылған, одан басқа, сол таныстырудан мынадай деректерді келтірейік: «Осы жолғы жеңіспен аяқталған ұрыстан кейін Абылай өзін жаудан құтқарушының Абақ-Керейдегі атақ-даңқы шықпаған момын шаруа Бердәулеттің баласы Жәнібек екенін сұрап біліп, өзіне шақыртады. Жәнібектің сәлемін алған Абылай:
«Батырым, үш тілегім бар депсің, сол тілегіңді айт!» - дегенде, Жәнібек: «Тақсыр, біз Керей деген ел едік. Ер Қосайдың елінде, Сарыарқаның белінде, Өр Алтайдың төрінле, қазаққа қорған боламын деп, хан Шыңғыстың жолын кескен, сауытын жыртқан ел едік. Амал айласы асқан Шыңғыс қапияда ханымызды өлтірді. Иесіз қалған елімізді торғайдай тоздырып, шаңырағымызды шағып, ошағымызды сындырып, күл төккен топырағымыздан қуған. Сол тозғаннан қазірге дейін еңсе көтере алмай келеміз. Енді сіздің заманыңызда ел қатарына келіп оң тізеңізден орын алсақ дейміз». Сонда зерделі жігітті байымдаған Абылай:
«Сендей зерделі ер туған елге оң тізесінен орын бермеген ханда әділдік болама?! Тағы бір тілегіңді айт!» -дейді.
«Керей деген елім бар деп оң тізеңізден орын бергеніңіз рас болса, сарбазымызды жиып, сардарымызды сайласам деймін, найзамды өткір қайрап, жау алдында ойнатсам деймін».
Абылай Жәнібекті арқаға қағып, ел бастайтын ер азаматтың сөзіне сүйініш білдіріп:
«Тілегің Аллаһ алдында қабыл болсын! Үшінші тілегіңді айт?» -дейді.
«Атамыз Керей желкілдеген желегі, ту көтерген ел еді, енді сарбаз жиып, сардар сайлағанда, түскен төбеме, шыққан тауыма қадайтын туымды белгілеп беріңіз!» – дейді Жәнібек.
Қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қара тамақ найзаға сапталған, ені төс жара қызыл сары жібек шашақты қытайы ақ торғыннан жасалған үлкен туды ұсынады. Ақ боз атқа мініп, сауытының сыртынан ақ жамылып тұрған Жәнібек туды қолына алады. Керей елі: «Тар жол тайғақ кешуде жанымызды құрбандыққа берсек те, Жәнібектің алдынан кесе өтпейміз» деп, ант береді. Осы айтулы уақиғадан кейін атақ-даңққа ие болған Жәнібек ендігі жерде «Керей Ер Жәнібек» атанып, бақыты өрлей береді. Ер Жәнібек қанды жорықтарда қол бастап, сан мәрте ерлігімен көзге түсіпті, өз ғұмырында он екі рет қанды шайқасқа қатысыпты. Ол кезде ұрыс-жорықта әр рудың қолын өздерінен шыққан батырлар бастайтын дәстүр болған. Керей қолын бастаған Жәнібек батыр, Жантай, Байтайлақ, Жобалай қатарлы отыз неше Керей елінің батыр игі жақсыларымен бірге Абылай хан ордасының маңында болғанын кейбір зерттеушілер растап жазады.
Халқымыздың халық болып сақталып қалуына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғалы батыр бабамыз Жәнібек қол бастаған батыр ғана емес, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қара қылды қақ жарған әділ би болған. Сондықтан, қаз дауысты Қазыбек би Жәнібекті: «бұл кезде шешендікте Жәнібектен жан өтпес» – деп бағалаған деседі.
Бердәулетұлы Жәнібек батыр 1714-жылы Сырдарияға жақын Қаратаудың солтүстігінде, яғни Шу өзенінің төменгі аңғарындағы құмды өңірде дүниеге келген. Ер Жәнібек туылғанда шақшақ Жәнібек келіп атын қойып бата берген екен. Шақшақ Жәнібек жорыққа шығып бара жатқанда, Бердәулет алдынан шығып, үйіне дәм татуға шақырып келіп: «Баламызға ат қойып, аруағыңызбен қолдап жүріңіз!» - деп тілек етеді. Батыр бесікті алып бесіктегі көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп, көңілі толып тебірене бата беріп былай дейді:
Керей деген елің көп,
Ел айналар шешен бол!
Жағаласар жауың көп,
Жауға шапсаң есер бол!
Ел ішінде дауың көп,
Жұрт алдында көсем бол!
Жабылған жауды жапырып,
Шайқасқанда есен бол!
Жекеге шықсаң желденіп,
Жауыңның басын кесер бол!
Сонан соң бетін сипайды да, ата мен анаға қарап: «Бесігін көтергенде көңілім толды. Өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын, біреулерге атын атап боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа!»- деген екен.»
Ер Жәнібектің қайтыс болған уақыты туралы екі түрлі мәлімет бар. Бірі Жәнібек 1798-жылы 84 жасында Қызылсу Шар деген жерде қайтыс болған дейді (Мұра журналы, 1989-жылы №2, 48-49-беттер). Енді бірі, қазіргі бізге мәлім зерттеушілердің еңбектерінде 1792-жылы қуық ауруынан қаза болды. Қазасын екі-үш жыл жасырын ұстап, 1794-жылы үш жүзге хабарлап, ас беріп, бейіт тұрғызылады.
Ер Жәнібектің өмірі мен ерліктері жөніндегі деректерді құнттап жинап құнды еңбек жазып, ел кәдесіне жаратқандардың бірі – ақын, жазушы драматург Асқар Татанайұлы. Оның «Тарихи дерек келелі кеңес» деген еңбегінде келелі де мол шежірелік деректер беріледі. Онан соң жазушы Шәміс Құмарұлының кесек тарихи романы «Ер Жәнібек» 1999-жылы баспадан шығып таратылды. «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» деген кітаптар тізбегіне «Ер Жәнібек» деген тарихи кітап қосылды. Ел арасына кеңінен таралған Жәнібектің іс-іздері жырланған дастандардың қазірге дейін анықталған саны жетіге жетті. ҚХР басылымдарында Жәнібек жөнінде отыз шақты аңыз-әңгіме жарияланды. Халық арасында «Жәнібектің көк дөнені» деген күй шығарылған.
[1] Беженхан Қыдырбайұлы, Абақ-Керей Тайлақ шежіресі, 2006 ж., Буыршын қаласы, ҚХР, 18-25 беттер.

БАРАҚ БАТЫР

Беженхан Қыдырбайұлы (1949-2006)
Журналист, әдебиеттанушы

ЕЛ ҚОРҒАНЫ – БАРАҚ БИ (1650-1740)
[1]

