АЛЫСТАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ АРМАНЫ КӨП[1]«Қазақтың туған елден, ата-қонысынан ауа көшуінің тарихы біз ойлаған мерзімнен әріде жатыр» – дейді тарихшылар. Сонау, Абылай заманында қара басын емес, үрім-бұтағын аман сақтап қалуды ойлаған қазақтың аз ғана шоғыры Сарыарқаны тастап, Алтай тауына, Тарбағатай жеріне бет алыпты. Орыс боданына өтіп, шекара сызығы тартылған кезде арғы бетте, Тарбағатайдың етегінде қалып қойған қазақ көшпенділерінің бір шоғыры Қытайдың темір ноқтасына басы сыймай бір бұлқынып, Тибет, Гималай тауын асып, Пәкстанға ат басын тірегені тарихтан белгілі. 1941 жылы Қытай жерінен ауа көшкен 18 мың қазақтың 1 мыңы үнді жеріне аман-есен жетіпті. Сырт елдердегі қазақ көші жайлы Халифа Алтайдың ұлы – Әбдіраим Алтай: – Өткен ғасырдың екінші жартысында Үнді елі Үнді және Пәкстан болып, екіге жарылғанда қазақтар мұсылмандар жағында қалды. Сол жылдары қазақтар Пәкстанда Шығыс Түркістан қазақ көшпенділер қоғамын құрды. Менің әкем Халифа Алтай сол қоғамның басы-қасында жүрді, – дейді. Сонымен, 1950 жылдары Түрік елінен саяси баспана сұраған қазақтарды олар оң қабақпен, жылы құшақпен қарсы алады. Бұл жайлы Түркия жерінде тек қазақ ұлты шоғырланған Алтай, Қазақкент ауылдарының тасын қалаған қазақ азаматтарының бірі Жүніс Бұлұтай (Мұртаза Бұлұтайдың әкесі) «Ұрпаққа аманат» атты естелігінде: – 1951 жылы Пәкстанға Түркияның елшілігі келді. Түркияға кетсек деп өтініш берген едік, түрік үкіметі «1953 жылы аламыз», – деп қабыл етті. 1950 жылы Қытайдан қашқан қазақтар легі Кәшмірге келді. Солтан тәйжі, Құсайын тәйжі, Қалибек, Хамза Шөмішбайұлы, Дәлелхан Жанымханұлы, Омар Байқонақұлы, Хасен батыр, Қарамолда. Бұл адамдар екіге бөлініп, Түркияға кетті. 1952 жылы жартысы, 1953 жылы жартысы кетті. Кейінірек біздер Түркияға кетуге ыңғайландық. Түрік үкіметі «Түрік шекарасына келгенше өз ақшаларыңмен келесіңдер. Одан кейін бүкіл шығынды түрік көтереді» депті. Үндістандағы Бомбей қаласынан келетін жолаушы таситын кеме Пәкстанның Карачи қаласына 8 күнде бір келеді. Бомбейден телефон соғып сұрайды, кемеде қанша кісілік бос орын бар деп. Оған қарай адамдарды әзірлеп тұрады. 1953 жылы қараша айының басында 114 кісі кемеге мініп, жолға шықтық. 8 күн, 8 түнде Ирактың Басра деген қаласына келдік. Бұл жерден пойызға мініп, бір жарым тәулікте Ирақтың орталығы Бағдатқа жеттік. Бұл жерде 8 күн тұрып, пойызға мініп, түрік шекарасындағы Нұсайбин деген қаладан пойызбен Ыстамбұлға келдік. Ыстамбұлға келгендерді екіге бөліп, мүсәпірханаға (босқындар үйі) тұрғызатын болды. Бірі Сіркежи, екіншісі Зәйтүнбұрны деген жерде болатын. Күнде 3 уақыт әзір тамақ, әзір төсек, ішіп-жеп, 2 жыл жайлы тұрдық. Түрік үкіметі біздерді жақсы қарсы алды, асырап бақты, азаматтық берді. Оқимын дегендерді оқытты, кәсіп үйренгісі келетіндерді жұмысқа алды. Бұдан кейін бөліп-бөліп, тізімін алып, қалауына қарай қазақтарды қалаға, ауылға орналастыратын болды.1955 жылы біз 160 үй Нида аймағы, Ұлұкышла ауданы, Алтай ауылына орналастық. Біз үшін көршілес түрік ауылдарының жерінен жер бөліп, тастан үй салып берді. Адам басына 30 дөнім (1 дөнім 1,000 м2) егін салатын жер берді. Үкімет балалар оқитын мектеп салып берді. Өзіміз намаз оқитын мешіт, биіктігі 30 метрлік мұнара салып алдық. Трактор алып, егін салдық. Арпа, бидай жауын жауса шығады, жауын жаумаса жақсы шықпайды. Қой-ешкі алдық. Мұнымен 18 жылды ауылда өткіздік. Кейінгі жастар ауылда тұрмаймыз, қалаға барып, сауда жасаймыз, шетелге барып жұмыс істеп, ақша табамыз деп кете