СЫРТТАН КЕЛГЕН «ҚАЗАҚ МИЫН» «ІШКІ АҒЗА» ҚАЖЕТІНЕ ПАЙДАЛАНЫП ЖҮРМІЗ БЕ?[1]
Аласапыран, аумалы-төкпелі заманда бір-бірінен көз жазып қалған жалғыз қазақ ұлты емес. Империя тәрізді алып қазанның басында қайдан құлақ шығарса да, өз еркінде болған орыс та тарыдай шашылып кеткен өз ұлты өкілдеріне «қара шаңыраққа жиылыңдар» деген үндеу тастады. Көші-қон мәселесімен айналысатын арнайы ведомство құрып, бастамаларының желге ұшып кетпеуін қадағалап жатыр.
Бір кездері екі жүйе, екі саясаттың екпінімен екі айырылған елдерде қазір ұлт болып ұйысу, қазақша айтқанда ет пен тері болып бірігу үрдісі жүріп жатыр... Оған дәлел екіге айырылған Германия мен Корея. Осы тұрғыда: – Тағдыр тезімен екіге бөлінген кәріс халқын қандай мүдде біріктіреді, қандай көзқарастар алшақтатады? Екі елдің жақын болашақта бірігуіне мүмкіндік бар ма? – деген сауалымызға Сеулдегі қазақ елшісі Дулат Бақышев мырза:
– Бұл өзі – өте маңызды мәселе. Халықтың бір екені рас. Мүдделері де ортақ болса керек... Алайда жікке бөлініп, 60 жылдай еркін қатынас болмағандықтан, Оңтүстік пен Солтүстіктің тұрғындарында өзіндік ерекшеліктер де жоқ емес. Бірақ қарапайым халықта тұрған не бар? Түрлі себептермен екіге бөлінді... Бірігу мәселесіне келсек, мүмкіндік бар. Ерте ме, кеш пе, корей халқы қайта қосылады. Бұл – уақыт мәселесі. Дегенмен реализм тұрғысынан оңтүстіктегілер бірігуге жағдай жасап, солтүстіктің экономикасын көтеріп, бар шаруаны содан кейін ғана жүзеге асыруды қалайды. Сеулдің саясаты да осы тақылеттес. Оның үстіне ҚХДР-дің ядролық мәселесі әлі де шешімін таппай отыр. Жағдай жағымды жаққа өзгерсе, қайта қосылу да тездетер еді, – десе, кезінде Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін атқарған, Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай мырза: – ГДР мен ГФР-де болған түрлі қоғамдық саяси жүйелер, бүгінгі таңда біріккен елдің осы бөліктерінде тұрған халықтың ділдеріне таңба қалдырған. Дегенмен қанша күш-жігер жұмсалса да, экономикалық дамуда, сондай-ақ өмір деңгейінде де неміс мемлекетінің екі бөлігіндегі айырмашылықтар әлі жойылмай отыр. Еуроодақ пен елдің одан әрі дамуы және нығаюы қос Германияны біріктіріп отырған ортақ мүдде болып отыр деп ойлаймын,– деген жауап алған едік.Ал неміс ұлтының бірігу үрдісі басталған кезде билік екі жүйеде өмір сүрген психологияны барынша жымдастырып жіберу мақсатында Федералдық канцлері лауазымына арғы бетте қалған неміс қызы Ангела Меркельді әкеліп отырғызды. Ұлттық психологияның бірігуін барынша қолдаған неміс қоғамы осындай әрекетке барса, жапон елі соғыста қайтыс болған жауынгерлерінің әлдеқашан қурап қалған сүйегін алдырып, өз жерінде жерлеуді қолға алды.
Бірақ жоғарыда атап өткен елдер тағдыр тезімен жерімен, ата-қонысымен екіге жарылса, қазақ халқы ата-қонысы, жер-суын тастап, ел ауып кеткенде ұрпағын сақтап қалуды ғана ойлағаны тарихтан белгілі. Демек, сырттан келіп қатарымызды көбейтіп жатқан қандастарымыздың тағдыры ата-мекенімен келіп ірге кеңітіп жатқан өзгелердің тағдырына қарағанда салмақтылау. Ондай болса кейбіреулердің «сырттан келіп, қатарымызды көбейтіп жатқан қандастарымызды біздің қырық қатпардан тұратын қоғамымыз жатырқап жатқан жоқ па?» деген пікір таратуы артықтау емес пе?