Арысы Орта Жүз, берісі Абақ-Керей кешкен кешулер тарихында Керейдің он екі атасының бірі Жәнтекейдің немересі «Шүйіншалы Барақ» ел ішінде «Барақ би», «Барақ батыр» деген атпен аталды.
«Қазақ батырларының деректемесі» (1-бөлім) деген кітапта: «Барақ есімді адамдардың сарғыш тартқан жылнамалар парағына із тастағандардың қазірге дейін анықталған саны оннан астам. Сондықтан да болар, олардың есімдерін бір-бірімен шатастыру, іс-іздерін бірінікін біріне ауыстырып таңу, телу жиі ұшырап отырады. Байыптап зерделеп қарамаса, оңай шатасады», - деп жазады.
Шәміс Құмарұлы тарихи деректерді тереңдей зерттеу арқылы жазған тарихи романы «Ер Жәнібек»-тің өн бойында Шүйіншалы Барақ батырдың өзі тіке қатысқан уақиғалары жөнінде 13 рет тілге алып, көлемді-көлемді орын беріп, әңгіменің арқауы ретінде баяндаған.
Барақ батыр атамыздың туған жылы жөнінен анық дерек жоқ, «Ер Жәнібек» романының 62-бетінде: «Керей Шүйіншалы Барақ батыр 1740-жылдарда Арқалық тауында қаза болған» деген ескерту бар. Ал «Ордағы уақиға» деген тарауында баяндалған әңгімеде «тоқсандағы Барақ қария»... «ғасырлар бойы қайда барса да қанды қырғыннан көз ашпаған момын көшпенді ауылдың қариялары «бұл жер түбінде бізге мекен болмайды» деп, өздерінің батыр қариясы Барақты жерлеген соң, 1740-жылы шығысқа ауып, Нұра, Есіл өзендерінің бойына келеді», - деп жазады. Бұл екі жердегі айтылуда қайтыс болған жері ұқсамайды, бірі «Арқалық тауы», бірі «Қара ағашты Ор өзенінің бойы». Қазіргі көзі тірі ақсақалымыз Іркітбайдың айтуынша Барақ Ор өзенінің бойында қайтыс болған. Осыларға негізделгенде Барақ батыр бабамыз 1650-жылдарда туылған, бұл тұста Орта Жүздің Сыр бойынан қозғалмаған кезі, сондықтан Сырдария бойында туылған деп межелейміз.
Барақ өз заманында Жәнтекейдің қара шаңырағында отырып, «жүйелі сөзбен дауды алған, ақылымен жауды алған» шешен әрі батыр адам, өзінен бұрынғы ел қорғаған батырлармен тізе қоса отырып, бүкіл Абақ-Керейдің тіпті Орта Жүздің келелі істерін шешкен, елдің елдігін қорғаған, өзінен кейінгі ел ұранына айналған Шақабай, Жәнібек (1714-1792) қатарлы батырларды баулып, тәрбиелеген әйгілі ел иесі болған кісі.
Барақ батыр қайтыс болғаннан кейін, аты әйгілі Қазыбек би Жәнібекке айтқан бір әңгімесінде: «Қазіргі батырлардан бұрын анау Қонтайжының қазаққа шапқан тұсында, Керей мен Уақ жау өтінде болған соң қаны да көп төгілді. Батырлары да көп шықты. Анау Ер Көкше, Ер Қосай, Сартоқай, Жанат, Сәменбеттер сол бір дәуірдің қылышынан қан тамған ел қорғаған ерлері ғой. Солардың ең соңғысы болып Керейден Барақ пен Жабай қалып еді. Олар да бұл дүниеден өтті», - деп, толғауынан сол тұстағы билердің Бараққа берген бағасы анық шығып тұрғанын анық көреміз.
Ол заманның батырлары ақыл-қайраттың күшімен, ақ найзаның ұшымен елді жұттан, жаудан қорғаумен шығады. Ел басына күн туған шақтарда Барақ батыр ағасы Сәменбетпен тізе қоса отырып, өмір бойы күресіп өткен. Ел істерін Сәменбет батыр, Барақ би ретінде қолға алып шешім жасап отырған. Нақтырақ айтқанда, Жәнібек, Шақабайлардан бұрын бүкіл Абақ-Керей елінің, тіпті кейде Орта Жүздің тағдырын белгілейтін келелі істер Сәменбет батыр мен Барақ би екеуінің алдында бітіп отырған. «1730-жылдарда Керей-Уақ Сырдың бойын мекендеп, Арғындармен қанаттас отырған екен», - деп жазады «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар – Ер Жәнібек» деген кітапта. Тойдағы ат бәйгесінің дауы асқынып, соңы ұрысқа айналып, Арғын жақтан Ақмырза деген кісі сойылдан өледі. Керей құнға жығылады, 30 үй тігіп, 200 жылқы беріп ердің құнын төлейді. Бірақ құныкер жақ кетерінде түселге тігілген үйлердің сағанағын қиып, шаңырағын ортасына түсіріп аттанады. «Бұл құн дауы әлі біткен жоқ, тағы құн аламыз» дегенді білдіреді екен. Бұған Керейдің атқа мінер ақсақалдары ренжіп, қысқа қарсы Торғай, Ор өзендері жаққа көшіп, бұрын көшіп кеткен Ашамайлыға, бір бөлімі Керейдің Жәдік руына қарай ауа көшпек болады...
Керей елі Сырдарияны сағалап, Арал арқылы Торғай, Ор өзендерін бетке алып ауа көшеді... Бұл кезде Абылай Орта Жүздің сұлтаны еді. Ел іргесінің сөгіліп, ынтымақтың кетуі жауға пайдалы деп ойлаған Абылай сұлтан Керей елін тоқтатып, қайта Сыр бойына әкелуге Бұқар жырау мен Өтеген батырды аттандырады... Бұл кезде Жәнібек атқа мінгенімен ел басы Шүйіншалы баласы Барақ екен, Бұқар жырау Өтегенді ертіп Барақ қарияның ауылына келіп түседі. Абылай сұлтанның сәлемін көтеріп келгенге булы болса керек, сөзін көбінде күш көрсете сөйлейді. Бұқардың өрлігі Барақтың іштей шамына тиеді. Сөздің басын Өтеген ашады:
«Батыр, өзіңізге сәлем бергелі келдік, Керейдің ғана емес, ошарылған Орта Жүздің басы едіңіз, Абылай сұлтанның сәлемін әкелдік. Қара басты адам беріп адам алып отырған сүйек тамырларыңыз - Арғындар араздыққа қиғанымен, айырылысуға қимайды екен. Ініңіз Бұқар келіп отыр», - дейді. Сонда Барақ қария былай дейді:
«Е, Өтеген, Арғынның тізесі батты деп көшкен Керей емес. Халықтың қорланғаны қасиетінің кеткені, ердің қорланғаны еңбегінің өшкені, үзілгенді жалғайтын, ақ-қараны айыратын, араға түсер ағайынға өкпеліміз, сұлтанымыз Абылайға айтыңыз, Керей ұрыстың өтіне кетті...»
Бұл елдің оңайшылыққа тоқтамайтынын байқаған Бұқар жырау көкірегіндегі ызғарын жырмен шығарғысы келіп, екпінді зор дауыспен жырлай жөнеледі:
Керей қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп.
Артыңнан қуып мен жеттім,
Тұлпарымды жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Қар-жаңбырдай себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төпелеп.
Уа, сен танымай кетіп барамысың?
Мен Арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын,
Сен бұзау терісі шөншіксің,
Мен өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең,
Құдандалы таныспын.
Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын.
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір қаққа.
Көш соңынан жете алмай,
Есің шығар сол шақта.
Бұл барғаннан барарсың,
Жар басына қонарсың.
Жарты лашық тігерсің,
Аузыңнан ас кетер.
Қара көзден жас кетер,
Бұл қылығыңды қоймасаң,
Сонау кеудедегі дулығалы бас кетер!
Бұқардың жон көрсетіп, айбар шеккеніне Барақ та, Керейдің басқа атқа мінерлері де ыға қоймайды, Барақ батыр: «Дулығалы бас, кіреукелі дене ежелден ақберен мен зұлфықардың жүзіне тігулі келеді ғой. Құдайдың басқа салғанын көрерміз», - дейді. Бұқар жырау мен Өтеген батыр мұның ең соңғы жауап екенін ұғынып, дау-дамайсыз аттанып қайтып кетеді.
Осы баяндаудан тарихтың нақты айғағы болған Абақ-Керей елінің бір ұлы бұрлысындағы Барақ батырдың Керейдегі орны мен рөлы анық көрініп тұр.
Барақ батыр өзінен кейін шыққан, Жәнтекей руының ұраны болған жоңғарға қарсы соғыстағы елеулі батыр Шақабайды және Керей ер Жәнібек Бердәулетұлын жебеп баулып, жетелдіріп, орнын тіктеп, айбынын асырып, есімдерін елге де, жауға да әйгілеп елдің елдігін қорғаған еңбектерінің де көптеген деректері бар. Сол деректерден бір-екеуін алайық: Сәменбеттің немересі Шақабай Есентайұлы (1688-1778) жоңғар соғысында елеулі батыр болған кісі, оның қасиетті есімі Жәнтекей руының ұраны болған, оның ұран болуы мынадай уақиғадан басталады.
1722-жылы қыс, Сыр бойына қар қалың жауып, жазғытұрым оның үстіне жаңбыр жауып, елге ауыр апат әкеледі, ауыл айналасы, мұқым мал өрісі, қақпан, сырғанақ мұз болып қалады, мал ақсүйек болып қырылады. Сыр бойындағы елге (Абақ ауылы да сонда) үлкен жұт жүреді. Жазғытұрым жұтпен қабаттасып, жер қайысқан қалың қолмен елге жоңғар шапқыншылыры сұрапыл тиісті. Керей ауылдарының жұтта да, жауда да ақыл салар басшысы да жасы үлкен беделді, тілді, ауызды іскері де Барақ батыр еді. Жәнтекей ауылдарына жау беттеп келе жатқанда Барақ батыр ауылдардың кигіз үйінің сыртқы қаңқасын қалдырып, үш жүзге жуық сайланған азаматтарды алып қалып, бала-шағамен кәрілерді бастаушыларға ертіп, түгел қамыс арасына жасырынуға жіберген. Барақ қария: «Жау ауылға лап қойғанда мен ұран саламын, сонда түгел садақ тартып жаудың бетін қайтарасыңдар», - деп ескерткен. Жау таяп келгенде: «Шақабай! Шақабай!» – деген Барақтың дауысы шығысымен қамыс арасындағы қазақ қолы тегіс шақабайлап ұрандап жауға қарсы атой салады. Ең алдымен жауға ақ көк атты Шақабай араласты. Жау көп қарсылық көрсете алмай, еріксіз шегіне қашты. Қазақ қолы қуа соғысып жауды құмның екі-үш қабат ішіне қуып салды. Шақабай бұдан бұрын жауға қарсы жекпе-жекке дара шығып көрмеген-ді. Сөйтіп, тұңғыш рет Шақабайдың есімі жау құлағында үрейлі ұран болып орнап қалған. Содан бастап Барақ бастаған ел басы батырлар: «Жаудың құлағында Шақабайдың аты қалды. Бұдан былай исі Жәнтекей баласы жауға Шақабайлап шапқанымыз жақсы» - деп түйіп, содан бастап сол Ақтабан-Шұбырындыда қаза болған Сәменбеттің аты жауға шабарда ұран болудан қалып, Жәнтекей ұрпағы Шақабайлап ұран салатын болған екен.
Бұл деректен 1722-жылы басталған «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» дейтін сұрқай заманда, жетпістен асқан батыр Барақ қарияның өзінің немерелес інісі 32 жасқа келген, артынан ерген жас батырдың орнын елге де жауға да әйгілеп, атын ұранға айналдырып баулып жетілдіргенін байқаймыз, сол жорықтан кейін де Шақабай елеулі батыр болып өмірінің соңына дейін елін қорғаумен өтті.
Енді бірі, Барақ батырдың жасы 80-ге таяған мөлшерде 15 жасқа келген Жәнібек нағашысында 5 жыл жүріп қайтып келеді. Оның нағашысы Үйсін Досымбек батыр еді. Жасы 15-ке келгенімен, бұл тұста Жәнібек нағашысынан 3 жыл ұдайы найзагерлікті үйреніп, енді қазақ қолына қосылып ата-жауынан ата-бабасының, әсіресе әкесі Бердәулеттің қанды кегін алуды армандап жүрген кезі еді. «Алыстан алты жастағы бала жолаушы келсе, алпыстағы шал келіп амандасады» деген аталы сөз бар. «Жәнібек балам алыстан келіп аман-есен оралып, тегіс көзайым болып қуанып жатыр екенсіңдер, қуаныштарыңа ортақпын» деп келіп, төрден орын алған Барақ батыр әңгіме арасында Жәнібекті шақыртып алып: «Нағашы атаң Досымбек жаугер батыр, даугер шешен деп еді. Екі көзінің бірісің ғой, саған не мұра қалдырды?» - деп, Жәнібекті әңгімеге тартты.
«Нағашымнан үш енші әкелдім. Бірінші, езуінен жырып ақыл берді. Екінші, үш жыл жалықпай найзагерлік үйретті. Үшінші, қуса жетіп, қашса құтылатын ат мінгізді», - деп жауап қайырды. Сөзді жүйелеп, орнықты сөйлеген Жәнібекке көңілі толған Барақ батыр:
«Енді қылышкерлікті Шақабайдан үйрен, Шақабайдың қылышында кие бар. Тынысың кең екен, оның өнері де киесі де саған жұғар», - деп ықыласты тәлім береді. Барақ қария осы ойлар мен көлденең тартқан ақсарбасқа бата жасап, Жәнібекке былай деп ықылас береді:
Арғы атаң Алтының айбатын берсін,
Ұлы әкең Сарының қайратын берсін.
Бабаң Жәнтекейдің ырысын берсін,
Ақбөкендей малыңа қасқыр шапса жетпесін!
Алты қабат көбеңнен жаудың оғы өтпесін!
Қыдыр дарып, қонған құт тепкілісе кетпесін!
Аллаһу акбар!
Осы бас қосу үстінде «Төрдің ең басында арысы Керейдің, берісі Жәнтекейдің ақсақалдарынан бірнешеуі... Ең ортасында Барақ, оның оң жағында Есентай, сол жағында Құлманбет отырған. Бұл күндегі Керей ішіндегі Жәнтекейдің жасы үлкендері осылар болатын».
Барақ батырдың жас күніндегі батырлық іс іздерінен дерек беретін материалдарды қазірше кезіктіре алмадық. Қартайған тұстағы елге ұйытқы, батырларға тәрбиеші болған істерінен Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек » романын оқысаңыз тамаша әңгімелер айтылады.
1722-жылы басталған қыс жұт, жазы жау болып ел басына қиын күндер туғанда сол тұстағы Абақ-Керейдің батырлары Барақ ордасына жиналып, ақыл алып аттанады. Елді жаудан жұттан құтқару үшін қоныс аударуда елге Барақ батыр бағдар сілтеп отырған. Арғын құн төлеу уақиғасы тұсында Арғынның жауласуынан тайсап, Сырдан Орға көшу жөнінде ел басшылыры мен батырларынан 100-ге тарта адам Барақ ордасына жиналып Барақ қарияға ақыл салып, Барақ батырдың шешімі елге бекім болған, Ордағы орыс бекінісіндегі орыс әскерлерінің қырғыншылығына ұшыраған Шүйіншалы ауылдары 60 азаматынан айырылып, азаматтардың кегін алу үшін Барақ қарияның ұйымдастыруымен 500 жасақ пен Ордағы орыс бекінісін талқандап, 1000 қаралы әскерін жеңіп, 300 адамы әрең қашып құтылған зор жеңістерді қолға келтірген.
Өз тұсында Барақ ордасы аруақты үлкен шаңырақ ретінде, жау-жорыққа аттанатын батырлар, қолбасылар келіп дәм татып, бата алып, ақыл сұрап аттанатын киелі орда болған.
[1] Беженхан Қыдырбайұлы, Абақ-Керей Тайлақ шежіресі, 2006 ж., Буыршын қаласы, ҚХР, 25-34 беттер.

БАРЛЫБАЙ БАТЫР

Беженхан Қыдырбайұлы (1949-2006)
Журналист, әдебиеттанушы

БАРЛЫБАЙ БАТЫР (1736-1828)
[1]