бастады. Германия, Франция, Голландия, Англия, Америкаға кеткендер болды, – деп жазған болатын. Өткен жылы түрік жеріндегі Алтай ауылының ірге көтергеніне жарты ғасыр болыпты. Айтпақшы, Алтайдың жарты ғасырлық тойын атап өту жайлы ұсыныстың басы-қасында жүргендер де сол екі ауылдың азаматтары екен. Бұл жайлы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев былай дейді: – Бірде Түркиядағы Алтай ауылының әкімі Хасан Алтай жұмыс кабинетіме келіп, «Түркиядағы Алтай қазақ ауылының ірге көтеріп, өз алдына қазақ шаңырағының пайда болғанына жарты ғасыр болды. Соны атап өтіп, ондағы қазақтардың рухын бір көтерсек қайтеді» деп жөн сұрай келіпті. Мен бұл жайтты сол жақтағы қазақ елі елшілігі арқылы шешуге болатынын айтып, шығарып салдым. Көп ұзамай, Түркиядағы бұрынғы елшіміз Бейбіт Исабаев қоңырау шалып, Алтай ауылының әкімінің қабылдауында болғанын, бастаманы аяқсыз қалдырмайтынын хабарлады. – Бірақ асығыстыққа жол беріп алмайық. Алтай мен Қазақкент ауылдарының бүгінгі тұрмысымен танысып қайтайын, – деген еді ол. Түркия жеріндегі қазақ елшісінің бастамасын бір ауыздан мақұлдаған Нигда провинциясының басшылары Алтай ауылын жалғайтын ұзындығы 17 шақырымдық жолды күрделі жөндеуден өткізіп, ауыл кейпін жаңартуға атсалысыпты. Оны естіп риза болып қалдық. Мереке күндері Алтай ауылында болған Халифа Алтайдың бәйбішесі Бибатша Алтай:– Алтайда Еуропада жүрген қайындарымның, туған-туысқандардың төрт көзі түгел жиналды. Кәсіп іздеп, туып-өскен жерлерінен жырақта жүрген балалар туған топыраққа келіп, қарлығаш – қанаттарымен су себелеп, жырақта жүрсе де, айналып соғатын түпқазықтарының беріктігіне тағы да көздері жетіп кетті, – дейді толқып. Бір айта кетерлігі, Нигде провинциясы губернаторлығы мен қала әкімдігі арнайы шешім қабылдап, іс-шараны өткізуге байланысты ұйымдастыру комитетін құрған екен. Оның жоғары деңгейде өтуіне Түркияның Сыртқы істер, Мәдениет және туризм министрліктері, сондай-ақ осы елдің Премьер-министріне қарасты Түрік ынтымақтастық және даму әкімшілігі төрағалығы қолдау көрсетіпті. Бұл жайлы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Талғат Мамашев мырза: – Мұның алдында Абайға, Қабанбайға ескерткіш қойған түрік ағайындар енді айбынды Анкараның дәл ортасынан Абылайымызды да асқақтатып берді. «Дәл осы қазақ ауылында осыдан 50 жыл бұрын көшіп келген 160 отбасының аттары қашалған ескерткіш қойылды. Сол жерде киіз үй сәулетіндегі «Қазақ үй» мұражайы ашылды. «Еруліге – қарулы» демеуші ме еді халқымыз, аласапыран заманда тегі түрік бауырын жат көзге жәутеңдетпей, бауырына басқан түріктердің қазақ бауырларына деген ынта-ықыласының қарымтасы ретінде Ататүрікке де төрімізден орын берсек, артық болмас еді , – деген сөзінің жаны бар сияқты.Түйін:Күні кеше ғана сол Алтай ауылының әкімі Хасан Алтай қазақ жеріне келіп кетті. Туған жерден жырақта орналасқан қазақ ауылының көшін бастап жүрген Хасан бауырымыз ауыл-елдің дін аман екендігін, Алтай ауылының мерейтойы ондағы қазақтардың еңсесін көтеріп, абыройын асқақтатып кеткендігін айтып, көңілді бір демдеп қойды. Алаңдайтыны – қазақы ауылды мекендеп жатқан бауырларымыз жыл өткен сайын қазақтық болмысынан айырылып, еуропаланып –түркіленуге бет алғандығы. Бұл жайттар бір кездері атасының шалғайына жармасып, бірге еріп кеткен, бүгіндері жастары 70-80-ді алқымдап қалған көнекөз қариялардың қатары сиреп, жастарының арасында ата-жұрт деп елеңдейтін адам да қалмай қала ма деген қауіпке бой алдырады.Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ
[1] «Айқын» газеті, №185(1122), 02.10.2008, 30-бет.