Соңғы кездері өзіндік пікірімен айшықталып жүрген дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай мына бір жайтты есіне түсіреді:
– Осыдан бірер жыл бұрын қазақша басылымдардың бірінен Мұңғұлиядан көшіп келген бір ақсақалдың хатын оқыған едім. Хаттың тақырыбы «Қазақстанға рақмет!» еді. Ақсақал бүкіл өмірінде мұңғұл болуға тырысып, Улан-Баторда өткізген екен. Мұңғұлша сөйлеп, мұңғұлша киініп, балаларын мұңғұлша оқытса да мұңғұлдар оны мұңғұл демей, қазақ атаудан бас тартпаған екен. Ал Қазақстанға табан тіресімен «қазақ» аты жойылып, «моңғол» атанып шыға келгеніне аң-таң болған ғой. «Сондықтан бүкіл өмірі жете алмаған арманыма жеткізген Қазақстанға рақмет!» деп хатын тәмамдаған екен. Біз елде жүріп жатқан реформалар барысында талай елдің тәжірибесін өзімізге үлгі еттік, кейде тіпті көшіріп алдық. Ал осы қандастарымызды Қазақстан қоғамына бейімдеу және оларды қатарға қосу жағынан дамыған елдердің тәжірибесін көп пайдаланған жоқпыз. Мысалы, екі Германия қосылған кезде мен сол өңірде тұрған едім. Неміс билігі «сырттікі» немесе «өзіміздікі» деп немістерін бөлгізген жоқ. Сөйтіп, жікшілдік туралы ойды жатырында тұншықтырды. Біздің көші-қон саясатына аса маңызды ұлттық стратегиялық саясат деп қарайтын кезіміз жетті. Жалпы, мықты ұлт болып ұйысатын және біртұтас қазақшылық идеясын ұстанатын шақ жетті, – дейді Мұртаза Бұлұтай ...
Сонымен, сырттан келген қазақ пен ішкі қазақтың бір-бірімен бірігу, ұлт болып ұйысу процесі қалай өтіп жатыр? Сырттан келген «ҚАЗАҚ МИЫН» ішкі ағза жатырқамай, қажетіне жаратып жүр ме? Оған қоғам мүмкіндік беріп жүр ме?
Бұл тұрғыда тарихшы Зардыхан Қинаятұлы ойын әріден тарқатады:
– Бізде кадр таңдау жүйесі өте ауыр. Өзіңіз білесіз, бізде командалық жүйе үстемдік етеді. Қазір билік басына келген топ шеттен келген қазағың түгіл, тұрғылықты қазақты, қажет болса, өз туысқанын да сыйдырмауға бар. Бізде төртінші жүз – орыс, бесінші жүз – қазақ жерінде тұратын өзге ұлт өкілдері, алтыншы жүз – сырттан келген қазақтар. Бұған халық немесе сіз айтпақшы ру басы – ақсақалдар емес, тұтас билік кінәлі. Қазір ұлт болып, ұйыстырып, телі мен тентегін жөнге салып отырған қазақтың ақсақалдарынан билік кетіп қалған. Қолында қаржысы, тірегі бар аз ғана тұлға сырттан ешкімді жақындатпайды, сырттан ешкімді кіргізбейді. Қазіргі заман бидің төрелігін, сырттан келген «ҚАЗАҚ МИЫН» қажетсініп жатқан жоқ.
Қазір Қытай, Моңғолия, тіпті Ресей қазақтарының тұрмыстық жағдайы жаман емес. Шетел қазақтарына қарағанда, қара шаңырақта отырған қазақтардың жағдайы рухани-психологиялық, материалдық тұрғыдан алып қарағанда анағұрлым қиын. Мен жат жерде жүріп ширап, диірменнен бүтін шыққан бидайдай, аяқ-қолын жинақы алып жүретін шеттен келген қазақтар емес, жергілікті қазақтарға жаным ашиды. Менің ойымша, шеттен келген қазақ көші осымен бітті. Бірлі-жарым келуі мүмкін. Бұрынғыдай, тобымен, ағайынымен келетін ұлы көш енді келмейді. Қазір жас болсын, кәрі болсын, бәрі «қазақ жері» деп елеңдеп отыр. Бірақ бұрынғыдай ұлы көшті қабылдайтындай, қазақ Үкіметінде жағдай жоқ. Барлығы жекешеленіп кеткендіктен, Үкіметтің мүмкіншілігі қалмады.Ұлттық табыс та жоқ. «Шетелден бес миллион қазақты көшіріп әкелеміз» деу, бұл көші-қонды бизнеске айналдырып жүрген адамдардың бос ұраны. Оны орындау мүмкін емес. Қазақтың көші осымен тоқтайды. Келгені келді, қалғаны қалды. Рас, жергілікті халық арасында да қарызға үй алып жатқандар жетеді. Бірақ өзге елден келіп, есін жинай алмай тұрғандар қалай қарызға баспана сатып алады? Өйткені оралмандардың көпшілігі жұмыссыз. Тіпті осы келген 800 адамның арасында мемлекеттік қызметте, яғни жоғары лауазым алып жүрген бірде-біреуі жоқ. ҚАШАН БАСТАЛДЫ?
