ҚАЗАҚ БІР ҒАНА ДІНДІ ҰСТАНУЫ КЕРЕК[1]
Алматыдағы Момышұлы көшесінің бойында жасы шамамен сексеннің сеңгіріне шыққан бір кейуана маған: – Балам, тоқташы, мына кітапты қолыңа алшы, қандай ғажап кітап... Өмірдегі барлық керегің де, қажетің де міне, осы кітапта, – деп маған суреті әсем безендірілген қазақ және орыс тілдеріндегі бірнеше кітапты жайып салды... Мен кейуананың бұл қылығын түсінбей қалдым. Дегенмен тілімді «тістеп» тағы қала алмадым да, «апа, кешіріңіз, сіз мұсылман емессіз бе? Ал мұндай қылық мұсылман баласына жараспайды!», – деуім мұң екен, пайғамбар жасынан асса да, ақ-қараны пайымдай алмаған кейуана әлгілердің тиын-тебеніне қызығатынын жайып салды. Бір ауылдың ақылшы анасы санатындағы адамның өз дінінен ұрпағын азғырып жүргені көңілге сыймады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбектің айтуынша, әр жұма күні 5 мың адамға арналған Алматыдағы Орталық мешітке орта есеппен 9 мыңнан астам мұсылман жиналып, мінажат етеді екен. Әрине, бұл – құптарлық, «әй, бәрекелді!» дейтін-ақ жайт. Ең бастысы, қарапайым мұсылман баласы ислам дінінің қазақ елінің негізгі діні екендігін, сондай-ақ оның халқымыздың тарихында үйлестіруші әрі барша мұсылман қауымын біріктіруші күш ретінде айрықша орын алатындығын түсінуі тиіс. Бірде Алматыдағы Абылай хан көшесінде орналасқан кришнаидтердің «Говиндас» деп аталатын діни орталығында болғаным бар. Сонда он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей қазақ қыздарының осында «қызмет етіп» жүргенін көріп, жағамды ұстағанмын. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» демекші, мұнда да жас шамасы алпысты әлдеқашан алқымдаған Бегімғайша есімді ұлты қазақ бір апайды кездестірдім. Бір ғажабы, сырттан күнделікті киіммен келген әлгі апайсымағымыз екі қолын біріне-бірін қабыстырып, сәл ишарат жасады да, төргі бөлмеге еніп кетті. «Міне, сіз күткен апайымыз да келді», – деді бізге көгілдір көзді сары жігіт. Сәлден соң Бегімғайша апайымыз үстіне кәдуілгі кришнаидтердің шұбатылған ақ көйлегін киіп, танауының үстіне ұзыннан ұзақ «балшықты» жағып шыққанда «бұл қалай?» деп тіпті де түсінбей қалдық. Әңгімені Бегімғайшаның өзі бастады. «Мен 28 жылдан астам уақыт Алматы политехника институтында оқытушы болдым. Кафедра басқарып, жастарға ілім-білім үйреттім. Сонда жүріп ғылыми атағымды қорғадым», – деп өзінің өткен күндерін есіне түсіре бастады. – Апай, бәрі жақсы, ал сіздің мұсылманға жат мына дінге кіруіңізге жол болсын? – деп сұрақты төтесінен қойдым. Сұрағым шымбайына батты ма, қайдам, кришнаид әйел сәлден кейін «балам, мен ислам дінін ұстанбайын, намазға жығылып, сәждеге басымды имейін» деп ойлаған адам емеспін. Осыдан он шақты жыл бұрын Орталық мешітке бірнеше рет бардым, бірақ ондағы адамдардан өзімді имандылық жолына тартатын «жылуды» сезінгенім жоқ. Тіпті қайсыбір молдалар намазға қалай жығылуым қажет екенін, Құран оқуды неден бастау керектігін сұрағанымда сөзімді жүре тыңдағаны бар», – деген сылтау айтты. Ал мен қарап қалмай, кришнаид апайға «мұсылман бола тұра басқа дінді ұстанғаныңыз үшін о дүниеге барғанда қатаң жауапқа тартылатыныңызды білесіз бе?», – деген сұрақты да көлденең тарттым. «Бәрін де білемін, бірақ басқа түскен тағдыр осылай болды», – деп өкінішін білдірді. Аз-кем үнсіздіктен соң, «балам, мен айтқан шындықты жасырмай жаз, кейінгі толқын жастар адаспасын», – деді де басқа бөлмеге кіріп кетті. Үміттен гөрі өкініші басым кришнаид апайды аяп кеттім. Адам болған соң аяйсың-ау, бірақ... Бірақ демекші, мұсылман қауымның шынайы сеніміне барынша ену үшін діни-секталардың шетелдік басшылары қазақтың сөзге шешен, пысық, қолынан іс келетін қыз-жігіттерін өздерінің оң қолы етіп тағайындауды да естен шығармайды екен. Мысалы, Қызылорда қаласындағы «Иегова куәгерлері» жамағатын Гүлжаһан Жарықова және Бақыт Алтаев басқарса, Құлсарыдағы «Иман» шіркеуіне Құрманғазы Әбдімұратов және Асхат Әлімжанов есімді қазақ жігіттері жетекшілік етіп келіпті. Мұның өзі миссионерлердің таза қазақи ортаға барып, қазаққа жат діни-сенімдерді кеңінен таратып жатқанының бір дәлелі. Әрине, мұндай діни ұйымдармен еліміздің құқық қорғау органдары күресіп те жатыр. Алайда дін таратушы миссионерлер халық арасына өз кітаптарын таратып, діни уағыздарын жүргізуді қояр емес. Бұл әсте, жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан да «қызға қырық үйден тыйым» дегендей, барша мұсылман қауымы болып бөгде дінді халқымызға насихаттап жүрген миссионерлерді ауыздықтайтын кез келген сыңайлы. Бұл жөнінде дінтанушылар мен қоғам қайраткерлері не дейді?