Барлыбай Тайлақұлы (1736-1828) Керей ішіндегі Жәнтекейдің Шүйіншалы руынан. Оның ұлы атасы – Барақ батыр (1650-1740) Шүйіншалының кенжесі, Керей елінің Жәнібек Бердәулетұлынан (1714-1792) бұрынғы әйгілі билерінің бірі. Жәнтекейдің ұраны болған Сәменбет батырмен бірге өмір сүріп, Абақ-Керей елінің келелі істерін басқарған әйгілі би болған. Барақтан Ханкелді, Тайлақ деген екі ұл туып, олардың ұрпақтары кейін Шүйіншалы ішіндегі екі табы болып өсіп-өнген. Барлыбай Тайлақтың төртінші ұлы.
Абақ-Керей елінің таяу заманғы тарихында Барлыбай есімі «Барлыбай би», «Барлыбай батыр» - деген атпен әйгілі болған, осылай атап шежіре шертетін тарихи кітаптар бірталай. «Халықаралық Алтай ілімін зерттеу материалы», «Абақ-Керей» атты кітапта: «18-ғасырдың соңы мен 19-ғасырдың 30-жылдарына дейін Абақ-Керейде Жәнтекей руынан Барлыбай, Молқы руынан Сәмек, Шерушіден Шобаш, Қарақастан Байқан, Молқы Жанторы (Ештаған), Жәнтекей Тауасар, Жәдіктен Шегетай, Маман қатарлы билер ел ісіне араласқан» - деп көрсетіледі.
Аңыз деректерге негізделгенде, Барлыбай 1736-жылдар төңірегінде туған деп межелеуге болады. Сонан бергі 20 неше жыл қазақ халқының жоңғар шапқыншылығынан қуғын-сүргін көріп, Сыр бойынан шығысқа қарай көшіп, қазақ даласында босып жүрген тұсына тура келеді. Ол 18-ғасырдың алғашқы жартысына дейін 90 жастан аса ғұмыр кешкен, Жәнібек батыр жасағында жорық соғыстарда шоқтығы биік батыр, ел басқаруға араласқан би, Абақ-Керей елін ежелгі мекені Алтайға көшіріп келіп қоныстандыруға басшылық еткен көш басшы, Көгедай төрені Абақ еліне әкелуге және оны Пекинге ертіп апарып, Қытай патшасымен кезіктіріп, Абақ елінің Қытай патшалығына қарастылығын тұрақтандыруға есе қосқан әйгілі отаншыл, Алтай бетінен тұңғыш тоған қаздырып, егін шарушылығын жолға қойған ел басшы.
Аңыз деректерге және тарихи уақиғаларды тып-тиянақтап зерттей отырып жазылған Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романының әңгімелеріне қарағанда, 1700-жылдардың алғашқа жартысында, Жәнтекей елі онша өспеген тұста, Жәнтекейдің Сүйінбай, Сүйіндік, Шүйіншалы (Қуандық) ауылдары жұтта, жауда, үркін-босқында тобын жазбай бірге жүргені анық. Осы жүйеден, Жәнібек батырдан жиырма шақты жас кіші болса да, артынан еріп, тәлімін алып, жолын ұстаған аталас інісі Барлыбай ер Жәнібекпен бірге «бір мезет Сыр бойында, онан соң Ор-Ырғыз өзендері аңғарында, Едірей, Арқалық тауларында, Нұра өзені бойында, кейін Көксала-Бақанас қатарлы жерлерде» бақыр қазан дәмін бірге татып, жорық соғыста тізе қоса жүріп, жаулармен шайқасып өткен. Оның мекен еткен жерлері жөнінен «Ер Жәнібек» романының «сөз соңында» деген бөлімінде: «Шығармада шамамның жеткенінше тарихи адамдардың және тарихи жерлердің атының дұрыс болуына күш салдым», - дей отырып, «ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы туылған Жидебай Бердәулеттің інісі Кірдәулеттің баласы өгіз балуан Жидебайдың атындағы жер болса, оның маңындағы Барлыбай Керейдің Жәнтекей руының әйгілі батыры – Барақтың немересі кейін Керейге би болған Барлыбайдың аты екенін, Архат тауы Бектасұлы Архат батырдың Қарауыл шоқысы екенін қариялар әлі күнге дейін аңыз етеді» деп жазады.
Барлыбайдың ер Жәнібекпен жорықтарда, соғыстарда тізе қосып шайқасқаны жөніндегі сөзіміз дәлірек болу үшін, романнан үзінді алайық: «Керей-Уақ Сыр бойынан ауғанда, Найман ішінде қалып қойған оншақты ауыл Керейге жылжып келіп, Тоқырау өзенінің бойына аялдағанын естіп, Қалба өңіріне көшіріп алу үшін аттанған сапарында, Жәнібектің қасындағы он шақты атқосшысының бірі – құлагер атты Барлыбай болатын». Аттары қалғып келе жатқанда, иен жазық сары далада қара құйрық қуған бір арлан қасқыр кездеседі, Жәнекең: «Олжа осындай оралса игі еді. Әй, Барлыбай ұмтыл, атың тың екен», - дегенде ұмтылған Барлыбай қара құйрықтың ақбас текесін басып жатқан көк бөрінің үстінен түседі. Текені тастай қашқан бөрі аздан соң қайта келіп, Барлыбайға қарай атылады. Қапелімде қаһарына мінген батыр бала жігіт, садақпен кезеп тұрып, дәлдеп атып түсіреді. Бір белегір асқан арлан қысырдың тайындай болып, тұмсығы жер тіреп құлаған екен. Қасқыр алып, қара құйрықты олжалаған Жәнекең: «Аллаһ жолымызды оңғарады екен», - деп, ықылас білдіріпті. Осы сапарда Тауасар Қазыбекұлы да бірге болған-ды.
Жоңғар хандығының билігіне таласқан Амырсананы ойрандап қуып шыққан соң өзіне қауіп төндірер күш қалмады деп мөлшерлеген Даба Шы (кей кітаптарда Дабаци делініп жүр, моңғолдың әскер басы) 1754-жылы 9-айда 30 мың сұрыпталған қолмен қазақтарға қарсы жорық жасады. Аякөз өзенінің Нарын деген жерінде Әбілпейіз сұлтан қолымен Жәнібек қолына келіп тоғысып, жауға қарсы аттанды, Жәнібек жекпе-жекке өзі шықпақшы болып еді. Қасына ерген Шақабай, Машан, Қожаберген, Жантай, Жобалай қатарлы қарт батырлар көнбеді. «Күні бұрын дайындалған Барақ батырдың немересі, енді ғана 18 жасқа келген Барлыбай, Атантайдың немересі Қайдауыл, Сәменбеттің немересі Ақан, Машан батырдың немересі Жанторы Байтайлақ батырдың ұлы Шобаш, қарақас Байқан, ... қатарлы қыршындар сақадай сайланып» жауға шауып, үш күн кескіліскен соғыс салып, Дабашының 30 мың қолын жеңіп шықты. Ізін суытпай қуа соққылап, бірнеше жыл тазалау жорығын жасап, 1757-жылы жоңғар шапқыншыларын бас көтере алмастай етіп түбегейлі жеңіп тынды.
Барлыбай Жәнібек батырдаң ел тағдыры жөніндегі өрелі ойларын жүзеге асыруда өшпес еңбек сіңірді.
18-ғасырдың соңғы жартысында Керей елі Қалбадағы кезінде бір жылы жазы жаңбырсыз, күз сүркей тартып, Есағасы (Байымбет) мен Қатай екеуінің «Қоңыр аң ауып кетті, биыл қыс қатты, қар қалың болады, Керейдің жылқысын отарлатпаса қырылады» деген кеңесін құп көрген Жәнібек батыр «Керей жылқысының алдында аң аулап, құс қуалап, жер шалып жүріп отырыңдар, қарсыласатын жау, ерегесетін дау болса, Барлыбай бас болып сөйлесін», - деп, төрт қосқа бөлінген екі мыңнан аса жылқыны алдарына салып, Керейдің бес батырын аттандырады. Ол бес батыр – Барлыбай, Қуандық (Жәдік), Шобаш (Шеруші), Шаған (Молқы), Байқан (Қарақас), оларға қосшы, бақыршылармен қоса әр қайсысына оннан сайлауыт жігіт қосып аттандырады. Керей жылқы қостары Қаба, Буыршын өзені бойына әкеліп жылқы салғанда, өзен аңғары қалың жыныс орман, қара шірік қалың шөп сонысы басылмаған, аю, бұғы сықылды аңдары қалың тұңкелі, аз ғана бытырай қоныстанған моңғолдар, атқы құрып аң аулайтын жер екен, қалың жылқы келіп аңды үркітіп, атқыларын бұзып кеткеніне наразы болған моңғолдар жылқыны үркітіп–қуып тынышын кетірген соң, Барлыбай Есағасы мен Қатайға ақыл салыпты: «Біз моңғолдармен жауласпай елдесейік. Кепе ханға тарту-таралғы апарып жайылым сұрайық, маңдайға басар екі ат апарайық, тартуға апаратын аттарымыздың сырты сымбатты, қуса жететін, қашса құтылатын саңлақтардың өзі болсын. Екі атты жылқы танитын жасынан жылқы баққан, жақсы мен жаманын айыра білетін Қуандық таңдасын», - депті. Қуандық Керей жылқысын аралап жүріп, Ботақара елінің жылқысынан екі қара кер атты таңдап ұстап, аталған бес батыр бағалы аң терілерін артып, екі сәйгүлікті жетелей, «Құба Там» деп аталған Жағашының ақ шиінде отырған моңғолдың Кепе ханына барыпты. Бір деректе, бұл 1773-жылы шаған мерекесінің қарсаңы екен дейді. Сонда Кепе хан келген қонақтардың осал адамдар еместігін сезіп, оларды қошаметтеп күтіп, жақсы құрмет-сый көрсетіп, бұйымтайларын сұрағанда, Барлыбай: «Төсекте басымыз, төскейде малымыз қосылған моңғол-қазақ кигіз туырлықты ел едік, жеріміздің жазы қуаң, қысы жұтаң болатын бейнесін көріп, Ертіс пен Буыршын өзені бойына, Көксін мен Сауырдың иен жатқан жонына жылқы отарлатып келіп-ек. Сізге қарасты елдің адамдары малымызды қуып, үркітіп жайсыз қабақ танытып отыр, осы жөнін Сізге айтайық деп, амандаса келіп отырмыз. Біздің қазақ «орамал тон болмайды, жол болады» – деп мақалдайды. Сіз топқа мінетін, ханым көшке мінетін екі тай сауға әкелдік»,- деген екен.
Сонда Кепе хан: «Бесеуің бес қолдың саласындай, бір кісінің баласындай екенсіңдер. Екі шартым бар. Ертең біздің шаған мерекеміз. Ат бәйгесін жіберемін, балуан түсіремін, әкелген аттарың озса, балуаның менің балуанымды жықса – осы екі шартымды орындасаңдар, онда айтқандарыңның бәрін орындаймын» – дегенде Барлыбай батыр: «Айтқаның келсін!», - деп, бетін сипап жіберген екен. Сонда: «Әттеген-ай!», - деп қалған Кепе хан сазарып, демін ішіне алып отырып қалыпты.
Шаған күні бәйгеден қос қарагер құйрық тістесіп бірінен соң бірі алдымен келіпті, Қуандық батыр Кепе ханның Шаған балуанын алып ұрыпты. Сонда көпті көрген Кепе хан: «Керей бағың өрлеп тұр екен, айтқандарың болсын», - деп, бес батырға сый-сауға ұсынып отырып, Буыршын өзенінің бойында Долаты деген жерде аршалы оба бар, біз сол жерге жылына бір барып, бас қосып оба тоқимыз, сол қасиетті жерге мал тұяғын тигізбеңдер, басқа жерге малдарыңды апара беріңдер», - депті. Осы жолғы жер-жайылым алып мал отарлату Керей елінің Алтайға қайта келіп қоныс тебуінің бастамасы болып еді...
Керей көші Қалба, Маңырақ, Жайсаң көл атырабына, Сауыр-Сайқанына дейін, Алтайдың күн бетіне көсіле қоныстанған кезде төңірегіндегі торғауыттар, наймандар қарасты хан иесі жоқ қашқын ел деп түртектетіп, жер дауы жесір дауы, сияқты дау-жанжалдар туылғанда Керей билеріне: «Хан нәсілінен шығып ортақ танылып ел иесі болған төрелерің жоқ, төресіз елдің дауы ақпайды, билігі баянды болмайды», деп қыжырта береді. Абақ-Керейдің өз ішіндегі билері де үзеңгі соғыстырып, өз руларына тарта бастағанын, өзінің жасы ұлғайып қалғанын ескерген Жәнібек батыр Керей елінің ырықсыз күйге түспеуін көздеп. 1783-жылы (қоян жылы) шілдеде Көкпектіде Барлыбай бидің ауылында Керей елінің бар игі жақсы ел ағаларын шақырып, хан тұқымынан төре әкелуді ақылдасып кеңес құрады. Осы кеңестің шешімі бойынша, бір жыл жол қамын жасап дайындалып, 1784-жылы (ұлу жылы) Жәнтекейден Тауасар Қазыбекұлы, алыс-жуыққа аты шыққан би әрі батыр Барлыбай, Жәдік руынан Қамысбай, Қияқбай шешендер бастаған әр рудың дегдарларынан және олардың атшы-қосшысы, қазаншысы болып, жалпы елуге тарта кісі Жәнібектен бата алып, мөрін басқан хат алып, мол тарту-таралғымен Көкпектіден Әбілмәнбет ханның баласы - Уақ, Керей төресі Әбілпейіз ордасына барып, елге ес, сыртқа сес көрсетіп, ұлық болатын бір ұрпағын қалап-сұрап келуге аттандырады.