Осы тақырыпты тереңірек зерттеп жүрген ғалымдарымыз шеттен келген қандастарымызға үрке қарау, сенбей қарау қазір емес, сонау 1955-1962 жылдарды алғашқы көшпен бірге ілесе келгендігін айтады. Дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтайдың пайымдауынша, бұл – кешегі келмеске кеткен кеңестік жүйенің жылқы мінезді аз ғана қазақты бөліп-жаруға бағытталған жымысқы саясатының жемісі. Біз отарлық қамытпен бірге санамызға өшпестей болып таңбаланып қалған құлдық қамыттан күні бүгінге дейін арылуға дәрменіміз жетер емес. Мұны мойындағымыз келмейді. – Елге алғашқы көш 1955 жылдары Қытай жақтан жеткенінен хабарыңыз бар шығар. Қытайдағы мәдениет төңкерісінен босқан мыңдаған қазақ Қазақстанға ауған-ды. Кеңес билігіне осы босып келген қазақтарды өзінің «кеңестік» қазақтарынан бөліп, ажырату керек болды. Сондықтан Қытайдан келген қазақтарды «китайцы» деп атады. Өкініштісі, сол жымысқы да қиянатшыл саясат қазақы қоғамның санасына ұя салып үлгірді. Сол саясаттың жаңғырығы әлі күнге дейін сезіліп тұрады. Қытайдан келген қандастарымызды «қытайлар» деп, Мұңғұлиядан келгендерді «мұңғұл» деп атау бұрынғы құлдық сананың, отаршыл езгінің сарқыншағы. Аллаһ тағалам қазақ етіп жаратқан пендесін басқа ұлттың атымен шақыру діни жағынан алғанда да дұрыс емес. Қытайдағы қандастарымыз өзінің атамекенінде 1780 жылдан отыр. Ресей мен Қытайдың отарлауымен көп жеріміз басқа елдің ішінде қалып кетті. Ресейдегі, Өзбекстандағы ағайындар да өз жерінде тұрып жатыр. Басқа елдерден көшіп келген қандастарымызды жауапты қызметтерге жақындатпау деген дүмбілез саясаттың алғышарты да сол кезде қаланды. «Қашқынның тұқымы», «сатқынның ұрқы», «байдың, молданың ұрқы», «сырттың тыңшысы» дегенді талай естіп жүрміз. Сондағы біздің бар кінәміз қазақ боламыз, тәуелсіз елдің азаматы боламыз, еліміздің мәртебесін көтереміз деп атамекенімізге көшіп келгендігімізде. Бұрынғы бодандықта санаға сіңірілген осындай жағымсыз да зиянды алалаушылықты, өгейсітуді біржолата жойып, оның орнына Отанымызға адал қызмет етемін, қалың елім – қазағыммен бір тағдырды бастан кешемін деп келген қандастарымызды өз бауырымыздай көріп, күллі әлемге ұлттық ұйымшылдық пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсетуіміз керек.
Елге оралған қазақтарды бірыңғай малшы деп көру де теріс пиғыл. Оның ішінде өздері өмір сүрген елдерде үздік білім алған, біршама биік орындарға дейін көтерілген тұлғалар аз емес. Бұл интеллектуалды потенциалды әліге пайдалана алмай келе жатырмыз. Бізге жер бетіндегі барлық қазақтың басын біріктіретін мемлекеттік идеология ауадай қажет. Бұл – заман талабы. Тәуелсіздік кезінде басы қосылмаса, бұл қазақтың басы ешқашан да бірікпейді. Кешегі тарих аз қазақтың басын ыдыратып, иелік таныта алмаса, өткенге салауат. Ал бас ие болып, тарыдай шашылып жүрген аз қазақты бір ортаға жиюға, елдік танытуға тағдыр бізге мұрсат берсе, біз одан неге бас тартуға тиіспіз, – дейді ол. ТүйінҒаламдық көші-қон үдерісінің тамыршылары «ұлт болып ұйысу, тек іздеу – тек ХХ ғасырға тән құбылыс, ХХІ ғасырда оның жаңғырығы ғана қайталанады» дегенді айтып үлгірді. Шынында да солай сияқты. Себебі тоқсаныншы жылдары басталған көш қызығының түгесілгені күні кеше ғана өткен Үкімет жиынында байқалып қалды. Қаржы дағдарысы арқасына аяздай батқан біздің Үкімет «шеттен келген қазақтарға үй берілмейді» деп салды. Көштің ендігі беталасы – қазақ жеріне келіп қоныстанған қандастарымыздың тұрмыс-жағдайына ғана емес, қоғамда алар орнына қарап та бағаланатыны сөзсіз. Қазір сырттағы қандастарымыз «Қазақ үкіметі шеттен келген қазаққа үй бере ме, бермей ме?» деген сауалдың емес, «Сырттан келген «ҚАЗАҚ МИЫН» «ішкі ағза» қажетіне жаратып жүр ме?» деген сауалдың жауабын іштен тынып күтіп, сырттан бақылап отыр. ХХ ғасырдың орта шенінде басталған Ұлы көштің беталысы Үкіметтің пейіліне емес, енді сол жауаптың беталысына қарап анықталатын болады.Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ
[1] Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ, «Айқын» газеті, №151(1088), 14.08.2008 ж., 6-бет.