вторник, 15 июля 2008 г.

ҒАРИФОЛЛА ЕСІМНІҢ АЛҒЫ СӨЗІ

АЛҒЫ СӨЗ

Ұлттық кемелдену күрделі процесс. Әлемнің көркіне көз салсаң ұлттық кемелденудің нендей бір үздік үлгілеріне тап боласың. Айталық, осындай үлгілі ұлттардың алдыңғы қатарынан жапон, ағылшын, алман, француз және араб, түркі, парсы жұрттарын көруге болады. Мен ұлттық кемелдену дегенде негізінен үш проблеманы нысанаға аламын. Олар: ата-мекен жеріне иелігі, тілін сақтап, құрметтегені, дініне беріктігі. Осылардан кейін салт, дәстүр, ата-мұраның қасиеті дегендер болады. Әрине, қазіргі информациялық өркениет дәуірінде ұлттық кемелденудің тағы бір проблемасы бой көтереді, ол әлемдік өркениет пен ұлттық болмыстың үйлесім – келісімділігі. Абай айтқандай, бұл заманның келбеті «сылдырлаған өңкей келісім» болуы шарт. Міне, осындай заманда бізге Мұртаза Бұлұтай сияқты азаматтар қажет.
Мұртаза Бұлұтай мырзамен өткен жылы «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» деген көлемді еңбегі арқылы танысқан едім. Онымыз дұрыс болыпты, себебі туған жерінен еріксіз ел, жер шарлап кетіп, сыртта жүріп, мол білім алып, «жеті жұрттың» тілін меңгеріп, ортамызға келіп, өз сөзін айтқысы келген бауырымызға неліктен біз жат көзбен қарауымыз керек. Керісінше, бауырымызға алып, ағалығымызды сездіруіміз түсінікті әрі табиғи іс. Осы тұрғыдан келгенде, Мұртазаның бүгінгі атқарып жүрген істері көңілге қонымды. Болашақ осындай азаматтардың тізгінінде болса ұлттық кемелденуіміз өз жөнінде болар еді деген үміт бар. Неге дейсіз ғой! Біз сияқты орта жастан асқандардың қайсы бірінде үмітпен қоса жүрген күдік пен үрей бар. Оның мәнісі ертеңгі күнге қатысты. Ал тағы да сол ескі проблемалармен жүріп, ертеңде тілімізді, дінімізді соған орай мемлекетімізді сақтап, берік етіп болашаққа апара аламыз ба? Мен экономикалық, финанстық мәселелерді емес, рухани болмысымыздың келешегі туралы айтып отырмын. Ұлттық мемлекетіміздің, сірә, таза саяси проблемадан гөрі рухани болмыс тұрғысынан ұлттық менталитетімізге сай келетініне кейінгі кездері әбден сене бастадым. Бізге ұлтсыз емес, ұлттық мемлекет қажет. Осы мәселелер туралы Мұртаза мырза жаңа кітабында тың пікірлер, ой-толғаулар айтқан. Ол қазақ болмысын жоғарыда айтып өткендей, әлемдік өркениет кеңістігінде баяндаған. Мұндай көзқарас «үй танымай, ел танитын» азаматтардың философиясы.
Кітап «Мұсылман қазақ еліміз» деп аталады. Кеңес заманында мұндай кітаптың жарық көруі мүмкін емес-ті. Тәуелсіз ел болғанымызға осындай жағдайларда «тәуба» немесе «шүкір» дейміз. Кітапта қазақ халқының тарихына, дүниетанымына, наным-сенімдеріне қатысты тың мәліметтер көп. Әсіресе, дін философиясы мен психологиясы саласында, дін және ғылым тақырыптарында жаңа ауқымдағы көріністер қуантарлық. Автордың шетелдегі қазақ бауырларымыздың, әсіресе, зиялы қауым өкілдерінің тағдыры хақында айтқан келелі ойлары жүрекке қонымды. Бұл кітабын Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 10 жылдығына арнауы Мұртазаның туған еліне деген жалынды махаббатының айқын белгісі.
Қазақ тәубаны таза діни, сопылық мәнінен өзгешелеп, өзінше де түсініп алғаны бар. Тәубашылдықтан қазекең ұтылып та, ұтып та жүр. Жаратушыға тәуба деп сеніп, кейбіріміздің үйден шықпай харекетсіз жатып алатынымыз да бар. Жаратушының бергеніне тәуба келтіріп, белді буып, ел, жер шарлап, харекет жасап, қысқа жалған ғұмырдың өзінен неге қажеттісін алмасқа. Заманның желдетіп өтіп бара жатқанын көргенде, бұл ғұмырдан Жаратушы берген несібеңді ала алмасаң, оған кім кінәлі, оны да ойлап қойған жан. Автор осы мәнде де көп пікірлер білдірген.
Басқан қадамыңа сәттілік тілеймін, Мұртаза – мырза!

Ғарифолла ЕСІМ
Философия ғылымдарының докторы,
Профессор, ҚР ҰҒА корреспондент – мүшесі

Алматы қ., 2001 ж.