Керей елінің төре сұрап келуі Әбілпейіз уаңға ауыр салмақ болып түсті, Әбілпейіз екі әйел алған адам, үлкен ханымы Айкүміс, одан Ханқожа, Орыс, Пиды, Гада, Ақатай атты бес ұл, кіші ханымы – Тұмар – қырғыз төресінің қызы, одан Көгедай, Сәмен, Жабағы деген үш ұл болған. Әбілпейіз Керей елшілеріне: «Бәйбішеден туған бес баламның бәрінің де үкі тағып қойған жері бар еді, кіші әйелім Тұмар ханымнан туған Көгедайымды алыңдар. Көгедайымды жас болса да бас көруші едім. Тұмар ханымды алып қайтқан жолымда аспандағы ай қойныма кірген түс көріп едім, содан ырымдап көктегі ай деген мағынамен «Көкай» деп ат қойғам, еркелете жүріп Көгедай аталып кетті», - дейді. Барлыбай қатарлылар Әбілпейіздің емеуріні бойынша Тұмар ханымға бұл жайды білдіргенде, ол кісі: «Хан көтеріп, қадыр тұтып, ел басқартамын десе, рулы елдің меселін қайтарғанымыз жөн болмас, беріңіз, Сәменім мен Жабағы екеуі Көгедайыма серік болсын, мен де көгершіндерімнен қалмасам, бірге барамын»,- деген екен.
Бұлар бір ай уақыт байқап сынап жатып, он екі жастағы Көгедайды төрелікке алып, Тұмар ханымның ордасын балаларымен бірге Керейге көшіреді. Ханымның ордасымен бірге онбір үйлі малшы, қосшы екі үйлі молда-қожасымен бір ауыл болып көшіп келеді. Керей елі Көкпектіде 1788-жылы Абылай хан, Әбілмәнбет ханның ұрпақтарынан, Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Уақ балаларынан біліктілерін және қанаттаса отырған ұлттар мен үлкен рулардан бір талай ел басыларын шақырып, көк қасқа тай, ақ сарбас қой сойып, ат шаптырып, дүбірі жер жарған ұлы той өткізіп, Көгедайды хан көтереді, он екі Керейден он екі мықты жігіт Көгедайды ақ кигізге отырғызып, Қалба тауының биігіне көтеріп шығарады. Он екі Керейден он екі білікті би шығып: «Төбемізге көтерген төреміз Көгедайға қарсы келмейміз! Әміріне көніп, айтқанына мойынсынып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлік құрамыз! Айтқанымызда тұрамыз!» - деп ант беріп, ақ сарбас қойдың қанына қолдарын матырыпты. Ұлы дүбірлі осы қимылдардың бәрінде Барлыбай би білікті рөл атқарған.
Қазақ ханы Абылай 1757-жылы Қобдадағы Анбалмен кезігіп, Пекинге елші жіберген. Әбілмәнбет хан Іледегі Қытай патшасының елшісімен қатынас жасап, сырт жақтан бағыныштылық беріп, қатынасын үзбей, ішкі жағын өзі басқарып келген. Әбілпейіздің ұлы Жолшы мен Бопы жеке-жеке Гұң атағын алған. Керей төресі болып сайланған жас Көгедай іргелі елді басқарып тұрғанда, ықпал күші зор болған шонжарлар мен адуынды сотқарлар тағы да Керей еліне соқтығып, көз алайта берген соң, Жәнібек батыр толғана келіп, көпті көрген ел даналарын шақырып кеңес құрып: «Іргелі ел болсақ та, елге үлкен сүйеніш керек. Үлкен тау боранына, үлкен ұлық орамына кезіктіреді. Біз де бір үлкен тауға арқа сүйеуіміз керек»,- деп ақыл салады. Кеңеске қатынасқан Барлыбай, Байқан, Шобаш, Шаған сықылды ел ағалары; «Хан тұқымы Әбілпейіз Қытай патшалығына қол артып, арқа сүйеген екен. Біз де Қытай патшалығын сүйеніш етіп, сырттай иелік беріп, іштей өзімізді өзіміз басқарып, шен-шекпеніне ие болсақ, біз де бөтен жұрттан ықпайтын боламыз»,- деген ақыл бірлігіне келіп, бұл бекімді Көгедайға жеткізеді. Сонда Көгедай төре: «Жерсіз ел - соққан жел, аққан салмен бірдей екен. Іргеміздің берік болуы үшін ата-жөнімді, он екі Абақ елімді Ежен ханға (Қытай патшасына) мәлімдеп, таңбалы қағаз әкелсем деген менің де ойым бар еді. Батыр сіздің сұңғыла ойыңыз менің ар жағымнан шықты. Елдің игі жақсылары бас қосып, кеңес құрыпсыздар, елдің елдігін көрсетіп, сапарға бірге аттанатын ұлықтарды сіздер белгілеңіздер», - деген. Сонымен, осы жолғы ақ батаға жиналған топ Көгедайға еретін жолдастарын белгілеп шықты. Билерден өзі жас, ақыл қайраты мол, тілге шешен делініп Барлыбай би, Молқы Жанторы би, Қарақас Байқан би, батырдан өзі жас ақылына қайраты сай келген Шобаш батыр таңдалды.
Чянлұңның 55-жылы (қазіргі жыл санаудың 1790-жылы) ит жылы 18 жастағы Көгедай аталған жолдастарымен қазан айында жолға шығуға келісіп бір ай дайындалып, атшы, бақыршы, молдасы, малшысы болып, 17 адам қазан айының онында Көкпектіден Ежен ханға аттанды. Олар түйелі керуен мен тарту-таралғыларын артып, Қобда арқылы Пекинге бет алып, ұзақ сапар шегіп, Жылыөзен жағасында (Хыби өлкесінің Чиңды қаласы) демалып жатқан Чиң Гау Зуңға амандасып барып, сый құрметіне бөленіп, патшаның қабылдауында болады. Көгедайдың Алтайдың күн бетінен Зайсан (қазақша Жайсаң) көлінің жағасына дейінгі кең сахара жері бар, өрісі толы мыңғырған малы бар, толықсыған он екі ұтық елі бар, хан тұқымынан сайланған төре екенін мәлімдейді, Чиң Гау Зуң хан Көгедайға гауһардан кос көз орнатқан жылғалы, таңбалы «Гүң» деген шен беріп: «Тарбағатай мен Қобданың шекарасы, Ертіс өзені, Алтай тауының күнгейін, Сауыр тауының теріскейін мекендейтіндіктерің үшін әр жылы Тарбағатайға 40 ат, Қобдаға 41 ат «түтін алман» беріп тұрасыңдар», - деп, жарлық шығарыпты, Көгедайға ерген билер мен батырларға оқалы қамқа тон кигізіпті.
Көгедайдың Ежен ханға жолығып «Гүң» шенін алып келуі моңғол тайпаларының алдында Абақ-Керейдің терезесін теңестіріп қана қоймай, мәртебесін өсіріп, елдігін бекемдей түсті, бұл Абақ-Керей тарихында ел есінен кетпейтін дәуір бөлгіш уақиға болды. Осы ірі уақиғаны Көнсадақ руынан шыққан Ахмет ақын:
Барлыбай, Шобаш ерген Көгедайға,
Жанторы, Байқан да бар осы жайда.
Ежен хан үшеуіне мәнсәп беріп,
Ұқсады Керей елі туған айға
деп, өшпес жыр шығарды.
Деректерге қарағанда, Абақ-Керейдің Шүйіншалы әулеттерінің Алтайға көшіп келіп қоныстануы 1783 жылдан кейін болған көрінеді. Барлыбай өз билігіндегі Шүйіншалы елі қандай жерге мекен тебуі керек деген бір келелі түйінді көптен көңілінде сақтап жүрсе керек. Сол жүйеден, жоғарыда баяндалған жылқы өрісін сұрап Қобдадағы Кепе ханға барып, тарту-таралғы ұсынған сапарынан бастап, онымен қарым-қатынасын үзбей, тамыр болып жақсы өткен. Кепе хан деп отырғанымыз Ертістің солтүстік жағалауын шекара еткен Алтайдың күнгейі мен теріскей аймақтарын билейтін Чиң патшалығының өкілетті елшісі - Хебей амбы («Арман тау» романы – авт. Сұлтан Тәукейұлы). Барлыбай басқа ел ағаларымен бірге мал отарлау, елдің алдын Алтайға көшіру жұмыстарымен Қалбадан Алтайға, Буыршын, Қаба өзендерінің жағалауындағы кең алқап, шұрайлы далаға әлденеше рет келіп, жер көріп қоныс шалған. Көгедайды Пекинге апарып келгеннен кейінгі тұста би әрі батыр Барлыбай Шүйіншалы еліне жаз-жайлау, қыс-қыстау болатын тұрақты мекен қоныс алуға мықтап кіріседі. Бұл кезде оның аты әйгілі болып, Алтайдың күнгейі мен теріскейіндегі моңғол, қазақ халқы арасында абыройлы ел ағасы болған кезі еді.
Сондай күндерде Кепе хан Барлыбайдан елге атағы шыққан «ерке торы» деген ой–қыры бірдей тұлпар атты қалайтынын айтыпты. Мұны жақсы орай деп біліп, Кепе ханға: «Ұлық тақсыр, Ертісті өрлей көшкен Керей елінің шоғырын көріп отырсыз, бәрі де мал өсірудің қамы үшін болып жатыр. Моңғол-қазақ аралас қоныстансақ деген ойымыз бар. Аюты мен Аралды жайлауына, үш Күнгейтіні - Қаракүнгейтіні, Ақкүнгейтіні, Қалукүнгейтіні (қазіргі Қалтон) бие бауыма, Ши-Шұңқырдың екі жағын күзеуіме, Қызылтастан Сауырға дейін қыстауыма жол берсеңіз», деп, тілек айтып, «ерке торыны» жетелеп, жүзден аса жамбы және басқа тарту таралғысымен барған екен. Ол кезде Шұңқыр бойының екі жағы ши арасынан түйе көрінбейтін жыныс орманды ну дала екен, содан Шұңқырды «Ши Шұңқыр» деп атаған. Кепе хан бұған сол кездегі ел жағдайының ауқымына қарай қынжыла мақұл болыпты. Сонымен аталған жерлерде қоныстанып мал оттатуына қосылып, жарлық жазып беріп қайтыпты. Бұл кезде Шүйіншалы елі аталған өңірлерге ендіркелеп таяу көшіп келіп үлгірген екен. Іле-шала осы өңірлерге жабыла қоныстаныпты. Екі жылдан кейін Кепе хан Барлыбайды қонаққа шақырып оған: «Біз екі елдің араласы тым тез болды, екеуіміз тамыр болып-ек, бірақ мұнымыз болмай қалды. Біздің елден жерді Керейге беріп қойдың деп араздық туды, тағы бірі «ерке торыны» мен топқа міне алмадым, ханым көшке міне алмады, тым тентек ат екен. Тамырлықтан қайтсақ?», – депті. Сонда Барлыбай: «Мақұл қайтсақ қайтайық, бірақ мұнымыз екеу арамызда ғана болмасын, сен де еліңді жи, мен де елімді жияйын, ел алдында келісейік. Атты міне алмадық дегеніңіз – бізді жаратпағаныңыздан, араздыққа беттеген пәтуәңіз шығар», - деген екен. Барлекеңнің бұлай деуін «Көшіп келіп қоныс тепкен елінің молдығына арқаланып отыр» деп білген ханымы: «Әй, бұларыңыз келіспейді. Ерке торыны міне алмасақ, көшкенде кежімдеп жетелеп алсақ көштің көркі, еруде мың жылқының еркесі емес пе, моңғол, қазақта «жақсы ат - ер қанаты» дейді, мұны қайтарсақ жылқының құты қайтады, елден ұят болар, ел арасына жік түсер, тамырлықтарыңыздан қайтпаңыздар», - деген екен. Кепе хан да сөз жүйесіне жығылып, тамырлықтарын сақтай беріпті.
Содан былай, төрт Шүйіншалы ауылдарын ұтық-ұтығымен осы құтты мекенге қоныстандырып, ойында жүрген арманын орындап, халқын бейбіт тіршілікке кенелдіреді. Ботақара, Ханкелді ауылдары Аралды жайлап Торғайты, Жеті көл жайлауларын қоныс еткен, Ботақара Шәкубай Торғайтыдағы «Шәку сазы» деген жер атымен әлі де ел есінен көтерілген жоқ. Буыршынның шығыс тауындағы Мүсіркен, Көшербай, Жұман тас қорасы, Бәке қорасы, Жәке қорасы қатарлы жерлер Ханкелді ұрпақтарының мекендеген адам аттарымен әлі күнге дейін аталып келе жатқан қыстаулық жұрттар. Ботақара әулетінен шыққан әйгілі ақын Төлебай Өжекұлының зираты Жетікөлге асатын ирек тастың жолында жатыр. Қазіргі Қостық ауылы ертеде Ботақара Қостық деген кісі мекен қылғандықтан соның атымен аталған. Сайырдан бері мекендейтін Шәкубайдың зираты қазіргі Алақақ суының шығыс қабағында. Секел әулеттері Еламан, Болат, Көкбай, құмды қыстаулық еткен. Мұндағы жер аттары да күні бүгінге шейін кезінде мекендеген Секел атамыздың ұрпақтарының атымен аталып келеді, Тайлақтың алты баласы - Қызылтас бөктерінің оңтүстікке қараған алты сайын мекендеп қыстаулық еткен. Жуан Теректе Тайлақ елі шоғырлы қоныстанып, кейін келе мешіт салдырып, бертін келе мектеп ашып бала оқытқан. Секел, Тайлақтар Аюты мен Иректіні жайлап, Ақкүнгейті, Қаракүнгейтінің бойын көктеу, күзеулік етті. Ақкүнгейті мен Қаракүнгейтінің арасында Секел сазы, Тайлақ сазы деген құтты қоныстар бар. Қазіргі Қаба мен Буыршын шекарасындағы Бозтал, Киікбай деген жер – Тайлақтың бір баласы Киікбайдың мекен қылған жері, Киікбайдың зираты сонда. Бұл мекендерде Шүйіншалының ұрпақтары қазірге дейін өсіп өркендеуде.
Бұл өңірге алғаш келгенде Шүйіншалы ауылдары Барлыбайдың ұйымдастыруымен жайлаулық жерлер ашып, өзендерден өткел жасап, көш жолдарын салды. 1900-жылдардың алғашқы жартысында жасаған Еңсет ақынның ата-тек, жер-суды жырлаған толғауынан мынадай үзінді ел қарияларының есінде қалыпты:

Арғы атам Шүйіншалы батыр Барақ,
Келеді төрт Шүйіншалы содан тарап.
Барақ батыр баласы Ханкелді, Тайлақ,
Мекенді бұл Алтайдан алған таңдап.
Жайлауы біздің елдің Арал екен,
Шүйіншалы бұл өңірді қылған мекен.
Таусылмас жол жасаған қалың елім,
Алдымда Торғайты тұр сары белім,
Қарасаң жан-жағыңа тамашалап,
Айнадай жарқырайда Жеті көлім.
Өмірдің кім біледі көбін-азын,
Қызғалдақ жүргізбейді қылып тәжім.
Секілді қолмен қойған бейне бақша,
Жатады мың түрленіп Шәку сазым.
Қыстауы Құм, Қызылтас, Сайыр екен,
Шұңқырды Шүйіншалы қылған мекен...

Осындағы таусылмастан жол салып, Сұмдайрықтан Кәріөткел делінетін өткелді бастап өткен, мал өткізіп Аралға жайлай бастаған Шүйіншалы ауылдары дейді қариялар.
Шүйіншалы ұрпақтары Барлыбай батырдың басшылығымен тоған қазып, су бастап егіншілікті жолға қояды. Алыстан азып-тозып көшіп ежелгі ата-мекенге келген елдің бас-аяғы бірдей малды, ауқатты болмаса керек. Шұңқырға келген елдің кедей-кепшіктеріне алғашында байларынан мыңдап қой жинап алып, соғымға таратып беріп тұрыпты. Мұның жыл сайын осылай жалғаса беруі оңайға соқпаған. Енді бір жағынан ұрпақтары үшін «атадан қалған енші қайсы?» деп, артына қарап үңілгенде көзіне оттай ыстық көрінетін мәңгілік мұра болсын деп, жер емшегін иітіп, халқы тоқшылыққа кенеліп, бір кенішті шаруашылықпен шұғылдансын деп, Шұңқырдан тоған алудай – қазақ халқының шаруашылығында жаңа істі қолға алып, бүтін Алтай бетін жалт қаратты. Бұл туралы әйгілі ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлы қартайған шағында жазған тарихи әңгімелерінің бірі «Арманшылдардың алақан табы» деген құнды еңбегі Барлыбайға арнап, мәрмәр тастан орнатылған ескерткіш іспетті болып, ел көкейінен орын алды. Мақаң Шұңқырдан тоған алу туралы сол кездегі ел кеңесінде Кеншенің сөзі ретінде, мынадай келелі тұжырым айтады: «Бұл тоған алған өңірге алтын өнеді, берекелеріңді қашырып, Құдай берген ырыстарыңды шайқап алмаңдар, жетеді нәсілдің нәсіліне». Расында жетті ғой! Шүйіншалы ұрпақтары екі ғасырдан артық уақыт, 7-8 ұрпақ жалғап, осы Шұңқырды құтты мекен етіп, соның аясында өсіп-өркендеп келе жатқан жоқ па? Мағаз ағаның аталған шығармасынан бір-екі цитата келтірейік: «Жас кезі ғой, Әз Тәукенің нәсілі Әбілпейіз уаңнан төре сұрай барған Керей билерінің біреуі осы Барлыбай болатын»... «сол жолы ғой Түркістан уалаятының көп жерлерін аралап, талай миуалы бақша, көк майсалы дақылдар атызына көзі түскені; Сол жолы ғой «қара жердің қаны су екен ғой», - деп танығаны; сол жолы ғой үлкен бір арманның ішіне кіріп, орын теуіп жатып алғаны»... «Барлыбайдың көз алдынан енді шығысқа шеккен сапары өтті... Ханзада Көгедайды Чянлұңға апарып, мемлекеттің ел басқару жүйесіне енгізіп, хан қасынан қара көк тас қадату үшін... ұлы моңғол үстіртін басып өтіп, ұлы қорғанның ішіне кіргені... сол жолы ғой, Сарыөзен бойының құп-құла топырағы көмей алуға келмейтін шығырмен болса да су ішіп, жасыл манатқа оранып алғанын көргені; сол жасыл масатының тұп-тура Пекинге барып тіреліп, одан да ары теңізге қарай тартып жатқанын көргені; сол жолы ғой, тіршіліктің қолқа тамыры топырақ пен су екен деп екінші рет танығаны. Барлыбайдың батысқа барғандағы арманы бұл жолы өз ішінде бұрынғысынан бетер балалап қайтты»... «содан бері «әттең, өз жерімде бір бидай болса да жамбасы топырақ искейтін заман болса» деген қиял оның ойынан екі елі ажырамай қойды»...
Бабекең (кейін ел ішінде ол кісінің құрмет аты осылай аталған), осы ұлы арманын Шүйіншалы ұрпақтарын ұйымдастырып, қызыл қолмен қажымай еңбектену арқасында, Кеншенің жобалау, жетекшілік етуімен Шұңқырдың батысындағы Қалтон суының алқымынан екі көмей алып, екі тоған алу арқылы орындады. Алтай аймағының «ірі оқиғалар естелігінде» «18-ғасырдың 80-жылдарының алды-артында Тайлақ руының басшысы Барлыбай батыр Кеншенің жобалауымен Шұңқырдың қарабұлақ жерінен бірінші рет тоған қаздырып, су бастап, жер суарған» деп жазылған. Мұндағы «бірінші рет» дегені Алтай бетіндегі тұңғыш тоған алып, жер суарып, егін шаруашылығымен шұғылданған дегенді меңзейді. «Қарабұлақ жерінен» қаздырған алғашқы тоған, Қарабұлақ аузынан құлдап, Қалтон суының шығысына қарай 10 шақырымдай ұзындықта тартылған. Енді бірі Қалтон суының батысына тартылған тау бөктерлеп Бұлантайдың аузынан өтіп құлдайтын тоған. Алғашқы тоғанды бітіргенде ел-жұрт бұл тоғанды «Бабекең тоғаны» деп атаймыз дегенде, ол кісі бұған көнбей, «Кеншен тоғаны» атандырған. Соңғысын «Секел-Тайлақ тоғаны» деп ататтырған. Оның ұзындығы 13-14 шақырым. Бұл екі тоған жөндеп аршып тұрғаннан сырт әлі күнге дейін жер суаруға пайдаланылып келеді.
Батыстағы тоған біткеннен кейін, тармақ тоған тартып, жағасына ағаш ектіріп, өз ауылын сонда қоныстандырған, сондағы егілген ағашқа қаратып «Екпе терек» атанған жер бар. Бұл жерге мешіт салдырып, немересі Тоғызбай молда ұстаған. Тоғызбайдың кейінгі ұрпағы Кәмәли молда сол замандағы ата мекенінен қозғалмай, 1960-жылдардың соңында сол мекенде қайтыс болды. Бұл жерді ел қазір де «Кәмәли қорасы» деп атайды.
Екі тоған алынып болғаннан кейін, Барлыбай ел атынан Кеншенге рахмет айтып: «Еңбегіңе ақы ал, не алам десең де тартынбайық, Шүйіншалы баласының игілікті істен аяйтын малы жоқ, қанша десең де тартынбай ал», - деген екен. Кеншен еңбегінен артық ештеңе алмапты. «Тек бір сыбаға жер беріңіз», - деген. Барлыбай батыр өз ауылынан төмен Бұлантай өзенінің аяғынан шұрайлы жазық жерінен бір сыбаға жер беріпті. Кеншен бұған разы болып, «Халықты жетелеп, үлгі көрсететін адам келтірем», - деп, Тұрсынбақы деген тараншы ұйғырды әкеліп, сол жерге мекендеткен. Бұл адам бір жағынан егін салды, бір жағынан сауда істеп, аз жылда қатты байып кеткен дейді. Қазіргі Буыршыннан Қанасқа тартылған үлкен тас жол Шұңқырға еңкейетін сай «Тараншы» деп, сол Тараншының мекендеуіне байланысты айтылған. Ол Тараншының егін егудің қыр-сырын танытуда, сауда жайын білгізуде өз тұсында елге игі ықпалы болды.
Барлыбай батыр атамыз 1828-жылдың төңірегінде, тоқсанның екісінен асып қайтыс болған. Қаза болар алдында елге айтқан өсиетінде: «Шүйіншалы баласы ата-бабаң күл төккен байырғы құтты мекенге қайта оралып, ірге көміп көңілдерің орнықты. Бұл жер талай ұрпағыңа шейін мекен болады. Менің сүйегімді Қалтонның батысындағы Қабаға өтетін Құжыртының кезеңіне жерлеңдер, мол тас жиып төбесіне үлкен ақ тас қойыңдар, менің ұрпаққа алып берген жерімнің шекарасы ғой, мен сонда белгі болып жатайын», - депті. Өсиеті бойынша сол жерге қойылған зираты сонда.
Аңыздарға қарағанда Барлыбайдың жылдығы Қалтонда өткізіліп, арғы-бергі беттегі Алтай елін тұтас шақырып, қанаттас рулар мен ұлыстарға сауын айтып, ұлы дүбірлі үлкен ас берген екен. Бұл Керейдің Алтайдағы «алғашқы асы» атаныпты. «Барлыбайдың асында шаппағанда, әкеңнің басына шабасыңба?!» деген мәтел содан қалған деседі.

[1] Беженхан Қыдырбайұлы, Абақ-Керей Тайлақ шежіресі, 2006 ж., Буыршын қаласы, ҚХР, 41-58 беттер.

ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Жүніс қажы Рақиұлы (БҰЛҰТАЙ)

ҰРПАҚҚА АМАНАТ
[1]