Мұртаза БҰЛҰТАЙ, дінтанушы:
– Біріншіден, ең маңызды проблема – еліміз мұсылмандарының белгілі бір жүйе бойынша ұйымдаспағанында және ислами үгіт-насихаттың Құран Кәрімге толыққанды сәйкестік қағидасы жағдайында жүзеге асырылмауында. Екіншіден, ислам ғылымдарын оқыту мен ғылыми зерттеулерді белгілі бір жүйеге салу оңды шешімін таппай отыр. Бұл – білікті мамандар мен исламтанушылардың, діни кадрлардың жетіспеуінің басты себебі. Олай болса, басты мақсат – дін ғылымдарын жете меңгерген, көкірегі һәм көзі ашық, осы заманғы ғылыми жетістіктерден хабардар әрі заманауи талаптарға сәйкес кадрларды дайындау болуы тиіс.Үшіншіден, бұл проблема мұсылмандардың Құран Кәрімді дұрыс түсінбеуінен. Себебі Құранды дұрыс түсінбейінше, исламды түсіну әсте, мүмкін емес. Бұған қоса, Құранды бүгінгі ұрпаққа түсіндіру, аудару ісінде шалағайлықтар өте мол. Меніңше, ҚМДБ-ның алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі осы мәселені шешу болуы керек. Бәлкім, Құранды аудару үшін арнайы комиссия құру қажет шығар. Бесіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құқықтық және әкімшілік мәртебесін нығайтуымыз керек. Сондай-ақ ҚМДБ қаржыландыру және басқару тетіктерін де барынша жетілдіруіміз шарт. Алтыншыдан, маңызды проблеманың бірі – еліміздегі миссионерлік әрекеттерді қатаң бақылау және мұсылмандардың басқа діндерге кетуінің алдын алу. Себебі жасыруға болмайтын шындық, елімізде алуан түрлі дінді таратушы миссионерлердің бірінші кезектегі басты мақсаты – қазақ халқын шоқындыру. Олай болса, жергілікті азаматтар өздерінің дәстүрлі діндерін жете зерттеп, түсініп алғанға дейін миссионерлік әрекеттерге тыйым салғанымыз жөн.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
– Қызылорда облысының «Шіркейлі» деген ауылына бірде бір топ дін таратушы сектанттар келіп, уағыз жүргізбекші болыпты. Сонда ауыл азаматтары атқа қонып, жаңағыларға: «біз ешнәрсені білмейміз. Балаларымыздың болашағын, ілім-білім алуын өзіміз шешеміз. Егер он бес минут ішінде табандарыңды жалтыратпасаңдар, барлығыңды байлап-матап, құмға көмеміз!», – деп айбат шеккен екен. Азулы жігіттердің айбынынан қорыққан әлгілер санаулы минуттарда ауылдан тайып тұрыпты. Бұл – ауыл тұрғындарының сектанттармен қал-қадерінше күрескен түрі. Өйткені әл-әзір Үкіметтің қаптаған миссионерлер мен сектанттарды ауыздықтай қоюы екіталай болып тұр.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
[1] Жомарт Молдахметұлы, Қазақ бір ғана дінді ұстануы керек, «Айқын» газеті, №71(1252), 23.04.2009 ж., 28-бет.