среда, 18 июня 2008 г.

«Жас қазақтың» шаңырағында – отаншыл қайраткерлер[1]

«Жас қазақ» оқи алатындарға ортақ газет қана емес, зиялы қауымның басын қосатын ортаға айналып келеді. Сәрсенбі күні елдің аузында жүрген бір топ азамат редакциямызда бас қосты.
Ақынымыз бір жақта, батырымыз бір тұста қалды қазір. Өз қотырын өзі қасумен әлекке түскен ақын мен батырдың басын қоспайынша, алаштың рухын көтеремін деу бекер. Қазір қай қазаққа да білектей бірлік керек екені айдан анық, күннен жарық. Ортаға осындай ой тастаған «Жас қазақтың» Бас редакторы Дәурен Қуаттан кейін сөз алған Ауған соғысының батыры Бақытбек Смағұл редакцияға келудегі мақсатты одан ары тарқатты. Бүгін елдің іргесі бүтінделді. Енді отан үшін отқа түсуге әзір ұрпақ өсіру қажет. Мұндай ұлық іс қазір атқарылмай жатыр деу, әрине, әбестік. Десе де, әлі де кемшін тұстар бары анық. Ғұмырын отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге арнаған арда қазақ та аз емес. Олар биік мінберден, мәртебелі адамдардан жылы лебіз бен қошеметке қарық болып жатыр десек тағы ағат кетерміз.
Ұлы Отан және Ауған соғысы ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен жас ұрпақтың бойынан дәл осындай отаншыл сананы оятуда, ұлтшылдық тәрбие беруде айтулы үлес қосып жүрген бір топ азаматқа өздеріне лайық сый-сияпат пен марапат жасалды. Біз ұмыта бастаған батырлардың сауыт-сайманы мен киім-кешегін жасаушы ағайынды үш ұстаны білмейтін қазақ қазір кемде-кем болар. ҚР Мәдениет қайраткерлері, «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін» сыйлығының иегерлері Құлментегі Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Жетенұлдары төл қолөнерімізді дамытудағы үлестері үшін және патриоттық әндерімен ел көңілінен отыр тепкен белгілі сазгер-әнші Қайрат Жүнісов Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты Медалімен» марапатталды. Ал «Жас қазақ» газетінің Бас редакторы Дәурен Қуатқа газеттің ұлттық рухтағы бағытын батыл ұстап келе жатқаны үшін «Қайырымдылығы үшін Сауап» медалі табыс етілді. Сондай-ақ белгілі дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай қазақты бордай тоздыруды мақсат еткен түрлі діни ағымдармен күресі үшін және жас ұрпақты ата дініне мойынсұнуға өлшеусіз қосқан үлесі үшін Бауыржан Момышұлының нөмірленген «Құрмет Белгісімен» марапатталды. Бұл медаль бұдан бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген болатын. Редакцияға келген қонақтар осындай игі бастамаға мұрындық болған «Жас қазақ» газетінің ұжымына алғыстарын білдірді. Ауған соғысы ардагерлерінің атынан сөз алған имам Аллажар «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы ақын һәм батыр Бақытбек Смағұлды бірауыздан «Халық Қаһарманы» атағына ұсынғандарын жеткізді. Ұлттық идея үшін тұлға керек екенін ескерген Аллажар мұндай тұлғаға батырлығы мен ақындығы сай келіп тұрған Бақытбек мырзаның лайық екенін алға тартты. Жолжақсы ТӨЛЕК
[1] Жолжақсы ТӨЛЕК, «Жас Қазақтың» шаңырағында – отаншыл қайраткерлер, «Жас Қазақ» газеті, №23(179), 13.06.2008 ж., 5-бет