Құрметті туыстар! Мен жасым 85-ке келген Жүніс Рақиұлы (Бұлұтай) өмірімде болған ахуал, жақсылық пен жамандықты сіздерге айтып өткім келеді. Руым Керей ішінде Жәнтекей. Ол үшке тарайды: Шүйіншалы, Сүйіндік, Сүйінбай. Шүйіншалы баласы Ботағара, Секел, Көбек, Барақ болады. Барақ бабамыз (1650-1740) кезінде батыр болған, атақты би болған кісі. Ол Керейдің ғана емес, Орта Жүздің мәселелерін бітіріп отырған дегдар кісі болыпты. Бұқар жыраудың «Керей қайда барасың?» деп басталатын әйгілі жыры осы Барақ батыр бабамызға қарата айтылған екен. Барақтың балалары Ханкелді, Тайлақ. Біз Тайлақтан тараймыз. Атамыз Тайлақтың баласы алтау: Бекбау, Киікбай, Барлыбай (1736-1828), Барғана, Төлежан, Егізбай. Барлыбай атамыз өз кезінде атақты батыр һәм би болған, Алтай қазағына мәлім ұлық адам. Ол бірнеше мәрте Қазақ хандығының елшілері құрамында болып, Әбілпейіз сұлтанның баласы Көгедай төрені 1790 жылы Пекинге апарып, Ежен (Қытай) ханының қабылдауында болған. Бекбау баласы тоғыз: Еркебай, Марқабай, Сүйерқұл, Жайсан, Мәстек, Қабылан, Қабан, Бәйтерек, Жәнтерек. Біз Марқабайынан тараймыз. Оның баласы үшеу: Әлібек (?-1871), Айтақ, Қалутаң. Әлібектің баласы: Қыранбай (1861-1940), Рақи (1867-1939, ел ішінде Рақи Сопы деп танылған). Қыранбай атамыздың баласы Дәкібай (1912-1979) 1979 жылы Түркиядағы Алтай ауылында дүние салды. Айтақтың баласы Әміренің (1865-1939) Әбжат (1906-1934), Әуен (1916-1941), Кәмен (1928-1986) деген ұлдары болған.
Әкеміз Рақидың 9 ұл, 3 қыз баласы болған: Сәйфүлмүлік (1897-1940, Пәкістандағы Мұзафарабад дейтін жерде өлді), Жәнәбіл (1899-?, Алтайда өлген), Қабдолда (1906-1940, Тибетте өлді), Сағдолда (1908-1989, Түркияда қайтыс болды), Қасымбай (1914-1934, Шонжыда қайтыс болды), Қасымжомарт (1916-?, Алтайда өлді), Асылбай (1920-1923, Шонжыда өлді), Жүніс (1922- ), Жүнісбек (1924-1931, Морида өлді), Бәтима (1907-1984, Баркөлде өлді), Зылиха (1910-?, Алтайда өлді), Әминә (1936-1938, Гансуда өлді). Әкем Рақи Әлібекұлы 1867 жылы Өр Алтайдағы Шұңқыр ауылында дүниеге келіп, 1939 жылдың аяғында Тибет жерінде, Гималай тауында шәһид болды. Шешем Зылиман Мақтанқызы (Керей ішінде Ителі руынан) 1897 жылы қазіргі Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылында дүниеге келіп, 1917 жыл шамасында Жеменейге (ҚХР) өтіп кеткен екен. Анам 1946 жылы Пәкістандағы Суат (Мінгавра) деген қалада қайтыс болды.
Атамыз Шүйіншалының ұрпағы Өр Алтайдың Марқакөлдің тұсындағы Бұлантай, Буыршын, Қаба, Қалутаң өзендерінің бойын мекендеп, Шұңқырды қыстау, Қызылтасты жайлау еткен екен. Өз әкем Рақи Әлібекұлы кейінірек Алтайдағы Көктоғай, Секпілтай, Қарашора деген жерлерді мекендепті. Ағаларым Алтайда туған. Әкем Алтайдың елі оңтүстікке ауған шақта, ағайын-туыспен бірге алдымен Шонжыға, соңыра Баркөлдің Бисан тауына көшіп келіпті. Мен 1922 жылғы сәуір айында осы Бисан тауының Бәйтікке қараған теріскей бетіндегі Боршонжы қыстауында дүниеге келіппін. Осы жерде 8 жыл тұрдық. 1930 жылы ұйғыр мен қытайдың жанжалы болды. Себебі, Құмыл аймағында тұратын Салы Дорға деген ұйғыр бастығына «Қызыңды маған бересің!» – деп, қытайдың әскер бастығы зомбылық көрсетіп келген екен. Ол «Мақұл, берейін қызымды. Басқа әскербасы болса, ертіп кел!» – деген екен. Қытайдың әскер бастығы жанына бірқанша әскер ертіп келіпті. «Мылтықтарыңызды далаға қойып, үйге кіріңіздер» – депті. Кіргеннен кейін бәрін өлтіріп тастапты. Мұнымен ұйғыр мен қытай жауласып кетіпті. Әкеміз сонда «Бұл жер бізге қоныс болмайды екен», – деп, «көшіп кетсек» – деді.
Сонымен, 1931 жылы Мори жеріне көштік. Қарақол деген жерге барғанда бауырым Жүнісбек қайтыс болды. Ақтасқожа, Мейрамбек, Дұғын деген жерді жайлап, мұнан кейін Шонжыға көштік. Жебенқу, Дабанқу деген жерде манағы Тайлақтан тарайтын Әміре, Қанапия, Раздық, Арғын, Қыдырхан, Баянбай, Құнанбай деген туыстар бар екен. Олардың жанына бардық. Бұл жерде 1934 жылы Қасымбай деген ағамыз қайтыс болды. 6 ай тұрып, жазда Кейгу деген сайды жайлап, қыста құмға барып тұрдық. Жазға салым ұйғырдан Қожанияз батыр, дүнгеннен Кәсілің батыр (Мажың Иың), қазақтан Әліп Жамысбайұлы (Тасбике руынан) бірігіп, қытаймен жауласып кетті. Үрімжідегі қытай бастығы Шин Дубан (Шын Шы Сай) деген залым шығып, қазақ бастықтарын ұстап, өлтіре бастады. Мұнымен Кәсілің, Қожанияз, Әліп Үкірдай бірігіп, Баркөл, Мори, Шонжы, Жемсарыны алып, енді Үрімжіге барып, Шин Дубанды төңкеріп, орнына өзіміз отырамыз деп жолға шығыпты. Бұл жерде Шин Дубан Кеңес елінен әскер, машина алып, алдарынан шығып, әскерлерді өлтіріп, Қожанияз бен Кәсіліңді ұстап әкетіпті. Сөйтіп, Шонжыда да тұра алмай, қайтып Баркөлге келдік. 1933 жылы Баркөлге келсек, Тұғыртөбе деген жерде Әліп Үкірдайды өлтіріп, қатын-баласын қырып, малдарын алып кетіпті қытай әскері. Өлтірілген қазақтың саны 102 адам деседі. Сонымен қатар Шонжыдағы бірқанша ел Мориға қарай көшіпті.
Артынан қытай әскері келіп, елді шауып, малдарын алып кетіпті. Уақ руының биі Нұрғазының елі, Көнсадақ Хасен, Көнсадақ руынан Сапи молданың баласы Әнуәр қатарлы бір қанша адамды өлтіріп кетті. Ал, Әліп інісі Қожақын мен Әліптің баласы Елісхан екеуі бір жаққа жолаушылап кеткен екен. Қайтып елге келсе, жау шауып кетіпті. Ол: «Енді бізге атадан қалған мал жоқ, аяйтын жан жоқ. Иә қытайды өлтіреміз, иә қытайдан өлеміз» – деп, мықты жігіттерді жинап, әке кегін қуып, атқа мінеді. Бұл жерде Қожақын, Елісхан, тас көмір қазған қытайды қырып тастайды. Мұнымен Қожақын – батыр, Елісхан – тәйжі (би) атанды. Елдің басы болды.
1934 жылы Баркөлде тұра алмай, Атөрік-тал, Тасбұлақ, Шопыл деген жерге көштік. Шин Дубан: «Қазақ бастықтарын ұстап, балаларын қытай мектебіне аламыз!» – деген жарлық берді. Құмыл аймағына қараған билер, ақсақалдар ақылдасып, «Бұл жер бізге тұруға болмайтын болды, Гансу, Дүнген жеріне көшіп кетелік», деп әзірленді. Дүнген мұсылман ағайын болса, сол жерде тыныш тұрамыз деп, елдің көбі қабылдасты.
1935 жылы Тасбике руынан Адубай Қазанбайұлы деген елағасы бастап, 132 үй көштік дүнген жеріне. Ұйырқын, Ақшоқы, Тула деген жерде екі жылдай аман-сау тұрдық. Аң көп болатын жер екен. Қодас, бұғы, марал, құлан, жорға, жирен, көкешкі, арқар, құлжа, ақкөт, жұпар деген аң болады екен. Атып, етін жеп, терісін сатып, адамдар ауқаттанып кетті. Бір құланның терісін 5 күміс теңгеге сатамыз. Соғым соймайтын болдық. Ет көп. 1936 жылы Елісхан Әліпұлы, Атшыбай (Жәдік), Секей (Базарқұл), Қожақын Жамысбайұлы бастаған біраз жұрт біз жаққа көшті. Шекараға келгенде, Дөңбастау деген жерде жол бермей қайтарамыз деп, қытай әскері машинамен алдарынан шығып, тосып отырыпты. Ор қазып алған екен, көрінбейтін. Бұл жерде алдымен машинаны атып жүре алмайтын қылып, бұзып тастапты. Қожақын батыр бастап атысып, қытайдың қырықшақты әскерін өлтіріп, мылтық саймандарын олжалапты. Олар да біз тұрған жерге көшіп келді. Сонсоң ол жерден тағы да көштік. 1937 жылы Гансу өлкесіне қарасты Байынқол, Бұқақол, Доланшан деген жерге бардық. Ол жері жақсы, жайлы болатын жер екен. Бұл жерде төбет (Тибет) деген ел бар екен. Қара шатырда отырады екен. Мұнғұл да бар екен. Бұлардың тұратын үйі, қазақтың үйіне ұқсайды. Басқа қытай, дүнген жоқ екен. Бұларда там үй жоқ, көшпелі халық екен.
1938 жылы Баркөлде қалған қалың елді тоздырып, қытай әскері тағы да Қабдолда Буратайұлы (Сарбас), Қайбар Буратайұлы, Қожамберген Жамысбайұлы, Жеңісхан Қамысбайұлы деген атқамінерлерді ұстап кетіпті. Қалған бастықтар «Гансу, дүнген жеріне біз де көшелік», деп жолға шығыпты. Қытай әскерімен жауласып, бірін-бірі өлтіріп, малдан айырылып, жаннан айырылып, азып-тозып, дүнген жеріне келеді. Келген рубасылардың аты: Солтан Зұқаұлы (Ителі), Зайып тәйжі (Базарқұл), Алпыс Доданұлы (Молқы), Сыдық шаңия (Секел), Нұрғали үкірдай (Шақабай), Аянбет үкірдай (Уақ), Мардан үкірдай (Қазыбек), Хамза Жақияұлы (Найман), Қасым батыр (Меркіт), Ырғайбай шаңия (Ителі), Дәуітбай (Қарақас), Қайысбай балуан (Шақабай), Іркітбай (Жәдік), Тәмен шаңия (Секел), Жылқышы (Қарақас), Шақпақбай (Уақ), Ілияс (Жәдік), Деле зәңгі (Жәдік), Жәнәбіл (Тасбике), Шерікбай (Молқы), Құмар (Сарбас), Еренхан (Секел), Күлбай Намазбайұлы (Секел), Қармыс (Шыбарайғыр), Ысмағұл (Қарақас), Тұңғышбай (Есдәулет).
Қажылардан: Жәукіш қажы (Секел), Шімшікбай қажы (Тасбике), Бәйеке қажы (Шақабай), Сүлеймен қажы (Базарқұл).
Молдадардан: Ахмет молда (Найман), Ідіріс молда (Меркіт), Хайдар қари (Шақабай), Осман молда (Шақабай), Кәмел молда (Шақабай), Кәріштай молда (Молқы), Сүлеймен молда (Жәдік), Сейілхан молда (Қарақас), Хамит молда (Секел), Тоқтасын молда (Тасбике), Зәйнолда молда (Ителі), Зейнелғабиден молда (Ботақара), Сарқыт молда (Ителі), Шерияздан молда (Ителі), Рақи молда (Жәдік), Ағзам молда (Базарқұл), Үрім молда (Ителі), Халифа Алтай молда (Шақабай).
Кейін келген ел Шыңхайға жақын Дақоба деген жерде тұрды.
