пятница, 21 марта 2008 г.

Қазақстанның Анкарадағы тұңғыш елшілігінің ашылуы
кезіндегі бір сәт[1]

Қазақстан елшілігі
30 қазан 1992 жыл
Анкара уақытымен күндізгі сағат 2.00
..........

Екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елшілікті ашудың рәсімін бастады.
........
– Біздің тәуелсіздігіміздің тілектесі, осы елшіліктің құрылуына үлкен қамқоршы Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзалға, Үкімет басшысы Сүлеймен Демирелге өзімнің және халқымның атынан алғыс айтамын! Екі елдің арасындағы туысқандық, достық нығая берсін!
.........
Ұналғышын ұмсынып, ұзын бойлы, ақ сары қыз Президентке тіл қатты. Ағылшын ақпарат орнының тілшісі екен.
– Ағылшынша аударатын кім бар?
– Мен бармын, – деп алға шықты Мұртаза Бұлұтай деген жас жігіт. Бұл маған таныс адам. Түркия «Ұлттық көзқарас» ұйымының Германиядағы өкілі. Ағылшын, неміс, түрік, қазақ тілдеріне жетік, арабша да сөйлей білетін тілмар азамат. Ол болмаса, ағылшынды орысшаға, не түрікшеге аударып, одан қазақшалап жатар ма едік, қайтер едік. Бұған да шүкіршілік!
– Сапарыңызды қалай бағалайсыз, Президент мырза?
– Сәтті сапар болды. Тектес халықтар арасында төркіндес тұрмыс, салт-сана, тарихи ортақ мәдениет бар. Соларды сабақтастыра отырып, әлеуметтік дамудың алдағы кезеңінде қимыл бірлігі болуына келісім жасалды.
– Мұның басқалай сипаты бар ма?
– Жоқ. Бұл – еркін, жан-жақты әрі ынтымақты дамудың бастамасы. Мұнда ешкімге сес көрсету де, ешкімнен сескену де жоқ. Ондай ойлар шындық шегінен тыс болмақ.
– Мұны неге айттыңыз?
– Қазір қымс еткенді қилы-қилы сөз ететін әдет болып барады. Мұнда ешкім күдіктенетін де, сақтық жасайтын да сипат жоқ.
– Мен канадалықпын, – деді бір тілші. – Мен бұдан күдік те, сақтық та көріп отырған жоқпын, қорықпаймын да.
[1] Уахап Қыдырханұлы, Сағыныш саздары, «Елорда» баспасы, 2003ж., Астана, 81-82 беттер