вторник, 31 июля 2007 г.

БИЛІКТІҢ КӨЗІ ХАЛЫҚ

БИЛІКТІҢ КӨЗІ – ХАЛЫҚ[1]


Азаматтарды ақпараттармен қамтамасыз етудің бүгінгі күнгі ең тиімді уә әсерлі жолы үздік ақпарат технологияларын пайдалану. Қазіргі заманда дамыған және даму жолындағы мемлекеттер ең соңғы ақпарат технологияларын (И.Т.-I.T.) пайдаланып, мемлекетті басқару жүйесін жетілдіруді көздейді. Әсіресе, 1990-шы жылдардан бастап Батыс елдерінде мемлекетті электрондық ортаның көмегімен басқару (e-government) жүйесі қолданысқа енгізілген. Соның арқасында бұл жүйені енгізген елдердің азаматтары компютердегі бір «тықылдақпен» мемлекеттің табалдырығынан аттап, барлық мәліметтерге қол жеткізуде және қызметтерден пайдалануда. Дамыған елдердегі интернет жүйесін пайдаланушылардың шамамен 60 пайызы ресми мәмілелерді жүзеге асыру және мемлекетпен тікелей қатынасу үшін э-мемлекет (э-үкімет) жүйесін пайдалануда. АҚШ әкімшілігі І.Т. шығындары үшін 2002 жылы 48 миллиард доллар, ал 2003 жылы 52 миллиард доллар жұмсауды жоспарлаған. Өзге мемлекеттер де бюджеттерінде э-үкімет (э-басқару) жобасын енгізу үшін үлкен қаржыны айыруда.

Э-мемлекет жүйесінің мақсаттары:
· Азаматтарды ақпаратпен қамтамасыз ету
· Азаматтардың қызметтерді пайдалануын жеңілдету
· Азаматтардың мемлекетпен қатынастарын жеңілдету
· Мемлекеттің атқарушылық күшін арттыру
· Мемлекет шығындарын азайту
· Мемлекеттің азаматтардың талаптары мен өтініштеріне жедел жауап беруін қамтамасыз ету.

Э-мемлекет жүйесі іске асқан сайын бюрократия азаяды, шектен асқан «қағаз» жұмыстары жойылады, керегі жоқ жобаларға жұмсалатын қаржы басқа салаларға жұмсалады, азаматтардың апталар, айлар бойы жасайтын рәсімдеу жұмыстары минуттар яки сағаттарда бітетін болады т.т. Бұл жүйеде азаматтардың «Қайда барамын? Кімнен сұраймын? Қалай жасаймын?» деген сұрақтары болмайды. Сол себепті бұл жоба АҚШ президентінің «ең маңызды» 5 жобасының бірі болған (2001 ж.).
Э-мемлекет жүйесі бойынша азаматтар бухгалтерсіз және адвокатсыз-ақ көптеген операцияларды оңайлықпен жүзеге асыра алады, салық баяндамаларын толтырып, электронды ортада тапсыра алады. Бизнеспен шұғылданушылар үшін арнайы дайындалған айдарларды пайдаланушы іскер адамдар уә заңды тұлғалардың жұмыстары жеңілдейді. Мемлекет мекемелері мен ұйымдардың өзара мәлімет алмасуына қолайлы орта пайда болады.
АҚШ Мариланд университетіне қарасты электронды қызметтер (э-қызметтер) орталығы 2002 жылдың қаңтар айында жариялаған зерттеу жұмысы нәтижелері бойынша бұл елдегі интернет қызметін пайдаланушылардың 55-60 пайызы мемлекетпен арақатынастарында электронды ортаны (интернет, э-почта т.т.) пайдаланған. Э-мемлекет, яғни электрондық үкімет дегеніміз мемлекетті басқару жүйесін жеңілдету, қолайлыландыру, әсерлілендіру, мемлекет және азаматтар тұрғысынан шығындарды азайту мақсатымен әлемнің дамыған елдерінде соңғы жылдары қарқынды түрде қолданылып жатқан жүйе. Бұл жүйені дамыту үшін Батыс елдері үлкен қаржы жұмсауда. АҚШ мамандарының айтуына қарағанда бұл елдің Әкімшілігі электрондық мемлекеттің мүмкіндіктерін жүйелі түрде өсіріп келеді. Бүгінгі күні АҚШ-та 22,000 вебсайтта орналастырылған 31 миллион веб беттері азаматтарға қызмет беруде. Азаматтар компютерлік іздеу арқылы интернетте мыңдаған мемлекеттік веб сайттарды табуда. Бұл кем дегенде 6,600 трансакцияны жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні америкалықтар мен еуропалықтар мемлекеттен несие алу үшін интернеттегі сайттарға кіріп, қажетті анкеталар мен формаларды толтырып, құжаттарды тапсыру мүмкіндігіне ие. Елімізде де электронды ортаны пайдалана отырып, мәселен интернет арқылы сауда-саттық жасағандай құжаттарды неге жібермеске? Мемлекет органдарының жұмыстары мен талаптарын білу, азаматтардың сұрақтарына жауаптар беру үшін интернетті неге пайдаланбасқа? Дамыған мемлекеттерде азаматтар үйде, жұмыс орнында отырып тауарлар мен қызметтерді сатып алады. Халықаралық саудадағы интернет арқылы жасалған операциялардың мөлшері күнбе-күн өсуде. Ал, бізде азаматтардың мемлекетпен арақатынастары дәстүрлі әдіс бойынша, яғни қыруар «қағазбен» жүзеге асырылуда. Аталмыш университеттің қорытындысы бойынша «қағаз» жұмыстарының АҚШ экономикасына жыл сайынғы түсірген салмағы 300 миллиард доллар екен! Ал, ресімдеу және баяндау операцияларын электронды ортада жүзеге асыру коррупцияға үлкен «соққы» болатыны дәлелденген.
2002 жылдың ақпан айында АҚШ мемлекетінің э-үкімет бағдарламасы бойынша сайттары қайтадан жаңартылды. Мұндағы мақсат мемлекеттің істерін онтайландыру, азаматтарға қолжетімді ету, жариялылықты қамтамасыз ету. Мыңдаған сайттардың орнына енді негізгі бір-ақ сайт арқылы барлық қызметтерге он-лайн (on-line) қол жеткізуге болады. АҚШ Әкімшілігі азаматтарға, іскерлерге және мемекеттің өзінің органдары мен ұйымдарына электрондық қызмет беретін 24 бастаманы қолдауға шешім қабылдаған. Интернеттегі «FirstGov.gov» адресіне кірген азаматтар мемлекетпен байланыстарын жүзеге асыруға шексіз мүмкіндік беретін орталықтандырылған қызметті пайдаланады. Азаматтардың мемлекет билігіне қатысуын арттыру үшін әр бетте «ұсыныстар мен өтініштер» айдары беріледі. Осы айдарға кірген азаматтар мемлекеттің жұмыстарын жетілдіру және дамыту бойынша ұсыныстар мен ескертпелер білдіре алады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы тапсырмасымен мемлекетті электрондық басқару жүйесінің бүгінгі хал-күйі жөнінде дайындалған қорытынды есеп 2002 жылдың мамыр айында жарияланды. Енді, осы құнды материалдан кейбір деректерді ұсынсақ. Осы материал бойынша БҰҰ-на мүше 190 мемлекеттің 169-нда мемлекет органдарының вебсайттары бар екен. 84 мемлекетте ұлттық вебсайт болса, 36 мемлекет бір ғана вебсайт арқылы орталықтандырылған жүйеге көшкен екен. Мемлекеттер электронды басқару потенциялы жағынан 4 топқа бөлінген: жоғары потенциялды, орташа потенциялды, ең төменгі деңгейдегі және тапшы мемлекеттер. Қазақстан әлем бойынша 80-ші орында және ең төменгі электрондық басқару тобында. Ресей, Латвия, Литвания, Мажарстан (Венгрия), Словения, Мұңғұлия, Беларус, Румыния сияқты мемлекеттер 1,60-1,99 аралығында ұпай жыйнап, «орташа потенциалды» елдердің тізімінде тұр. Ал, біздің тобымыздағы Армения 63-орынды, Әзірбайжан 78-орынды иемденген.
Электрондық басқару жүйесін жетілдіріп, бір вебсайтта біріктірген мемлекеттер және олардың интернет адрестері мынадай:

АҚШ
www.firstgov.gov
Үлкен Британия
www.ukonline.gov.uk
Испания
www.la-moncloa.es
Сингапур
www.gov.sa
Оңтүстік Корея
www.kois.go.kr
Норвегия
www.norge.no
Жаңа Зеландия
www.govt.nz
Мексика
www.precisa.gob.mx
Ирландия
www.irlgov.ie
Германия
www.bundesregierung.de
Франция
www.service-public.fr
Финландия
www.eduskunta.fi
Канада
www.canada.gc.ca
Бразилия
www.redegoverno.gov.br
Австралия
www.fed.gov.au/KSP

Біздегі кейбір мекемелер мен ұйымдардың вебсайттары көбінесе танымдық-ақпараттық сипаттағы қызметтерді ғана ұсынады. Бұл сайттар көбінесе уақтылы жаңартылмайды және азаматтардың операциялар жасауына мейлінше мүмкіндік бермейді. Ағылшын тіліндегі баламаның болмауы немесе өте шектеулі дәрежеде қолданылуы халықаралық операцияларды тежейді.
Қорыта атйқанда, мемлекеттің қызмет жүйесінің жұртшылықпен байланыстарының ең оңай һәм әсерлі түрі дамыған ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, елімізде электронды басқару жүйесін енгізу. Бұл жүйе арқылы азаматтар мен ұйымдар, тіпті ағылшын тіліндегі бет арқылы барлық дүниежүзі, мемлекетімізге шыға алады. Халық санағы, сайлау кезінде дауыс беру, туған балаларды тіркеу, әскерге шақыру, қоғамдық сұрақ жүргізу, салық декларацияларын толтыру сияқты көптеген іс-әрекеттерді дер кезінде, оңайлықпен уә нақтылықпен жүзеге асыруға болады. Елбасымыздың бастамасымен дүниеге келген Кеңес осы пікірлерімізді назарға алып, азаматтарды ақпараттандыру уә мемлекеттің іс-әрекеттеріндегі жариялалылықты дамыту жолында нақты ұсыныстар енгізіп, қоғамның түрлі саласының уәкілдерін өзіне тартса нұр үстіне нұр болар еді демекшімін.
[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Биліктің көзі – халық, «Дала мен қала» газеті, №51(128), 23.12.2005 ж., 4-бет.