Бастапқыда Дүнген жерінде 4-5 жыл жақсы тұрдық. Үрімжідегі Шин Дубаннан құтылдық деп тұрғанда, алдымыздан Пекиннен шыққан коммунист төңкерісшілердің әскері дүнген жеріне келіп кірді. Мұны есітіп, біліп тұрып Елісхан: «Бұл жерде тұра алмаймыз. Артқа көшсек, қуған жау бар. Алдымыздан коммунист шықты. Үндістанға кетейік» – деп, біраз елмен Тибет жеріне көшіп кетті. Алтын-Шөге деген жерге барып, дүнген әскерінен құтылдық. Алдымызда қандай ел, қандай жер бар екен деп, Елісхан бірнеше адаммен көріп келеміз деп кеткен екен. Дүнген әскері елдің артынан қуып келіп, ат-түйені сыпырып алып, Елісханды қашан келеді деп тұрыпты. Елісханның артынан адам жіберіп: «Елді жау алып кетті, ат-түйені алып, қатын-баланы қамап, Сізді тосып отыр. Енді қайтеміз?» депті. Мұны естіген соң Елісхан «ат-түйені алса, қатын-баланың обалына қаламыз ғой. Мен өзім әскер бастығы Плужанмен сөйлесемін», депті. Елісханның дүнген әскер бастығына: «Қолымыздағы мылтық, ат-түйені алдың, қалған қатын-балаға зиян келтірмей, елге тапсырып берем деп, Құранға қол қоясың ба?», – депті. «Мақұл, болады!» - деп, дүнген әскер бастығы қол қойыпты. Мұнымен Алтын-Шөгеден елді көшіріп, Тәжінор деген жерге келгенде әлгі дүнген бастық сертінен тайып, қазаққа қыр көрсетеді. Плужанның шатырында Елісхан, Ідіріс молда, Қойшы батыр қол-аяқтары көзірлі (кісендеулі) жатады екен. Плужанның сөзін естіген соң Қожақын батыр мықты жігіттерді жинап: «Елісханның кіші әйелі Бәтима күндіз шай апарып бергенде Елісханға сөйлессін. Түнгі сағат 12-де бұзыламыз. Шамасы келсе шатырдың есігіне жақындап тұрсын» – деген екен. Мұнан кейін «Қатын-баланы атқа мінгізіп қойып, екі жігітке шатырдың есігінде Елісханды ала қашыңдар, басқаларың қарабақан, балта, күрекпен шатырды ұра беріндер» – дейді. Шатырда 50 әскер бар екен. Бәрін өлтіріп тастап, мылтықтарын алып, Елісхан, Ідіріс молданы аман-сау шығарып алыпты. Қойшы батыр ішінен шыға алмай қалыпты. Қайта Алтын-Шөгеге қарай қашыпты. Елдің артынан әскер қуған екен. Қожақын батыр алдынан тосып отырып, жібермей қашқан ел тауға шыққан соң аман құтылыпты. Бұлар көше тұрсын. Біз Байынқол деген жерде бір қанша ел бар едік. Елісхан дүнген әскерін өлтіріп, қайта көшіпті деп естідік. Енді дүнген әскері бізді аямай өлтіреді, біз де қашып көшелік деп, амалсыздан 1939 жылы шілде айында Тибетке қарай жолға шықтық. Басшыларымыз Мұқай Қайсаұлы (Тасбике), Қармыс, Рақадыл (Шыбарайғыр), Түктіаяқ (Секел), Қабдолда Рақиұлы (Тайлақ), Мүсілім Тоқтасынұлы (Тасбике) деген кісілер еді. Жаудан аман-сау 6 ай жол жүріп, бізден бұрын көшіп кеткен Елісханның ауылына жақын бір жерге келдік. Бұл келістің туған жерді біржолата тастап, бөгде елге апаратын келіс екенін кім білсін. Ағайын ағайыннан айырылған, анасы баласымен қоштаса алмай зар жыласқан сәттер әлі де есімнен шықпайды. Аллаһ Тағала халқымызға мұндай зар заманды екінші көрсетпесін!
Елісханмен бірге жолға шыққан ел екіге бөлініп кетіпті. Салахаттин (Молқы) және Сабырбай (Жәдік) билерге қараған ел 5 жыл таудың бойымен көшіп жүріп, кейін қайтып, Баркөлдегі елге барыпты. Тибет әміршісі Елісханды Нахшы деген ауданға қамап қойыпты. Елісхан әміршіге: «Бізге Үндістанға кетуге жол берініз. Біздің ешкімге зиянымыз жоқ» – деген екен. Далай Лама: «Үндістанға кете алмайсың. Келген жеріңе қайтып кетесің!» – депті. Ал, біздің елді Нахшыға 3 күндік жер қалғанда алдымыздан Тибет әскері шығып, қамап қойды. «Қолдарыңдағы мылтық-саймандарыңды бересіңдер!» – деді. Билер ақылдасып: «Жаман-жұтық мылтықты берейік, жақсы мылтықты тығып қоялық» – деді. Бір-екі ай осы жерде тұрып қалдық.
Енді дүнген жерінде қалған елдің жағдайы: Солтан тәйжі, Нұрғали, Аянбет, Сыдық, Адубай, Атшыбай, Қасым батыр, Ырғайбай. Бұл адамдар біз тұрған Доланшаннан ұзақ Дақоба деген жерде қалған. Доланшанда қалған ел біздің артымыздан бұларға қашыпты. Зайып, Алпыс, Мардан, Секей, Іркітбай, Дәуітбай, Қайысбай, Қошуыт дегендердің ауылы көшіп, Тибет шекарасына жақын қалғанда дүнген әскері қуып жетіп, елдің жарымын қайта айдап кетіпті. Бұл жерде қатты қиыншылық болыпты. Біреудің атасы кетіп, баласы қалған, баласы кетіп, апасы қалған. Бір-бірінен айырылып қалған адамдар көп болды. Малдан айырылып, жаннан айырылып қалғандар болды. Көшкен ел біз тұрған жерге бұлар да келді. Үш түрлі зобалаңды бастан кешіп, тағдырдың тауқыметін көрген ел бір-бірімен амандасып, жыласып, мұңдасып қалдық. Көпшілік: «Енді қайда барамыз? Тибет өкіметі Үндістанға жол бермейтін болды», – деп, билер кеңесіп, ақсақалдардың айтуымен «4-5 күн артқа көшелік, келген жолымызбен, Тибет әскері артымызда қалсын» – деп, тағы да бірнеше күн көштік.
Сөйтіп, соңымыздан ерген әскерлер қала бастады. Күннің батысына қарай көше бердік. Отын жоқ, су жоқ, қарлы боран. Қыс ортасы. Жейтін тамақ жоқ. Ат-түйе арықтап қала бастады. Суықтан, аштықтан ауырып, жүре алмай қалған адамдар болды. Көшке жете алмай, тірідей қалған адамдар болды. Менің әкем Рақи Әлібекұлы қатты ауырып: «Менің өлетін түрім бар. Қабір қазыңдар!», – деп, өз аузымен айтты. Ертеңіне ол кісі намаз үстінде жан тәсілім етті. Жетпістен асқан әкем екі жұмадай ыстан ауырып (ыс ауруы), қатты қиналса да намазын қаза еткен жоқ еді. Ол шаңырақтары шайқалып, азын-аулақ қалған біз балаларын жинап, дәрет алып, кәлимасын қайырып, намазға тұрар алдында біздерге өсиет аманатын айтып кетті жарықтық. Сондағы соңғы сөзі: «Құран оқып тұрыңдар!» болды. Тибеттің мұзды жерінде 3 күн тұрып қабір қаздық. 3 күнде 3 адам қатарынан қайтыс болды. Төртінші күні көшіп, бір жерге қондық. Ол күні Әміре деген атамыз қайтыс болды. 1939 жылдың аяғы, 1940 жылдың басында, әкем 72 жаста, Әміре атамыз 74 жаста еді. Қайтыс болған адамдарды қоямыз деп көшкен елге жете алмай, елдің артында қалдық. Отауларымен 12 үй аталарымыз қайтыс болып, елден айырылып, заманақыр басымызға түскендей болдық. Тибет әскері қашан келіп өлтіреді деп, қорқып, бір жағынан ыс тиіп, өлген адамдарды көме бердік. 12 үйде 7 мылтық бар еді. Қатын-баланы ортаға алып, жаяу-жалпылап қаша бердік. Ақырында бір ай дегенде көшкен елге әзер жеттік. Елге келсек, Тибеттің сиырын, қойын тартып алып, жан сауғалап тұр екен. Мұнымен Тибеттің малын жеп, көше бердік. Тибеттің арғысы бергісімен қосқанда бір жарым жыл мұздың үстімен көштік. Сол уақытта еттен басқа жейтін қорек болған жоқ. Талай адам жолда өліп, кейбірін кигіз көрпеге орап, тастап кеттік. Қатып қалған мұз қазуға келмейді екен. Артымыздан қуып жау келеді. Бір заманда жарқырап жаз шықты. Көкөзен деген жерге келдік. Жылқы көп болатын жер екен. Қой мен сиырды тастап, жылқы бағатын болдық. Тибеттің малымен ел марқайып қалды. Найман рубасы Хамза Жақияұлы деген кісі бәйгеге ат жарыстырып, той істеді. «Жетім балаға бір құлақ-ау» деген секілді, келін алып, қыз ұзатқандар да болды. Қоралы қой, сиырлар иен далада қалды. «Алдымыздағы Тибеттің қойы біздікі» дегендер де болды. Еттен басқа тамақ жоқ, шай мен бұл (киім-кешек) аз да болса табылып тұрды. Тибеттің қара шатырына кірсеңіз айран-сүт, сары май, талқан әзір тұрады. Ішіп-жеп кете береміз.
1940 жылы бір күні таңға жақын барабан тартқан әскердің дыбысын естідік. Елдің шетінен Тибет әскері келіп қалған екен. Мылтық атылып жатыр. Ұйқыда жатқан адамдар жалаңаш қалпы тау-тасқа қашып, тығыла берді. Әскердің алдынан Қожақын батыр қарсы шығып, жанында Шәдім Тайшыұлы (Базарқұл) бар, Тибеттің 25 әскерін өлтіріп, жауды тоқтатты. Қожақын батыр болмағанда, елдің көбін қырып тастайтын еді. Қазақтан Нұрпіке Ішпекұлы (Секел), Кәпіл Сарыұлы (Молқы) деген екі кісі қайтыс болды. Мұқайдың санынан оқ тиіп, жараланып қалды. Басқа ел аман. Қолдағы жылқы, малды Тибет әскері әкетті. Ласадағы (қала) Тибет билеушілері: «Бұл адамдар жаулап кетіп барады, шекарадан тосып отырып, алдымен малды қайтарып алып, адамдарын өлтіріңдер!» – деген екен. Мұнымен Тибет әскері малымызды тартып әкетті. Үрке көштік. 5-6 күн бір жерге келгенде елдің алдынан 15 кісі Тибеттен мал аламыз деп кеткен екен. Бұл адамдар атты отқа қойып, шай ішіп отырғанда әскер атқылап 5 кісіні өлтіріп, Ысмағұл (Қарақас) деген кісінің санына оқ тиіп, жараланып қолға түсіпті. Қайтыс болған адамдар: Деле (Жәдік), Мәміш (Шақабай). Қалған 9 кісі қашып қайтып келді. 3 күннен кейін жараланған Ысмағұлды алып, екі әскер бір ұйғырды тілмашқа алып келіпті. Ысмағұлдың қалтасында иманшарт деген кітабы бар екен. Оны оқып көріп: «Мына адамдар мұсылман екен!», – депті. Бұл Тибетпен Кәшмірдің шекарасында болған уақиға. Кәшмір әскері «Сіздер қайдан келе жатқан адамсыздар?» – деп, сұраққа алыпты. Ысмағұл: «Біз мұсылман қазақ деген халықпыз. Коммунист Қытайдан қашып, Тибетке келдік. Тибет өкіметі Үндістанға жол бермеді. Енді бір мұсылман еліне барсақ шіркін деп қашып келеміз», – деп жауап беріпті.
Ысмағұл оларды ертіп қазаққа әкелді. Келген әскерден Елісхан: «Сіздер қай өкіметтің әскері боласыздар?», – деп сұрапты. Әскер: «Біз Кәшмір өкіметінің әскеріміз, шекарада тұрамыз, сіздердің адамдарыңызды шекараға келген дұшпан екен деп өлтірдік. Енді сіздер қайда барасыздар?», – деп сұрапты. Елісхан: «3 күн рұқсат беріңіз, мұнан кейін жауабын береміз!» деп, игі-жақсыларды жинап ақылдасыпты. Көпшілік Елісханға: «Сіз өзіңіз барып, әскерге жауабын беріңіз, бізде айтар сөз жоқ», – деп, сенім тапсырыпты. Елісхан барып, әскер бастығына: «Кәшмірге баруға рұқсат берсеңіз», – деген екен. Әскер бастығы Мәжір Сайып деген мұсылман кісі екен. Кәшмір билеушісі болса мұсылман емес, үнді екен. «Мен телефон соғып, Ражадан рұқсат сұраймын. Қабыл десе, сіздерге жауабын беремін», – депті. «Ража рұқсат берді. Қолдарыңыздағы мылтық-құралдарыңызды өткізіп беріңіздер. Мұнан кейін көше бастайсыздар», – депті. Ал, мылтықты жинап берелік деп 711 мылтықты өткіздік әскерге. Ал, бірқанша мылтықты ұрлап алып жүргендер де болды. Кәшмірге қарай көштік. Бірқанша күннен кейін Ладақ деген ауданға келдік. Қолымыздағы жылқы малдарын сатып, киім-кешек алдық. Бұл жерден де көшіп Кәргіл деген ауданға келдік. Жері тау-тас, машина жүретін жол жоқ. Адамдары кедей болатын жер екен. Ат пен сиыр жүретін тар жолы бар екен. Екі жартастың арасына салған солқылдақ көпір бар екен. Бұдан өттік. Алдымызда үлкен тау бар екен. Түйе жүре алмай, әрең зорға таудан асып түстік. Алдымызда Кәшмірдің орталық қаласы Сринагарга 3 күндік жерге келгенде Ража: «Бұл адамдарды қалаға кіргізбей, сырттан айдап көшіріңдер», – депті. Біздің бастықтар: «Иен далада не ішіп-жейміз, бізді аштан өлтіресің бе?», – деген екен. «Олай болса, біз Сіздердің қонатын жерге отын, ұн, күріш, зығырдың майы, ат-түйенің жемін әзірлеп тұрып сатамыз. Ақшасын беріп аласыңдар!», – депті Кәшмір өкіметі.
Сөйтіп, қақпайға көніп, бір ай көштік. Алды-артымыз әскер. Көшпен бірге атты-жаяу еріп жүреді. Пәкістан шекарасына жақын Мұзафарабад деген қалаға келдік. Жанында ағып жатқан өзен-су бар екен. Жағасына шатыр тігіп, бізді ешбір жерге жібермей қамап қойды. Қалаға барып келуге 15 күнде 2 кісіге ғана рұқсат береді. Елдің қолында ақша жоқ. Адамдар аш, көп қиыншылық болды. Ат-түйені жайып келуге рұқсат бермейді. Елісхан мен Ғұсман қатарлы бастықтар: «Бізге мұсылман жеріне жол бер, әйтпесе аштан өлеміз!» - деп Кәшмір өкіметіне арыз берді. Мұнан кейін адамдардың тізімін алып «шалың» (адам басы мөлшерлі тамақ) беретін болды. Шай, ұн, күріш, май, отын таратып беретін болды. Бұл ыстық жерде адамдар сары ауру, холера болып, өле бастады. 6 айда 600-ден астам адам өлді.
Бір күні Елісхан, Ахмет молда, Сәдей Оспанұлы (Тасбике) жоқ, қашып кетіпті. Әскерлер елден: «Елісхан қайда?», – деп сұрайды. Ел оларға: «Біз қайдан білеміз, күзетіп тұрған әскер біледі. Иә өздеріңіз өлтіріп, бізден сұрап тұрсыздар ма? Бұл қалай болғаны, біле алмадық», - деп жауап қайратады. Елісхан 3 ат, 3 мылтық, 3 кісі түн ортасында қашып, бір күн жүріп Кари Хабиболла деген қалаға барыпты. Қала бастығы Исламхан деген мұсылман кісіге жолығып: «Бізді Кәшмір өкіметі қамап қойды. Адамдар аштан өліп жатыр. Мұнымен біз қашып шықтық. Мұсылман деп Сізге келдік. Бізді құтқарып аласыз ба?», – деген екен. Бұл жерде Исламхан: «Мен мұсылман бастықтарына телефон соғамын. Аймақ бастығы не дейді, ақылдасып, бұл адамдарға ие болып тапсырып алайық», – деп, қабыл көріпті. Елісхан батыр Исламханға: «Өзіңіз барып, елді тапсырып алып, көшіріп келіңіз», – деп өтініш айтыпты. Біздің басымыздағы әскер бастығын ұстап кетті. Үнді еді. Елісханды неге қашырдың деп соттапты. 4 күннен кейін Исламхан Елісханды машинаға мінгізіп, елге алып келді. Исламхан үнді бастыққа: «Бұл адамдарға соқтықпа, иесі бізбіз, оларды тапсырып аламыз» деп, ескертіпті. 5 күннен кейін 12 машина алып келді. «Ауыр жүктеріңді салып, ауру-кәрі адамдар мінсін», - деді. Қалған ел ат-түйемен көштік мұсылман жаққа 1941 жылы.
12 машина толған соң дені сау 15 адамды машинаға мінгізді. «Ауырған адамдарға сусын, тамақ беріп тұрасыңдар», – деді. Ішінде мен де бармын. Жасым жиырмада еді. Таңертең жүрген машина 500 шақырымдай жол жүріп, Тырнава деген жерге ақшамда түсірді. Бізге қарайтын он шақты адам бар екен. Басқа адам жоқ. Иен жер екен. Таңертең тұрған соң ауырып жатқан адамдарды ағаштың көлеңкесіне жатқызып, сусын беретін болдық. Лимонды сығып, суын кәтелге құйып, жатқан науқас адамдарға беретін болдық. Екі қолымызда екі кәтел су, әр ағаштың түбінде бестен-оннан жатқан адамдар. Жүре алмай жатқан адамдарды көтеріп, ағаштың көлеңкесіне апарып жатқызамыз. Қайнап тұрған ыстық 45-50 дәреже (градус). Күндіз-түні тасып, 15 кісі әбден шаршадық. Көшкен ел 15 күн жүріп келді. От жағып, шай қайнатпаңдар, әзір тамақ береміз деп, машинамен тамақты беріп тұрды.
Мұсылман бастықтары келіп: «Біз Сіздерге көмектесіп, шалың береміз. Ішіп-жейтін тамақ таратып береміз. Бастарыңызға шатыр береміз. Бастықтарыңыз кім, бізге кім жауап береді?», – деп сұрапты. Жауап беретін Елісхан Әліпұлы (Тасбике) мен Ғұсман Зайыпұлы (Базарқұл). 12 кісі басқарма мүшесі болып сайланды. Бұл адамдардың аты: Сәдей Оспанұлы (Тасбике), Мардан (Қазыбек), Қожан Секейұлы (Базарқұл), Қошуыт Рүстемұлы (Шақабай), Хамза Жақияұлы (Найман), Қабылбек Түктіаяқұлы (Секел), Қарамолда Қойшыбайұлы (Молқы), Шақпақбай (Уақ), Сауытбай Сәдірұлы (Жәдік), Дәуітбай (Қарақас), Құмар (Сарбас), Рақадыл (Шыбарайғыр).
Бұл адамдардың жұмысы шалың бергенде таразының басында тұрып, тексереді. Біреуге аз, біреуге көп кетпесін деп қарап тұрады. Бір жанұядан бір адам барып: ұн, күріш, шай, шекер, май, қызанақ, сарымсақ, бұларды 8 күндік қылып береді. Көп адам ауырды. Күніге 4-5 адам өледі. Әркім өз жақын туыстарының қабірін қазады. Дәрігерлер келіп дәрі береді. Пайдасы болмайды. «Шөп-шалаң, қызанақ, салат, сарымсақ, жеміс жеңдер», – десе, біздің адамдар көк сиырдың басын, жүрегін әкеп жейді, сорпасын ішеді. Ауырып жатып не шара. 7-8 айдың ішінде мыңға жуық адам қайтыс болды. Мұндай ауруды бұрын көрмек түгілі, естімеппіз де.
Үндістандағы Бопал деген жердің мұсылман бастығы келіп: «Сіздердің барлықтарыңызды мен бағып, қабылдаймын, Бопалға келіңдер» – депті. Мұндай болса, қандай жер екен, Бопалға барып көріп келеміз деп 3 кісі барып көріп келді. Жақын жер емес. Пойызбен 3 күн, 3 түнде баратын жер екен. Шығындарыңызды беремін деп отыр. Бұл жерге бару керек деп елдің жартысы кететін болды. Кетпейтін адамдар біздер: «Бұл жерде тұрмаймыз, суық, салқын бір жер іздейміз», - дедік. Жергілікті адамдардан сұрасақ Ауғаныстан шекарасына жақын Шатырал (Читрал), Суат деген жер салқын болады дейді. Олай болса, сол жаққа қарай көшейік деп Дөтей деген ағамызбен бірге 2 үй түн ортасында шатырды тастап, 4 атпен қашып көштік. 10 күнде Суатқа бардық. Салқындау жер екен. Ұйқымыз қанып, жырғап қалдық. 1942 жылы басымызға шатыр тігіп, атпен ауылдан-ауылға көшіп жүріп осы арада 3-4 жылды өткіздік. Себебі, тұрған жеріміз жақсы болмаса, өзіміздің ел жақ түзелсе, қайтып кетеміз бе деген пікірмен ауып жүрдік.
Жә, Тырнавада қалған елдің жарымы Бопалға кетті. Бастықтардан Осман тәйжі, Хамза, Шақпақбай, Қабылбек, Сауытбай, Халифа молда (Халифа Алтай) – бұлар Бопалға кеткендер. Қалған ел біз тұрған жаққа көшіп келді. Елісхан, Мардан, Сәдей, Беги, Дәуітбай, Қайысбай, Хасен батыр, Қарамолда, Кәріштай молда – Суатқа келгендер. Бұл жерден Хасен батыр, Қарамолда, Қайысбай балуан өзіміздің жерге (Алтай жаққа) қайтып көшіп кетті, бірқанша елмен. 1945 жылы Елісхан Баруа деген ауылда 35 жасында қайтыс болды. Елісханның жаны жаннатта болсын. Қазағым, елім деп, жастайынан көп қиындық көрсе дағы халқын аман-есен мұсылман жұртына әкеп қосты. Қазақ халқының тарихында Елісхан сияқты батыр перзенттердің есімі әрқашанда сақталса екен. Мұнымен елдің бәрі саудамен айналысып, заттар алып сататын болдық. Ұн, күріш, аяқ киім, тігін машинасы алып, басқа киетін кепеш тігетін болдық.
1947 жылы Үндістан, Пәкістан бір-бірінен айырылып, азат ел болды. Пәкістандағы үнділер Үндістанға, о жақтағы мұсылмандар болса Пәкістанға қашты. Бопалдағы қазақтар Үндістаннан қашып, Пәкістанға қайтып келді. Бопалдан келгендердің айтуына қарағанда Матар деген жерге бірқанша үйді апарған екен. Ауырып қырғын тауып, иен қалған үйлер болыпты. Екі жалғыз тірі қалғандар қайтып Бопалға келіпті. 1947 жылдан бастап, ат шатырды жоғалтып, үй майлап, қалада тұратын болдық. Ауылда адам қалмады. 4-5 жыл біршама жақсы, рахат болып тұрдық.
1951 жылы Пәкістанға Түркияның елшілігі келді. Түркияға кетсек деп арыз бердік. Түрік өкіметі «1953 жылы аламыз», - деп қабыл етті. 1950 жылы Қытайдан қашқан қазақтар легі Кәшмірге келді. Солтан тәйжі, Құсайын тәйжі (Найман), Қалибек (Барқы), Хамза Шөмішбайұлы (Барқы), Дәлелхан Жанымханұлы (Шақабай), Омар Байқонақұлы (Есдәулет), Хасен батыр, Қарамолда. Бұл адамдар екіге бөлініп, Түркияға кетті. 1952 жылы жартысы, 1953 жылы жартысы кетті. Кейінірек біздер Түркияға кетуге ыңғайландық. Түрік өкіметі «Түрік шекарасына келгенше өз ақшаларыңмен келесіңдер. Онан кейін бүкіл шығынды Түрік көтереді» депті. Үндістандағы Бомбей қаласынан келетін жолаушы таситын кеме Пәкістанның Карачи қаласына 8 күнде бір келеді. Бомбейден телефон соғып сұрайды, кемеде қанша кісілік бос орын бар деп. Оған қарай адамдарды әзірлеп тұрады. 1953 жылы қараша айының басында 114 кісі кемеге мініп, жолға шықтық. 8 күн, 8 түнде Ирактың Басра деген қаласына келдік. Бұл жерден пойызға мініп, бір жарым тәулікте Ирақтың орталығы Бағдатқа жеттік. Бұл жерде 8 күн тұрып, пойызға мініп, Түрік шекарасындағы Нұсайбин деген қаладан пойызбен Ыстамбұлға келдік. Ыстамбұлға келгендерді екіге бөліп, мүсәпірханаға (босқындар үйі) тұрғызатын болды. Бірі Сіркежи, екіншісі Зәйтүнбұрны деген жерде болатын. Күнде 3 уақыт әзір тамақ, әзір төсек, ішіп-жеп, 2 жыл жайлы тұрдық. Түрік үкіметі біздерді жақсы қарсы алды, асырап бақты, азаматтық берді. Оқимын дегендерді оқытты, кәсіп үйренгісі келетіндерді жұмысқа алды. Мұнан кейін бөліп-бөліп, тізімін алып, қалауына қарай қазақтарды қалаға, ауылға орналастыратын болды.
1955 жылы біз 160 үй Нида аймағы, Ұлұкышла ауданы, Алтай ауылына орналастық. Біз үшін көршілес түрік ауылдарының жерінен жер бөліп, тастан үй салып берді. Адам басына 30 дөнім (1 дөнім 1,000 м2) егін салатын жер берді. Өкімет балалар оқитын мектеп салып берді. Өзіміз намаз оқитын мешіт, биіктігі 30 метрлік мұнара салып алдық. Трактор алып егін салдық. Арпа, бидай жауын жауса шығады, жауын жаумаса жақсы шықпайды. Қой-ешкі алдық. Мұнымен 18 жылды ауылда өткіздік. Кейінгі жастар ауылда тұрмаймыз, қалаға барып сауда сатамыз, шетелге барып жұмыс істеп, ақша табамыз деп кете бастады. Германия, Франция, Голландия, Англия, Америкаға кеткендер болды.
Мен де бала-шағаммен 1973 жылы Анкараға көшіп келдім. Содан бері қарай осы қалада тұрамыз. Аллаһ Тағала екі ұл, бес қыз бала берді. Олардан 22 немере, 5 шөбере көрдім. Енді, Құдай жар болып, ата-мекеніміз Қазақстанға кемпіріммен баламыз Мұртазаның қолына келіп тұрған жайым бар. Біздің өміріміз осылай өтті. Елден, жерден айырылып, әкем бір жақта, шешем бір жақта өліп, ағаларым әр елде көз жұмып, енді өмірде көрген осы тауқыметтің бәрін Қазақстанның тәуелсіздігін көріп жұбаныш етіп отырмын. Кейінгі ұрпаққа айтарым – береке-бірліктерің мықты болсын, еліміз аман болсын, ұрпақтарымыз мың жасасын. Аллаһ Тағалам дін мұсылманға қуат берсін, Қазақстанның абыройы күннен күнге аса берсін. Қазақстандағы ағайыннан өтінерім – біздің басымыздан өткен зобалаңды киноға түсірсе екен. Қазір мүмкіндік бар ғой. Сол ашаршылық пен қанды көшкіншілікті көрген адамдар некен-саяқ қалдық. Біздің көзіміздің тірісінде Алтайдың ақ сеңгірінен Түркияға дейінгі жерлерді түсіріп, әлемге танытса екен, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырса екен деп тілеймін.

[1] Жүніс БҰЛҰТАЙ, Ұрпаққа Аманат, «Жұлдыз» журналы, №6, 2007 ж., 128-136 беттер.